Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 67 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home

Дүйсенғазы МУСИН: ШЕКАРАМЫЗДЫҢ ШЕТІН ЖАЛАҢАШ ҚАЛДЫРУҒА БОЛМАЙДЫ

Егемендікке қол жеткізгеннен кейінгі Елбасының ең бірінші қолға алған мәселесі шекараны шегендеп, халықаралық келісімшарттарды мықтап бекітіп алу болған еді. Ол заңды да. Өйткені сырттан келетін шетелдіктер ең алдымен қарсы алдынан шығатын шекаралық ауылдар арқылы Қазақстан деген елмен танысады. Сол ауылдарға қарап, еліміз туралы алғашқы пікірі қалыптасады. Ендеше, бүгінгі дүрбелеңге толы дүниеде шекаралық ауылдар жағдайы, ел шетіне халықты тұрақтандыру мен шоғырландыру - мемлекеттік деңгейде назар аударуды қажет ететін мәселе. Өкінішке орай, даладан қалаға қоныс аударып жатқандардың басым бөлігі - осы шекара маңындағы ауыл тұрғындары. Шекара маңының жалаңаштанып қалуына жол беруге болмайтындығы аз айтылып жүрген жоқ...

Таяуда аймағымызда болып, шекаралық аудандарды аралап қайтқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дүйсенғазы Мусинмен осы тақырыпта сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Дүйсенғазы Мағауяұлы, шека-ралық аймақтарымызды дамыту үшін жан-жақты ойластырылған, тұрғындарды мемлекеттік тұрғыдан қолдайтын арнайы бағдарлама қажеттігі жайлы көптен айтылып жүр ғой... Заң шығарушы органның өкілі ретінде әңгімені осы мәселеден бастасақ...

- Шығыс Қазақстан облысы - еліміздің ең үлкен шекаралық аймақтарының бірі. Шекараның қауіпсіздігі - қай мемлекет үшін де маңызды мәселе. Ал кең-байтақ жеріміз бен татулығы жарасқан елімізге сырттан сынай көз тастап отырғандарға шекара маңының жалаңаш қалғанын көрсетуге болмайды. Бұл бағытта атқарылған жұмыстар мүлде жоқ деп айтуға болмас.

«Қазақстан - 2050» Стратегиясында Елбасының шекаралық аумақтар мәселесін нақты шешуді ерекше тапсырғаны баршамызға мәлім.

Дегенмен, шекаралық аймақтарда орналасқан халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатындағы бірқатар маңызды мәселелер өз шешімін әлі де күтуде. Соңғы жылдары Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері, бұқаралық ақпарат құралдары тарапынан шекара маңындағы ауылдар мәселесі аз көтеріліп жатқан жоқ.

Осыдан бір жыл бұрын Парламент Сенатында Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитеті мүшелері шекарамен шектес аймақтардың бүгінгі жағдайын талқылап, оларды шешу үшін қажетті заңнамалық негіз бағыттарында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа сауал жолдаған болатын. Ағымдағы жылдың тамыз айында өңірлерде болған іссапарымыз барысында Марқакөл мен Үлкен Нарын өңірінің тұрғындары (мемлекет тарапынан шешіліп жатқан жұмыстарды айта отырып) қордаланған мәселелерді көтерген еді.

Әрине, шекара шебіндегі елді мекендердегі миграцияның жағымсыз сальдосына әлемде үрдіске айналған урбанизация, мобильді байланыс пен интернет жұмысы сапасының төмендігі және заманауи коммуникациямен қамту факторларының әсері де аз еместігі баршамызға түсінікті. Шекаралық ауылдардан халықтың көшіп кетуінің тағы бір себебі және ең бастысы деп айтуға болады – инфрақұрылымдардың дұрыс жолға қойылмауы, жұмыссыздық, мектептердің жабылуы болып отыр. Шекарамыз мықты шегеленгенімен, жақын орналасқан елді мекендердің қаңырап бос қалуы, халық санының азайып бара жатқаны көңілде алаңдаушылық туғызады.

- Шекаралық  ауылдардағы халықтың жағдайы туралы, елді мекендердің иесіз қалуына тікелей әсер ететін факторлар туралы таяуда өзіңіздің Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдағаныңызды білеміз.

- Иә, Тәуелсіздік алғаннан бері шекаралық ауылдардағы мектептер жабылып, халық саны жылдан-жылға қатты кеміп бара жатқанын байқаймыз. Таяуда Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа осы мәселелерге байланысты менің тарапымнан депутаттық сауал жолданды. Депутаттық сауал жолдауыма Шығыс Қазақстан облысының шекара маңында орналасқан Күршім және Катонқарағай аудандарында ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 21 желтоқсандағы «Білім беру ұйымдары желісінің кепілдендірілген мемлекеттік нормативі туралы» №1256 қаулысын орындау барысында  халық саны аз ауылдық елді мекендерде мектептердің жабылуы себеп болды. Бұл жалғыз аталған аудандардағы ғана жағдай емес, еліміздің көптеген шекаралық аймақтарына да тән екені даусыз.

Алаңдатарлық статистикалық деректер аз емес. Мәселен, Ресеймен 245, Қытай Халық Республикасымен 45 шақырым бойы шектесетін Катонқарағай ауданы халқының саны соңғы 20 жылда 29 мыңға азайған, 6 ауыл елді мекен мәртебесінен айырылған, 48 елді мекеннің 17-де ұялы телефон байланысы жоқ, сапалы интернет желісі тек аудан орталығында ғана жұмыс істеуде. Осы мерзім ішінде оқушы саны 9261 - ден 3518 балаға дейін азайып, 15 мектеп жабылған.

Сондай-ақ Қытаймен 300 шақырымдай шектесіп жатқан Күршім ауданының 49 елді мекенінің 11-і шекарадан 50 шақырым қашықтықта орналасқан. Соңғы 20 жылда тек Марқакөлдегі халықтың саны екі есеге азайған.

Келтірілген деректерге үңіле отырып, халықтың көшуін тоқтату шараларын қолға алмасақ, шекара маңы таяу жылдары иесіз мекенге айналуы мүмкін деген қауіп бар. Сондықтан бұл үдірісті тоқтату шараларын барынша жеделдету қажет. Елді мекендерді сақтап, жабылу жағдайында тұрған ауылдарға халықты көптеп қоныстандыру бүгінгі таңда стратегиялық маңызы бар мәселе болып табылады.

Шекара шебінде қалыптасқан осы жағдайға терең мән бере отырып, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті жуырда Күршім ауданында өткен көшпелі отырыста шекаралық аймақтарға тән түйінді мәселелер қатарында қысқартылып жатқан мектептер жайын да қозғады.

Бұл орайда Бақытжан Әбдірұлы біздің ұсынысымызды қолдап, тиісті мемлекеттік органдарға сәйкесінше тапсырма береді деген үміттемін.

- Дүйсенғазы Мағауяұлы, елді мекендердің болашағы жоқ ауылдар санатына қосылуының басты себебі мектептердің жабылуынан екендігін жоғарыда айтып кеттік. Шығыс Қазақстан облысы бойынша алсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары, яғни 1997-2011 жылдар аралығында ғана шекаралық  аудандардағы 45 елді мекен еліміздің картасынан жойылып, 20-дан астам мектеп жұмысын тоқтатқан. Бұл деректердің артында қанша адам тағдыры жатыр... 2012 жылға дейінгі дерекке қарағанда, 15 жыл ішінде шекаралық Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Үржар аудандарынан 85,1 мың адам көшіп кеткен. Мектеп оқушыларының саны тиісті мөлшерден азайып кеткені жиі байқалып отыр. Осы орайда шекаралық аудандар үшін арнайы заң қабылдап, мектеп оқушыларының тиісті шекті мөлшерін кемітуді қолға алу керек сияқты.

- Мектеп санын қысқарту туралы мәселені, жалпы, шекара аймағындағы проблемаларды кешенді түрде шешу арқылы қарастырған дұрыс деп ойлаймыз.

Бұл бағытта ШҚО басшылығы да арнайы жоспар жасап, Үкіметке бірқатар ұсыныстарын жолдаған.

Жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты, Білім және ғылым министрлігі тарапынан білім беру ұйымдары желісінің нормативіне, негізгі және орта мектептердің қызмет етуі үшін, норманы төмендетуге қатысты өзгерістер енгізуді, ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 29 қарашадағы №1289 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының шекара маңындағы аудандарын дамыту жөніндегі 2014 - 2020 жылдарға арналған шаралар кешені аясында мектептерді қолдау, олардың жабылуын тоқтатуға бағытталған өзгерістер, нақты іс-шаралар қарастырылып, оңтайлы шешімдер қабылдануы қажет деп есептейміз және Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған сауалда осы ұсыныс айтылды.

Сонымен қатар, Елбасының кезекті Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында, шекара аймағындағы мектептер мәселесі елді мекендерді дамыту жоспарларымен ұштастырылып, әзірленетін Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасында және Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасында арнайы шаралар кешені ретінде ерекше орын алуы қажет деп санаймыз.

- Елулікті еңсердік, енді отыз елдің ортасына енеміз деп жатқан уақытта осы шекаралық аудандарды қайта қалпына келтіру күн тәртібіне сұранып тұр емес пе?

- Әрине, бұл орайда елімізде мүлде жұмыс жүргізілмей жатыр деп айтуға болмас. Мысалы, жоғары оқу орындарына арналған Үкіметтің «Серпін» жобасы ішкі көші-қон қозғалысына сенімді  серпін беріп жатқанын байқаймыз. Шекаралық ауылдарда жұмыс орындарын көптеп ашу – кезек күттірмейтін іс. Сондай-ақ дәрігерлік қызмет, бюджеттік қызметкерлер жалақысына  үстеме төлеу, кәсіппен айналысуға талап қылғандарға салықтық жеңілдік жасау, жас мамандардың шекаралық алыс ауылдарға  барып, тұрақтап қалуы үшін түрлі жеңілдіктер қолға алынуы тиіс деп есептеймін.

Яғни, шекарадағы ауылдардың жағдайын жақсарту ұлттық қауіпсіздік кепілі екенін естен шығармағанымыз дұрыс. Сондықтан шекаралық аудандар үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қабылдануы керек дегенге қосыламын және өз өкілеттігімнің шеңберінде аталған мәселемен белсенді айналысу қажет деп ойлаймын. Ел шекарасын күзету тек әскерлердің ғана емес, сол шекараны мекен етіп жатқан ауыл тұрғындардың да қолында. Ендеше, шекарамыздың шетін жалаңаштауға жол бермеу егемендігін алған ел үшін аса маңызды.

- Әңгімеңізге рақмет, Дүйсенғазы Мағауяұлы.

Сұхбаттасқан Риза МОЛДАШЕВА