Семей таңы - 100 жыл

Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 199 гостей и 2 пользователей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • Халықты жұмыспен қамту туралы

    «Семей қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы» КММ Жұмыс іздеушілер, жұмыс берушілерді қолдау және ӘЖО, ЖТ, ҚЖ ұйымдастыру жұмыстары бойынша бөлімі 2017 жылдың 4 шілдедегі № 190 Қазақстан Республикасының Денсаулықты сақтау және әлеуметтік дамыту Министлігінің бұйрығына сәйкес, «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке алу», «Жұмыссыз азаматтарға анықтама беру» және «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға тұлғаларға жолдама беру» мемлекеттік қызметін көрсетеді.

  • «Радиация. Экология. Денсаулық» атты кітап көрмесінің тұсаукесері өткізілді

    Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жастарға экологиялық тәрбие беру мақсатында кітапхананың тұрақты оқырмандарымен «Радиация. Экология. Денсаулық» атты кітап көрмесінің тұсаукесері өтті. Кітапханашы кітап көрмесін аша отыра, 29 тамыз - еліміздің тарихындағы ерекше символдық даталы күн екенін атап өтті

  • «Сағындырған әндер–ай» атты ретро концерт өткізілді

    2018 жылдың 15 тамызы күні сағат 15:00 де Орталық мәдениет және демалыс саябағы әкімшілігінің ұйымдастыруымен, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Сағындырған әндер–ай» атты ретро концерт өткізді. Концертте Л. Хамиди, Б. Байқадамов, Т. Рахимов, Т. Базарбаев, Ә. Еспаев, Ш. Қалдаяқов, Ә. Бейсеуов, Е. Хасенғалиев, К. Дүйсекеев, С. Бәйтереков сынды Қазақстандағы ән-романс жол салған композиторлардың әндері шырқалды.

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home Семей таңы - 100 жыл

Семей таңы - 100 жыл

"СЕМЕЙ ТАҢЫ" ЗАЙСАНДЫҚТАРДЫҢ ТӨЛ ГАЗЕТІНЕ АЙНАЛДЫ

Облысымызға тарайтын байырғы басылым «Семей таңы» газетінің 95 жылдығына орай, «Семей таңында» еңбек еткен жылдар – өмірімнің бақытты кезеңі» атты мақала жазған едім. Міне, сонау «Сарыарқа» газетінен бастау алатын «Семей таңына» 1917 жылы 100-ге толғалы отыр. Газеттің жанашыры ретінде, сүйікті басылымның ғасырлық мерейтойы қарсаңында үнсіз қалғым келмеді. Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында: «Семейде шыққан «Сарыарқа» газеті Алашорда үкіметінің тілі болды»,- деп жазыпты. Биыл Алашорда үкіметіне де, «Алаш» партиясына да 100 жыл толады.

Семей – қазақтың рухани астанасы. Қазақстанның бүгінгі «Мәңгілік Ел» мұратын өз тұсында саясат пен руханият тұрғысынан тереңдеткен, айшықтаған, алаш арыстары  шоғырланған киелі орда. Осы Семейде шыққан «Сарыарқа» (1917-1919) газетінде «Алаш» партиясының бағдарламасы, қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы, қазақ жеріне қоныстанған орыс шаруалары мен қазақтар арасындағы қарым-қатынас, құрылтай жиналысы, қазақ елінің мәдениеті, тілі, оқу-ағарту ісі сияқты өзекті мәселелер қамтылды.

Кезінде «Сарыарқа» газетінің  Зайсан өңірінде оқырмандары көп болған секілді. Олай дейтінім - газетке редакторлық еткен алаш ардақтылары Райымжан Мәрсеков пен Халел Ғаббасов  Зайсан өңірінде болып,   Алаш үкіметінің болашағы туралы халықпен қоян-қолтық араласып, татымды да тартымды жұмыс істеген. Ал «Сарыарқадан» кейінгі «Қазақ тілі» газетінің бірінші редакторы болған белгілі журналист, белсенді қоғам қайраткері  Мәннан Тұрғанбаев былай депті: «Зайсан уезінің комиссары болған Халел Ғаббасов уезге қараған қазақтардың арасындағы көп школды мектепке айналдырып қайтты... съездің қаулысы бойынша барлық ауылнай школдарын ұлт мектебіне айналдырып, мұғалімдер алдырып, қазақша оқытылуы керек... өз тілінде кітаптары болмаған жұрт ілгері баспақ емес. Ұлт ісі жалпы ұлттың тырбанып керек қылуымен ілгері басады... біз қатардан қалмауды ойлап тұрған жұрт емеспіз, озып кеткен елді қуып жетеміз деп отырмыз».  («Сарыарқа», №15,  1917 жыл).

1918-1919 жылдары Зайсан уезіне, Зайсан қаласына Райымжан Мәрсеков келеді. Алаштың штабы 1918 жылы Зайсан қаласының саудагер-көпесі Жүніс Татановтың үйіне орналасады. Осы үйде Райымжан Мәрсеков жергілікті байлар мен буржуазияшыл ұлтшылдардың мәслихатын өткізеді. Мәслихаттың шешімі бойынша, “Теңдік заман” ұйымы қайта құрылып, Алаштың зайсандық бөлімі деп аталады. Алашорда үкіметі төрағасы Әлихан Бөкейхановтың 1918 жылғы 25 маусымдағы №2 қатынас құжатында уездердің әр болысынан 30 адамнан армияға алу жөнінде қадап айтылып, нұсқау берілген. Осы құжат негізінде Райымжан Мәрсековтің басшылығымен  Зайсан уезінде Алаштың әскери бөлімі ұйымдастырылады. Алаш әскерін құруға татар-қазақ байлары белсене араласады. Отряд бастығына Ыбырайдың Қасені белгіленеді. Басшы құрамына ауқатты тап өкілдерінің жастары іріктеліп алынады. Ақ патшаның әскери бөлімдерінен  қару-жарақ, қала байларынан азық-түлік, қаражат алынады. Әскери ережелер мен соғыс тактикасын Колчак армиясынан арнайы шақырылған офицерлер үйретті.

Зайсандық Сақари Жабаев: «Ардақты азаматтар! Құрбылар! Көптен қалған жалғыз газетті бұлдап жүріп, жауып алсақ, сүйектен қалмайтын зор таңба болады. Алдын ескеріп, қолдан келгенше жанашырлығымызды көрсетелік, әр ұраға жығылып өлетін бір қара, болмаса қасқыр жейтін тоқтыны аямалық. Алты «Алаштан» мен құралпы мың жігіт 30 сомнан берсе, 30 000  сом болады. Тағы да көзі ашық азаматтар әр жерден жәрдем берем десе, жәрдем жиюды мойныма аламын. Бұл байлықтан емес, ортамыздағы жалғыз газетті жаптырып, біреуге көз сүзуден ұялғандықтан»,- депті («Сарыарқа»,  №84,  25 тамыз, 1919 жыл).

Кешегі «Сарыарқаның» заңды жалғасы «Семей таңы» - қазақ елінің мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесін ту еткен, азаттық аңсаған Алаш алыптарының ой-пікірін, үзілмеген арқауын  халыққа жеткізуші басылым. 1998 жылы ҚазКСР оқу-ағарту ісінің үздігі, Зайсан ауданының Құрметті азаматы Жұбайбек Жұмаханұлы ауданға «Семей таңы» газетін алғаш таратып, көптеген үгіт-насихат ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Көптеген беделді қарт адамдар газеттің белсенді оқырманына айналып, таралымы 1200 данадан асты. Содан бері «Семей таңы» зайсандықтардың әр санын асыға күтетін сүйікті газетіне айналды. Көптеген жақсы істердің жаршысы бола білді. Еңбек ардагері К.Матжановтың «Бекмұханбет «указ» молла» атты (№73, 11.09.2012 ж)  өте құнды тарихи мақаласы жарияланды. Бұл мақаланың маңыздылығы бүгінгі ұрпақ үшін өте жоғары. (Бекмұханбет - келешекте зерттелетін өңірдің ірі тұлғасы). Өткен ғасырдағы 40-шы жылдардың басында дүниеге келген, жетпістен асып, сексенге таяған біз секілді ардагерлерді мектептерге, қоғамдық жиындарға жиі шақырады. Өткен уақыттан суыртпақтап сыр тартып сұхбаттасады. Сонау 1960 жылдарден бері баспасөзде мақалаларым шығып, 20-ға таяу кітаптың авторы атансам да, «Семей таңында» тілші болып істеген жылдар менің нағыз журналист болып қалыптасуыма үлкен ықпал еткенін жасырмаймын.

Кітап жазу Құдайдың берген сыйы болса, журналист деген мүлдем бөлек мамандық екенін көп адам түсіне бермейтіні анық. Семей облысы тараған кезде, қаржының жоқтығынан, 1997 жылдың 18 желтоқсаны мен 1998 жылдың 4 ақпаны аралығында газет шықпай қалды.  Риза Асанқызы Алаш арыстарының қолтаңбасы қалған «Семей таңын» қиыннан қиыстырып жол тауып, аяғынан тік тұрғызып, бүгінгі ғасыр тойына жеткізді.

Бір сөзбен айтқанда, «Семей таңы» зайсандықтардың төл газетіне айналды.

Қалибек АЛТЫБАЕВ,

Зайсан ауданының

Құрметті азаматы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

АЛҒАШҚЫ МАҚАЛАМ "СЕМЕЙ ТАҢЫНДА" ЖАРЫҚ КӨРДІ

Республикамызға танымал тарихи басылымдардың бірегейі «Семей таңы» газеті 1917 жылдың жазында «Сарыарқа» деген атаумен жарыққа шыққанынан тарих беттері арқылы хабардармыз. Мен басылымның аса арғы белестеріне бармай-ақ, өзім қолыма алып оқыған «Екпіндіден» бастап айтуды жөн көрдім. 1950-1955 жылдарда қазіргідей көптеген атаумен шығатын газет түрлері болмайтын. Оқушыларға арналған газеттер мен журналдарды кітапхана мен Пионерлер үйінен оқуға мүмкіндік болатын. «Екпінді» газетін қызмет істейтін ағам үйге әкеліп тұрушы еді. Міне, сол газеттен елдің, ауылдың тынысын білдіретін мақалаларды құныға да қызыға оқитынбыз.

Алғаш газет бетінде 1961 жылдың жазында «Бригада маршымен еңбек майданына» деген оқушылардың еңбекке араласқаны туралы мақалам жарияланды. Онда Қарауылдағы Абай орта мектебі оқушыларының жылма-жыл еңбек маусымына салтанатты жағдайда сапқа тұрып, мектеп туы пионерлердің горн, барабан соғуымен көтеріліп, шығарып салу рәсімі өткізілетіні баяндалған. Осы салтанатты шараға мектептің ән-күй, еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалімі Молдабек Жанболатовтың «Бригада маршы» деген әні таңдап алынғаны және оның оқушылардың салтанатты түрде айтатын маршына айналғаны айтылған.

Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болған газетіміз сол 1961 жылы «Семей таңы» деп өзгертілді. Сол кезден бері тұрақты оқырманы болған газетіммен біте қайнасып келе жатқанымды мақтан етемін.

Газет бетіне өзімнің өмірден көріп, түйген мәселелер, оқу - білім саласындағы келелі істер туралы ой бөліскен мақалалар жазып келемін. Мәселен, әр жылдарда «Педагогикалық қоғам – оқу – тәрбие орталығы» (1981), «Абайтанушы» (2003), «Анаға құрмет – ұрпақ парызы», «Қасиетті бастау бұлақ» (2004), «Намыс оты жалындаған – Жырау Ата», «Шәкәрім әнінің құдіреті» (2011), «Шәкәрім және Әлихан» (2016) атты мақалаларым басылды.

Атына заты сай «Семей таңы» облыстағы жағымды жаңалықтармен қатар, қоғамға қажетті деректер, шаруашылық табыстары мен міндеттері, мәдениет пен әдебиет жетістіктерін сөз етіп, өнер, ғылым қайраткерлерінен терең мағұлмат беруде теңдесі жоқ мақалалар мен жазбалар өрістетуде.

Газеттің «Тарих, Таным, Тағылым», «Руханият», «Өнер», «Өнеге өрнектері» сынды арнайы беттерінде мәні зор, мағыналы мақалалар жазылып, көптің көңілінен шығуда. Мемлекет, қоғам қайраткерлері туралы кең  көлемді очерк, деректі әңгімелер газеттің маңызын арттырып, оқырманның ризалық мерейін өсіретіні даусыз. Тәуелсіздікке қолымыз жеткенге дейін, елдігіміздің тізгіні тежеулі, тілі күрмеулі болғанын несіне жасырамыз.

«Семей таңы» газетінің бір ғасырлық мерекесі алдында газетіміздің жүріп өткен жолын, көтерген мәселелерін, жеткен жетістіктері мен өркен жайған табыстары туралы ой қозғап, газеттің жер – жердегі тілшілері мен абыз ақсақалдары, журналистері, жазушы, ақындарын еске алайық, құлаш сермей жазайық. Олардың ішінде елім, қазағым  деп қазақ баспасөзінің қазанында қайнаған небір қара сөздің шеберлері бар ғой, соларды тірілтіп, сүйікті газетіміз «Семей таңы» бетінде сөйлетіп, жарыққа шығарайық, ағайын!

Досымхан ТОҚҚАРАҰЛЫ,

еңбек ардагері, қаламгер ұстаз,

Семей қаласы.

ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗ ЖЫЛ ЖҮЗДЕСУ

Ата-бабалар аңсаған арманның, ұлы Абай арманының жүзеге асқанына енді санаулы күндерден кейін  25 жыл толады. Ескексіз қайықтай күн кешкен дүбірлі  90-шы жылдар, егемендіктің елең-алаң шағы,  жағаға жармасқан жаһандық дағдарыстар... Тарих ағымындағы қас қағым сәттің қазаққа бұйырған «сыбағасы» жетерлік. Оның ащысы да, тұщысы да аз болған жоқ. Өкінішке қарай, халқымыздың иығына түскен ауыртпашылық жүгі талайлардың еңсесін басты.

Сол бір елең-алаң шақта бұқаралық ақпарат құралдары қалың жұртшылықтың емен-жарқын сырласына ғана емес, тілеулес жанашырына да айналды. Замандастар бастарына түсіп, жандарын булықтырған қиындықтармен БАҚ арқылы ашық бөлісіп, мұң-мұқтаждарын жоғарыға жеткізумен болды. Жаның қысылғанда, тым құрыса зарыңды тыңдар құлақ табылғанға не жетсін...

«Семей таңы» - қолыма алғаш қалам ұстатып, үлкен өмір жолына қанат қақтырған алтын ұям менің! Бастауында 100 жыл бұрын Мәннан Тұрғанбаев, Әлихан Бөкейхан, Райымжан Мәрсеков, Халел Ғаббасов секілді алаш арыстары шығарған «Сарыарқа» газеті тұрған «Семей таңының» қазір де еңбеккер Ертіс өңірінің жақсылығының жаршысы, кем-кетігінің жоқтаушысы болып отырғанының куәсіміз. Ел жүрегіндегі Мәннан Тұрғанбаев, Шаймардан Тоқжігітов, Жүсіпбек Аймауытов, ұлы Мұхтар Әуезов  және басқа қайраткерлердің ерен еңбегінің арқасында ол талай жанның ақылшысы мен жанашырына айналды.

Соған орай мен өзімді киелі ұстазым – «Семей таңының» ұлағатын бойларына сіңіріп, рухымен қанаттанған мың сан оқырманының және оған мәңгі қарыздар шәкіртінің бірі санаймын. Егер әрбір адамның зейнеткерлікке дейінгі еңбек жолы шамамен 40 жыл десек, менің сол сапарымның бақандай 10 жылы «Семей таңында» (1980-1991жж) өткен екен. Бұл – еңбек жолының  жай ғана төрттен бір бөлігі емес, қалтасында алақандай дипломы ғана бар жас журналистің жазу өнерінің қыр-сырына қанығып, тіршілік керуеніне қосылған шағы.

Жұртшылықпен 100 жыл жүздескен «Семей таңы» мен үшін өмір базарының басы, биігінің тағдырлық баспалдағы. Өйткені тірлік сапарының сәтімен сабақталуында еңбек жолының басында алған тәлім-тәрбиенің орны ерекше. Бұл жағынан мен өзімнің «Семей таңымды» ерекше ардақ тұтамын және оны өтпелі кезеңнің қайраңдарынан аман алып шыққан бүгінгі әріптестерге, газет директоры, тілектес қарындас, халық қалаулысы Молдашева Риза Асанқызына айтар алғысым көп. Біздің – Еділ мен Райханның, Мұрат пен Ертайдың - 80-ші жылдардағы «Семей таңы» республикадағы ең үздік газеттердің бірі болатын. Ал редакторымыз әрі ұстазымыз Ы.Мұсаұлы кең-байтақ Қазақстанның қаламгер қауымына жақсы танымал, қайраткер азамат еді. Көрер көз, әділ шешім болса, еліміздің орталық бұқаралық ақпарат құралдарының тізгінін ұстауға мүмкіндігі мол азамат екені ақиқат-тұғын.

Ырысхан Мұсаұлы... менің «арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» журналистикадағы бас ұстазым. Ырысхан ағамен байланысымыз Семейден Алматыға көшкен соң да, сиректеу  болса да, ешқашан үзілмеді. Мазасыз газет ісі қолын байлаңқырап, баспадан кешірек шыққан шығармалар жинағын «Болат ініме» деп жазып бергені де, ұстазымның «Ағасұлтан» романынан үзіндіні өзім тізгінін ұстаған «Алматы» журналына жариялағаным да, ағамыздың бақилық болғанының бір жылдығына арнап «Абай рухының мұрагері» атты естелігімді республикалық «Абай» журналы мен ұлт газеті «Ана тілінде» жариялағаным да күні кеше секілді. «Семей таңындағы» тәлімгер - бөлім бастықтарым Нариман Оспанов пен Сиязбек Рахимовтың, редактордың орынбасарлары Қабидолла Шотанов пен Ілияс Исахановтың, Шәрпен, Боранбай, Кәкен, Бекмұхан, Ақылбек, Мерғали ағаларымның, сондай-ақ машинистка Тұрсынғайша, Хапиза және Роза, Рымхан апайларымның мейірімі де біздің, сексенінші жылдардағы жас тілшілердің жүректерінде түюлі екені  анық.

«Семей таңын» 17 жыл басқарып, кезінде Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов шығарған «Абай» журналын қайта өмірге әкелген Ырысхан Мұсаұлы 1985 жылы басталған демократия мен жариялылық заманында облыс айнасының сенбілік нөмірлерін оқырманға ұсына отырып, туған газетімізді зор абыройға бөлегені оқырман қауымның есінде. Ал өз басым қатарластарымның қатарынан бірінші етіп насихат бөліміне жетекшілікке тағайындап, кейін Алматы Жоғары партия мектебіне жіберіп, «сырттай оқып, газетке жауапты хатшы болуға» шақырғанын,  экономика бөлімінің меңгерушісі болып жүрген 1991 жылдың наурызында үш үміткердің арасынан таңдап алып, өзіне орынбасарлыққа тағайындағанын әрқашан терең ризашылықпен еске аламын. Ал өзімнің журналист ретінде ұстаз еңбегін қалай ақтағаным сексенінші жылдардағы «Семей таңының», тоқсан бірінші жылғы республикалық «Халық Кеңесінің» беттерінде сайрап жатыр десем, артық айтқаным емес. Сол «Халық Кеңесінде» жүріп, 1991 жылғы бүкілхалықтық тұңғыш президент сайлауында Елбасының ұшағымен Қостанайға барып сайлау науқанына қатысқанымды мақтан етемін.

Осылай сәтімен басталған еңбек жолы республикалық газеттен кейін Алматы қалалық әкімдігінде жалғасып, егемендіктің елең-алаң шағында сол кездегі астанамыздың ішкі саясат саласын он бір жыл басқарғаным, тәуелсіз елімнің жаңа елордасы  Астананың тұсаукесерінде  Алматы қаласының жылжымалы штабына жетекшілік жасағаным, ал  2005 жылғы сайлауда президенттіктен үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының Алматы қалалық бөлімшесінің төрағасы болғаным, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің ректоры Тоқмұхаммед Садықовтың бірінші орынбасары болғаным - жадымдағы жарқын естеліктер.

Қазір менен «қандай наградаларың бар» деп жиі сұрайды, олардың қызығушылығының себептері де сан алуан. Шындығында, бір ғана Астананың тұсаукесері мен он жылдығы үшін алған екі медальдан өзге, Елбасының алғыс хаттары, мерейтойлық бірнеше наградалар аздық ете қоймас. Бірақ мен үшін ең басты награда өзіме сексенінші жылдары «Семей таңының» басшылығы көрсеткен зор сенім мен газет ұжымының үкілі үміті дегенім дұрыс шығар. Ал осыған енді Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің  директоры екенімді қоссам, елордамыз  Астанадан туған Семейіме неге келді деп ешкім айта қоймас. Өз басым күнделікті қызметте хакім Абайдың асыл мұрасына бас шырақшы бола отырып, Ұлы ақынның жіті назарында жүргендей жауапкершілікті сеземін. Абайы бар қазақ асқақ қашанда!

Болат ЖҮНІСБЕКОВ, Абайдың «Жидебай – Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің директоры.

ӨМІРДЕГІ ТЕМІРҚАЗЫҒЫМ

Алаш арыстары көсемдерінің бірі әрі бірегейі, ұлт қамы үшін жанын шүберекке түйген, сол жолда қолына шырақ ұстап өткен Ахмет Байтұрсыновтың «Газет - халықтың көзі, құлағы hәм тілі» деген асыл да аталы сөзі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Газет десек, газет жөнінде бір сәт ойланар болсақ, жүрегіміз жылып, газетке деген сүйіспеншілігіміздің оянары хақ.

Міне, сондай өмірден өз орнын ойып, Алаш арыстарының ұстанымдарына адалдық танытып, қалың бұқараның, соның ішінде Шығыс Қазақстан мен Семей өңірінің оқырмандарының жүрегіне жол тауып, үні мен тілі болып отырған бірден – бір әрі бірегей басылым - өзіміздің сүйікті де қымбат, абыройлы да асқар  «Семей таңы» газеті.

«Семей таңы» - әрбір шаңырақтың шырағы, әрбір отбасының пырағы, әрбір отбасының көзі, ат үстінде жүрген әрбір басшының ойы мен ұстанымы.

«Семей таңында» жарық көрген әрбір мақалаға тұшынасың. Оқыған сайын, тереңіне бойлаған сайын шөлің қанады. Өткірлігіне тәнті боласың. Газетті басқарып отырған Риза қарындасымыздың өрлігі мен ерлігі, қайтпас қайсар мінезі «Семей таңынан» көрініп тұр.

«Морозов деген кім болған?», «Абайдың інісі, Алаштың ірісі», «Кадрдан қадір кетті ме?», «Желтоқсан сайын жетім боп, бір жылап алар жүрек бар», «Есегі жоғалғанның бәрі ақылды», «Қазақша сөйле, шенеунік, қазақша!» деген Риза қарындасымыздың жүрегін жарып шыққан мақалаларды бейжай отырып оқи алмайсың. Міне, газет осындай болуы керек деген ой түйесің.

Қарапайым газет оқырмандарына «Семей таңы» осылайша қымбат. 45 жылдан бері қарай газетпен бірге жасасып, бірге тыныстап келемін. 70-ші жылдары «Семей таңының» штаттан тыс тілшісі» деген куәлікті қолыма алуым өміріме көп өзгеріс әкелді. Журналистік жолды таңдаудағы темірқазығым да, жолашарым да осы «Семей таңы» болды.

Белгілі ғалым Тұрсын Жұртбаев, арқалы ақындар Төлеген Жанғалиев, Мұратбек Оспанов, сырбаз мінезді Төлеубек Аманғазин, мұражай директоры Малгаждар Жүнісжанов, ауылда тұрған Рысбек Көркембаев сияқты аптал азаматтар да «Семей таңының» штаттан тыс тілшілері сапынан берік орын алды. Біздер әлі де «Семей таңынан» қол үзген жоқпыз. Әлі де «Семей таңының» әрбір санын асыға тосып отырамыз.

Алда, яғни 2017 жылы, «Семей таңы» 100 жасқа толғалы отыр. Бұл - үлкен мереке. Бір ғасырлық тарихы бар «Семей таңы» қазақ баспасөзінің жарық жұлдызы және көшбасшысы. Бұл жасқа небір тар жол, тайғақ кешуді басынан өткерген «Семей таңы»  да жетіп отыр.

Құрметті оқырман қауым! Ойды ой қозғайды. Ендеше, рухани азығымыз, өмірдегі темірқазығымыз «Семей таңымен» 2017 жылы да бірге болайық. Бірге қауышайық. Газетті қолдайық, газетке ұйымшылдықпен бір кісідей жазылайық! Әсіресе Абай елінің азаматтарына үлкен сын. Мекеме басшылары, ауыл әкімдері, мектеп директорлары, ұстаздар қауымы, ардагерлер ұйымы, ақ халатты абзал жандар, кәсіпкерлер, Абай бабамыз айтқандай, «Семей таңына» жазылуда «қолымызды кеш сермеп, өкініп қалмайық». Уақыт жылдам. Уақыттан ұтылмайық. Уақытты ұтайық.

Абай елінің әрбір шаңырағында «Семей таңы» тұратын болса, жүрегіміз жылынып, еңсеміздің тік жүретіндігін ешқашан ұмытпайық, ағайын! «Семей таңымен» бірге болайық, «Семей таңымен» бірге тыныстайық. «Семей таңының» 100 жылдық мерейлі мерекесі қайырлы, қош болсын!

Совет МАХМЕТОВ,

КСРО және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Абай ауданы.