Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 105 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • Жалпыхалықтық диктант өткізілді

    Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығына және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 27 өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің жобасын» түсіндіру, жаңа қазақ әліпбиін насихаттау, практикалық тұрғыда меңгерілуін нақтылай түсу мақсатында республиканың барлық өңірінде жалпыхалықтық диктант өт

  • Қант диабеті

    Қант диабеті – ұйқыбез жеткілікті мөлшерде инсулинді ағза тиімді қолдана алмаған жағдайда дамитын созылмалы ауру.

  • Ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарға көмек беру туралы

    «ШҚО Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» ММ келесі мемлекеттік қызметті көрсетеді: «Семей ядролық сынақ полигонында ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды тіркеу, біржолғы мемлекеттік ақшалай өтемақы төлеу, куәлік беру» мемлекеттік қызметі бойынша:

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home Президент Тапсырмасы

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАСЫ

АҒА БУЫН ЕРЛІГІНЕ ҚҰРМЕТ

7 Мамыр - Отан қорғаушылар және 9 Мамыр - Жеңіс күні қарсаңында Семейде бірқатар мерекелік іс-шаралар легі өтіп, оған қала әкімі Ермак Сәлімов қатысты. Соның бірі - Абай атындағы кітапханада өткен Жеңіс балы. Ермек Бидахметұлы Жеңіс балынан кейін бірқатар қарт майдангерлердің шаңырағына бас сұғып, мерекемен құттықтады.

Жеңіс балына соғыс ардагерлері және тыл еңбеккерлері, қала басшылығы және жастар, қоғамдық ұйымдардың мүшелері қатысты.

- Жылдағы дәстүр бойынша, Жеңіс балын ұйымдастырудамыз. Бұл бал ұрыс даласында кеудесін отқа тосқан майдангерлердің рухына, арамызда жүрген ардагерлерге, соғыс зардабын тартып, ет жақындарынан айырылған отбасыларға арналады,- деді «Жанұя орталығы» қоғамдық қоры атынан сөз алған Жанна Жибраева.

Ермак Бидахметұлы барша жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді:

- Отан қорғаушылар және Жеңіс күні қарсаңында соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне деген құрмет арта түседі. Отан үшін отқа түсіп, елі мен жерін қорғаған аға буын өкілдері қашанда құрметке лайық. Әрбір ардагердің ерлігі - біз үшін мақтаныш. Сіздерді мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!- деген Ермак Сәлімов ешкім де, ешқашан да ұмытылмайтынын айрықша атады.

«Шығыс» өңірлік әскери қолбасшылығының әскери оркестрі Жеңіс күніне арналған патриоттық нақыштағы әуендерді әуелетіп, сол бір ұмытылмас жылдарға жетеледі. Сонымен қатар «Қаһарлы жылдар жылнамасы», «Отан соғысының қолбасшылары», «Естеліктер мен меморандумдар», «Соғыс жылдарындағы семейліктер», «Қаһарлы жылдардағы мерзімді баспасөз», «Жеңіс жырлары», «Отты жылдар әуендері» бөлімдері бойынша кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Бұдан кейін қала әкімі Ермак Сәлімов, қалалық соғыс және тыл, еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, дербес бөлімдердің басшылары майдангерлердің шаңырағына арнайы ат басын бұрып, оларды құттықтады. Қала әкімі жеміс-жидек пен азық-түлікке толы себет, 500 мың теңгенің сертификатын, қала әкімінің алғыс хаты мен бір құшақ гүл де ала барды.

Алғашқы құттықтау мәртебесіне майдангер Атамбай Оразбаев ие болды. 1923 жылы Жаңасемей ауданында туған ол 18 жасында әскер қатарына алынып, ұрыс даласына аттанған. 1941 жылы Алматы қаласында құрылған 100-ші атқыштар бригадасының қатарында Ұлы Луки жерін қорғаған. Сондай-ақ 1-ші Украин майданында Харьков, Киев, Варшава қалаларын азат етуге қатысқан. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы және Қызыл Жұлдыз орденімен, көптеген медальдармен марапатталған. Жеңіспен елге оралған Атамбай ата 1946 жылдан еңбекке араласты. Бүгінде 96 жасқа аяқ басқан ардагер: «Жастарың ұзақ болсын. Соғысты сендер көрмеңдер. Еңбек етіп, білім алып, бейбіт өмір сүріңдер»,- деп тілегін білдіріп, арнайы құттықтай келген қала әкіміне алғысын жеткізді.

Атамбай ақсақалдың шаңырағынан шыққан шаһар басшысы Александр Атавинді де құттықтады. 1922 жылы Хабаровск аймағының Амур облысында туған ол Энергетикалық техникумның 3 курсында оқып жүргенде, 19 жасында әскер қатарына алынған. 1941 жылдан бастап Батыс майданда 58-ші дивизияның құрамында ауыр миномет таситын жүргізуші болған. Екі рет жараланған жауынгер жеңісті 2-ші Украин майданының құрамында Австрияда қарсы алған. Ерлігі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы ордені мен көптеген медальдарды кеудесіне таққан.

Бейбіт күн басталғанда оқуын әрі қарай жалғастырған Александр Гаврилович Кросноярда 6 жыл еңбек еткен соң,1960 жылы Семей қаласында жұмыс істеуге шақырылып, тұрақтап қалған.

Бұл күні құрмет көрсетілген жандардың арасында Екатерина Краснянская  да  бар.  14 жасынан бастап Ленинград блокадасындағы госпитальда жұмыс істеуге барған ол оққа ұшқан жағдайы ауыр жауынгерлерге санитарлық көмек көрсеткен. Латвия, Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысқан. Жеңісті Польша жерінде қарсы алыпты. Екатерина Семенова қаламыздағы денсаулық және білім мекемелерінде ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, №2 қалалық балалар ауруханасынан құрметті демалысқа шыққан.

Батыс атқыштар полкінде, Балтық теңізі жағалауында Отан қорғаған Абдрашит Ишмухаметовті де қала басшысы құттықтап қайтты. Жүздесуде соғыс ардагерлері қан майданда болған қиыншылықтарымен, естеліктерімен бөлісіп, жеңісті жақындатқан жандардың ерлігіне жас ұрпақ құрметпен қарауы қажеттігін атап өтті.

Ермак Бидахметұлы да әрбір шаңырақта бүгінгі бейбіт өмірді сыйлаған қарт жауынгерлерге алғыс айтып, ауырмай-сырқамай ортамызда жүре берулеріне тілектестігін білдірді.

Жеңіс күніне арналған іс-шаралар легі 5 мамыр күні Абай атындағы театрда салтанатты жиынмен де жалғастық тапты. Онда соғыс жылдарының әндері әуелеп, аға буынға айрықша құрмет көрсетілді.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ, «Семей таңы»

 

 

КӨМЕК КАРТАЛАРЫ БЕРІЛДІ

Өткен жылы Болат Өтемұратовтың қоры мен «Қазақстан Республикасы Қызыл жарты ай қоғамы» қоғамдық бірлестігі арасында төтенше жағдайлар кезінде зардап шеккен қазақстандықтарға қол ұшын созу үшін ынтымақтастық меморандумына қол қойылғаны көптің есінде болар. Келісімшарт аясында қаржы «ForteBank» көмек карталарына аударылып, оны «Қызыл жарты ай» қызметкерлері, төтенше оқиға орын алған шақта, зардап шеккен тұрғындарға бөліп беруі тиіс. Осыған орай айтып келмейтін апат салдарынан баспанасыз қалып, ас-судан айырылған Семейдегі 81 отбасыға, 322 адамға, 9 млн. 660 мың теңге бөлініп отыр.

4 сәуір күні «Семей» қонақ үйінде қаржы карталары берілді. Әрбір картаға отбасының әр мүшесіне 30 мың теңгеден аударылған. 9 - 10 сәуір күндері екінші транш жоспарланып отыр. Бұл жолы ақшамен қамтылатын адамдардың саны да ауқымды болмақ. Тек пайдалануға берілген картаның қолдану мерзімі үш ай ғана. Айта кетейік, «Қызыл жарты ай қоғамы» қызметкерлері шығысқазақстандықтарға көмек беруді 13 наурызда бастап кетті. 42 млн. 360 мың теңгені құрайтын қаржылай жәрдем Аягөз, Шемонайха, Глубокое аудандары мен Семей қаласын қоса алғанда, 1412 адамға көрсетіліпті. Көп ұзамай көмек карталары Зырян ауданы тұрғындарының да қолына тиетін болады.

- Қордың, «ForteBank» және «Қызыл жарты ай қоғамының» бірлесе күш жұмылдыруы арқасында гуманитарлық көмек ең алдымен үйі тұруға жарамсыз болып қалған әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға көрсетіледі. Одан кейін жалғызілікті зейнеткерлер, жалғыз басты аналар, көпбалалы әрі тұрмысы нашар отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға беріледі. Біздің мақсатымыз – зардап шеккендерді апаттың алғашқы күндері ең қажетті заттармен қамтамасыз ету. Картаға аударылған қаражатқа тұрғындар азық - түлік, санитарлық - гигиеналық заттарды, дәрі - дәрмектер мен киім - кешек сатып ала алады,- дейді «Қызыл жарты ай қоғамы» Алматы филиалының төтенше жағдайлар жөніндегі үйлестірушісі Руслан Хрущев.

Ол табиғи апат салдарынан туындаған төтенше оқиғалар кезінде үй-күйсіз қалғандарға жедел түрде көмек көрсету аса маңызды екенін атай отырып, қаржы карталарынан қолма-қол ақша алу қарастырылмағанын әрі карта арқылы алкогольді және темекі бұйымдарын сатып алуға болмайтынын ескертті.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

 

КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕ БАСТАДЫ

Тасқыннан зардап шеккен жерлестерімізден өтініштер қабылдана бастады. Дүйсенбі, 2 сәуір күні түстен кейін сағат 15.00-де №№ 2, 18, 29, 44 және 39 мектептерде балаларға қажетті киім-кешек пен оқулықтар ата-аналарға табысталды. Осы күні қаладағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттерінің, белсенді жастардың бастамасымен сенбілік жұмыстары атқарылуда.

Бүгінде жағдай тұрақталып, тұрғындар үйлеріне оралуда. Зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсететін штабтар құрылып, жұмыс істей бастады. Азаматтық қорғаныс қызметіндегілер батпаққа айналған жерлерге топырақ төгу жұмыстарын жүргізуде.

Кеше, яғни 2 сәуір күні, Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова №2 орта мектепте қызыл судан зардап шеккендермен арнайы жиын өткізіп, баспаналары бүлінгендердің өтініштерін қабылдайтынын айтып, тұрғындарға 5 балдық өлшем бойынша бағалау жасалатынын естеріне салды. Келіп түскен өтініштер бойынша материалдық көмек көрсетіле бастайды. Дәл осындай жиын шаһардың Затон ауданында және Бобровка кентінде де өтті. Әр басқосуда Надежда Васильевна үйі бүлінгендерге әкімдік тарапынан көрсетілетін көмектің жайын айтып, жабырқау жандардың көңілін жадыратты.

Осы күні түске дейін Мирный, ал түстен кейін Бобровкадағы зардап шеккендерге отын–су таратылды. Мирныйдағы штаб жетекшісі Айдар Абдухамитовтің айтуынша, екі КамАЗ көмір, бір КамАЗ құрғақ отын Мирный кентінің тұрғындарына үлестіріліп беріліпті.

- Төтенше жағдай бойынша құрылған штабтар тек отын мен көмір ғана емес, арнайы WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы келіп түскен хабарлар арқылы кімде құжат жоқ, кімнің баласына сабаққа баруға қажетті кеңсе тауарын әперу керек - осы жағын да қарастырып жатырмыз. Кешеден бері жергілікті полиция бөлімшелерінің қызметкерлерімен бірге өзім басқаратын штаб өкілдері үйлерді аралап көрдік. Осыған дейін 60 шақты су басқан үйді анықтадық. Бұл соңғы дерек емес, үй саны бұдан көбірек болуы ықтимал.Нақты есебі кейін белгілі болатын шығар,- деді Айдар Әбдихатұлы.

Осы жолы үйлерін су басқан Загородная және Ипподромная көшелеріндегі тұрғындар көмір мен отын түсіріп, шатқаяқтаған тірліктерін бір түзеп алды.

Бір сөзбен айтқанда, Семей халқы су тасқыны кезінде ауыр жағдайға ұшырағандарға көмек қолын созуда. «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы арқылы алғашқы гуманитарлық көмектер көрсетіле бастады. Бұл ретте «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында Бобровка кенті мен Мұрат саяжайында, Затон ауданында, Полковничий аралында баспанасыз қалғандарға көмек беру үшін қабылдау бекеті ашылып отыр.

Азық-түлік, жылы киім-кешек, төсек-орын жабдықтары Шайжүнісов көшесіндегі 138-үйде, партияның қалалық филиалында ашылған қабылдау пунктінде қабылдануда.

- Біз 29 наурыздан бастап гуманитарлық көмек жинауды қолға алдық. Осы уақытқа дейін біздің бастамамызға көптеген қала тұрғындары, кәсіпкерлер қауымы, мекемелер үн қосып үлгерді. Күнделікті тұрмысқа қажетті тауарлар, жылы киімдер, жылдам бұзылмайтын тағамдар жиналды. Жерлестеріміздің басына түскен тауқыметке бейжай қарамайтын жандар бізді қолдайтынына нық сенімдіміз,- дейді «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Дархан Жұмаділов.

Айта кетейік, Семей қаласында табиғи сипаттағы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен азаматтардың мүлкін қалпына келтіруге байланысты өтініштерді қабылдау басталды. Өтініштерді қабылдау орындары: Бобровка саяжайында № 44 орта мектеп,  Пристань ауданында - №18 орта мектеп, Мирный кентінде - №2 орта мектеп.

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ, «Семей таңы»

СУ БАСҚАН АУДАНДАРДА ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТЫ

1-25 наурыз аралығында жауған жауын-шашын мөлшері қалыпты нормадан үш есе артық болды. Осының салдарынан аймақ бойынша 481 үй мен 110 саяжайды су басып қалды. Су тасқынының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шұғыл топ Өскемен және Семей қалаларында, Жарма, Зырян, Күршім, Қатонқарағай, Ұлан аудандарында күшейтілген тәртіпте жұмыс істеді. Бүгінгі күні облыстың үш ауданында: Аягөз, Глубокое және Шемонайхада - табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланып отыр. Бұл туралы ШҚО әкімі Даниал Ахметов 26 наурыз күні қала және аудан басшыларының қатысуымен селекторлық режімде өткен жиында баяндады.

- Аягөз ауданында 19 үйдің жағдайы апатты деп танылды, себебі белгілі. Аягөз қаласында қазір жағдай қалыпты. 286 адам өз үйлеріне оралды. 12 адам әзірге интернатта тұрып жатыр. Бір аптаның ішінде 13 үй сатылып алынды. Қазір апатты деп танылған 19 үй бойынша шарт жасалды. Қаржы мәселесі толық шешілген. Ауданға көмек ретінде 179 млн. теңге бердік. Барлық мәселе тез арада шешіледі деп сенеміз,- деді Даниал Ахметов.

26 наурыз күні облыс әкімі Глубокое ауданындағы Прогресс, Белоусовка, Предгорное ауылдары және аудан орталығында қарғын судан зардап шеккен тұрғындармен кездесіп, олардың жай-күйімен танысып қайтқан екен. Әкімнің баяндауынша, мұндағы жағдай тұрақты бақылауға алынған. Тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіруге байланысты тиісті шаралар қабылданыпты. Глубокое ауданында 175 үйге арнасынан асқан өзен суы кірген. 567 адам су басу қатері бар аумақтан Оралхан Бөкей атындағы орта мектепке, Белоусовка аграрлық колледжінің жатақханасына, Предгорное және Прогресс ауылдарындағы білім беру мекемелеріне көшірілді.

- Қазір арнайы комиссия құрылып, табиғи апаттан зардап шеккен үйлердің жайымен танысып жатыр. Біз комиссия шешімін басшылыққа алып, барлық шығынды өтейміз. Баспана мәселесін шешу үшін тез арада үйлерді сатып алу мақсатында ауданға 60 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді,- деп атап өтті аймақ басшысы.

Ал Шемонайха ауданында Уба өзенінің деңгейі 1,5 метрге дейін көтерілген екен. Алайда тиісті шаралар дер кезінде қолға алынғандықтан, апат ауыздықталды. Мұнда да су басқан үйлер анықталып отыр. 42 үйдің ауласына су кіріп, тұрғындар қауіпсіз жерлерге орналастырылды.

Селекторлық байланыс арқылы өткізілген мәжілісте сөз алған Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімовтің сөзіне қарағанда, өңірдегі жағдай бірқалыпты. Шығыс кентінің сол жағалауында орналасқан бес үйді су басқан. Осы аумақтағы тағы 60-70 жеке секторға су жайылу қаупі төніп тұр. Мамандандырылған қызмет тұрғындарды дереу эвакуациялауға дайын. Қалада арнайы техниканың күшімен күніне екі мың текше метр су сорылады.

- Біздің алдымызға қойылып отырған стратегиялық маңызы бар міндет – Ертіс өзенінің жағалық жиегін нығайту. Себебі қауіп-қатер төніп тұрған Шығыс кенті, Түйемойнақ аралы сынды аумақтарда мыңдаған адам тұрады. Бұл мақсатқа жұмсалатын қажетті қаржы қала қазынасында болмағандықтан, қазіргі күні күрделі жөндеуден өтіп жатқан әуежай басшылығымен келіссөз жүргізілді. Нәтижесінде әуежайдың құрылысында артық қалған я болмаса жарамсыз болып жатқан бетон плиталарын пайдаға жаратсақ, өзеннің жиегін нығайтуға бір септігі тиер деген ойдамыз,- деді қала әкімі Ермак Бидахметұлы.

Оқырмандардың есіне сала кетейік, 2017 жылдың күзінде 4,9 шақырымды құрайтын дренажды-нөсерлік кәріз жүйесі қаланың он көшесінде жаңартылған болатын. Ол үшін қала бюджетінен 107 млн. теңге бөлінген еді. Сонымен қатар шаһар бойынша 9 су сорғыш құрылғы орнатылды. 50 шақырым арық жүйелері тазартылып, 8 мың шаршы метр қар қала сыртына шығарылды.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

 

 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

14 наурыз күні Мемлекет басшысының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуі талқыланған жиын қала әкімдігінде өтті. Қала әкімінің қос орынбасары Надежда Шарова мен Николай Ушаковтың, салалық бөлім басшылары, оқу орындары мен банк құрылымдарының, сондай-ақ үкіметтік және үкіметтік емес ұйым, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен мәжілісте Президенттің бес әлеуметтік бастамасы жан-жақты талқыланды.

Қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков «Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктері» бастамасының пәтер кезегінде тұрғандардың санын азайтуға септігі зор екенін ерекше атап өтті. Айтуынша, қала және аудан әкімдерінің алдында тұрғын үй құрылысын белсенді түрде дамыту міндеті тұр.

- Қазіргі күннің өзінде 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасы шеңберінде жоспар құрылып, бекітілді. Бұл бағытта берілген 10 аумаққа жеке тұрғын үй құрылыстарын жүргізбекпіз. «7 – 20 – 25» жаңа ипотекалық бағдарламасына келер болсақ, жұмысқа икемі бар әрбір тұрғын жылына 7 проценттен аспайтын мөлшерлемемен несие алу мүмкіндігіне ие болмақ. Бүгінде банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 немесе 50 процентіне дейін салуды талап етсе, жаңа бағдарлама бойынша ол 20 проценттен аспауы тиіс және несие алу мерзімі 25 жылға дейін ұзартылады. Аталмыш бағдарлама шілде - тамыз аралығында нақты бекітіледі деп күтілуде. Бұл уақытқа шейін ипотекалық несиелерді алу үшін арнайы қосымша ұйым құрылатын болады. Бұдан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасын қаржыландыруды ұлғайту да көзделіп отыр,- деді Николай Ушаков.

«7 – 20 – 25» бағдарламасынан бөлек, қалада халықты баспанамен қамту бойынша қолға алынған жобаларды жүзеге асыру ісі жалғаса бермек. 147 гектар аумақты қамтитын Қарағайлы шағын ауданында іске асып жатқан 43 жобаға қоса, тағы 20 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Алдағы жылдары шағын аудандағы көп қабатты баспаналардың саны 100-ге жетеді деген болжам бар.

Жиналыста сондай-ақ Елбасының екінші әлеуметтік бастамасын жүзеге асыру да әңгімеге өзек болды. Бұл бастамаға қатысты Семей қаласы мемлекеттік кірістер басқармасы құқықтық қызмет және салық заңнамасын түсіндіру бөлімінің басшысы Шырын Әмірханова өз ойын ортаға салды. Өз сөзінде ол еңбекақысы төмен жұмысшылардың жалақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайтуға бағытталған шараларға тоқталды. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап еңбеккерлердің салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салынады. Бұл айлығы аз жұмыскерлерлерге салынатын жеке табыс салығын азайту арқылы олардың салық жүктемесін жеңілдетуге жол ашпақ.

«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты Ұлт Көшбасшысының үшінші бастамасын тілге тиек еткен ШҚО техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары директорларының облыстық кеңесінің төрағасы Оралхан Сартаев қалада студенттік жатақханалардың тапшылығы мәселесін көтерді. Семейдің бірқатар колледждері жекешелендіруден кейін талан-таражға түсіп, мүлдем жойылды. Олардың бұрынғы ғимараттары қазіргі күні өзге мақсаттарға пайдаланылуда. Жалпы, қазіргі уақытта мемлекет меншігіндегі 13 колледждің тек алтауында ғана жеке жатақхана бар екен. Оралхан Сартаевтың сөзіне қарағанда, қаладағы 29 колледжде жиыны 17 мың студент білім алуда. Олардың дені тек қалалықтар емес, оның ішінде жақын маңдағы, алыстағы ауыл-аймақтардан келген студенттер де бар. Бірақ болашақ маман иелерін жатақханамен қамту мәселесі әлі шешімін таппай келеді.

- Ауылдан келген студентке жатақханадан орын тимесе, ол туған-туысқандарының үйін паналауға немесе пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Өздеріңіз білесіздер, жалдамалы пәтерлердегі тазалық көбінесе санитарлық талаптарға сай келмейді. Бұл жастардың денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймасы анық. Сондықтан ел Президентінің студенттерге қолдау білдіру мақсатынан туындаған бастамасы бүкіл қоғам үшін маңызды,- дейді Оралхан Сартаев.

Елімізді көгілдір отынмен қамтуды жалғастыруға, сонымен бірге өз ісін енді ғана бастаған кәсіпкерлерге бизнесін дөңгелетуге мол мүмкіндік беретін жаңа 5 бастамадағы міндеттердің орындалу барысы қатаң бақылауда болатынын жеткізген Надежда Шарова Президенттің бес әлеуметтік бастамасы Семейдің де алға қарай нық қадам басуына, өсіп-өркендеуіне дем беріп, оң әсерін тигізетінін айтып, жиынды қорытындылады.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

 

 

Еще статьи...