Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 85 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • Семей қалалық соты мен медиацияны дамыту орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

    Семей қалалық сотының төрағасы Н.Б.Әбдікәрімов пен Астана қаласының «Медиацияны дамыту орталығы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша Семей қаласының өкілі Б.Д.Кенжина жанжалдарды шешудің медиация және басқа да балама әдістерін дамыту мақсатында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

  • Жүлделі орынмен қайтып келді!

    Семей қаласының облыстық балалар биологиялық орталығының оқушылар командасынан құралған 2 жас натуралистер Жунусова Ляззат Кайратовнаның жетекшілігімен №17 ЖОББМ оқушысы Киякпаева Дильназ, Вощакина Дарья Николаевнаның жектекшілігімен № 1 ЖОББМ оқушысы Жерздева Екатерина 2018 жылдың 17 қарашасы Өскемен қаласында өткен «Таза қоршаған орта - «Қазақстан – 2030» стратегиясын жүзеге асыру негізінде» «Дарын» облыстық өңірлік ғылыми – практикалық орталығының бағыты бойынша облыстық байқауына қатыст

  • «Отбасы мен әйелдердің құқықтарын қорғау» атты пікірталас өткізілді

    Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жастардың құқықтық білім деңгейін арттыру, гендерлік мәдениетке тәрбиелеу мақсатында Радиотехника және байланыс колледжінің 1-2 курс студенттерімен «Отбасы мен әйелдердің құқықтарын қорғау» атты пікірталас өткізілді.

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ

БІЛІМ БЕЛЕСІН БАҒЫНДЫРҒАН 20 жыл

Биыл 20 жылдық мерейтойын атап өтіп жатқан Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті - еліміздегі іргелі оқу орындарының бірі.Осы жылдар ішінде университет білікті басшы, саясаттану ғылымдарының докторы, профессор Шырын Асылханқызы Құрманбаеваның жетекшілік етуімен талай белестерді бағындырып, биік жетістіктерге жетті.

1998 жылдың 1 шілдесінде Қазақ мемлекеттік заң университетінің ректоры, профессор Н.Ә.Шайкеновтің бұйрығымен Семейде аталмыш оқу орнының филиалы ашылды. Филиал директоры болып тарих ғылымдарының кандидаты Құрманбаева Шырын Асылханқызы тағайындалған еді. Міне, осы кезден бастап Шығыс Қазақстан облысында жоғары білімді заңгерлер дайындала бастады.

2000 жылы филиал Семей заң институты мәртебесіне ие болды. Сол жылы әртүрлі жастағы 276 студент заңгер мамандығы бойынша екінші жоғары білім алды. Олардың арасында көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Маркен Жақиянұлы Шайжүнісовтің есімін атап айтқан орынды.

2001 жылы филиал құрамында әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасы мен заң кафедрасы болды. Сол уақыттарда күндізгі оқу бөлімінде 440 студент болса, оның 102-сі мемлекеттік тілде білім алды. Ал сырттай бөлімде 527 студент оқыды. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп отырды.

Сол жылдары Семей заң институтыныңекі оқу корпусы ғана бар еді. Тарихы ХІХ ғасырдан бастау алатын Абай, 94 мекенжайында орналасқан оқу ғимараты - жергілікті маңыздағы тарихи-архитектуралық ескерткіштердің бірі. Бұл ғимарат 1894 жылы 18 қыркүйекте төрт сыныпты ерлер гимназиясы ретінде ашылған болатын. «Алаш» партиясының негізін қалаушылардың бірі, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлихан Ермеков 1906 жылы осы гимназияға оқуға қабылданып, алтын медальмен тамамдаған. Сонымен қатар Халел Ғаббасов, өлкетанушы, мұғалім А.Белослюдов сынды көптеген зиялы қауым өкілдерінің аталмыш оқу ордасынан білім алып шықты.

1919-1934 жылдар аралығында бұрынғы гимназия ғимаратында 11-ші Сібір корпусы атаманы Анненковтың штабы, кейіннен Кеңес Одағының әскери-революциялық штабы орналасты. 1934 жылдан гимназия өмірі қайта жанданып, білім мен ғылым ошағына айналады. Бұл ғимарат 2000 жылға дейін педагогикалық институтқа тиесілі болды. Одан кейін нысан  Семей заң институтының қарамағына берілді. 2001 жылы институт иелігіне көшкен Шмидт көшесіндегі екінші оқу ғимараты 1966 жылы салынған.

2002 жылы оқу орнында 76 оқытушы қызмет істесе, оның 11-нің ғылыми дәрежесі болды. 2002 жылы алғашқы 117 заңгер институтты тамамдады. 2003 жылы институттың күндізгі және сырттай оқу бөлімінде 1500-ден астам студент білім алды.

Институт студенттерінің өмірі қызықты әрі жарқын сәттермен ерекшеленді. 1999 жылдың қазан айында оқу орны қабырғасында Сәуле Айтмұхаметованың басшылығымен «Өркениет» студенттік пікірталас клубы құрылды. Кейіннен Думан Жампейісов, Ринат Кемешев, Бауыржан Рахымжановтар клуб жұмысын әрі қарай жандандырды. Айдын Жанболатов, Жәнібек Бақтияров, Семен Симоненко, Олеся Абраменко және тағы басқалары белсенділікпен жұмыс жүргізіп, қалада дебат клубтарының өркендеуіне айтарлықтай үлес қосты.

Оқу орнында әскери кафедра, сонымен қатар қала халқына тегін кеңес беретін құқықтық клиника жұмыс істеді.

«Қазақстандық Жас Заңгерлер Ассоциациясы» қоғамдық бірлестігіне мүше болған институт студенттеріне шығармашылық және көшбасшылық қасиеттерін дамытуға үлкен жол ашылды. Аталмыш бірлестік азаматтық қоғамды дамыту саласында заң бағытындағы өңірдегі жалғыз үкіметтік емес ұйым еді. Ассоциацияның бірінші директоры Думан Жампейісов, бас хатшысы Жәнібек Бахтияров болды. Бірлестік жұмысын одан әрі жандандырған Жасұлан Сарсебаев, Марат Кабаков, Диас Смағұлов және басқалары жас заңгерлердің басын қосып, олардың кәсіби шеберліктерін дамытты.

2007 жылы жоғары оқу орындарын оңтайландыру үрдісіне байланысты Семей қаласының заң институты мен М.Әуезов атындағы университет біріктіріліп, 2009 жылғы 6 ақпаннан оқу ордасының атауы «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті» деп өзгертілді.

Саясаттану ғылымдарының док-торы, профессор Ш.Құрманбаева оқу орнын президент мәртебесінде басқарды. Ректор қызметіне техникалық ғылымдар докторы, профессор, ҚР және РФ білім беру саласының құрметті қызметкері Серік Ниязбекұлы Түменов тағайындалса, техникалық ғылымдар докторы Клара Сауыққызы Жарықбасова оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор, педагогикалық ғылымдар кандидаты, доцент Ерғали Кабдуллинұлы Есенжолов әлеумет және тәрбие жұмысы жөнінде проректор болып бекітілді. Жоғары оқу орнынан кейінгі дайындық және ғылым орталығын педагогикалық ғылымдар докторы Сәуле Нұрқасымқызы Нұрқасымова басқарды.

Бүгінде ҚазИГЗУ - жоғары білікті профессорлық-оқытушылық құрамы бар еліміздегі көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі. Білім ордасы аймақтың индустриялы-инновациялық дамуына өзіндік үлес қосатын әртүрлі бағыттағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар бәсекеге қабілетті кадрларды даярлап шығаруда. 2010 жылы ҚазИГЗУ Италияның Болонья қаласында университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Сонымен қатар университет халықаралық білім беру ассоциацияларының мүшесі болып табылады. Болон үрдісінің қағидаттарын енгізу негізінде жалпы білім беру кеңістігінің интеграциясына септігін тигізетін Ресей, Қырғызстан, Түркия, Италия, Ұлыбритания жоғары оқу орындарымен  әріптестік туралы келісімшартқа отырды.

Университетте халықаралық білім беру стандарттарын жетілдіру бағытында бірқатар маңызды қадамдар жасалды. Оқу орны еліміз-де тұңғыш рет Интеграцияланған білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярлаудың пилоттық тәжірибесін жүргізу құқығына ие болды. Нәтижесінде студенттер бес жыл ішінде күнгізгі оқу бөлімінде екі мамандық бойынша мемлекеттік білім беру стандартына сәйкес диплом алып шығу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Университетте мемлекеттік грантпен білім алушы студенттер қатары жыл санап артып келеді. 2018 жылы олардың саны 413-ке жетті. Оның ішінде мемлекеттік «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша 2016 жылы 39 студент, 2018 жылы 345 студент оқыды.

Бүгінде университетте бакалавриаттың 28, магистратураның 9, докторантураның 6 мамандығы бойынша 5000-ға жуық студент білім алуда. Гуманитарлық, заң, ақпараттық-технология және экономика факультеттері және 12 кафедра жұмыс істейді. Университет 7 оқу корпусымен, 400 орынға арналған Студенттер үйімен, бай кітапхана қорымен, спорт кешенімен қамтамасыз етілген. Жатақхана бөлмелері бүгінгі заман талабына сай жабдықталған. 2011 жылы ҚазИГЗУ жанынан әскери кафедра  ашылды. Оқу ордасында «Универ-ситет хабаршысы» ғылыми журналы шығарылады.

Білім ордасында студенттердің күшімен дайындалған кәсіпкерлік жобаларды іске асыру және дамыту бағытында «Бизнес инкубатор» жобасы сәтті жүзеге асуда. Сондай-ақ университет қабырғасында құрылған «Жас заңгерлер достастығы» қоғамдық қорының мүшелері соңғы жылдары ШҚО ішкі саясат басқармасының 6 грантын жеңіп алды.

Қор ШҚО-ның Жас мемлекеттік қызметкерлер ассоциациясымен, «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Жас Отан» жастар қанатының облыстағы филиалымен, ҚР Президентінің халықаралық «Болашақ» стипендиясының стипендиаттары ассоциациясының ШҚО-дағы филиалдарымен тығыз байланыста жұмыс істейді.

Осы 20 жыл уақыт аралығында Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті еліміздің әр түкпірінде сан салада қызмет етіп жүрген 40 мыңнан астам маманды даярлап шығарды. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы шеңберінде Еуропа, Азия, ТМД мемлекеттерінің, АҚШ-тың бірнеше жоғары оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынас орнатылып, студенттердің шетелдерде білімін ұштап, кәсіби шыңдалуына жол ашылды.

Соңғы 5 жыл ішінде оқу мен ғылым саласында, қоғамдық өмірде үздік нәтиже көрсетіп, жетістікке жеткен күндізгі оқу бөлімінің 35 студенті ҚР Президентінің стипендиясына ие болды. Әрине, мұның бәрі университеттегі білім беру деңгейінің жоғары екенін айғақтайды.

Сөз соңында университет ұжымын 20 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, толайым табыстар тілегіміз келеді.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы».

ФУТБОЛ САБАҒЫ ЕНГІЗІЛЕДІ

Семей қаласы «№44 орта мектебі» КММ-де «Дене тәрбиесінің әр үшінші сағатына «Футбол сабағын» кіріктірудің ерекшелігі» атты облыстық тәжірибелік семинар өтті. Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының спорт шараларын өткізу зертханасының жетекшісі Сағдат Садықов, ШҚО аудандық және қалалық білім бөлімдерінің әдіскерлері мен пилоттық мектептердің дене тәрбиесі мұғалімдері қатысты.

Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын одан әрі қалыптастыруға байланысты ҚР Мемлекет басшысының 2017 жылғы 10 наурыздағы тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстан Футбол федерациясы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, «Футбол сабағы» атты тақырыптық жобаны іске асыруда. Орта мектептердегі мыңдаған бастауыш сынып оқушысы футболмен жақынырақ танысуда.

Қазіргі таңда жоба аясында Қазақстан Футбол федерациясы мамандары жобаға қатысып жатқан мұғалімдер үшін қазақ және орыс тілдерінде арнайы әдістемелік нұсқаулық жасап шығарды. Мұғалімдерге берілген әдістемелік оқулықтардан басқа, ҚФФ мен ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан қатысушылар үшін шеберлік сыныптары мен семинарлар ұйымдастырылған. Инструкторлар мен үйлестірушілер ретінде Қазақстан Футбол федерациясының, аймақтық федерациялардың, ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының өкілдері және мектеп мамандары атсалысатынын атап өтті ұйымдастырушылар.

Семинарда жоспарланған теориялық-практикалық бөлімдерде «Футбол сабағы» жобасы бойынша 5-11 сынып оқушыларына арналған әдістемелік оқулықтар талқыланды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми - практикалық дене тәрбиесі орталығының спорт шараларын өткізу зертханасының жетекшісі аталмыш жоба жайлы өз ойымен бөлісті:

- Жобаның басты мақсаты - қазақстандық балалардың денсаулығын нығайту үшін тағы бір жағдай жасау. Ал спорттық мақсаттарға тоқталсақ, оның міндеті – селекциялық жұмыс жүргізу. Бапкерлер мектеп жасынан футболға бейімі бар балаларды назарға алады. Егер ондай оқушылар табылып жатса, оларды арнайы резерв мектептеріне жіберуге тырысамыз. Футбол ойыны оқушыларды тәртіпке үйретеді, ұйымшылдыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеп, қайрат-жігерін шыңдайды. Бұл жоба футбол спортының абыройын асырып, оны насихаттауға септігін тигізеді,- деді Сағдат Садықов

Семинар соңында барлық қатысушыларға ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми–практикалық дене тәрбиесі орталығының сертификаттары берілді.

Қуандық НӘДІРБЕКҰЛЫ, Семей қаласы.

СЕМЕЙДЕГІ 50 МЕКТЕПТЕ IT-СЫНЫПТАР АШЫЛДЫ

Биылғы оқу жылында 5 200 семейлік бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Бұл былтырғымен салыстырғанда біршама артық. Қала әкімі Ермак Сәлімов, 1 қыркүйек – Білім күніне орай, Шәкәрім атындағы №5 гимназияда өткен алғашқы қоңырау салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

- Қайырлы күн, қымбатты ата-аналар мен оқушылар! 1 қыркүйек – жарқын болашаққа жол ашатын маңызды күн. Шын жүрегімнен барлықтарыңызды Білім күнімен құттықтаймын! Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен білім саласын жаңғырту жолындағы межелі міндеттер орындалуда. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – біздің ортақ міндетіміз. Шәкәрім атындағы гимназия – әр жыл сайын білім сапасы артып келе жатқан қаладағы жетекші оқу ошақтарының бірі. Бүгін балаларға білім мен тәрбие беруде орасан зор рөл атқаратын ұстаздарға құрмет көрсететін күн. Себебі мектеп мұғалімдерінің оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпалы мол. Сондықтан, ұстаздар қауымы, сіздерге кемел келешектің алтын діңгегі саналатын білімді жастарды тәрбиелеу жолында сәттілік тілеймін! Ал оқушылардың оқу-ғылымға деген қызығушылықтары арта түсіп, мерейлі белестерді бағындыра берсін!- деді өз құттықтау сөзінде Ермак Бидахметұлы.

Дәл осы күні Семейдің барлық дерлік мектептерінде 92 пән кабинеттері ашылды. Оның 50-і - робототехника және IT-технологияны меңгеруге арналған мамандандырылған сыныптар. Әрбір кабинет 11 ноутбукпен, LED экранмен және робототехникаға қатысты бірнеше жиынтықтармен, 3D принтермен жарақталған. Айта кету керек, бұл игілікті іс «Нұр Отан» партиясының бастамасымен «Менің мектебім» облыстық жобасы шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

Салтанатты шарадан кейін №5 гимназияда ашылған кабинеттерді аралап шыққан қала әкімі соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған сыныптар оқушылардың ғылым және техника саласы бойынша бастапқы білім алуына, олардың жеке қабілеттерін дамытуға таптырмас мүмкіндік екенін айтады. Ол үшін мұғалімдер ойын түріндегі визуалды бағдарламалау, роботты жүйелер, 3D модельдеу, мехатроника, логикалық бақылаушыларды бағдарламалау, web-дизайн негіздері сынды бес түрлі модуль бойынша Назарбаев Зияткерлік мектебі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы базасы негізінде теориялық және тәжірибелік оқыту курстарынан өткен.

Диас Қуанышев - 9 сыныпқа аяқ басқан үлгілі оқушы. Бүгінде ол IT-технологияны жетік меңгеру үшін бар ынтасын салуда. Жуырда Диас Өскемен қаласында 3D модельдеу бойынша өткен олимпиададан бірінші орынды иеленіп келді. Өз болашағын жас жеткіншек IT-технология саласымен байланыстырып отыр.

- Гимназиямызда робототехника кабинеті ашылысымен, бұл салаға қызығушылық таныта бастадым. Таяуда облыстық олимпиадаға да қатысып, жүлдемен оралдық. Аталмыш кабинетте біз бағдарламалауды үйренеміз. Түрлі роботтарды құрастырып, оларды 3D принтер арқылы басып шығарамыз да, оған қозғалтқыштарды қосамыз, бағдарламалар енгіземіз. Роботтарды телефондағы Bluetooth бағдарламасы арқылы да басқаруға болады. Мектепті тамамдағаннан кейін IT саласының маманы болуды мақсат етіп отырмын,- деді қала әкіміне өз жобасын таныстырған арманы асқақ оқушы.

Болашақтың иелеріне үлкен үміт артқан Ермак Сәлімов оқушыларды білім алып, ғылыммен айналысуға, еліміздің нағыз патриоты болуға шақырды.

Күміс қоңыраудың үні мектептерге жаңартылған білім мазмұны тәжірибесін таратып отырған Назарбаев Зияткерлік мектебінде де естілді. «Болашақ - білімде» атауымен салтанатты лездеме өткізіліп, 7 сыныпқа қабылданған шәкірттерге ерекше құрмет көрсетілді.

- Бүгін ерекше күн. Дәл осы күннен бастап алғашқы қоңырау үнімен бірге оқушылардың жеке тұлға ретінде қалыптасу кезеңі басталады. Бәсекеге қабілетті, саналы да сауатты ұрпақ, ең бастысы, келешегі кемел еліміздің болашақ көшбасшыларын даярлап келе жатқан зияткерлік мектепке қош келдіңіздер! Өткен оқу жылы табыссыз болған жоқ. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан 137 түлегіміздің 39-ы еліміздегі маңдайалды ұлттық, 78-і өзге де отандық жоғары оқу орындарына, 20-сы шетелдік озық білім беретін университеттерге түсіп отыр. Соның ішінде 119 баланың грантқа ие болуы бізді ерекше қуантады. Алдағы уақытта да талантты, дарынды шәкірттерді оқытып, тәрбиелеуді жалғастыра береміз,- деді Семейдегі физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов.

Лездеменің құрметті мейманы болған Семей қалалық тілдерді оқыту орталығының басшысы, мектептегі қамқоршылар кеңесінің төрайымы Зәуреш Исабаева оқушылар мен ұстаздар қауымына табыс тіледі. Алғашқы қоңырау мерекесі «Мен Отанымның бір бөлшегімін» патриоттық форумына ұласып, тәрбие сағаттарымен қорытындыланды.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

ШЫҒЫСТА 277 ІТ - СЫНЫП АШЫЛАДЫ

Жаңа оқу жылынан бастап Шығыс Қазақстан облысында 277 ІТ-сыныптар ашылады. Бұл жаңалық кеше, 2 тамыз күні, облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың Семей қаласына іссапары барысында белгілі болды.

Әлқисса, кейінге шегінейік. 1 маусым күні «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев қуаттаған 22 жобаның екеуі «Балалар үшін тегін ІТ-сыныптар», «Білікті мамандар дайындайтын ІТ-орталықтар» сынды цифрландыруға бағытталған жобалар болатын.

Аймағымызда аталған екі жобаны жүзеге асыруға байланысты ауқымды істер қолға алынған. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан облысы бойынша толық комплектілі 277 мектепте робототехника сыныптары ашылып, ШҚО Білім басқармасы ҚР Білім және ғылым министрлігімен 3-11 сынып оқушыларына ІТ-технологияны меңгертуге арналған бағдарлама әзірлеген. Сол оқушыларға білім беретін білікті мамандарды дайындау Семей қаласындағы Электротехникалық колледж ұжымына жүктелген.

Айта кетсек, 2008 жылдан бері «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Мехатроника» мамандықтары бойынша студенттерді біліммен қанаттандырып жүрген колледж ұжымы аз уақыттың ішінде ІТ-курсын оқытатын кадрларды дайындау бағдарламасын әзірлепті. Қазіргі таңда колледж базасында аймағымыздағы аудан, ауылдардан келген 544 мұғалім жаңа технология бойынша оқып жатыр.

5 аптаға жоспарланған оқыту курстарының алғашқы 3 аптасы теория жүзінде, соңғы екі жұмасы практикалық негізде жүзеге асырылмақ. Осы уақыт аралығында мұғалімдер колледж қызметкерлерінің көмегімен визуалды бағдарламалаудың әліппесін, 3D басып шығаруға арналған модельдеудің негіздерін меңгереді. Сонымен қоса роботтандыру жүйесі мен Web-дизайн модульдары да оқыту бағдарламасына кіріктірілген.

Аталмыш колледжге арнайы келіп, ІТ саласы бойынша білім алып жатқан мұғалімдермен жолығып, атқарылып жатқан жұмыстар легімен танысқан облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова:

- Қазіргі таңда ІТ-технология, цифрландырудың күн өткен сайын өмірге еніп келе жатқанын жақсы білеміз. Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында оқушылардың ой-өрісін, білім көкжиегін дамытуға жол ашуымыз керек. Сол арқылы бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелейміз. Негізгі мақсат - жаппай ІТ-мамандарын дайындау емес, оқушылардың санасында ІТ-білімнің іргетасын қалау,- деп түсіндіріп өтті.

Сонымен қоса 3-ші сыныптан бастап оқытылатын бағдарлама ойын балаларының бақытты балалық шағын ұрламайтынын, ол пән емес, вариативті сабақ ретінде өткізілетінін де айтты.

- Еліміздің дамуына үлес қосу, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында біздің колледж жұмыс жүргізіп жатыр. Жуырда ашылған біздің ІТ-орталықта аймағымыздың ұстаздары білім алуда. Оқытумен ғана шектелмей, 277 мектептің ІТ-сыныптарына қатысты туындаған сауалдарға жауап беруге, одан әрі қарай тығыз байланыста болуға ниеттіміз. Бағдарламаның мақсаты – 3 сыныптан бастап 11 сыныпқа дейін деңгейіне байланысты жеке-жеке тапсырма беру арқылы оқушыларды дамыту, оқушылардың зияткерлігін арттыру, конструктивті-сыни тұрғыда ойлау қабілетін, логикасын дамыту,- деп атап өткен Электротехникалық колледждің директоры Азат Сәрпеков вариативті сабақты жүргізетін оқытушыларды дайындап жатқан орталық мамандары да шетелден оқып келген білікті оқытушылар екенін мақтанышпен жеткізіп, буын бойынша бағдарламаның ерекшелігін жіктеп берді. - Біздің орталық халықаралық ресурстық орталықтың бірегейі болғандықтан, өзіндік ерекшелікке ие. Мұндағы мамандар Германия, Ұлыбритания сынды шетелдерден білім алған. Халықаралық тәжірибелердің және Назарбаев Зияткерлік мектептерімен тәжірибе алмасу нәтижесінде әрбір сыныпқа арналған 5 модульді бағдарлама дайындадық. 3-5 сынып оқушылары әлі де болса ойын балалары болғандықтан, тапсырмалар ойын түрінде, ой-өрістерін дамыту мақсатында беріледі. Ал 5-9 сыныптарда робототехника негіздері, бағдарламалау әдістері арқылы оқушылар өздеріне бағдарлама, сайт аша алады. 9-11 сыныптар компьютерлік мехатроника, инженерлік графика, 3D модельдеуді меңгереді,- деп атап өтті колледж директоры.

Әсем Бекқызы орталықта технология тілін меңгеріп жатқан ұстаздармен де тілдесті. Ұлағатты жандардың барлығы дерлік аталмыш курс өздерінің қызығушылығын оятқанын ерекше атап өтті.

- Мұндай қызықты әрі пайдалы оқу бағдарламасын меңгеруге мүмкіндік бергендеріңіз үшін алғыс айтамын. ІТ-технология әсіресе ауыл балаларын ерекше қызықтыратыны сөзсіз,- деді Глубокое ауданынан келген Елена Жидяева.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ, «Семей таңы»

АРЫСТАННЫҢ АРМАНЫ АСҚАҚ

Шахматтан өткен Әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан жас спортшыға құрмет көрсетілді. 20-29 сәуір аралығында Албанияның Дуррес қаласында оқушылар арасында ұйымдастырылған дүниежүзілік шахмат бәйгесінен олжалы оралған Арыстан Исанжуловқа жерлестерінің құрмет көрсету салтанаты 14 маусым, бейсенбі күні қала әкімдігінде өтті. Ерекше дарын иесіне Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов 500 мың теңгенің сертификатын табыс етті.

- Бүгін біз дарынды ұлымызды, әлем чемпионын құрметтеу үшін жиналып отырмыз. Күні кеше Арыстан облыс әкімінің қабылдауында болып, өзін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Ең алдымен, мен Арыстанның анасына, осындай талантты азаматты, ел намысын қорғайтын чемпионды тәрбиелеп өсіргені үшін алғыс білдіремін. Алдағы асулардан, биік белестерден сүрінбей өтіп, әрдайым жеңімпаз болуына тілекшімін, солай болады деп сенемін,- деді Ермак Бидахметұлы шахматтан Әлем Кубогының иегеріне жарты миллион теңгенің сертификаты мен соңғы үлгідегі ноутбукты сыйға тартып тұрып.

Арманы асқақ Арыстан ақыл-ой спортына бала күнінен қызығады. Қазір ол Семейдегі Экономика лицейінде білім алуда. Он бес жасқа аяқ басқан дарынды спортшы көптеген республикалық, облыстық жарыстарда топ жарып, бүгінде FIDE (ұлттық шахмат федерацияларын біріктіруші халықаралық спорт ұйымының) шебері дәрежесіне жеткен. Енді өреннің «Әлем чемпионы» деген атағы бар. Албаниядағы чемпионат - оның әлемдік деңгейде қатысқан екінші жарысы. Бұған дейін сайыпқыранымыз Афиныда классикалық шахматтан өткен сайыста да бақ сынаған болатын.

Айта кетейік, Албанияда болған әлем біріншілігіне 40 мемлекеттің 387 спорт саңлағы қатысқан. Қазақстаннан аттанған 53 оқушы төрт алтын, бір күміс және екі қола медальды еншілеп қайтты. Жалпыкомандалық есепте қазақстандық спортшылар бірінші орынға табан тіреді.

- Бұл жеңіс алдағы жарыстарда тек бас жүлдеге ұмтылуға ынталандырады. Бұдан да биік шыңдарды бағындырып, елімнің сенімін, анамның үмітін ақтаймын,- деді кездесу барысында Арыстан Исанжулов.

Салалық бөлім басшылары, депутаттар, Арыстанның жақындары қатысқан шара барысында жас шахматшының тренері Архат Өтегенов пен анасы Сәуле Исанжуловаға құрмет көрсетіліп, ықылас гүлдері мен естелік сыйлықтар тапсырылды.

- Ешбір ана өз баласын қандай да бір іспен айналысуына, қызығушылық танытуына күштеп көндірмейді. Себебі әр баланың өзіне тән өнері, икемі болады. Бала бойында табандылық пен мақсатқа жету талпынысы болса ғана ол чемпион болады. Арыстанда бұл қасиеттер бар. Біздің құрметімізге осындай кездесу ұйымдастырып жатқандарыңызға ризамыз. Күтпеген жаңалық болды біз үшін,- деді жеңімпаздың анасы               С. Исанжулова.

Жуық арада Шри-Ланка Республикасында әлемнің ең мақтаулы деген шахматшыларының қатысуымен халықаралық фестиваль өтпек. Алпауыт мемлекеттердің адуынды спортшыларын артта қалдыру үшін Арыстан дайындықты бүгіннен бастап кетті.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

 

Еще статьи...