Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 169 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • ШҚО әкімінің дарынды оқушылармен кездесуі

    ШҚО әкімінің дарынды оқушылармен кездесуі

  • Терроризм - адамзатқа қарсы қылмыс: басылымдар көрмесі

    22 маусым күні Абай атындағы кітапхананың оқу залы Семей медициналық университеттің студенттері мен кітапхана пайдаланушыларына арналған «Терроризм - адамзатқа қарсы қылмыс» тақырыбындағы басылымдар көрмесін ұйымдастырылды.

  • Шәкәрім Құдайбердіұлының бай әдеби мұрасы

    Ағымдағы жылдың 20 маусым күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдау аясында Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған іс-шара «ШҚО Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де әлеуметтік қызметкерлер мен бөлімше меңгерушілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты, әріптестерді ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстыру.

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home МӘДЕНИЕТ

МӘДЕНИЕТ

АБАЙ ТАҚЫРЫБЫН ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРЕТІН УАҚЫТ ЖЕТТІ

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның әр аймағын аралап келе жатқан ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық комиссияның Орталық сараптама кеңесінің көшпелі отырысы жұма, 15 маусым күні Алаш астанасы Семей қаласына жетті. Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде өткен мәжіліске ҚР ҰҒА академигі, профессор, Орталық сараптама кеңесінің сарапшысы Дихан Қамзабекұлы, профессор Ерлан Арын, белгілі журналист Берік Уәли, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Серікзат Дүйсенғазы, ШҚО Ішкі саясат басқармасының басшысы Нелли Краснобаева, Шәкәрім университетінің ректоры Мейір Ескендіров, Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ ректорының м.а. Сәуле Рахметуллина, Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Ирина Ровнякова және тағы басқалар қатысты.

Облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Мәдениет Ахметова ШҚО-да «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан бағдарламалар барысымен таныстырды. Оның айтуынша, еліміздегі діни ахуалдарға байланысты халық арасында сауатты түсіндірме жұмыстарын жүргізетін теологтер, ақпараттық топтар жетіспейді. Осы мақсатта өңірдегі колледждерде 40 маман дайындалуда. Келешекте Нұр-Мүбәрак университеті және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасымен келісілген бағдарлама негізінде, ақпараттық топтардың 100 лекторын дайындау жоспарланып отыр. Бұл шараға республиканың белгілі оқытушылары мен теологтері тартылмақ. Сондай-ақ ол жалпы құны 87 млн. теңгеге бағаланған «Әдеби шығыс» жобасын жүзеге асыру басталғанын айтты. Оның аясында облыстағы 40 мың шәкірттің арасында Шәкәрім және Достоевский шығармаларынан жаппай диктант жазу жүргізіліп, 1500 жеңімпазға облыстың тарихи және киелі орындарын аралауға жолдама беріліпті. Сонымен қатар Шығыс Қазақстанға есімі белгілі жазушылар шығармалары бойынша эссе жазып, жеңіске жеткен 500 оқушы «Дарын» облыстық лагеріне кезең-кезеңімен демалуға мүмкіндік алған.

- «Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыруда жергілікті бюджеттен биылғы жылы 2 млрд. 704 млн. теңге бөлінсе, тағы 2 млрд. теңге Алакөлдің инфрақұрылымына жұмсалды. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты арнайы жобасының аясында тарих, этнология, археология бағытында білікті мамандармен жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобының мақсаты - макро және микро құнды объектілерді анықтау.

Шығыс Қазақстанның Берел, Шілікті, Абылайкит қорымдары қазіргі күні қасиетті орындар мәртебесіне ие. 2018 жылы З.Самашевтың, А.Төлеубаевтың, Қ.Байпақовтың, А.Исиннің басшылығымен 4 жоба бойынша археологиялық жұмыстар басталды. Археологиялық маусымның қорытындысы дәстүрлі түрде қыркүйек айында өтетін «Алтай - түркі әлемінің ортақ бесігі» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында жарияланады. Осы жұмыстардың нәтижесінде монография басылымын әзірлеу жоспарлануда,- деді Мәдениет Медеуханқызы.

Тарихшы ғалым, Қазақстан тарихшылар конгресінің жауапты хатшысы Ерлан Сайлаубай аталған баяндама бойынша «Шығыс Қазақстанның топонимикалық тарихы» оқулығын даярлайтын ғылыми жұмыс тобын құру, ШҚО-ның қасиетті жерлерінің топонимикалық картасын әзірлеу және шығару, облыстың сакралды географиясы бейнеленген виртуалды музей жасау, «Туған жер» арнаулы жобасы аясында мектеп өлкетану музейінің жалпы типтік нұсқасын және облыстық музейдің жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, ШҚО бойынша жергілікті және республикалық тізбелерге енгізілген тарих және сәулет ескерткіштерінің жинағын жаңалау, облыстың сакралды картасына енгізілген объектілерге тиісті статустық сипаттағы белгілер қою, облыс территориясында орын алған ұлттық, республикалық, өңірлік масштабтағы оқиғалар картасын әзірлеу және әр тарихи оқиға бойынша сериялық санаттағы құжатты фильмдерді даярлау, Би Боранбай кесенесінің құрылыс жұмыстарын толығымен аяқтап, оны республикалық туристік кластерге және Қазақстанның қасиетті орындары тізбесіне енгізу, облыс орталығында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған ескерткіш кешенін ашу, Берелдегі тарихи-мәдени мұражай кешеніне «Патшалар алқабы» деген атаумен ұлттық тарихи-мәдени парк статусын беру, Бесқарағай ауданы мен Семей қаласы төңірегіндегі Қимақ қағанаты астанасы болған қала орнын анықтау, Тарбағатай мен Жарма ауданы территорияларында назардан тыс қалған Арғанаты қорғандарын, Қалбатау ескерткіштерін зерттеуді қолға алу туралы ұсыныстарын жеткізді.

Ал айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы кешенді түрде Алаш жобасын әзірлеп, Семейдегі Алаш мұражайын республикалық деңгейде жасақтау керек деп есептейді. Мәжіліс соңында ұлттық комиссияның спикері Дихан Қамзабекұлы Семейді Абай брендімен байланыстыратын кешенді бағдарлама жобасын әзірлеуді ұсынды.

- Абай - Шығыс Қазақстан үшін, жалпы түркі әлемі үшін брендтік ұғым. Осыған байланысты Абай тақырыбын жаңа деңгейге көтеретін уақыт жетті деп есептейміз. Біздің Сараптамалық кеңес осы уақытқа дейін бірнеше қаланы аралап, сол аймақтардың атын елге паш ететін жобалар қабылдауды ұсынып келе жатыр. Мәселен, Көкшетау «Сал-серілер өңірі», Қарағанды «Ұлытау - Ұлы дала бесігі», Талдықорған «Алтын адам» тақырыптарын өзек етіп алды. Осы бағытта Сіздерге «Абай оқуларының» атауын «Абай жолы» халықаралық фестивалі етіп өзгертуді, «Абайтану» көп томдық кітап сериясын шығаруды, «Абай» журналына лайықты мәртебе беруді, «Абай» энциклопедиясын шығаруды, «Абай жолына» және оның кейіпкерлеріне скульптуралық монументалды композиция ескерткіштерін орнатуды ұсынамыз және бұл бастамаларды қолдауға әзірміз,- деді Дихан Қамзабекұлы.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»

 

«ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАННЫҢ АҢЫЗДАРЫ МЕН ЕРТЕГІЛЕРІ»

Семейде балаларға арналған тұңғыш электронды кітап жарық көрді. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жазылған оқулық «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» деп аталады. Электронды нұсқада шыққан жаңа туындының тұсаукесері Абай атындағы әмбебап кітапханада өтіп, оған ШҚО туристік ақпараттық орталығының директоры Сымбат Рамазанов, кітапты басып шығарған «Артекс» баспа-полиграфиялық фирмасының өкілдері, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.

«Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» электронды кітабына облыстың 15 киелі жерлері туралы деректер енгізілген. Оның тізімінде Ертіс өзені, Қиын-керіш шатқалы, Марқакөл, Рахман қайнары, Белуха тауы, Қоңыр әулие үңгірі, Қасиетті бұлақ, Ырғызбай ата кесенесі, Берел қорғаны, Шілікті қорымы, Еңлік - Кебек мазары, Қозы Көрпеш – Баян cұлу кесенесі, Күшікбай батыр, Абылайкит, Ақ бауыр ескерткіші бар. Әлібек Қаңтарбаев, Марина Юрченко және Күлмай Сембаевалардың қаламынан туындаған оқулықтың безендірілуі ерекше көз тартады. Сыртқы мұқабасында қолына домбыра ұстаған абыз ақсақалдың бейнеленгені еліміздің өткен тарихы мен келешегінің байланысын көрсетіп тұрғандай. Мұқаба шеттері Берел қорғандарынан табылған артефактілердегі ою-өрнектермен әсемделіп, иллюстрация ретінде балалардың салған суреттері қолданылған. Кітапта Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат жасауға шыққан Санжар есімді бала мен оның атасы туралы баяндалады. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан кітап, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, ШҚО Туризм және сыртқы байланыс басқармасының тапсырысы бойынша әзірленген. 130 парақтан тұратын кітапта түсіндірме сөздіктер мен қолданылған әдебиеттердің библиографиялық тізімі бар. Тізім облыстың лингвистикалық орталығы мен Абай атындағы кітапхананың қолдауымен жинақталған.

- Библиографиялық тізімді жасауда Абай атындағы кітапхананың кітапханашысы Марина Парфиновичтің еңбегі зор екенін мақтанышпен айтамын. Себебі тізім жасаудың өзі оңай дүние емес. Бұл - қажырлы еңбек пен терең зерттеуді қажет ететін жұмыс. Біздің Шығыс Қазақстан облысы - тарихи киелі орындарға бай өлке. Сондықтан «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» атты электронды кітап болашақта тағы да жетілдіріле түседі деген ойдамын,- дейді Абай атындағы кітапхананы дамыту бөлімінің жетекшісі Гүлмира Нұғыманова.

Айта кетейік, кітапта Семей және Өскемен қалаларындағы көркем сурет салу мектептерінде оқып жүрген балалардың қолымен салынған суреттер де қолданылған. Шара барысында өнерлі өрендер «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» атты электронды кітабын жасауға үлес қосқандары үшін дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.

- Әрбір өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру – өзіміздің туған жерімізге деген құрметімізден, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігімізден басталады. Ел санасын рухани жаңғырту, аймағымыздың көрікті жерлерін жастарға дәріптеу мақсатында облыстың 15 киелі орнын кітапқа енгізіп отырмыз. Бұл кітап - әсіресе бастауыш сынып оқушылары, 5, 6, 7 сынып оқушылары үшін таптырмас оқу құралы. Биылғы жылы тек 15 нысанды алып отырсақ, келесі жылдан бастап 100 томдық етіп шығару мақсаты тұр,- дейді ШҚО Туристік ақпараттық орталықтың директоры Сымбат Рамазанов.

Алдағы уақытта электронды кітаптың жазба және аудионұсқалары шығады деген жоспар да бар. Бұған қоса келер жылдан бастап аталмыш кітап аясында оқушылардың жыл сайынғы көркем шығармалар оқуларын, сондай-ақ «ШҚО аңыздары мен ертегілері» атты фестивалін, қаладағы музейлерде балалардың сурет көрмесін, 19 аудан мен қала, кенттердің дарынды балалары арасында зияткерлік білім сайысын облыстық деңгейде ұйымдастыру көзделіп отыр.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

ЕРЛІКТІҢ ДАҢҚЫ ӨШПЕЙДІ

Семей халқы биыл да Жеңіс күні мерекесін лайықты атап өтті. Зұлмат жылдары ерлікпен қаза тапқан майдангерлердің есімін ұлықтап, рухтарына тағзым ету үшін мыңдаған семейлік тұрғын таңертең сағат 10.00-де Орталық алаңға жиналды. Әрбіреуінің қолында қан майданда Отан үшін шайқасып, шейіт болған жауынгер ата-апаларының суреті. Батыр бабалар ұрпақтары Қайым Мұхамедханов көшесі бойымен Жеңіс саябағына дейін шерулетіп жүріп өтті.

Салтанатты шарада сөз алған қала басшысы Ермак Сәлімов жиналған көпшілікті Жеңіс күнімен құттықтап, ардагерлерге алғысын білдірді.

- Құрметті семейліктер, ардақты ағайын! Елдік пен ерліктің, батырлық пен батылдықтың жемісі Жеңіс күні құтты болсын! Бұл күн халқымыздың мызғымас бірлігін, қайсар рухын, атамекен, туған жерге деген сүйіспеншілігін білдіреді. Бұл соғыс әр отбасыға, әр азаматтың  жүрегіне  қаралы ізін қалдырды. Біз алдыңғы толқын ардагер ағаларымыздың, ұрыс даласында мерт болған батырлардың ерлігіне бас иеміз, тағзым етеміз. Баянды болашақ үшін жанын берген боздақтардың ерлігін біздер және болашақ ұрпақ мәңгі ұмытпаймыз. Ерліктің даңқы өшпейді. Сіздер жасаған ерлік   мәңгілік  біздің   санамызда  жаңғырады, жадымызда сақталады. Жеңіс пен бүгінгі жетістігіміз бір-бірімен тығыз байланысты. Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетекшілігімен қуатты, гүлденген Қазақстан мемлекетін құрдық. Бейбіт     елде   балаларымызды өсіріп, тәрбиелеп отырмыз. «Қазақстан - 2050» Стратегиясын, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын халық болып бірге іске асырудамыз. Семейліктер елдің кемел келешегі үшін Елбасының мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыруға өз үлесін қоса беретініне сенімдімін. Тарих беттерінде алтын әріптермен жазылып қалған бүгінгі күнде баршаңызға мықты денсаулық, ұзақ та мағыналы ғұмыр тілеймін. Әр күндеріңіз тек махаббат пен қуанышқа, жылылыққа толы болсын! Егемендіктің еңсесі биік, тұғыры берік, ғұмыры мәңгілік болғай! Мерекелеріңізбен, қымбатты жерлестер! - деген ақжарма тілегін жеткізді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Келесі ретте соғыс ардагері Ғабдулғазиз Ахмеров семейліктерді айтулы мерекемен құттықтап, өскелең ұрпаққа сенімін білдірді.

Сол бір отты жылдарда сұрапыл майданға Семейден 93 мың жауынгер аттанған. Оның 30 мыңнан астамы әртүрлі дәрежедегі орден, медальдармен марапатталды. 9 Мамыр – Жеңіс күні сол батырлардың ұл-қыздары, еңбек және тыл ардагерлерінің балалары мен немерелері неміс басқыншыларымен шайқасып, Отан үшін от кешкен соғыс құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Қала әкімі бастаған бір топ азаматтар Мәңгілік алауды гүл шоқтарымен көмкеріп, бабалар рухына тағзым етті. Аспанға оқ атылып, өткен күнге құрмет көрсетілді. Шара соғыс жылдарындағы әуендер, Жеңіс, Отан тақырыптарын қамтыған әндер шырқалған концерттік бағдарламаға ұласып, кешке мерекелік отшашумен аяқталды.

Жеңістің туы желбірегеніне 73 жыл өтсе-дағы зұлмат жылдар тарихта қалады, ерлердің есімі еш уақытта ұмытылмақ емес. Ел басына күн туғанда халқының амандығы үшін жаумен күресіп, ажалмен бетпе-бет келген майдангерлердің ерлігін естен шығармау, олардың рухына бас ию - бүгінгі жастардың парызы. Жеңіс саябағына жиналған жұртшылықтың да ойы осы арнада тоғысты.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

 

 

 

БЕЙБІТ ЕЛДІҢ БЕРЕКЕСІ БІРЛІКТЕ

1 Мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қаламызда жоғары деңгейде аталып өтті. Қазақстан атты бір шаңырақ астына топтасқан ұлттар мен ұлыстардың өкілдері шаһарымыздағы Орталық алаңға жиылып, достық пен татулықтың үлгісін көрсетті. Мерекелік салтанатты жиында әр халық әні мен биінен шашу шашып, қолөнер бұйымдарын паш етіп, ұлттық тағамдарын ұсынды һәм өзіндік ерекшеліктерін көрсетті. Сонымен қоса бұл күні, қазақы дәстүрге сай, Қымызмұрындық салты, «Рухани жаңғыру» тақырыбы аясында көрме, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды.

Мереке қала әкімі Ермак Сәлімовтің құттықтау сөзінен бастау алды:

- 1 Мамыр – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген махаббаттың, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі. Бірліктің арқасында біз бейбіт ғұмыр кешудеміз. Қаламызда 80-нен астам ұлт пен ұлыстың өкілдері ынтымақ пен бірлікте өмір сүріп жатыр, Достық үйі жұмыс істеп тұр. Онда 22 ұлттық мәдени орталық қызмет жасауда. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясының негізін құрайтын бірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық орын алған жерде қашанда іс нәтижелі болатыны белгілі. Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі барша ұлт өкілдерінің мәдениетін дамытуға, ана тілін, салт-дәстүрлерін сақтауға негізделген. Қазақстан халқы Ассамблеясының 26-шы сессиясында Елбасы: «Халықтың бірлігі - жаңарған Қазақстанды өркендетудің басты шарты. Солай болған және солай бола бермек»,- деп атап өтті. Ардақты ағайын, бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, бақыт тілеймін,- деді Ермак Бидахметұлы.

Қала әкімінің құттықтау сөзінен соң сахна төріне көтерілген әртүрлі ұлт пен ұлыстың өкілі ұлттық киімдері мен ұлттық өнерлерін ортаға салды. Сонымен қоса өзіндік ерекшеліктерге толы қолөнер бұйымдарын да таныстырды. Көрмеге, этномәдени орталықтармен бірге, «Рухани жаңғыру» тақырыбында еңбектенген балабақша ұжымдары да қатысты.

- Татар өнер мектебінде оқушылар қолөнер бұйымдарымен айналысады. Оның ішінде классикалық және татар өнері бағыттары бойынша үйретеміз. Шыны, керамика, бисермен сәндеу жұмыстарын және басқа да бұйымдарды көрмеге қойдық. Көрмеміз арқылы елімізде ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де татар мәдениетін таныстырып жүрміз,- деген өнер мектебінің ұстазы Рая Масаева мерекеге орай пікірін де білдірді:

- Бүгінгі мерекенің маңызы ерекше. Себебі біз 130 ұлт пен ұлыстың өкілдеріне мекен болған елде өмір сүріп жатырмыз. Оның үстіне Семей қаласы – еліміздің рухани орталығы. Мұнда әртүрлі ұлт өкілдері бір атаның баласындай ғұмыр кешуде.

Орталық алаңдағы мерекені әсем әуенімен әрлеген ұжымдар да болды. №11 ясли-балабақша ұжымының орындауындағы халық әнін ұйып тыңдамағандар кемде–кем.

- Тәрбиешілердің туындылары және қолөнер бұйымдары көрмеден көрініс тауып отыр. Музыка жетекшісі мен тәрбиешілерден құралған ансамбль халық әндерін орындап, мерекелік көңіл-күй сыйлауға тырысуда,- деді №11 ясли-балабақшаның музыка жетекшісі Гаухар Жұмағалиқызы.

Дастарқан жайылып, әрбір ұлт өзінің тағамдарын таныстырды. Сонымен қоса қазақы дәстүрмен Қымызмұрындық ұйымдастырылып, қала тұрғындарына 500 литр қымыз тегін берілді.

- Қымызмұрындық - ата-бабаларымыздан мирас болып қалған салт-дәстүріміздің бірі. Ертеректе аталарымыз бие сауғанда, алғашқы саумал қымызға көрші - қолаң, ағайын - туыс, ауылдастарын шақырып, барлығы ақтан ауыз тиген. Бұл мереке - сол бабалар бастамасының жалғасы,- деп, қымызын сапырып, тостағанға құйып тұрғындарға ұсынып тұрған Балкүміс Ысқаққызы қымыздың түрлері жайлы да айта отырды.

Шара қалалық өнер ұжымдарының мерекелік концертіне жалғасып, спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

Айта кетейік, мереке күні Орталық демалыс саябағында «Берекелі, бейбіт ел» атты мерекелік концерт, Абай атындағы театрда қала әкімінің кубогы үшін республикалық «Жайдарман» ойындары да өтті.

 

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ, «Семей таңы»

 

 

БАС ХАТШЫ СЕМЕЙ САХНАСЫНДА СКРИПКАДА ОЙНАДЫ

Шығыс Қазақстан облысы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Ертіс концерт» камералық оркестрі өнерсүйер көрерменге концерт берді. Классикалық, халықтық музыкамен халық құлағының құрышын қандырған концерт өнер ұжымының құрылғанына 20 жыл толуына арналды. Мерейтойлық шараға түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі скрипкашы Дүйсен Қасейінов Анкарадан арнайы келді.

1997 жылы құрылған камералық оркестрдің құрамында 15 өнерпаз қызмет етеді. Жиырма жыл бойы өз көрермендерін Бах, Штраус, Чайковский, Даргомыжский, Пабло Сарасате, Латиф Хамиди және тағы басқа әлемдік музыка өнері мэтрлерінің шығармаларымен қуантып, халықтың ыстық ілтипатына бөленіп келеді. Осы уақыт аралығында кәсіби музыкант Ольга Штрауб жетекшілік ететін, Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, республикаға еңбегі сіңген қайраткер Анвар Ақбаров дирижерлік ететін камералық оркестр жер-жерде концерт берді, халықаралық байқаулардың жеңімпазы атанды. Айта кетейік, жуырда «Ертіс концерт» Алматыда ҚР-ның халық әртісі Мұрат Серкебаевтың құрылтайшылығымен, «Таңдау» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Әуен fest» республикалық камералық оркестрі фестиваліне қатысып, «Қазақстан композиторларының қазіргі заманға сай өнерін насихаттау» номинациясының иегері атанды.

Концерттік бағдарлама италиялық композитор Антонио Вивальдидің композициясымен ашылып, республикамыздың еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткачтың орындауындағы орыс халқының жазушысы Алексей Толстойдың сөзіне жазылған ұлы композитор Петр Чайковскийдің «Среди шумного бала» романсымен жалғасты. Музыкалық мәдениет тарихында қазақтың халықтық музыкасын жинаушы этнограф, композитор Латиф Хамидидің «Жайлауым бақша жайнаған» әнін шырқаған Айжан Мазкенова тыңдармандардың өн бойын шымырлатты десек, артық айтқандық емес. Сондай-ақ фортепиано, гитара аспаптарында шығармалар ойналып, танымал күйлерден поппури орындалды.

«Ертіс концерт» камералық оркестрінің концертіне сонау Түркия елінен ат арытып келген «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов сахнаға көтерілгенде, бүкіл көрермен орнынан тұрып қол соқты. Бұл еліміздің мәдениетін өркендетуге елеулі үлес қосқан скрипкашыға деген семейліктердің ерекше құрметі болса керек. Өнер адамы үшін көрерменнің ыстық ықыласынан асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Бір кездері Қазақстанның мәдениет министрі болған, кейін ректорлық қызмет атқарған Дүйсен Құрабайұлы өз кезегінде сөз сөйлеп, оркестр ұжымын құттықтады.

- Құрметті өнерсүйер қауым,- деп бастады сөзін,– «ТҮРКСОЙ» ұйымы мен оркестр ұжымы арасындағы шығармашылық әрі достық байланыс нығайып келеді. Осыдан бір жыл бұрын ұйымның ұйытқы болуымен Анкара қаласында «Бар байлығым - достарым» атты концерт-фестиваль өтіп, оған «Ертіс концерт» өнерпаздары шақырылды. Сөйтіп, концерттің жоғары деңгейде өтуіне оркестрдің де ықпалы зор болды. Мен Семейге жас кезімде музыкант ретінде келуші едім. Одан кейін жұмыс бабымен ректор, министр болғанымда келдім. «Ертіс концерт» оркестрінің құрамында Құрманғазы атындағы консерваторияны тамамдаған Ольга Штрауб, Вячеслав Ткач, Альмира Нұртазина сынды шәкірттерім бар. Осы шәкірттеріммен кездескеніме, олармен бір сахнада өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Сахнаға шығуды біржола қоюыма болатын еді, бірақ өнер әрқашан менің жүрегімде,- деген Дүйсен Қасейінов шәкірті, Қырғызстанның скрипкашысы Талантбек Молдақановпен бірге Клод Франсуаның әлемге әйгілі «My way» («Менің жолым») композициясын скрипкада ойнап, жиналған қауымды тәнті етті.

Соңынан Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов камералық оркестр ұжымын 20 жылдығымен құттықтап, ықылас гүлдерін тарту етіп, Дүйсен Қасейіновке естелік сыйлығын тапсырды.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

Еще статьи...