Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 54 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • Интернет менің өмірімде: тренинг

    2018 жылдың 8-16 қараша аралығында Абай атындағы кітапханда Интернет желісі бойынша оқыту тренингі өткізілді. Тренинг қатысушылардың Интернет желісі жөніндегі білімдерін әрі қарай дамыту үшін ұйымдастырылды. Оқу барысында қатысушылар Интернет-технологияларды қолдануды үйрену, достарымен, туыстарымен қарым-қатынас жасау үшін Интернет желісін қолдану, сөйлесу, картадан керекті жерді тауып ақпарат жинау, тауарлар, заттар сатып алу, шаралар туралы ақпарат алу, кітаптар іздеп және Интернетте оқу, сұ

  • Мемлекет басшысының "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" тақырыбындағы дәстүрлі Жолдауының V-VI бөлімдерін талқылау

    2018 жылғы 16 қараша күні Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің кезекті Қазақстан халқына арналған Жолдауын тікелей эфир арқылы мәлімдеді. Жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру жөніндегі міндеттерге бағытталған.

  • Жер салығының мөлшерлемелеріне түзету коэффициенттері туралы

    2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының кодексінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» (Салық кодексі) 510-бабының 1-тармағына, 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2003 жылғы 28 наурыздағы № 20/8-ІІ «Шығыс Казақстан облысының қалалар мен аудандардың аймаққа бөлу сұлба

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home МӘДЕНИЕТ

МӘДЕНИЕТ

ӨНЕР БАРДА, ТҰРСЫНҒАЗЫНЫҢ ЕСІМІ ӨШПЕЙДІ

Семейде әнші, композитор Тұрсынғазы Рахимов атындағы «Сәби болғым келеді» атты халықаралық конкурс өтті. Қазақстанның әр түкпірінен жиналған өнерпаздармен қатар, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай мемлекеттерінен келген дәстүрлі ән орындаушылар да байқауда бақ сынады.

Тұрсынғазы Рахимов атындағы конкурс екі күнге созылды. Оған қазақтың қара домбырасын өзіне серік еткен 32 өнерпаз қатысты. Халықаралық дәрежеде өткен дәстүрлі ән орындаушылар конкурсы Семейде алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын  айта кеткен жөн. Байқау шартына сай, өнерпаздар сазгердің екі әнін және бір халық әнін құлақ бұрауын келтіре орындауы шарт.

- Шығыс өңірінде қазақтың дәстүрлі ән өнерін сақтап қалу мақсатында осы байқауды ұйымдастырып отырмыз. Қазір, эстрада жанрын айтпағанда, қазақтың дәстүрлі әндері де шетелге ойысып жатыр. Сондықтан қазақтың дәстүрлі әндерін Тұрсынғазы Рахимов арқылы халық жүрегіне жеткізуді мақсат тұттық. Өткен жылы Тұрсынғазы Рахимов атындағы фестиваль ұйымдастырылған еді. Биылғы байқауды сол бастаманың жалғасы деуге болады. Байқауды алдағы уақытта тек Семей қаласында ғана емес, Қазақстанның өзге қалаларында да ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз,- дейді Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы филармония директоры Адай Азаматов.

ҚР-ның мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Рамазан Стамғазиев, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Алмасбек Алматов, ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақыт Үдербаева, ҚР-ның еңбек сіңірген қайраткері Едіге Жүдібаров, ҚР-ның мәдениет қайраткері Әділ Тұрғанбай және ҚР-ның мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Нұрлан Көшеров байқауға қазылық етіп, кіл мықтыларды анықтады.

Байқау қорытындысына сай, бас жүлдеге алматылық Нариман Абдрахманов ие болды. Төлеген Шәкәрімов, Ермек Нұрлытау, Дәуренбек Сләмғали, Өзгеріс Серікбай (Моңғолия),  Жасұлан Сақаев жүлделі үшінші және екінші орындарға лайық деп танылды. Ұлытау өңірінің тумасы, «Алтын жүрек» сыйлығының иегері, меценат Бекзат Алтынбектің 100 мың теңгені құрайтын арнайы жүлдесі де өз иелерін тапты.  ҚР-ның еңбек сіңірген әртісі Ғалым Мұхамединов атындағы жүлде Ғибадат Тұрғалиевқа, Айбала Бейсеноваға, Ерғазы Рахимов атындағы арнайы жүлде Гүлмира Шәбиеваға (Қырғызстан), Жүсіпбек Елебеков атындағы арнайы жүлде Алтын Сымасейітоваға, Мұқағали Мақатаев атындағы арнайы жүлде Еламан Құжимановқа табысталды.

Байқауға қазылық еткен халықтың сүйікті әншісі Рамазан Стамғазиев конкурстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады:

- Халықаралық байқау статусын алғандықтан, байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны көрініп тұр. Қатысушылардың жартысынан көбі өзіміздің шәкірттеріміз. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын тамамдап, үлкен сахнада ащы тері алынған, біраз байқаулардың жүлдесін қанжығасына байлаған жастар. Бізді қуантатыны – жастардың, халық әнінен бөлек, Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығына бой ұруы. Ол кісінің осы күнге дейін жинақтап, халқына аманаттап кеткен барлық әндерін шашауын шығармай, шаң жуытпай, орындалу стилімен, жасалынған трактовкаларымен  әрбір әннің бірнеше нұсқасын шама – шарқылары жеткенше орындап шықты. Әншілердің дауыс мүмкіндіктері мен осы күнге дейін жинақтаған тәжірибелерін шамаладық. Жастардың қазақтың қара домбырасын құшақтап алыс-жақын шетелдерден, еліміздің өзге қалаларынан келіп жатқаны, әрине, бізді марқайтады. Байқау барысында жас буынның  аға буынмен бір сапта тұруға жарап қалғандығын да көріп отырмыз. Жеңімпазды анықтауда әншінің әнді меңгеруі, тіл тазалығы, дауыс тазалығы, дауыс диапазоны, домбыра тарту техникасы, актерлік шеберлігі, білімділігі, әнді халыққа жеткізуі, сахнада өзін-өзі ұстауы - бәрі-бәрі бағаланды. Әннің туы тігілген киелі өңірден бастау алған шараға құтты болсын айтқым келеді. Байқау осы күйінде қалып қоймай, екі жылда бір рет өтіп тұрса, нұр үстіне нұр болар еді,- деген Рамазан Стамғазиев Тұрсынғазы аға айтқан әңгімелерді жинақтап, шағын кітап етіп шығарса деген ұсыныс айтады.

-Тұрсынғазы ағаны білетін кез келген адаммен сөйлессек, ол кісі жайлы қызықты әңгімелер айтады. «Тұрсынғазы деген екен» деген мәліметтердің барлығын жиыстырып, шағын кітап етіп шығарса артық болмас еді деп ойлаймын. Қазір жоғары оқу орындарында Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығы ғылыми жұмыстардың тақырыбына арқау болып отыр. Демек, артында ұрпағы барда, сүйер елі барда, Тұрсынғазы Рахимовтың шығармашылығы жоғалмақ емес,- дейді әнші.

Байқау барысында Еркін Шүкіманов пен Толғанбай Сембаевтың авторлығымен шыққан Тұрсынғазы Рахимовтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Сағынбасқа не шара?» атты жаңа кітаптың тұсаукесері өтіп, қалың оқырманға жол тартты.

Осылайша, Тұрсынғазы Рахимов атындағы алғашқы халықаралық байқау өз деңгейінде өтіп, дәстүрлі ән шеберлері халықтың құлақ құрышын қандырды.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»

ДӘУІРДІҢ ДАРА ПЕРЗЕНТІ

Ұлы Абайды халқымен қауыштырып, әлемге қазақ баласын танытқан кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің туғанына 120 жыл. Мұхтар тойы ел тойына ұласып, әртүрлі танымдық іс-шаралар өтуде.

Жарма жаңалықтың жаршысына айналғандай. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықовтың бастамасымен, ұлы тұлғаның мерейтойына орай, ауданға қарасты Әуезов кентінде жазушының еңселі ескерткіші бой көтерді. Ескерткіш өткен сенбі күні салтанатты түрде ашылды.

Ескерткіштің ашылуына заңғар жазушының ұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, абайтанушы, философ, ғалым, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім, абайтанушы ғалым Арап Еспенбетов, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров, «Семей таңы – Вести Семей газеттері» ЖШС-нің директоры Риза Молдашева сынды құрметті қонақтар қатысты.

Салтанатты жиын Мұрат Әуезов пен Ғарифолла Есім бастаған құрметті қонақтардың ескерткішті ашуымен бастауын алды. Биіктігі 5 метрге жуық мыстан құйылған мүсін тарихи тұлғаның өмірлік ұстанымын ашып тұрғандай. Бұл жас мүсінші Нұрбол Қалиевтің сәтті шыққан туындысы десек, артық айтқандық емес.

Рухани тағылымы мол, тәлімдік танымы жоғары шараны ашқан аудан әкімі Нұрлан Сыдықов жиылған қауымды құттықтап, қолға алған бастамалы істің түпкі мәні мен мағынасына тоқталды. Бақыршық аталған кентке алаш ардақтысының есімі сонау 1967 жылы берілгенін атап өтті.

- Әуезов үні, Әуезов дәстүрі, Әуезов мектебі бірнеше ұрпаққа рухани күш, демеу болып, ізгілікке шақырып келеді. Уақыт озған сайын жазушы мұрасының маңызы арта түспек. Өйткені оның терең ойлы, көркемдігі жоғары туындылары адамзат дүниесіне тән мәңгілік құндылықтарды паш етеді. Сондықтан Әуезовтей ғұлама жазушы шығармаларынан нәр алған ұрпақтың санасы сергек, ойы озық, рухы мықты болмақ. Бүгінгі іс-шара да осы мақсатты көздейді,- деді Нұрлан Сыдықов.

Ескерткіштің бой көтеруіне жырақта жүрген атымтай жомарт азамат Оразхан Қалиев демеушілік жасағанын Нұрлан Бәтташұлы айрықша атап өтті. Әлбетте, жақсының жақсылығын айту парыз. Ескерткіштің ашылуына арнайы келген барлық құрметті меймандарға жармалықтардың атынан алғыс айтқан аудан әкімі қазақы дәстүрмен қаламгердің ұлы Мұрат Әуезовтің иығына шапан жауып, астына ат мінгізді. Туған жерді сүюдің үлгісін көрсеткен Оразхан Қалиевке Жарма ауданының Құрметті азаматы атағын табыс етті.

Оразхан Қалиев - Әуезов кентінің тумасы. Азаматтың бұл қадамы туған өлкесіне деген алғашқы қолдауы емес. Бұған дейін де оның демеушілігімен кентте жаңадан үлкен мешіт салынып, соғыс ардагерлеріне арналған ескірткіш монумент бой көтерген болатын.  Атымтай азамат бүгінде Ресейдің Ханты-Мансий автономиялық округінің Сургут қаласындағы «ЮганСтройТранс» мекемесінің бас директоры қызметін атқарады. Жырақта жүрсе де кіндік қаны тамған жерін жадынан шығарған емес.

Жарма халқына алғысын жеткізген Мұрат Әуезов ерекше толқыныспен тебірене сөйледі.

- Бүгін қасиетті Жарма жерінде ұрпаққа тағылым боларлық оқиға өтуде. Мұхтар Әуезов есімін үлкен құрметпен еске алып, ескерткіш орнатып жатқандарыңызға мың да бір рақмет айтамын. Мүсіншіге ерекше алғысымды білдіремін. Қараңыздаршы, қандай ғажап! Ой да бар, мұң да бар. Әкеміздің көптеген ескерткіштерінің арасынан ойып тұрып орын алады. Мен үшін енді Әуезов кенті үлкен мәнге ие болды,- деді асылдың сынығы Мұрат Мұхтарұлы.

Абайтанушы, қоғам қайраткері Ғарифолла Есім  игілікті істердің бастауы болған киелі мекеннің осынау жетістігінің алдында басын иетінін жеткізді.

- Мұрат Әуезов «ұлыларды құрметтейтін халықтың өзі ұлы халық» деген жақсы сөз айтты. Сіздерге бас иеміз. Ескерткіш өте сәтті шыққан. Мұндай мүсін Астанада да, Алматыда да, Семейде де жоқ. Ұлы жазушы осы мүсіні арқылы «Абай жолымен» жүрейік дейді бізге. Абай жолы – халықты даналыққа бастайтын, жақсылыққа, ырыс-берекеге, молшылыққа апаратын жол. Абай жолында болайық, Абайды оқиық. Ұлыларымызды ұлықтап, кемеңгер Мұхтардың есімін жаңғыртып отырған Сіздер де кемеңгерсіздер,- деп лебізін білдірді.

Жарма халқының атынан сөз алған еңбек ардагері Бекен Билейішқызы тарихи тұлғаның ескерткіші жазушы есімімен аталатын кентте бой көтергені орынды іс болғанын айта келе, Мұхтар рухына арнауын оқыды.

Ғалым Арап Еспенбетов:

- Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жармалықтардың іске асырып жатқанын көреміз. Ұлы Абайдай данышпанды тәрбиелеген Зере әжейге, айтыскер ақын Қалихан Алтынбаевқа да ескерткіш орнатылды, енді, міне, Әуезовтің ескерткіші менмұндалап тұр. Үлгі аларлық үлкен іс атқарылды,- деді.

Демеушілік жасап, жерлестерінің алғысына бөленген Оразхан Қалиев:

- Заңғар жазушыға ескерткіш орнату арқылы ұлы тұлғаға деген құрметімізді танытып отырмыз. Қаламгердің шығармаларының бүгінгі және келешек ұрпақтың рухын көтеруде алар орны ерекше. Білім алып, өсіп-жеткен туған жерімдегі осындай маңызды жобаға атсалысып, ізімді қалдырып отырғаныма мен өте қуаныштымын. Шын ниетпен атқарылған бастама қашанда берекелі болады. Осындай салихалы ой тастап, бастамашы болған аудан әкіміне және бір кісідей жұмыла білген барша қауымға алғысымды білдіремін,- деді кәсіпкер.

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбеков ұлы тұлғаларымызды дәріптеп, өскелең ұрпаққа өнеге етуден ұтар тұстарымыз көп екенін айтып өтіп, ұлы Абайдың, заңғар Мұхтардың  мұрасын насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп жатқан аудан әкімінің жұмысын жоғары бағалай келе, Нұрлан Бәтташұлына музейдің арнайы медалін табыс етті.

Салтанатты жиын жармалық өнерпаздардың концертімен жалғасын тапты. Сонымен қатар жаңа алаңда оқушылардың қолынан шыққан түрлі туындылардан көрме ұйымдастырылды. Ал кент тұрғындары бұл күнді еш уақытта ұмытпайтындарын айтады.

- Кентке М.Әуезовтің есімі өткен ғасырдың 60-шы жылдарының бел ортасында берілген болатын. Шыны керек, есімі берілгенімен, лайықты насихатталмай келді. Міне, аудан әкімінің бастамасымен жазушының ескерткіші бой көтеріп, кент атауы жаңаша жаңғырып отыр. Осы істі ұйымдастырып, маңызды жұмысты жүзеге асырған барша азаматтарға алғысымды білдіремін,- дейді кент тұрғыны Бақытбек Әмірғазин.

Мұрат Әуезов бастаған құрметті меймандар кенттегі Бақыршық кен орнын игеруге күш салып жатқан «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің жұмысымен жақын танысты. «Қызыл» жобасын жүзеге асырып отырған кәсіпорын бүгінде кен игеру жұмысына қызу дайындық үстінде. Серіктестік басшысы Юрий Овчинников ауқымды жобаның негізгі дайындық жұмыстары аяқталуға жақын екенін айтып, кен орнын және аяқталуға жақын қалған фабрика құрылысын көрсетті.

Дәл осы күні Мұхтар Әуезовтің құрметіне арналған футболдан жастар арасында аудандық жарыстың ақтық ойындары өтті. Осыған дейін іріктеуден өткен Шар және Әуезов кенті командалары қорытынды ойында жеңімпаздарын анықтады. Шар қаласының командасы ұлы жазушының 120 жылдығына орайластырылған жарыстың жеңімпазы атанды.

Мейірхан ОСПАНБАЕВ, «Семей таңы»

ЕРЕКШЕ ТАРТУ

Семейдегі Невзоровтар отбасы атындағы Шығыс Қазақстан облыстық бейнелеу өнері мұражайына Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Кристиан Камилл арнайы келді. Швеция елшісі мұражайға швед суретшісі Туве Крабоның «Полигон-1» деп аталатын туындысын салтанатты түрде табыс етті.

Швеция Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен 2015 жылы Астанадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында «Мәдениет арқылы тілдесу» атты халықаралық жоба аясында Туве Крабоның «Түзелмейтін қателік: алғашқы найзағай» тақырыбындағы жеке көрмесі ұйымдастырылған еді. Өткен жылы бұл көрме Семейде жалғасын тапты. Көрмеде Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен жабылған Семей ядролық сынақ полигонының адамзатқа, қоршаған ортаға тигізген зардабын көрсетуге арналған жұмыстар сериясы ұсынылған еді. Қазіргі таңда ол көрме Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында сақтаулы. Ал мәртебелі мейманның арнайы әкелген туындысы аталмыш көрменің бір бөлшегі деуге болады. «Көбіне өз образдарымды әлеуметтік желіден аламын. Олардың басым бөлігі - адамзат трагедиясы мен экологиялық зардап шеккен орындар. Мен қазіргі қоғамдағы апатты оқиғалар ағымы адамзатты мейірімсіз ете ме деп қорқамын. Оларға қасірет әкелетін құбылыстар мен оқиғаларға жаңа, шынайы мән-мағына беретін жанашырлық пен түсіністік секілді сезімдерді бейнелеу өнері арқылы қайтарғым келеді»,- депті Туве Крабо былтырғы жылы Семейде өткен көрмесінде. «Полигон-1» туындысында 1949 жылғы 29 тамыздағы Семей ядролық сынақ полигонындағы ең алғашқы жарылыстың бейнесі берілген. Елші Кристиан Камиллдың айтуынша, Қазақстан мен Швеция елдерін етене жақындататын ортақ көзқарас бар, ол - ядролық қарусыз әлемді қолдауы.

- Нұрсұлтан Назарбаев біздің ел - Швециямен ынтымақтастықты дамытуға айрықша мән беріп келеді. Ядролық қарусыз әлем құру – біздің ортақ мақсатымыз. Қырық жыл бойы қасірет әкелген Семей ядролық сынақ алаңын жапқан Қазақстан Президентінің сындарлы саясатына, ядролық қарусыз әлемді құрудағы ұшан – теңіз еңбегіне құрметпен қараймыз, - деді Кристиан Камилл.

Шара соңында мұражай директоры Татьяна Стромская Швеция елшісіне алғысын айта келіп, мұражай қорына қосылған туындының орны бөлек екенін жеткізді.

Айкерім ҚИЫҚБАЙ, Семей қаласы.

 

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Семейдің №1 құрастырмалы темір-бетон өндірісі бірлестігінің еңбек ұжымының бастамасымен, сол бірлестікте ұзақ жылдар бойы басшылық еткен, еліміздің құрылыс саласына өлшеусіз үлес қосқан жерлесіміз, Халық қаһарманы Аким Атмачиди тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылуына қалалық мәслихат депутаттары, Аким Атмачидидің бірге істеген қызметтестері мен көзін көрген замандастары қатысты.

Аким Атмачидидің Шығыс Қазақстан облысының, жалпы еліміздің гүлденуі жолындағы ерен еңбегі, қосқан сүбелі үлесі зор екені ескерткіш тақтаның ашылуына жиналған қауымның жүрекжарды лебізінде айтылып жатыр. Өкініштісі сол, тек өткен шақта. Семейдің №1 құрастырмалы темір-бетон бірлестігі директорының орынбасары Бекболат Мусин:

- Аким Ивановичтің 45 жыл еліміздің, соның ішінде Семейдің құрылыс индус-триясына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Грек ұрпағынан тараған, қазақ топырағынан нәр алған Аким Атмачиди абыройы асқақ, беделі биік азамат болған. Ол өз ісіне адал, халқын сүйген нар тұлға еді. Аким Иванович басшылық еткен Семейдің №1 құрастырмалы темір-бетон өндірісі бірлестігі тарапынан мектеп, балалар бақшасы, балалар үйі сынды бірқатар әлеуметтік маңызы зор нысандарға материалдық тұрғыда көмек берілді. Біздің мекемеде еңбек еткен әрбір жұмысшы баспанамен қамтылды. Мұның барлығы Аким Атмачидидің өз жерлестеріне деген қамқорлығын, жанының жомарттығын айқын аңғартып тұр, - деп еске алды.

Ескерткіш тақтаның ашылуына келген Аким Ивановичтің көршісі, жазушы Медеу Сәрсеке де Халық қаһарманы туралы ұмытылмас естеліктерімен бөлісті.

- Біз Аким Ивановичпен бір үйде, бір подъезде ұзақ жылдар бірге тұрдық. Ол жаны жайсаң, пейілі ақ, көңілі кіршіксіз, өте мейірімді жан еді. Бойындағы бар күш-жігерін елдің ертеңі үшін сарп еткенімен, өз жанұясына адал отағасы болғанын бәріміз жақсы білеміз. Өмірлік жарының, кейін баласының жарық дүниеден өткені Акимнің қабырғасын қайыстырды. Өмірінің соңғы жылдарында орын алған мұндай ауыртпашылықты көтере алмағаны рас. Мен Аким Ивановичті ешқашан ұмытпаймын,- дейді қабырғалы қаламгер Медеу Сәрсеке.

Игі бастаманы қолға алған Аким Атмачидидің қызметтес жолдастары алдағы уақытта Семей қаласының халық қалаулыларының қарауына Аким Ивановичтің есімін қала көшелерінің біріне беру туралы ұсыныс жасамақ ниетте екен.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

ТАРИХЫН ҰМЫТПАҒАН,ӨТКЕНІН ҰЛЫҚТАҒАН

Өткен жұма, сенбі күндері бесқарағайлықтар үшін есте қаларлық күндер орын алды. Тәңірі тамаша табиғат сыйлаған Бесқарағай ауданының халқы Қазақ СССР еңбек сіңірген өнер қайраткері, СССР Жазушылар одағының мүшесі, танымал суырыпсалма ақын Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдық мерейтойын дүркіретіп атап өтті. Дүбірлі тойға алыс-жақыннан ат арытып келген қонақтардың қарасы да аз болған жоқ. Көрнекті тарихшылар мен алаштанушылар, өнер мен мәдениет қайраткерлері мерейтойға арнап жырдан шашу шашып, ізгі тілектерін білдіріп, ақынның өмірі мен шығармашылығы жайында тереңнен ой қозғады. Алдымен ақындар айтысынан басталған шара екінші күнге созылып, ғылыми конференция мен спорттық ойындарға ұласты. Ақ шаңқан киіз үйлер тігіліп, аста та төк дастарқан жайылды. Қазақ күресі, аламан бәйге сынды ұлттық ойын түрлері той көрігін одан әрі қыздыра түсті.

Ертіс пен қалың жасыл орманды бойлай орналасқан шырайлы Шығыстың іргелі аудандарының бірі – Бесқарағай өңірінде туып өскен талантты тұлғалар аз емес. Шұрайлы өлке топырағы дүниеге әкелген сондай дарынды ұлдардың бірі - аузы дуалы айтыс ақыны Нұрлыбек Баймұратұлы. Нұрлыбек Баймұратов өз заманында М.Әуезов, Ж. Аймауытов, Ә. Қашаубаев сынды қазақтың біртуар марқасқа ұлдарымен қоян-қолтық араласып, әйгілі Иса Байзақовтың өзін кезекті жыр додаларының бірінде сөзден тайдырған екен...

Хош. Берекелі Бесқарағай төріндегі дүрмек 22 қыркүйек күні аламан айтыспен бастау алды. Жыр бәйгесінде шашасына шаң жұқтырмайтын жас таланттар қатысты. Арысы Астана мен Алматы, берісі Семей, Өскемен қалалары, Аягөз, Үржар, Тарбағатай аудандарынан келген жас таланттар айтыстың көрігін қыздырды. Бұл айтыстың жөні бөлек деуге негіз бар. Қытай Халық Республикасынан келген қандас қызымыз да жыр додасының ортасынан табылды.Тарихымыздан сыр шертер, ұлылығымызды ұлықтайтын айтулы мерейтой аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллиннің алғы сөзімен бастау алды. Ақынды көзі көрген аға буынның естеліктері топтастырылған деректі фильм де көрермен назарына ұсынылды. Шағын фильмде Нұрлыбек ақынның туған ауылы, өскен ортасы, шығармалары, ақынның құрметіне ашылған мұражай мен ол жердегі құнды жәдігерлер, ақынның аты берілген білім ордасы жайлы мәлімет берілді. «Наркескен» ақындар мектебінің жетекшісі, айтыстың жүргізушісі Сиязбек Сүлейменов өнер көрсетуге келген ақындарды және осы ақындардың өнеріне әділ бағаларын беретін қазылар алқасымен таныстырды. Бұл жолы ортаға салар ойы көп, өрісі кең, толғауы терең, бүгінгі жас ұрпаққа берері мол жыр сайысына республикалық, халықаралық ақындар айтысының бірнеше дүркін жеңімпаздары, ойы жүйрік зерделі сөздерімен, мәнерлі мақамы, суырып–салма ақындығымен танылып жүрген бес жұп, яғни он үздік ақын бақ сынасты. Екі айналымнан құралған ақындар айтысын бастаған алғашқы жұп Астана қаласынан Әсем Ережеқызы мен аягөздік Қазыбек Байжұманов болды. Қыз бен жігіттің әдемі айтысын көрсете алған бұл жұп әп-сәтте көрермен көзайымына айнала алды. Бұдан кейін жұп болып сахна төріне шыққан Үржар ауданынан Нұрлан Бектібаев пен Алматы қаласынан Аяулым Жұмабекқызының, Өскемен қаласынан Нұржан Жолбарыс және Семей қаласынан Фархат Маратұлының, Аягөз ауданынан келген Әлішер Қыдырбек пен Тарбағатай ауданынан келген Ерасыл Сәрсенбайдың, Семей қаласынан Манарбек Сатыбалды және Қытай Халық Республикасынан келген Саягүл Бірлесбектің айтысымен жыр додасы қыза түсті. Сүйікті ақындарын ерекше қошеметпен, ыстық ықыласпен қарсы алған бесқарағайлықтар сөз тартысын қолдап, қолпаштап отырды. Тілдеріне түйткіл мәселелерді тиек еткен ақындар Нұрлыбек Баймұратовтың 130 жылдығын сөзге қоса отырып, оның шығармаларына арқау болған – ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен азаматтық, әділдік пен адалдық, имандылық пен парасаттылық, достық пен махаббат тақырыптарын өлең-жырларына қоса білді. Айтыста ақындар арасында жарасымды әзіл-қалжың, қағытпалар мен орамды ой, толғақты түйіндерімен айтыс десе ішкен асын жерге қоятын қауымды бір серпілтіп тастады. Нұрлыбек Баймұратұлының құрметіне ұйымдастырылған ақындар айтысында шабыты шарықтаған сөз сардарлары ойнақы орам, суырып-салма өнерлерімен айтысты думанды кешке айналдырды десек те артық айтқандық бола қоймас. Бесқарағай жерінде осымен үшінші мәрте өткізілген ақындар айтысы бұл жолы да өз тыңдармандарының жүректеріне жол тауып, ұлттық өнердің ерекшелігін айшықтай алды. Айтыс сүйер ағайынның ұлттық өнерімізге шөліркегені байқалды.                                                                                      Кім кімге болсын туған жері қашанда ыстық, қашанда қымбат. Айтыскерлер сөз арасында Бесқарағайдың берекелі бастамаларын, астықты алқабын, қалың қарағайын, танымал тұлғаларын, ұлттық өнер жанашырларын жырға қосып, көрерменін бірден баурап, қарсылас сөзіне тура жауап қайтарып, айтыстың мәртебесін асыра алды. Бұл жерде топты жарып шыққан, елі мен жерінің тарихын терең ұғынып, жүрегіне тоқыған талантты, дарынды жастарды танып, тауып тәрбиелеу ісі де өте маңызды. Осы бағытта талантты шәкірт тәрбиелеп, ұлттық өнеріміздің асқақтап, алға қадам басуына өзіндік үлес қосып жүрген С.Сүлейменовтің еңбегі де ескерусіз қалмады. Сонымен қатар алыста жүргенімен жүрегі туған жерге бұрып, осынау жыр додасының Бесқарағай жерінде өтуіне демеушілік танытқан жерлесіміз «Жаннұр - Астана» компаниясының президенті, бас қаланың бетке ұстар кәсіпкері Болат Кеңесбекұлы Садықтың аты аталып, жерлестерінің атынан алғыс та айтылды.

Осылайша ақтық сынға мықты деп танылған үш жұп Аяулым Жұмабекқызы мен Қазыбек Байжұманов, семейлік Манарбек Сатыбалды және Нұржан Жолбарыс, Фархат Маратұлы мен Саягүл Бірлесбек шығып, айтыс өнерінің әдемі үлгісін көрсете алды. Нәтижесінде әділқазылардың шешімімен жүлделі ІІІ орынды аягөздік Қазыбек Байжұманов, ІІ орынды Фархат Маратұлы, І орынды Манарбек Сатыбалды иеленсе, бас жүлдені қандасымыз Саягүл Бірлесбек қанжығасына байлады. Айтыс соңында ақындардың барлығы аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллиннің алғыс хатымен әрі жүлделі орындарына сай қаржылай сыйақымен марапатталды.

Ал екінші күні дүбірлі той  ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған «Өз дәуірінің үні болған ақын» атты ғылыми – тәжірибелік конференциямен басталды. Ғылыми басқосуда «Нұр Отан» партиясы Бесқарағай филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Уәлиев, ҚР мәдениет қайраткері, ҚР Журналистер одағының мүшесі және сыйлығының лауреаты, Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы Асылбек Қожахметов, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, абайтанушы, Абай мұражайының қоғамдық кеңесшісі Асан Омаров, Мәдениет саласының үздігі, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің оқытушысы, режиссер Болат Хамзин, Бөдене аулының тумасы, Қауіпсіздік басқармасының басшысы, «Отты жылдар» кітабының авторы Жұмағазы Оразов, Қарағайлы ауданының ардагерлер кеңесінің төрағасы Бексұлтан Жексенаев және Нұрлыбек Баймұратов шығармаларын зерттеуге сүбелі үлес қосқан Уәлихан Түкісовтың жары Күлзия Түкісова әжей қатысып, өрелі ойлары мен естеліктерін ортаға салды. Алғы сөзді аудандық мәслихат хатшысы Қайырбек Садықов сөй-леді.

- Дауылпаз ақын Нұрлыбек Баймұратовтың торқалы тойына дайындықты осыдан бір жыл бұрын бастап едік. Бесқарағай жұртшылығы жұдырықтай жұмылып, осы тойдың дайындығына бір кісідей ат салысты. Міне, бүгін көптен күткен межелі күн де келіп жетті. Арқалы ақынымызды төбемізге көтеріп, рухын асқақтату үшін осында көзкөргендер де, көрмегендер де жиылып отырмыз. Кеше Бесқарағай ауданында республикалық деңгейдегі ақындар айтысын өткіздік. От тілді, орақ ауызды жыр шеберлерінің сайысы өз деңгейінде өтті. Еліміздің әр түкпірінен келген дуалы сөз иелері халықтың айызын қандырарлық аталы сөздер айтып, кестелі ойлар өрді. Жас болса да Нұрлыбек Баймұратовтың бай мұрасымен, өлең сөздерімен, шығармашылығымен жақсы таныс екендіктерін байқатты. Нұрлыбек Баймұратов – тек Бесқарағайда емес, ел көлемінде абыройы асқақ болған ақындардың бірі. Ақынның Мұхтар Әуезовтің назарында болғанын да жұртшылық жақсы біледі. Осы уақытқа дейін ел аузынан түспеген шалқар шабыт иесінің есімі алдағы уақытта да ұмытылмайтынына сенеміз. Нұрлыбек Баймұратовтың өр рухы мен биік тұлғасын, құнды мұрасын ұрпақтан - ұрпаққа қалдырып, дәріптеу – біздің міндетіміз, - деді өз сөзінде Қайырбек Қажыбайұлы.

Осы орайда ақын туралы оқырманға аз-кем айтып өтейік. 130 жылдық торқалы тойдың иесі Нұрлыбек Баймұратұлы 1887 жылдың 6 желтоқсанында Бесқарағай ауданының астықты өңірі - Балапан жонында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол кездегі Балапан жері Ертіс бойының бай орыстары Василий Путинцев пен Ушаровтардың егін салатын жері болған екен. Жасынан жалшылықта жүрген әкесі Баймұрат ұзақ жылдар бойы осы егінді алқаптың қарауылшысы болыпты. Еңбек бейнетін ерте тартқан ақынның анасы Сапар бір өзі екі-үш адамға тең келетіндей кесек, аса еңбекқор, қайратты болған. Анасына ұқсаған Нұрлыбек ақын да ірі денелі, бұла күші буырқанған еңбекқор болып өседі. Ақын орта жүздің белді руы - Найман ішіндегі Кенжалы бұтағынан тарайды. Арғы атасы Еділбай Павлодар облысының Май ауданына қарасты Бозарал-Жалаңаш деген Ертіс бойындағы шағын қазақ ауылдарын мекендеген, мал өсіріп, айран ұрттап, қойын құрттаған еті тірі, өзі батыр адам болыпты.  Елін, жерін басқыншы жауға басындырмай бес қаруын сайлап ұстаған, өзіне серік Тайлақ деген інісі де болған. Осы Елдібайдың ел сыйлайтын Келді деген сүйікті ұлынан Сазанбай тарайды. Сазанбай да алты алашқа әйгілі батыр болған деседі. Сазанбайдан Самұрат, Баймұрат туады. Самұраттан Сыздық пен Әбен атты ұрпақ тараса, Баймұраттан Нұрлыбек туады.  Жоғарыда айтып өткеніміздей, бұл кісілердің ежелгі мекені, ұрпақ таратқан ата қонысы – Май ауданының Бозарал, Жалаңаш деген ауылдары. Нұрлыбек Баймұратовтың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге сүбелі үлес қосқан нұрлыбектанушы, Қазақ ССР-нің ағарту ісінің үздігі, Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы, зерттеуші-журналист Уәлихан Түкісов былай деп жазады: «Еділбай ұрпақтарынан Баймұраттан басқаларының немере-шөберелері күні бүгінге шейін Ертіс бойындағы Семьяр, Май, Бозарал-Жалаңашта тұрып жатыр. Мәселен, жоғарыдағы Самұраттың балаларынан тараған Омар, Әубәкір, Оспан дейтін ұрпақтары сол ата қоныстарында тұрып қалған. Омар да батыр, айтулы сайыскер, қамшыгер болыпты. Әбубәкірдің баласы Ұлы Отан соғысына қатысып, ерлікпен қаза тауыпты. Оның аты Ертай екен. Оспанның екі ер баласы болыпты. Үлкенінің аты Мұқан, кішісінің аты Бекен. Қазір Мұқанның ұлы Мұрат Павлодар қаласында тұрады. Бекеннің үш ұлы болған. Олар қазір Семьяр ауылында тұрады».

Бертін келе аумалы-төкпелі заман туған шақта Еділбай ұрпақтары күнкөріс ауқымымен әр жерге көшіп, кәсіп іздейді. Баймұрат ақынның Бесқарағай өңіріне, Балапан жонына келіп қоныстануына да осы жағдайлар себеп болған екен. Бұл туралы ақынның өзі былай дейді:

Баймұрат – әкем аты, елім – Найман,

Дауысым айғайласам шығар қайдан.

Ішінде қалың найман Кенжалысы, тараған біз бір ұрпақ Еділбайдан.

Туғанмын Балапанда – орыс жері,

Жасымнан ақын болып, болдым шері,

Баймұрат – әкем аты, шешем – Сапар.

Сүйегі қалмақылау арғы тегі.

Балапан орыс жері ел жайлаған,

Қу жетім кедейлікпен қол байлаған.

Он жасымда келгенімде өлең қонып,

Он бесте жиын топта айғайлағам.

Міне, өзі туралы осылай жырлаған қазақтың дарынды ұлдарының бірі – Нұрлыбекке өлең он бір жасында дарыпты. Ескіше де, жаңаша да сауатты болған ақын Абай, Әріп, Әсет шығармаларынан тәлім алған. Ауыз әдебиетінің үлгілерін жинап, халық арасында насихаттаумен шұғылданған. Иса, Нартай, Маясар Жапақов, Төлеу Көбдіков сынды ақындармен айтысқа түскен төкпе ақын «Ер Төлеген», «Қанды жорық» сынды дастандар да жазып қалдырған. Азамат соғысының оқиғаларын суреттеген «Қанды жорық» дастаны 1962 жылы жеке кітап болып жарық көрді. Ал ақынның баспасөзде жарияланған тұңғыш шығармасы- 1925 жылы Семейдегі «Таң» журналында жарық көрген «Қала сұлуы» атты поэмасы.

Әр ақынның есімін дүйім жұртқа паш ететін бір кезең болады. Нұрлыбек ақынның есімін елге танытқан сондай оқиғаның бірі 1922 жылы Семей қаласында өтеді. Бұл – ақынның әйгілі Иса Байзақовпен сөз таластыруы еді. Кейіннен Заңғар жазушы Мұхтар Әуезов екі азулы ақын арасындағы осы жыр додасын жоғары бағалаған екен. Ақын өміріндегі осындай елеулі сәттер мен маңызды көріністер Асылбек Қожахметовтің әсерлі әңгімесіне арқау болды:

- Балалық, жастық шағы өзі айтқандай жетімдік пен жоқшылық құрсауында өтсе де, тағдырына мойымаған Нұрлыбек ақын домбыраны өзіне жан серік етіп, еліне еркелей жыр арнайды. Ақынның әкесі Баймұрат ен даладағы жалғыз үйде өмір бойы бай-көпестерге қарауыл болып өмір сүрді. Араласатын тірі жан болмағандықтан Баймұрат ақын дүниеге келгенде өзі кіндік әке болған. Тіпті, анасы Сапарға қалжа беру үшін біреуден ешкі сұрап әкелуге мәжбүр болады. Міне, Нұрлыбек ақын осындай қиыншылықта тірлік кешті. Жастайынан жалшы болып, қара жұмысқа жегілді, қар күреп, мая үйді. Сондай күндердің бірінде түсіне ақсақал еніп, «Сен ақын боласың», - дегенде орнынан ұшып тұрып, домбыраның орнына оқтауды алып, әндете бастаған дейді. Балам науқастанып қалды деп қорыққан әке ұлын қалаға дәрігерге апармақ болып, жолға шығады. Жолай Абайдың хатшысы болған ақын Ахметшәріп Молдажанов деген азамат кездесіп, баланың бойында булығып шыға алмай тұрған өнердің бар екенін бірден байқайды. Баланы бір айдай қасына ертіп, білгенін үйретеді, ақындық жолға баулиды. Ол алдымен Абайдың өлеңдері мен әндерін үйретіп, Абайды танып-білуге жол көрсете бастаған. Бұл жайт Ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойына арнап шығарған «Абайға», «Бейіт басында» деген өлеңдерінде де айтылады. Алғашқы ұстазынан осындай тәлім алған Нұрлыбек 15 жасынан ақындыққа анық бет бұрған екен. Нұрлыбекті көзі көрген ақындардың айтуынша, ақын отырған жерінде Абайды аузынан тастамайтын көрінеді. Үнемі әңгіме қылып отырады екен. Бұл - жастайынан ұлы ақынның өсиет, жырларын бойына сіңіріп өскендігін көрсетсе керек. Нұрлыбектің арнайы білімі болмаған. Әліпті таяқ деп білмейтін молдалардың таяғын көріп, жас кезінде соны да өлеңге қосқан. Тағдырдың басқа салған осы бір ауыртпашылықтарынан құтылу үшін анасын ата-әкесінің туған жері Май ауданына қалдырып, өзі Павлодар облысында су жолында, пароходта жұмыс істейді. Ол кезде Бесқарағай ауданы Павлодар облысының құрамында болды. Жұмыс істей жүріп Сапарғали деген азаматпен танысады. Кейіннен екеуінің таныстықтары айырылмас достыққа ұласады. Сөйтіп жүріп, Балқия деген арумен отау құрады. Балқия он үш құрсақ көтергенімен, перзенттері шетінеп кете берген екен. Оның себебі, Балқияға ата-анасы ақ батасын бермеген көрінеді. Кейінен Қытайға барып ата-анасының ақ батасын алғаннан кейін ғана, екеуінің Мансұр атты жалғыз ұлы болған екен. Мансұр - Зейнолла Қабдолов сынды белгілі ғалымдармен бірге Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология факультетін тамамдапты. Демек, Мансұр да әдебиеттен алыс болған жоқ деуге негіз бар.

Нұрлыбек Баймұратұлы 1922-1923 жылдары білімін көтеру үшін сол кездегі Қазақстанның орталығы - Орынбор  қаласына барады. Орынборда жүріп Мұхтар Әуезовпен танысқан. Мұхтар Әуезов Нұрлыбектен он жас кіші болса да, екеуі әзіл-қалжыңы жарасқан замандастар секілді болыпты. Ақынның шығармашылық өсуіне де Мұхтар Әуезовтің ықпалы аз болмаған. Бұл туралы ақынның өзі «Қамар сұлу» поэмасын жазуға Мұхтардың көп ықпалы тиді», - деп айтады. 1950 жылы Павлодар облысындағы  қонақ үйлердің бірінде демалып жатқанда Нұрлыбек ақын Мұхтардың келгенін естіп, іздеп барады. Барса, ине шаншар жер жоқ екен, иін тірескен халықты көреді. Сол кезде төрде отырған Мұхтар Әуезов Нұрлыбекті көрісімен халықтың арасымен жүріп отырып,  қарт досымен құшақтай амандасып, қасынан орын беріпті. Жиылған халық болса: «Кемеңгер жазушы құрақ ұшып сыйлайтындай, мына шал кім болды екен?», -  деп таңданған екен.

Нұрлыбек Баймұратұлы 1939 жылы ел көлемінде ұйымдастырылған үлкен айтыста жыр алыбы Жамбылдың батасын алады. Сол тұста өзі қарсылас шақ келтірмей, есімі дүркіреп тұрған Нұрлыбек ақынды Шашубай деген әйгілі қарт айтыскер додаға шақырған екен. Дереу орнынан көтеріліп, қарт ақыннан кешірім сұраған Нұрлыбек Баймұратұлының адамгершілік асыл қасиетіне дән риза болған Шашубай ақынды құшақтап тұрып, көзіне жас алған деседі. Міне, шашасына шаң жұқтырмаған Нұрлыбек Баймұратұлы тума талант болса да, адамгершілік өлшемінен асып кетпеген, қарсыласын сыйлай білген, сөзге тоқтай білген.

Нұрғали Тұңғатаров деген азамат 1950 жылы Семейде тұңғыш рет кең көлемде ақындар айтысын ұйымдастырғанда Нұрлыбек ақынға мынандай баға беріпті:

«Нұрлыбек ақын едің Екпінің мол,

Сөзден нөсер құюшы ең оң менен сол.

Қой бастаған серкедей басқарушы ең,

Топты жарып, толқытып, көрсетіп жол.

Ақындармен Нұрлыбек қарысатын,

Аяғы жеткен жерге барысатын.

Долданса тұлпар еді тоқтамайтын,

Күш бермей ауыздықпен қарысатын».

Осы өлең жолдары-ақ Нұрлыбектің өз заманында дауылпаз, дүлдүл, сөз тапқыш ақын болғанын дәлелдеп тұр. Кеңес үкіметі кезінде де айтысқа қатысып, халықты күнделікті жаңалықтардан, саяси оқиғалардан құлағдар етіп тұрған. Зайсанға Мұхтар Әуезов, Ғабиден Мұстафин, Кузнецов сияқты әдебиеттің тарландары  келгенде, солармен бірге Жармаға барып, «Шыңғыс сақинасы» деген өлең жазады. Бұл туындысы қазіргі «Семей таңы», сол кездегі «Екпінді» газетінің бетінде 1939 жылы жарық көреді.

«Нұрлыбек ақын Иса Байзақовпен сағаттап отырып үш рет айтысқан. Сонда Иса Байзақов домбырасын шекесінен асыра көтеріп, шертіп жыр төгіп отырып:

- Қарашы Қарағайдың еркесіне,

Исаның кетті шығып желкесіне.

Найманның қаңғып жүрген Нұрлыбегі

Арғынның кездесті ғой серкесіне, - деп толғаған екен.

Иса кезінде Нұрлыбекке «Мен саған құдаймын»,- деп мақтанса керек. Исаның ол кезде басы таз, киімі жүдеу екен. Нұрлыбек оның «Құдаймын» деген сөзін ұстап алып:

- Өз жерім, мұнда қаңғып келгенім жоқ,

Аз болса кеудемді бергенім жоқ.

Жаратушы - бір Құдай деуші еді,

Бөрік киген таз құдай көргенім жоқ. – деп жауап қайтарыпты. Тыңдаушылар қыран күлкіге батып, Иса бұған өткір жауап қайтара алмай отырып қалыпты»,-  деп халық ақыны Қалихан Алтынбаев жазады. Орнында бар оңалар демекші, артында іздеушісі, жоқтаушысы бірлі-жарым емес, қалың көпшілік, бүкіл бұқара халық болса, адамның мәңгі жасайтыны күмәнсіз. Айтыс дүлдүлі, төкпе ақын Нұрлыбек Баймұратовты бесқарағайлықтар еш ұмытпайды, - деп сөзін түйіндеді Асылбек Қожахметұлы.

Бесқарағай ауданының Құрметті азаматы, Қазақ ССР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі, зерттеуші-журналист, нұрлыбектанушы - Уәлихан Түкісовке арналған кестелі сөзді шәкірті, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Семейдегі Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училищенің оқытушысы, режиссер  Болат Хамзин айтты.

- Абайды әлемге танытқан Мұхтар Әуезов болса, Нұрлыбек Баймұратовты күллі қазақ жұртшылығына танытқан Уәлихан Түкісов еді. Мен сонымен мақтанамын. Өмірінің соңына дейін Уәлихан ағаның қасында жүріп, тәлімін алдым. Уәлихан атамыз Нұрлыбек Баймұратовты ең бірінші рет тоғыз жасында көріпті. Ақынның таланты мен түр-тұлғасы, келбеті сол кезде-ақ жүрегінде сақталып қалған екен. Сол тоғыз жасында түскен шоқ өмірінің соңына дейін лаулап жанды. Екінші рет – жолда көріпті. «Семеновка деген елді мекеннен бір кісі түсіп қалды. Қасымдағылардан бұл кісі кім деп сұрап едім, Нұрлыбек Баймұратов деп жауап берді. Екінші және соңғы рет көруім – сол болды » дейтін Уәлихан атамыз.

Уәлихан Түкісов - Нұрлыбек Баймұратов шығармаларын насихаттап қана қойған жоқ, өмірінің түп тамырына дейін зерттеп, ер есімін халық санасында қайта жаңғыртуға сүбелі үлес қосты, айлап, жылдап сапар соңында жүрді. Ақынның 130 жылдық мерейтойына  екі жыл қалғанда басылым беттеріне мақала жариялап, торқалы тойдың жақындап қалғанын тізгін ұстар азаматтардың есіне салды. Амал не, бүгінгі тойды көре алмай өзі де дүниеден өтіп кетті. Арамызда болса тойдың көрігін қыздырып отыратыны сөзсіз еді. «Нұрлыбек – ақиық ақын» деген пьесамды жазу үшін, алдымен, ағадан рұқсат сұрадым. «Осы пьесаны Бесқарағай ауданының 80 жылдық тойына арнасам» деген ойымды білдіргенімде, «Нұрлыбектің менен басқа да іздеушісі бар екен ғой. Тек әсерлеме, тым асырып сілтеме», - деп ризашылығын білдіріп, ақ батасын беріп еді. Сол сөздерді басшылыққа ала отырып, кітапты да жарыққа шығардық. Кітап күллі Қазақстанға танымал болмаса да, Шығыс өңіріне, Семейге танылып жатыр. Ақынның «Қанды жорық» поэмасын да пьесаға айналдырып, әзірлеп  қойдым, - деді Болат Хамзин.

Осыдан соң Уәлихан Түкісовтің және ұзақ жылдар Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепте директор қызметін атқарған ұстаз Тоқтаған Кәкенұлының туған-туыстарына аудан әкімінің міндетін атқарушы  Ерболат Рахметтулин атынан сый-сияпат жасалып, ерен еңбегі мен қарымды қуаты үшін қос қайраткердің ұрпақтарына құрмет көрсетілді.

Ақын есімі республика жұртшылығына танылып, тасы өрге домалаған екінші кезең - 1939 жыл. Осы жылдың 21-27 маусым күндері Қазақстан жазушыларының Алматыда өткен 11-ші сьезінде делегат ақын суырып салма шумақтарымен ұлы жиынды құттықтап, сол сьезд үстінде СССР Жазушылар одағына мүшелікке қабылданады. Сол жылы оған «Қазақ ССР-ның енбек сіңірген өнер қайраткері» атағы да беріледі. Өлеңмен өмірін өрнектеген ақын өмірінде жазықсыз жала жабылып, тар қапасқа қамалған, азап тартқан күндері де аз болмаған. Айтыс дүлділі 1962 жылы 8 қарашада 82 жасында дүниеден озады. Ақынның бірінші жары Балқиядан Мансұр атты ұлы және Гүлжаһан атты немересі, екінші жары Ұрқиядан Асылбек, Нәсілбек, Гүлбағиша атты ұрпақтары қалған.

- Әр нәрсенің тамыры болатыны секілді, жаңа замандағы қазақтың түп-тамыры Абайда жатыр. Сондықтан Нұрлыбек Баймұратовты да ұлы ақыннан тәлім алған Абайдың шәкірті деуіміз керек. Ақынның әділдік пен ақиқатты жырлауы, халықты білім мен өнерге шақыруы – соның бір дәлелі. Нұрлыбек ақынның өз заманында арқалы ақын болғанын тарихтың өзі көрсетіп келеді. Ол тек өзінен мүшел жас үлкен Иса Байзақовтан ғана жеңілген екен. Ол заманда теледидар, радио сынды байланыс құралдары болмады, халық тек айтысты тыңдады, қоғамдағы күллі жетістік пен кемшілікті сол арқылы білді. 1930-1950 жылдар арасындағы 20 жыл бойы айтыс қазақ даласындағы негізгі өнер түріне айналды. Әбден кедейленіп, шаршаған халықтың рухын көтеретін бірден-бір рухани қозғаушы күш - айтыс болды. Айтыс қазақ пен қырғызға ғана дарыған - асыл өнер.  Сол себепті, осы айтыс өнерінің биігінде тұрған Нұрлыбек атамызды өз заманының ақыны болды деуге әбден негіз бар. 1949 жылы халық көліктің не екенін білмеген заманда, Алматыдан «Победа» көлігін қанжығасына байлап келді. Бірақ Нұрлыбек Баймұратов тағдырдың еркесі болды деп айтуға келмейді. Ол тағдырдың тауқыметін, ашаршылықты, халықтың қиыншылығын, кедейлікті көп көрген адам. Алғашында Ораз Исаевтің көмегімен темір тордан құтылғанымен, 1950 жылдары ілмекке ілініп, түрмеге тоғытылды. Бостандыққа шыққаннан кейін бұрынғы қарқынынан айырылды. Сол тұста айтыс ақындары негізінен социализмді, Ленин мен Сталинді жырлаған еді. Естеріңізде болса, 1950 жылға дейінгі социализм тарихта «Сталиндік социализм» деп аталды. Бұл жылдар халықтың басына қара бұлт үйірілген сондай бір қиын уақыт болғанын барлығыңыз білесіздер. Нағыз социализм орнаған жылдар 1950 жылдардан кейін ғана басталды.

«Жас алпыстан асқан соң

Өлімге аяқ басқан соң,

Тіршіліктен оянып,

Көзіңді ала қашқан соң,

- деп Шәкәрім атамыз айтқандай, Нұрлыбек атамыз да жасы 60-тан асып, 70-ті алқымдаған тұста тіршіліктен оянғандай болды. Социализмнің жағымсыз тұстарын танып-біліп, ақындық ортадан алыстай бастады. Иса Байзақов Алматыға шақырғанда, одан да бас тартты. Бір жағынан сол тұста халық ақындарының төрағасы ретінде Нұрлыбек Баймұратовтан күнде жауап алынып отырды. Алашордашы ретінде қуғындауда жүрді. Өмірдің ащы-тұщысын көп көрген әке ұлына арнап «Мансұрға» деген өсиет өлең жазып қалдырды. Осы өсиетінде жастарға ақылын, өнегесін айтты. Он шақты шумақта қарым-қатынас өнегесі тұнып тұр. Бұл жай айтыс ақынының сөзі емес, ақынның кемеліне келіп, даналыққа аяқ басқан тұсында айтқан жан сөзі. Кеңес үкіметі кезінде халық ішінен шығып, халықтың рухын көтеретін, мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ақындарға «Халық ақыны» деген атақ берілді. Нұрлыбек Баймұратов сол атаққа лайық жан болды. Өмірінің соңына дейін туған топырағынан алыстамай, қалың қарағайдың ішінде өмірін өткізді, - деп сөзін түйіндеді абайтанушы Асан Омаров.

Алқалы жиынның нүктесін қояр келелі сөздерді аудан әкімінің міндетін атқарушы Ерболат Рахметуллин айтып, лебізін көпшілікке арнады.

- Нұрлыбек Баймұратовтың ұлы мерекесіне жиналған қауым, ардақты ағайын! Бүгін Бесқарағай ауданы үшін үлкен торқалы той. Осы жерде кіндік қаны тамып, осы жерден өрбіген халқымыздың біртуар азаматының, халық ақыны Нұрлыбек Баймұратовтың туғанына биыл 130 жыл толып отыр. 1 қаңтардан бастап аудан тұрғындары осы торқалы тойға арналған ауқымды шараларды «2017 жыл - Нұрлыбектану» жылы деген айдармен өткізіп келеді. Солардың ішіндегі ең салмақтысы қыркүйек айына келіп тоқтады. Кеше де жер-жерден келген ақындарымыз өрелі ойларын ортаға салып, Бесқарағайды Бурабайға теңеді, ауданда зиялы қауым мен биязы халық тұратынын тілге тиек етті. Қай кезде де сүйектен өтетін өткір сөздер тек ақындардың тілімен айтылған. Одан қорытынды шығару – біздің міндетіміз.

Нұрлыбек ақынның 1922 жылы Иса Байзақовпен айтысуы – қазақ тарихында қалған айтулы оқиғалардың бірі. Шындығын айту керек, жастығына қарамай Нұрлыбек ақын Исамен айтысуға бел байлап, белді ақынды сөзден тайдырған. Оның өзге ақындармен айтыстары – өз алдына бір әңгіме. Ал ақынның есімі ел есінен ұмытылып, тіпті 90-100 жылдық мерекелі күндері атаусыз қалған кезде Ново-Николаевка орта мектебінің директоры, марқұм Тоқтаған Кәкенов пен Уәлихан Түкісовтың бастауымен 1997 жылы ақынның 110 жылдығы жоғары деңгейде атап өтілді. Осы жылы ақынның есімімен орта мектеп аталды. Бұл - да бір тарих, зор еңбек. Уақыт деген ағып жатқан сумен тең. Енді міне, 130 жылдық торқалы тойына да аман-есен жетіп отырмыз.

Дауылға тиген өрттей өр мінезді Нұрлыбек Баймұратов қатал тағдырмен талай рет бетпе-бет келіп, қарсыласа, қасарыса өмір сүрді. Жазықсыз жазамен Колымаға жер аударылса да, өзіне біткен суырып салма талантымен өз заманының жырлаушысы бола білді. Оның есімі қазақ айтыскерлері арасында ұмытылмақ емес, - деді Ерболат Еренұлы.

Осыдан соң Нұрлыбек Баймұратов атындағы орта мектепте ескерткіш – мүсін ашылып, ақынның шығармалары мен өмір деректері, публицистикалық мақалалар жарық көрген «Нұрлыбек Баймұратов» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Келген қонақтарға 1992 жылы Қарағайлы ауылында ашылған ақын мұражайы таныстырылды.

Торқалы тойдың жалғасы түстен кейін да толастаған жоқ. Ақынын әспеттеген халық кең даланы әсем әнмен көмкеріп, киіз үйлер жарысын ұйымдастырды. Шашасына шаң жұқпас тұлпарлар аламан бәйгеде бақ сынаса, тағы бір тұста жауырыны жерге тимеген балуандар анықталды. Ауылдың алты ауызы да айтылып, құлақ бұрауы келтірілген күйлер орындалды, ақынның жауһар жырлары оқырманымен табысты. Осылайша дауылпаз ақынның есімі халқымен қайта қауышып, шоқтығы тағы бір биіктей түсті.

3 шақырымдық тай жарысында Әбдінұр Әмірғалиев, Темірлан Оралбаев, Әділет Алтынбаевтың тайлары жүлделі орындарды бөліске салды. 3,2 шақырымды қамтитын «Ұшқыр» жарысында Салия Белый атты азаматтың «Хорьковский» тұлпары топ жарса, Тілеуғали Епош атты азаматтың «Бөртесі» екінші, Әділет Алтынбековтің «Сұңқары» үшінші болып көмбеге жетті. 15 шақырымдық «Топ» жарысында Ілияс Қапанов,  Тілеуғали Епош, Рахат Есенгелдиновтердің тұлпарлары жүлделі болды. Ал ел құлағын елеңдеткен 25 шақырымды қамтитын аламан бәйгеде Сұлтан Хабдуллаев атты азаматтың тұлпары алдына қара салмады. Ұлан Нұрымжанов, Төлеуғали Еркебұлан сынды азаматтардың бәйге аттары да осы сайыстан олжалы қайтты.

Жырдың туын тіккен жан-жақты талант иесі – Нұрлыбек Баймұратовтың мерейтойын Бесқарағай жұрты осылайша өз деңгейінде атап өтті. Елдігіміз бен бірлігімізді көрсететін осы бір айтулы шара ел есінде қалатыны анық. Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген болатын. Өткенімізді тірілтіп, өшкенімізді жаңғыртуға баса көңіл бөліп жатқан осы бір  шақта, Нұрлыбек Баймұратовтай жауһар жыр иелерінің есімдері халық санасынан көмескіленбек емес.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

«Семей таңы»

Еще статьи...