Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 108 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • ЭЛЕКТРОНДЫ ҚАЗАҚ ҮЙ – ҚАЗАҚЫ ТӘРБИЕ ҚҰРАЛЫ

    Әлем әдебиетінің классигі, заңғар жазушы Мұхтар Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, ертеңгі елдің болашағы - бүгінгі бүлдіршін. Еліміздің келешегі – бүгінгі бүлдіршіндеріміздің бойына ұлттық тәрбиені сіңіру мақсатында Алматы қаласындағы «Ұлас-Электрон» ЖШС компаниясы «Электронды қазақ үй» жобасын жасап, көпшілік назарына ұсынған. Сәрсенбі күні қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен қалалық ақпараттық орталықта электронды қазақ үй өнімінің таныстырылы

  • КҮНШЫҒЫС ЕЛІНІҢ КӨРМЕСІ СЕМЕЙДЕ

    Дүйсенбі күні Семей қаласы әкімінің орынбасары Зәуреш Исабаева ресми сапармен Семейге арнайы келген Жапонияның Нагасаки қаласының Ұлттық мемориалдық кешенінің директоры Масанобу Чита мен жобаларды басқаратын менеджер Нагико Екояманы қабылдады.

  • КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ - ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ ӨРІСІ

    Семейге жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі Өнеркәсіп комитетінің төрағасы Бақтыбай Қасымбеков қаланың кәсіпкерлерімен кездесті. Қала әкімі Айбек Кәрімовтың жетекшілігімен өткен басқосуға облыстық өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғытов, қалалық бөлім басшылары және кәсіпкерлер қатысты.

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home МӘДЕНИЕТ

МӘДЕНИЕТ

АЛТЫН АДАМ СЕМЕЙДЕ

21 қыркүйек күні шаһарымыздың тұрғындары тәуелсіз Қазақстанның брендіне айналған еліміздің ең құнды жәдігерлерінің бірегейі Алтын адамды тамашалау мүмкіндігіне ие болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Шілікті Алтын адамы» көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға қала қонақтары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Қайрат Сабырбаев көрмеге келген қонақтарды құттықтап сөз сөйледі.

- Құрметті қонақтар, бүгін мекемемізде игілікті шараның тұсауын кескелі отырмыз. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Шілікті  Алтын адамы» экспонатын жасау идеясы ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтің ұйғарымымен бастау алып, бүгінде біздің мұражайымызға әкелініп отыр. Шіліктідегі Алтын адамды Әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, жерлесіміз Әбдеш Төлеубаев 2003 жылы тапқан болатын. Ал осы жәдігердің түпнұсқасы Астана қаласының мұражайында сақтаулы. Бүгінгі біздің мұражайымыздағы Алтын адамның көшірмесін жасаған - археолог Қырым Алтынбеков. Міне, осы азаматтардың бірлесіп атқарған жұмыстарының арқасында біз осындай керемет туындыға қол жеткізіп отырмыз. Әрине, бұл біз үшін тарихи маңызды оқиға. Өйткені бұл - қазақтың тарихы.

Шежіреші, қоғам қайраткері Жанболат Молдабеков пен профессор, тарихшы, ғалым Амантай Исин және қоғам қайраткері, ақын, жыршы Құсмілия Нұрқасым экспонаттың лентасын қию құрметіне ие болып, өз пікір-тілектерін білдірді. Қызыл лента қиылғаннан кейін музей қызметкері шараға қатысушыларға Алтын адам жайлы ақпарат берді.

Негізінен, Шілікті Алтын адамы Бәйгетөбе қорымынан 2003 жылы табылған. Жәдігер б.з.д. 8-ші ғасырға жатады және бұл Алтын адам Есік қорғанынан табылған Алтын адамнан 400 жылға көне екен. Жалпы, Шілікті Алтын адамының киімі, оның әлеуметтік-таңбалық қызметіне сәйкес, патшаның, ханның немесе басқа да билеушінің мәртебесін айшықтайды, сондай-ақ олардың көзқарастарындағы әлемдік модельді көрсетеді. Киімін безендіруде қолданылған жануарлардың бейнелері ерекше қасиеттілік белгісі тұмар түрінде алтыннан жасалған. Алтын адамның ғылыми көшірмесін жасауда автор Ұлан өлкесінен табылған жәдігерлерге сүйеніпті. Бұл бірегей заттардың қолданылу мақсатын түсінуге мүмкіндік береді, өйткені олар қабірде, көне мұзда сақталған. Археолог Әбдеш Төлеубаевтың сөзіне қарағанда, ағаш қабір тас қорғанға жасырылып, беті топырақпен жабылған. Құрылым қысқартылған пирамида түрінде болған. Мазардың ішінен 4303 алтын бұйымдар табылды. Шілікті Алтын адамының киімін қайта қалпына келтіру арқылы көне сақ қоғамы билеушісінің бейнесін  көре аламыз.

Иә, Елбасымыз Н.Назарбаев еліміздегі музейлер туралы: «…Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды келешекке сақтап жеткізу, өзге жұртқа барымызды көрсетіп насихаттау — абыройлы міндеттің бірі»,— деп атап өткен болатын.

Сонымен, қорыта айтатын болсақ, ғасырлар бойы қалпын бұзбаған асыл мұра өнерсүйер қауымның қызығушылығын туғызды. Егеменді еліміздің бай тарихын түгендеу, баянды дәстүрін танып білу, көнені көздің қарашығындай сақтау – барша халықтың міндеті. Іргелі жоба тарихты сақтауға, елдікті нықтауға септігін тигізбек. Семей қаласының тұрғындары мен қала қонақтары үшін еліміздің бетке ұстар жәдігері, әлемге танымал Алтын адам артефактісін қаламыздың тарихи-өлкетану мұражайынан көруге мол мүмкіндік туып отыр.

Қ.НӘСІПБЕКОВ, Семей қаласы.

АБЫРОЙЫҢ АСҚАҚТАСЫН, АЛАШТЫҢ АСТАНАСЫ!

Күздің мамыражай күндерінің бірінде шаһар тұрғындарына шат-шадыман көңіл-күй сыйлайтын Семейдің өз мерекесі бар. Ол – Қала күні. 22 -23 қыркүйек күндері қарт Ертістің жағасында орналасқан Алаштың астанасы өзінің төл мерекесін ерекше сән-салтанатпен атап өтті. Мерекелік шараларға қала әкімі Ермак Сәлімов, қоғам қайраткерлері, қаламыздың құрметті азаматтары және Қазақстанның эстрада жұлдыздары қатысты.

Қала күні аясындағы шаралар 22 қыркүйек күні қалалық ішкі саясат, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен өткен велошерумен басталды. Жыл сайын ұйымдастырылатын бұл дәстүрлі велошеруге қала әкімі Ермак Сәлімов, мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов, төрт дүркін әлем чемпионы, биатлоншы Галина Вишневская, әкімдік қызметкерлері, қала жастары, сондай-ақ 30-ға жуық мекемеден 400-ге тарта әуесқой веложүйріктер қатысты. Шеру Мұхтар Әуезов алаңынан бастау алып, Ертіс жағалауында аяқталды.

- Шараға кез келген ниет білдірушілер қатыса алады. Бүгінгі шараның ең жас қатысушысы 12-де болса, ең үлкені 74-те. Спортты серік еткендердің арасында депутаттар мен мемлекеттік қызметкерлер де бар,- деді дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев.

Мерекелік шара Ертіс жағалауында өткен «Туған қалам Семейім» атты       жастар фестивалімен жалғасын тапты. Шаһар басшысы Ермак Бидахметұлы семейліктерді Қала күнімен құттықтап, Семейдің экономикалық-әлеуметтік салаларда өркендеп келе жатқанын айтты.

- Қайырлы күн, құрметті жерлестер! Қала күні құтты болсын! Семейіміздің әлеуметтік-экономикалық жағынан дамып, өркендеп келе жатқанына баршаңыз куәсіздер. Бүгінде ойға алған мақсаттарымыз біртіндеп жүзеге асуда. Бұл жолда әрбір тұрғын үлесін қосып келеді. Шаһарымыздың гүлденуі жолында баршамыз бір кісідей еңбек етейік. Сіздерге мықты денсаулық, бақыт, табыс тілеймін,- деді қала әкімі Ермак Сәлімов.

Осыдан кейін шаһар басшысы велошеруде ерекше көзге түскен қатысушыларды марапаттады. «Ең ұйымшыл ұжым» аталымын Ұлттық қауіпсіздік комитеті иеленсе, ең жас қатысушы Елсана Кутиярова мен ең үлкен қатысушы Қаділбек Нұрсағалиев те әкім марапатына ие болды. Сондай-ақ елімізде тыныштық болсын деген ниетпен бейбітшіліктің символы саналатын ақ көгершінді қала әкімі Ермак Сәлімов, әкім орынбасары Надежда Шарова, мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұрат Құржықаев және биатлоннан төрт дүркін әлем чемпионы Галина Вишневская көкке ұшырды.

Фестиваль аясында қаламыздың жоғары және арнаулы орта оқу орындары көрме ұйымдастырып, қонақтар назарына ұсынды. Семей қаласының құрылыс колледжі студенттерінің шыққан ғимараттардың макеттерін, ал Радиотехника және байланыс кол-      леджі 1940-60 жылдары жарыққа шығып, бүгінге дейін қолданыстан шықпаған техника түрлерін көрмеге қойды.

Мерекелік шаралар жексенбі, 23 қыркүйек күні жалғасын тауып, қала әкімі Ермак Сәлімов пен қала тұрғындары Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Шоқан Уәлиханов және Әміре Қашаубаев ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды. Осыдан соң Абай театрының әртістері Абай көшесінен М.Жұмабаев көшесіне дейін театрландырылған шерумен жүріп өтсе, түстен кейін шаһар басшысы Ермак Сәлімов келер ұрпаққа аманат хатты, яғни уақыт капсуласын, Ертіс өзенінің жағалауына көмді. Салтанатты рәсім аясында Шығыс Қазақстан облыстық Әміре Қашаубаев атындағы Семей мемлекеттік филармониясының әртістері өнер көрсетіп, қала мекемелері көрме ұйымдастырды. Осы күні сондай-ақ «Youth Challenge battle» атты жасөспірімдердің би фестивалі болып өтті.

Хош. Сонымен, «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, халықтың бірнеше күннен бері елеңдеп күткені қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін мерекелік концерт болатын. Сондықтан да болар, осы күні Орталық алаңға жиналған халық қарасы да көп болды. Ең алдымен қала жұртшылығын мерекемен қала әкімі Ермак Сәлімов құттықтады.

- Құрметті семейліктер, қала қонақтары, қымбатты жерлестер! Берекелі халқы бар, рухы асқақ, ғылым мен білімнің алтын бесігі, ынтымақ пен достықтың киелі мекені, Абай, Шәкәрім, Мұхтар туған қарт Семейдің мерекесі құтты болсын! Қазақтың ұлы ақыны, жазушы, философ Шәкәрімнің 160 жылдық мерейтойын, әуені әлемді тамсандырған Әміренің 130 жылдығын атап өттік. Тарихты түгендеп, болашаққа бағдар жасадық. Биылғы жыл Семейіміз үшін табысты жыл болды. Қаламыздың көркі кіріп, рухы оянды. Осының барлығы егемендік пен елдіктің арқасы. Ардақты ағайын, бүгінгі мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, мағыналы ғұмыр тілеймін. Ісіміз оңға басып, табысты болайық. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын,– деді қала басшысы.

Кеш барысында білім мен ғылым, мәдениет, медицина және спорт салаларында жеткен жетістіктері мен қосқан үлестері үшін өз салаларының үздіктері болып танылған жерлестеріміз марапатталды. Атап айтсақ, «Қаламыздың ең үздік актері» Бекен Имаханов, «Үздік құрылысшы» Серік Сейілжанов, «Жеңіл өнеркәсіп саласының үздік қызметкері» Әсет Нұрқасымов, «Үздік орта білім беру мектебі» Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектеп, «Мектепке дейінгі білім беру саласының үздік қызметкері» Райса Үйсумбаева, «Үздік спортшы» Галина Вишневская, «Үздік жаттықтырушы» Тұрмыс Халелов, «Үздік машина жасаушы» Төлеген Шамшинов, «Орта арнайы білім беру саласының үздік қызметкері» Тұрсын Жандыбаев, «Құрылыс индустриясының үздік қызметкері» Вячеслав Пинайлов, «Үздік көлікші» Петр Колычев, «Абаттандыру саласының үздік қызметкері» Мұхтар Дәрібаев, «Кабель өндіру саласының үздік қызметкері» Андрей Онуфриев, «Үздік автожолшы» Мұхамедқали Қасенов, «Байланыс және коммуникация саласының үздік қызметкері» Райхан Садықова, «Сүт қабылдау пунктінің үздік операторы» Медет Құсайынов, «Үздік медицина мекемесі» Семей қаласының жедел медициналық жәрдем ауруханасы, «Үздік жылу энергетигі» Махсұт Өкпебаев, «Сумен жабдықтау саласының үздік қызметкері» Кенжебек Жүнісов, «Үздік сантехник» ретінде Асқар Қамысбаев танылды.

Марапаттау рәсімінен соң концерттік бағдарлама басталып, Айқын Төлепберген, Қуандық Рахым, Санда сынды Қазақстан эстрадасының әншілері мен жергілікті өнерпаздар кештің көрігін қыздырып, қала халқына тамаша әндерді тарту етті. Өнерпаздармен қосыла ән салған жұртшылық семейліктерге осындай кеш сыйлаған қала әкімі Ермак Сәлімовке алғыстарын білдіріп жатты. Тұрғындар кештен алған әсерлерімен де бөлісті.

- Керемет кеш өтіп жатыр. Биылғы Қала күні мерекесі жоғары деңгейде өтті десем, еш қателеспеспін. Концертке Айқын Төлепбергенов пен Қуандық Рахым қатысады дегенді естіп, балаларымызбен келіп отырмыз. Барша қала тұрғындарына амандық, толағай табыс тілеймін. Семейіміз өсіп-өркендей берсін!- дейді Айнаш Мұхамеджанова есімді тұрғын.

Думанды кеш отшашумен аяқталды.Бұл жолғы Қала күні семейліктердің жадында көпке дейін сақталары сөзсіз.

Құралай ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ,

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,

Қуандық НӘДІРБЕКҰЛЫ, «Семей таңы».

«ТІЛДЕР ШЕРУІ» МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Жұма, 21 қыркүйек күні Қалалық Мәдениет сарайында «Тілдер шеруі» айлығының жабылу салтанаты өтті. Мерекелік жиын Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне және Қала күніне орайластырылды.

Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған «Тілдер шеруі» айлығының мақсаты – ұлтаралық достық пен ынтымақтастықты нығай-тып, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру.

- Қазақстан - келісімі мен тұрақтылығы жарасқан берекелі ел. 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі бүгінде бір шаңырақтың астында бейбіт тіршілік кешуде. Қаламыздағы Достық үйінің өзінде 23 этномәдени бірлестік жұмыс істейді,- деді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина. - Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру қандай да бір бағдарламаның немесе жоспардың аясында ғана жүргізілмейтін шара екені бәрімізге белгілі. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші, тілімізді келесі ұрпаққа жеткізетін, оның мәртебесін көтеретін – жас буын. Қаламызда онамастика мен тіл саласында аз жұмыстар атқарылып жатқан жоқ. Жыл басынан бері көптеген ауқымды шаралар жүзеге асты. Оған   барлық білім беру мекемелері қатысты,- деді Н.Аққожина.

Қыркүйек айынан бас-тау алған «Тілдер шеруі» айлығына белсене атсалысып, тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосқандары үшін Ықылас Сейітқазин, Қазақ инновациялық гуманитарлық- заң университетінің оқытушысы Зарина Қасенова, Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық училище директоры Сайлау Ахметов, осы оқу орнының оқытушысы Мейрамгүл Ақшабекова, тіл бөлімінің әдіскері Айжан Жұмағұлова,«Ажар» балалар бақшасының директоры Жанар Сейсембаева, «Ой-сана» жазба ақындар мектебінің жетекшісі Серік Молдабек, «Айша бибі» қазақ мәдени орталығы мен «Бокер» еврей мәдени орталығы және Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінің оқытушысы Төлеуғазы Кәметайұлы алғыс хаттармен марапатталды.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»

ҚАЛА КҮНІ ҚАЛАЙ ТОЙЛАНАДЫ?

Семейде Қала күнін тойлауға дайындық қызу. Бұл мақсатқа қала басшылығы шамамен 8-10 млн. теңге қаражат жұмсамақ. Семей қаласы әкімінің орынбасары Наадежда Шарова журналистердің басын біріктіріп, биылғы Қала күніне орайластырылған іс-шаралардың өткізілу барысымен, жоспарымен таныстырды. Үш күнге созылатын келелі кездесулер, жарыстар, тағы басқа көрікті де қызықты мерекелік шаралардың алғашқы легі 20 қыркүйек күні басталмақ.

Журналистермен жүздескен қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова сөз басында осыдан екі жыл бұрын Қоғамдық кеңес және қалалық мәслихат депутаттарының шешімімен қыркүйек айының соңғы жексенбісі Қала күні болып белгіленгенін атап өтті. Биылғы мереке осы айдың жиырма үшіне дөп келеді екен. Мерекеге ерте қамданудың да өз себебі бар. Себеп сол - Қала күні бір тәулікпен тамамдалмайды.

- Мерекелік іс-шаралар легін білім бөлімі бастайды. Шаһардағы барлық орта білім беретін мектептерде 20 қыркүйек күні сынып, тәрбие сағаттары өтетін болады. Бұл эстафетаны ары қарай мәдениет бөлімі жалғастырып, «Автобуста оқиық», «Тілдер шеруі» акциясы, сондай-ақ музейлерде өлкетанушылардың қоғам өкілдерімен кездесуі ұйымдастырылады. Сенбі, 22 қыркүйек жастарға және ауыл шаруашылығы жәрмеңкелеріне арналады,- деді Н.Шарова.

Иә, бұл күндері өткізілуге тиіс жоспарлы жұмыстар, жағымды жаңалықтар, ретро және заманауи концерттік бағдарламалар биылғы мерекенің сәнін кіргізіп, мәнін арттырады. Негізгі мереке 23 қыркүйек күні сағат 11:00-де қаланың орталық алаңынан бастау алып, Орталық саябақта, М.Әуезов алаңында жарасымды жалғасын таппақ. Дәл осы күні семейліктер басты төрт, яғни Шәкәрім даңғылы, Абай, Дулатов, Жұмабаев көшелерімен шерулетіп жүріп өтіп, ескерткіштерге гүл шоқтарын қояды. Сағат 11:00-ден 17:00-ге дейін балалар фестивалі, Ертіс жағалауында түрлі көрмелер ұйымдастырылады. Сондай-ақ Қала күнін бір кісідей атап өтуге кәсіпкерлерді де тарту ойластырылған. Олардың демеушілігімен ірі сауда орындарымен келісімшарттар жасалып, бағалы сыйлықтар ойнатылатын ұтыс ойындары өткізілмек. Мереке кешкі сағат бесте Орталық алаңда қала әкімі Ермак Сәлімовтің қатысуымен өтетін гала-концертпен, отшашумен қорытындыланады. Гала-концертке Қуандық Рахым, Айқын Төлепберген сынды Қазақстан эстрадасының әншілері қатысады деп күтілуде.

Жібек СЕРҒАЗЫ, "Семей таңы".

АҚСУАТТА АЛАМАН АЙТЫС ӨТТІ

28 шілде күні Ақсуат ауылындағы Ырғызбай Досқанаұлы атындағы орталық стадионда Екпін ауылының тумасы, елімізге танымал меценат Дулат Тастекеевтің демеушілігімен «Туған жерге туыңды тік» деген тақырыпта халықаралық ақындар айтысы өтті. Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында алға қойылған міндеттермен үндес айтулы шара биыл Ақсуатта үшінші мәрте ұйымдастырылды.

Айтысқа дайындық жұмыстарының шеңберінде ағайынды Тастекеевтер Екпін ауылының орталық көшелеріне асфальт төсетіп, ауылдың кіреберіс тұсындағы жол бойына қақпа орнатып, Кәбеков атындағы орта мектепте Құлбай Тастекейұлы атындағы мектеп мұражайын және Айдарбек би атындағы тарих кабинетін жабдықтаған болатын. Айтыс басталардан бірер сағат бұрын салтанатты жағдайда қақпаның ашылуы өтті. Мектеп мұражайы мен тарих кабинетінің ашылуы да әлеуметтік маңызы зор игілікті іс ретінде бағаланып, құттықтау тілектер айтылып, лентасы қиылды, шашуы шашылып, көпшілікті қуанышқа бөледі.

Межелі мерзімінде айтыс та басталды. ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген айтысты өнер бәсекесі, сөз өнерінің сайысы, қазақ ауыз әдебиетінің эстетикалық ләззат алатын, рухани дүниені байытатын, халқымыздың тәрбиелік мәні зор ең асыл құндылығы деп білетін жұртшылық бұл жолы да көп жиналып, айтыстың ақтангерлерін асыға күткен еді. Айтыстың басталғанын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман хабарлап, тапқырлық пен шешендік қабілеттері арқылы айтыс өнерінің әлеуетін арттырған ақындармен таныстырды.

Сахна төріне шыққан Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, Тілеген Әділов, Мейірбек Сұлтанхан, Нұржан Өмірбаев, Шұғайып Сезімхан, Оңғар Қабденов, Нұрлыбек Мейірманов, Мөлдір Айтбай, Қырғызстаннан келген Баян Ахметов пен Моңғолиядан келген Серік Қуанғанды жырқұмар қауым қол шапалақтап қарсы алды.

Ақындардың өнерін саралап, көркемдік дәрежесін анықтап, төрелік ету Досxан Жолжақсынов, Алтынбек Қоразбаев, Нәдірбек Әпсәләмұлы, Еркін Жаппасұлы, Серік Қалиев, Ғалым Қалибекұлы, Берік Уәли, Дәулеткерей Кәпұлы сынды еліміздің таңдаулы тұлғаларына тапсырылды.

Айтыс басталарда Тарбағатай ауданының әкімі Ділдабек Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, мәдени шараның маңыздылығына тоқтала келіп, үшінші рет айтыс ұйымдастырған Дулат Тастекеевке алғыс хат тапсырды. Одан соң Досхан Жолжақсынов пен Дулат Тастекеевке сөз кезегі тиді.

- Туған елім,- деп бастады сөзін Дулат Тұрсынұлы,- өздеріңіздің перзенттеріңіз ретінде туған жерге, халықтың алдына тағы да осы киелі де төл өнеріміз айтысты сый етіп әкелдік. Мұның екі түрлі себебі бар. Біздің Тарбағатай халқы айтыс десе ішкен асын жерге қояды. Екіншіден, біздің төл өнеріміз айтыс - туған тіліміздің, қазақ тілінің сақталып қалуының бір діңгегі. Айтыс дамыса, тіліміздің деңгейі көтеріледі. Тіліміздің деңгейі өссе, халқымыз болады. Халқымыз болса, ұлан-ғайыр жері бар Қазақстан елі мәңгі болады. Сондықтан да айтысты қолдауға бел будық. Айтыспен қоса елге арнаған сыйымыз бар. Оны жыл сайын ұйымдастыру үшін биыл «Асыл тас» деген қоғамдық қор құрдық. Оның мақсаты - туған жерді, қазақ елін көркейтуге, өркениетті ел етуге еңбек еткен ағаларымызға алғыс ретінде төсбелгі тақсақ деген ниет. «Асыл тас» қоғамдық қоры атынан үш азаматқа – Бәделхан Камалханұлына, Ділдабек Оразбаевқа және Талғат Мәзібаевқа «Тарбағатай тарланы» медалін ұсынып отырмыз,- деген Дулат Тұрсынұлы салтанатты түрде Ділдабек Оразбаев пен Талғат Мәзібаевқа «Тарбағатай тарланы» медалін өз қолымен тапсырды.

Айтыс алаңына алғашқы болып осы жердің тумасы Оңғар Қабденов пен «Сыр сүлейлерінің сарқыты» атанып кеткен Мейірбек Сұлтанхан шықты:

Ауылдың алты ауызын айту үшін

Қабденов Оңғар ұлың жыр бастайды.

Ақсуатта болып жатқан бұл айтысты,

Ағайын, мен бастамай, кім бастайды?–

деп жыр кестесін төгілдірген ол,-

Кеше ғана табылған Алтын адам,

Қойнынан құт кетпеген Тарбағатай,- деп әуелете жөнелді.

Оңғардың онысына жауап ретінде Мейірбек елі сүйген азаматтардың жарқын істерін жырға қоса келіп:

Алтынды жер үстінде бағалайық,

Жер астынан қазып ап мәз болғанша,-

деп термелетті.

Келесі бір сөз кезегі келгенде Мейірбек:

Дулаттай азаматтар көп болса екен,

Мақтан үшін жасамас марапатты.

Құнанбайдың жолымен мешіт салып,

Тапқанын тарыққанға жарататын

Қара термен жинаған қаражатын.

Ынтымақ пен тілерім бақ-береке,

Ырғызбай атам туған елге қонған.

Түркістанды облыс жасап жатыр,

Ақсуатты одан қалай кем көресің,

Облыс орталығы Семей болып,

Семейдің орталығы сенде болсын,-

деп бір қайырды.

Жырқұмар қауымды елең еткізген қыз бен жігіт айтысы болды. Нұрлыбек Мейірманов пен әрі ақын, әрі әлемді шарлаған спортшы, Азия чемпионы Мөлдір Айтбайдың сөз сайысы көптің көңілінен шықты.

«Жиырма жетіге келгенше күйеуге неге шықпай жүрсің?»- деп соқтыққан Нұрлыбекке Мөлдір:

Қабанбайдың кеп тұрса бір ұрпағы,

Әуелі қалыңмалын санатамын.

Күйеуіме ілесіп әлем шарлап,

Жиһангез деген ұрпақ таратамын,-

деп салды.

Оған қуанған Нұрлыбек:

Қысқасы, құртайын деп отырсың ғой,

Қабанбайдың ұрпағын қаңғыбас қып,-

дей келіп,-

Айтысып қырды да астық, тауды да астық,

Қалжыңдасып, кішкене салғыластық.

Ақыры, Ақсуатқа келін қылып,

Мөлдірдің басындағы дауды бастық,-

деді.

Нұрлыбекпен әзілі жарасқан Мөлдір ең соңында:

Елге айтатын сырым бар,

«Нәмөгімді» ұғыңдар.

Қайтар билет алмап ем,

Қайдасыңдар, Мұрындар?!–

деп әзілдеді.

Айтыс мәресіне жетіп, жүлде тарату басталды. Тастекеевтің жүйрік ақынға бір жыл бойы ай сайын екі жүз мың теңгеден тағайындаған стипендиясы Жансая Мусинаға тиесілі болды. Үшінші орынды Мейірбек Сұлтанхан, екінші орынды Нұржан Өмірбаев, бірінші орынды Аспанбек Шұғатаев алса, бас бәйгені Серік Қуанған қанжығасына байлады. Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясы атынан Бәделхен Камалханұлы белгілеген сыйлықты Талғат Мәзібаев жас ақын Нұржан Өмірбаевқа тапсырды.

Айтыс шымылдығының жабылар сәтінде Жүрсін Ерман:

- Моңғолиядан келген ақын Серік Қуанғанның шын қуанғандағы сөзін тыңдайық,- деп Серікті ортаға шақырды. Сонда Серік:

Алдыңда айтыс қылдым, тектілерім,

Өр Алтайда туылған өткір едім.

Алтайдың ар жағынан атқа қонып,

Ат басын ауылыңа кеп тіредім,

Ақсуаттық ағайын, берген жүлдең

Қарт Алтайға тартуың деп білемін,- деп көпшілікке алғыс сезімін білдірді.

Айтыс аяқталған соң, сахнаға Дәулеткерей Кәпұлы мен Серік Қалиев шығып, өлең оқыды. Айтыстың соңы еліміздегі ең таңдаулы өнер шеберлерінің гала- концертіне ұласты.

Хамза СӘТИЕВ, «Семей таңы»

Еще статьи...