АЙМАҚ ТЫНЫСЫ

Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 194 гостей и 2 пользователей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • Халықты жұмыспен қамту туралы

    «Семей қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығы» КММ Жұмыс іздеушілер, жұмыс берушілерді қолдау және ӘЖО, ЖТ, ҚЖ ұйымдастыру жұмыстары бойынша бөлімі 2017 жылдың 4 шілдедегі № 190 Қазақстан Республикасының Денсаулықты сақтау және әлеуметтік дамыту Министлігінің бұйрығына сәйкес, «Жұмыссыз азаматтарды тіркеу және есепке алу», «Жұмыссыз азаматтарға анықтама беру» және «Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына қатысуға тұлғаларға жолдама беру» мемлекеттік қызметін көрсетеді.

  • «Радиация. Экология. Денсаулық» атты кітап көрмесінің тұсаукесері өткізілді

    Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жастарға экологиялық тәрбие беру мақсатында кітапхананың тұрақты оқырмандарымен «Радиация. Экология. Денсаулық» атты кітап көрмесінің тұсаукесері өтті. Кітапханашы кітап көрмесін аша отыра, 29 тамыз - еліміздің тарихындағы ерекше символдық даталы күн екенін атап өтті

  • «Сағындырған әндер–ай» атты ретро концерт өткізілді

    2018 жылдың 15 тамызы күні сағат 15:00 де Орталық мәдениет және демалыс саябағы әкімшілігінің ұйымдастыруымен, қала тұрғындары мен қонақтарына арналған «Сағындырған әндер–ай» атты ретро концерт өткізді. Концертте Л. Хамиди, Б. Байқадамов, Т. Рахимов, Т. Базарбаев, Ә. Еспаев, Ш. Қалдаяқов, Ә. Бейсеуов, Е. Хасенғалиев, К. Дүйсекеев, С. Бәйтереков сынды Қазақстандағы ән-романс жол салған композиторлардың әндері шырқалды.

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home АЙМАҚ ТЫНЫСЫ

АЙМАҚ ТЫНЫСЫ

БОЛАШАҒЫ БЕКЕМ БОРОДУЛИХА

Өмірі қайнап, халқы жайнап жатқан болашағы бекем Бородулиханың ауасымен тыныстап, аудан жұртшылығының тіршілігімен танысудың сәті түсті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің жетекші маманы Қайрат Чуйрюков бізді қарсы алып, бір күннің ішінде бірнеше нысандарды аралатып, ілкімді істермен таныстырып өтті. Қолымызға берілген іссапар кестесіне сәйкес, ең әуелі аудан әкімінің балында болып, медицина қызметкерлерінің күні мерекесіне арналған салтанатты жиынға қатыстық.

Алаламай адамды теңгергендер

Ұрпақ саулығы – ұлт болашағы. Осы ұранды үнемі басшылықта ұстайтын ауданның ақ халатты абзал жандары өздеріне жүктелген жауапты жұмысты асқан абыроймен атқарып келеді. Мұны біз Бородулиха ауданының Мәдениет үйінде өткен медицина қызметкерлерінің төл мерекесіне орайластырылған шара барысында аңғара алдық. Адам жанының арашашысы дәрігерлердің кәсіби мерекесінде алғашқы болып құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Ерлан Селиханов медицина қызметкерлерін құттықтап, денсаулық саласына елеулі үлес қосып жүрген жандарды марапаттады.

- Ақ халатты абзал жандар, жаздың жайма-шуақ күндерімен келіп жеткен кәсіби мерекелеріңізбен аудан тұрғындары және басшылығы атынан шын жүректен құттықтаймын. Медицина - ерекше сала, оны жетістік пен кемшілік аясына сыйдыра алмайсың. Қала мен ауыл медицинасының алшақтығын мейлінше азайтып, дәрігерлік көмектің сапасын жоғарылату – бұл - 2016 - 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасының басты мақсаты. Осы ретте Шығыс Қазақстан облысының Бородулиха ауданында ілкімді істер көп. Жаңадан алынған озық құрал - жабдықтар ел игілігіне жарап, мамандар біліктілігін шыңдауда. Сіздердің адам жанына араша болып жүрген зор еңбектеріңізді қашанда құрметтейміз,- деді Ерлан Селиханов.

Одан кейін ерен еңбектері үшін аудан дәрігерлері мен медбикелеріне Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің, облыс және аудан әкімдерінің марапаттары мен Құрмет грамоталары табыс етілді. Атап айтар болсақ, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» құрметті төсбелгісімен Переменовка ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бірінші санатты дәрігері Болат Абдуллаұлы Шідербаев, ШҚО әкімінің Құрмет грамотасымен Жерновка ауылдық дәрігерлік амбулаториясының бірінші санатты дәрігері Алмас Мұқашұлы Мақатаев марапатталды. Бұдан кейін аудан әкімінің орынбасары Ерлан Жұмабайұлы эндокринолог дәрігер Ольга Викторовна Таратутинаға, терапевт дәрігер Бақыт Шідербаеваға және басқа да қамту қызметкерлері мен медбикелерге аудан әкімі Григорий Акуловтың Құрмет грамотасын табыстады. Марапат иелері ескерткіш суретке түскеннен кейін, Бородулиха аудандық ауруханасының бас дәрігері Үміт Эфендиев барша әріптестеріне бір ауыз лебізін білдіріп, аудандағы медицинаның дамуы жөнінде баяндама жасады.

- Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері” атты қазақстандықтарға арнаған Жолдауында: «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады. Тиімділігі аз және мемлекет үшін шығыны көп диспансерлік ем қолданудан негізгі созылмалы ауруларға алыстан диагностика жасап, сондай-ақ осы саланы амбулаторлық емдеу арқылы басқаруға көшу қажет. Бұл тәжірибе әлемде бұрыннан бар»,- деген болатын. Біздің ауданымызда медицина саласында көптеген істер атқарылды. Облыс әкімінің медицина саласына қойған әлемдік стандартқа қол жеткізу тапсырмасы бойынша аудан көлемінде тындырымды жұмыс атқарып жатырмыз. Лапароскопиялық операция жасау әдісі де 4 жылдан бері 2 мыңнан астам адамның сауығып кетуіне ықпал етті. Наркозбен тыныс алдыру аппараты, неміс, жапондық озық қондырғылар, жаңа құрал-жабдықтар жұмысымыздың сапасын едәуір жоғары көтерді. Бұл қондырғы науқастың ағзасына қажетті жағдайды өзі реттеп отырады. Сондықтан операцияға дейін де, кейін де ауырсыну болмайды. Облыстық бюджеттен жаңа құрал-жабдықтар сатып алуға 2016 жылы 105 миллион, ал былтыр 86 миллион теңге бөлінді. Мұның бәрі – цифрлы қондырғылар. Арнайы тағылымдамадан өткен дәрігерлер қазір бұл аппараттарды бес саусағындай біледі. Дәстүрлі оталарға қарағанда, бұл әдістің артықшылығы көп. Ота адам тәнін кеспей-ақ арнайы түтікті енгізу арқылы монитордан бақыланып жасалады. Жас хирургтеріміздің барлығы бұл тәсілді меңгеріп алды. Қазір тәжірибемізбен облыс қана емес, республика көлемінде бөлісіп жатырмыз. Соңғы жылдары жедел жәрдем көліктері де жаңартылуда. Аурухана ұжымы «Денсаулық» бағдарламасы шеңберінде облыста алғашқы болып цифрлы ақпараттық жүйеге көшуге дайындалуда. Өткен жылы 64 дәрігер біліктіліктерін шыңдады,- деді өз баяндамасында Үміт Эфендиев.

Бас дәрігердің сөзіне қарағанда, қазір алдын ала тіркелу арқылы кезек күту 50 пайызға азайып, 15 адамға дейін кеміп отыр. Интернет қызметін пайдалану арқылы науқастар аудандық орталық аурухана дәрігерлерінің қабылдау кестелерін біле алады. Электронды денсаулық төлқұжаты жасалу үстінде. Осылайша, «Цифрлық Қазақстан» жобасының аудан көлемінде табысты жүзеге асқанына куә болдық.

Үміт Мұсаоғлы Эфендиев ауданның ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының Құрмет грамоталарын тәжірибелі медицина қызметкерлері Гүлзира Еркінбекова, Майра Молдашева және Инна Смертинаға табыс етті.

Дәрігерлердің мерекелік салтанатында Бородулиха аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралғазы Құсманұлы Байжанов барлық ардагерлер атынан сөз алып, құттықтау тілегін арнады.

- Ақ халатты абзал жандар, бүгін Сіздердің мерекелеріңіз. Сіздер адам жанының арашашысыздар. Шыр етіп дүниеге келген нәрестеден бастап еңкейген қарияға дейін Сіздердің мейір-шапағаттарыңызға бөленеді. Соғыс және тыл ардагерлері шипалы қолдарыңыздан ем-дом алуда. Оларға арналған емдік палатада барша медициналық жағдай жасалған. Өзім барлық аудан тұрғындары мен ардагерлері атынан дәрігерлердің жұмысына сәттілік тілеймін,- деді ақсақал.

Болашақ чемпиондар ұстаханасында

Аудан аумағында 141 спорт ғимараты бар. Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде 520 жеткіншек спортпен айналысады. Онда жиыны 10 бөлімше жұмыс істеп, 6 филиал ашылып отыр, 17 жаттықтырушы еңбек етеді. Біз солардың ішінде Белағаш ауылдық округіне қарайтын Зенковка ауылындағы «Коммунальник» шаруа қожалығының базасында таяуда ғана пайдалануға беріліп, ауыл жастарының мақтанышына айналған жаңа нысанды көзбен көрдік.

Тоқсаныншы жылдардың ортасында Константин және Ирина Поптар Германияға көшіп кеткен болатын. Бірақ ол жақты жерсінбей, бірер жылдан кейін туып - өскен Зенковкасына қайырыла оралған еді. Келе сала жұбайы Ирина басқаратын «Коммунальник» шаруа қожалығын құрып, мемлекеттің фермерлерге жасаған жеңілдіктерінің арқасында шаруаларын дөңгелете білді. Қазір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында қожалық аудандық және облыстық деңгейдегі қайырымдылық істерге тұрақты көмек көрсетеді. Мәселен, өткен жылдың 17 желтоқсанында «Туған жер» акциясы аясында 250 адамдық жабық хоккей кортын пайдалануға берді. Жаңа спорттық нысанның лентасын аудан әкімі Григорий Акулов келіп қиған еді. Осы шуақты мезетті республикалық «Хабар 24 kz» телеарнасы түсіріп, көрші аудандардан келген хоккей командалары арасындағы қызу тартысты республика жұртшылығына көрсеткен болатын. Константиннің ендігі арманы - корттың астына мұз салқындатқыш орнатып, жыл он екі ай жұмыс істеуін жолға қою. Тағы бір айта кетерлігі, аудан әкімдігі болашақта тағы бір осындай нысанды Зенковкаға көршілес жатқан Петропавловка ауылында да ашуды жоспарлап отыр. Былтырғы жылы осы акция аясында ауданның шаруа қожалықтары 300 миллион теңгенің қайырымдылық қаржысын жинапты. Қожалық басшысы Константин Поп біздің журналистік топты киім ауыстыратын орынды, жуынатын бөлмені және жылу қазандықтарын аралатып, көркі көз тартқан кортты да көрсетті. Сондай-ақ «Зенковка» хоккей командасының 2017-2018 жылдардағы спорттық жетістігін паш ететін грамоталарын қолымызға ұстатты. Аталған нысанның қыс мезгілінде жылумен қамтамасыз етілуін қожалық толықтай өз мойнына алған екен. Сонымен қатар 120 миллион теңгеге корт салып, жерлестеріне тарту жасап отырғанын нағыз мәрттік деуге болады.

- Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың басым бөлігі дене шынықтырумен айналысуы қажеттігін әр Жолдауында айтып келеді. Мемлекет басшысының осы орайдағы тапсырмасын орындау шеңберінде ауданымызда біртіндеп спорттық нысандар ашылуда. Тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуларына толықтай жағдай бар. Аудан әкімі жаңа спорт кешеніне 4,5 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Бұл қаражатқа спорттық киім-кешек сатып алдық. Хоккей кортын ересектер де, оқушылар да асыға күтті. Ашылу салтанатына аудан әкімі Григорий Акулов, аудандық мәслихат хатшысы Уәлихан Майжанов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оралғазы Байжановтар қатысып, спортшыларға игі тілегін жолдаған еді. Өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына бағыттау үшін ашылған спорттық нысан оқушылардың денсаулықтарын жақсартуға мүмкіндік береді. Осындай шаралар әсіресе алты ай қысы бар Бородулиха өңірі үшін аса маңызды. Денсаулықтың мықты болуы үшін спорттың қажет екені рас. Хоккейшілеріміз осы жерде талай жолдастық кездесу өткізіп, шеберліктерін шыңдап үлгерді. Негізі, хоккейі өте дамыған ауданымыздағы жезкенттіктермен бәсекелес бола бастадық. Бәрі осы корттың арқасы,- деді Константин Поп.

Өз кезегінде Ирина Поп бұл жерде хоккейден жарыстар ұйымдастырылып қана қоймай, сонымен қатар ауыл тұрғындары отбасыларымен бірге демалыстарын өткізетінін айтады.

- Біздің мақсатымыз өз ауылымызға осындай тарту жасау арқылы халықтың ынтымағын арттыру болатын. Сол мақсатымызға жеттік деп нық сеніммен айта аламын. Ұлымыз Саша хоккей десе ішкен асын жерге қоятын. Қазір ол Өскемен қаласында хоккей жаттықтырушысы мамандығы бойынша білім алуда. Отағасы да хоккей десе жанын береді. Ал хоккей кешенін тұрғызу оның көптен бергі арманы еді. Соған қол жеткізіп отыр,- деді И.Поп.

Константин мен Иринаның ұлдары Саша жаңадан ашылған хоккей кешеніндегі «Зенковка» хоккей клубының мүшесі ретінде бізді ауданның талантты хоккейшісі, спорттық жарыстарда Семейдің намысын қорғап жүрген Максим Диканскийдің үйіне бастап апарды.

- Алғашында Поптардың үйінің жанында кішкентай мұз қорабы бар еді. Бәрі содан басталды. Хоккеймен 5 жастан бастап шұғылданып келемін. Қазір өзіміздің командамыз бар. Ауданда чемпион болсақ, облыста жүлдегерлер қатарында келеміз. Мектеп бітірген соң хоккей жаттықтырушысы боламын,- дейді «Зенковка» хоккей клубының шабуылшысы Максим.

Поптар отбасын ауылда бәрі құрметтейді. Хоккей кешенінде әзірге 40-тан астам бала ресми тіркеліп, жаттығып жүр. Болашақта жаттықтырушы мәселесі шешілсе, мәнерлеп сырғанау үйірмесін ашу жоспарда бар екен.

Болашаққа түлеп ұшты жас түлек

Бородулиха ауданында 34 білім мекемесі бар. Оның ішінде 25 орта, 4 негізгі, 5 бастауыш білім беретін мектепте бес мыңға таяу оқушы білім алып жатыр. Ауданда Балалар музыка мектебі мен Шығармашылық үйі 718 өренді өнерге баулып отыр. Мектептен тыс ұйымдарға бюджеттен 38554,0 мың теңге бөлінсе, Шығармашылық үйіне соның 21362,0 мың теңгесі беріліп келеді.

Осы күні жас түлектерге арналған әкім балын Шығармашылық үйі ұстаздары мен аудандық Мәдениет үйінің ұжымы бірлесіп өткізді. Аудан әкімшілігі ғимаратының алдын мерекеге сай жайнатып қойыпты. Біз, түлектердің салтанатты кеші басталмас бұрын, Бородулиха аудандық әдістемелік кабинетінің әдіскері Анаргүл Сағатбекқызы Бақаевамен тілдескен едік.

- Биылғы жылы 316 оқушы мектеп бітірсе, соның 70-80 пайызы ҰБТ тапсырады. 2018 жылы 13 шәкірт «Алтын белгі», 3 оқушы үздік аттестат иегері атанып отыр. Осы түлектерге «Алтын белгі» мен үздік аттестатты аудан әкімі табыс етеді. Спорт пен өнерде топ жарған мектеп бітірушілерге аудан әкімінің сыйлығы мен граматосы тапсырылады. Аудан басшылығының, мектеп басшыларының құттықтау сөздері айтылып, ата-аналар тілек білдіреді. Одан кейін вальс биленіп, арты отшашуға ұласады,- деп кеш жоспарымен бөлісті А.Бақаева.

Аудан мақтанышына айналған түлектердің қатарында Н.Островский атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Александра Словагина бар. Ол - республикалық пән олимпиадаларының жеңімпазы, «Алтын белгі» иегері.

- Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға тапсырамын. Қалаған мамандығым – педагог-дефектолог. Бұл мамандықты таңдаған себебім - туа біткен мүгедектігі бар балаларды жұрт санатына қосқым келеді. «Алтын белгі» иегері атану маған оңайға соққан жоқ. Көп ізденіп, көп оқуға тура келді. Өзім сияқты барша түлектерге армандарына қол жеткізіп, қалаған мамандықтары бойынша оқуға түсулерін тілеймін,- дейді 2018 жылдың түлегі.

Аудан мектептерінің бітіруші түлектері сап түзеп бір түзудің бойында орналасқаннан кейін, Әнұранымыз әуеледі.

Аудан әкімі Григорий Иосифович Акулов бүгін аудан мектептері үшін үлкен мереке екенін, олар өздерінің кезекті түлектерін ұшырып отырғанын айта келе, барша мектеп бітірушілерге ақ жол тілеп, «Алтын белгі» мен үздік аттестатты өз иелеріне табыс етті. Бұдан кейін спорт пен өнерде жетістікке жеткен мектеп бітірушілер аудан әкімінің сыйлығымен, грамотасымен марапатталды. Түлектер мектеппен қоштасу вальсін билеген соң, кеш отшашуға ұласып, өз мәресіне жетті. Түлектер ұшырған ақ кептерлер көкке самғады.

Осылайша, бір күннің ішінде Бородулиха ауданының тыныс-тіршілігіне қанық болып, тамаша көңіл-күймен жұмыс сапарын аяқтадық.

 

Мақала Бородулиха ауданы ішкі саясат бөлімінің тапсырысы негізінде әзірленді.

 

Серік ӘБІЛҚАСЫМҰЛЫ, «Семей таңы»

 

АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ОҢ БАҒАЛАНДЫ

Өткен аптаның жұмасы, 1 маусым күні Жарма ауданына арнайы жұмыс сапарымен облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметов келді. Аймақ басшысы сапары барысында үстіміздегі жылдың екінші жарты жылдығында іске қосылуы жоспарланып отырған «Бақыршық» кен орнындағы дайындық жұмыстарымен танысып, асыл тұқымды ақбас қызыл қасқа ірі қара өсіруші ірі «Шалабай» асыл тұқымды мал зауытының бүгінгі тыныс-тіршілігіне көңіл бөлді.

Жарма өңіріне жасаған аймақ басшысының бұл жолғы сапарында облыс әкімінің орынбасарлары Ерлан Аймұқашев, Шалқар Байбеков, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Асқар Жакупбаев және облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысы Мақсат Мүсәпірбеков бірге болды.

Ең алдымен Әуезов кентінде кен игеру бойынша еліміздегі бірегей «Қызыл» жобасын жүзеге асырып жатқан «Бақыршық» кен орнында болған Даниал Ахметов, «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің бас директоры Юрий Овчинниковпен кездесті. Кезеңмен жүзеге асып жатқан жұмыс барысымен аймақ басшысын аудан әкімі Нұрлан Сыдықов таныстырды. Облыс әкімі кен игеру жұмыстарына қажетті жаңадан бой көтеріп жатқан бірқатар нысандарды аралап, кен орнындағы дайындық барысына қанықты. Бұл ретте облыс әкімі жаңадан бой көтерген кен байыту фабрикасы, вахталық кент құрылысы алаңдары және алып техникалардың күшімен кенді аршу жұмыстары қызу жүріп жатқан карьерде болды.

Жалпы, аясы кең жұмыстарды жүзеге асырып жатқан «Бақыршық» кен орнының жұмысы облыс әкімінің назарынан тыс қалған емес. Қойнауы алтынға бай кен орнын игеруді бастаған «Полиметалл» компаниясы тың жобаны кезең-кезеңмен жүзеге асыруда. Осының негізінде кенді өлкенің тасына қайла тиіп, дайындық жұмыстары қызу жүруде. Бұл орын іске қосылғанда, өзіндік қайтарымы да мол болмақ.

Жобалық жұмыстың ретімен атқарылып жатқанын жоғары бағалаған облыс әкімі кен орнының өзіндік маңызы зор екенін атап өтті. Кәсіпорын іске қосылса, еліміздің өнеркәсібі алтын қорын ұлғайтатын тағы бір маңызды нысанмен толығатын болады.

Алып құрылыс алаңымен танысқан облыс әкімі жұмыс сапарын қорытындылап, аудан әкімімен және кәсіпорын өкілдерімен пікір алмасып, бірқатар маңызды мәселелерді пысықтады. Сонымен қатар кен орны орналасқан кенттің де шешімін күткен мәселелері сөз болып, ортақ шешімдер қабылданды.

Аймақ басшысы аудандағы асыл тұқымды ірі қара өсіруші бірегей «Шалабай» ЖШС жұмысына да көңіл бөлді. Жыл санап ісі ілгері басып келе жатқан шаруашылықтың бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысқан облыс әкімі алдағы жоспарларына да назар аударды. Серіктестік басшысы Қуаныш Сүлейменов егістік алқаптары туралы, мал басын өсіру, шаруашылығын дамыту барысындағы кешенді жұмыстары жайлы да әңгімеледі.

Айта кетер болсақ, Қуаныш Сүлейменовтің есімі «100 жаңа есім» жобасына енген.

Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы өңірдің өрелі істерін оң бағалады. Кен өндіру кәсіпорнының жобалық жұмыстарын табысты жүзеге асырып отырғанын айтып, экономикалық әрі әлеуметтік тұрғыда аса үлкен мәнге ие жоба екенін атап өтті. Сол сияқты асыл тұқымды мал өсіріп отырған шаруашылықтың жұмысы да облыс әкімінің көңілінен шықты.

Аймақ басшысы жұмыс сапары нәтижесінде аудан әкіміне бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Мейірхан ОСПАНБАЕВ, "Семей таңы"

ҚАРАТАЛДЫҚ ӘЖЕЛЕР БАС ЖҮЛДЕ ИЕЛЕНДІ

Өткен айдың соңында Алматыдағы Құрманғазы оркестрі атындағы концерттік сахнада «Өнерлі елдің өрісі биік» атты республикалық ата-әжелер арасындағы өнер байқауына Қаратал ауылының «Жан ерке» әжелер ансамблі қатысты.

Байқаудың ұйымдастырушылары - журналист Гүлмира Нәлібай және «Мереке» продюсерлік орталығы. Аға буын сайысына Алматы, Қызылорда, Қостанай, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарының ауылдық өнер ұжымдары қатысты. Байқауға «Сазген сазы» ансамблінің әншісі Бейбітгүл Нұрымхожина, «Құлан сазы» ансамблінің мүшесі, дәстүрлі әнші Гүлшат Тәкежанова, «Мереке» балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығының жетекшісі, ұйымдастырушысы ұстаз Мәкен Смайлова, Қазақ радиосының журналисі Гүлмира Нәлібай төрелік етті. Өнер байқауында «Хормен ән айту» номинациясы бойынша қараталдық әжелер бас жүлдені жеңіп алды.

«Жан ерке» ансамблі батыр ана, еңбек ардагері Қалима Исаеваның ұйымдастыруымен осыдан он жыл бұрын құрылған еді. «Зайсан ауданының атын шығарып келемін» деген уәдесін Қалима әже орындады.

- Мен әнші әжелеріміздің өмірге деген құштарлығына қызығамын. Олардың осы сайыста лауреат атануларына барлық күш-жігерімді саламын»,- деген еді ансамбльдің көркемдік жетекшісі Ғани Жақыпжанов. Айта кетейік, әжелерді қолдаған - Қаратал Мәдениет үйінің меңгерушісі Назигүл Қалиева. Әжелерімізге демеушілік көрсеткен ауылдастарымыз Жеңіс Әміренов, Сләмқан Мұхаметжанов, Сәулеш Әбілғожина, Назигүл Мұхаметжанова, Лазарь Закиев, Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаеваға алғысымыз шексіз.

Назира ҚАЛИЕВА, Зайсан ауданы.

 

ЖАРМА - ЖАРҚЫН ІСТЕРІМЕН ҮЛГІ

Жарма ауданының әкімі Нұрлан Сыдықов ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық, республикалық БАҚ өкілдерімен кездесіп, өңірдің әлеуметтік – экономикалық дамуы жайын баяндады.

Атқарушы билік жұмысының ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған брифингте ауданның жалпы әлеуметтік - экономикалық әлеуеті, Мемлекет басшысының тапсырмалары негізінде атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен сөз болды. Нұрлан Бәтташұлы облысымыздағы қалалар мен аудандардың әлеуметтік және экономикалық даму көрсеткіштері сараланатын рейтингілік бағам бойынша Жарма ауданы өткен жыл қорытындысында екінші орынды еншілегенін атап өтті.

- Жарма ауданы - облысымыздағы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсібі қатар дамыған үлкен аудан. Жер қойнауы бай өлке. Облыстық Үдемелі индустриялық - инновациялық даму бағдарламасына  ауданнан  бес бірдей маңызды жоба енген болатын. Мұндағы жобалық жұмыстардың басым бөлігі жер асты қазба байлығын игеруге бағытталған. Олардың көпшілігі бүгінде жұмыс жасап отыр. Аталмыш даму бағдарламасынан бөлек, алтын игеруге негізделген «ГМК Васильевский» және «Шұғыла Голд» ЖШС-тері де жұмыстарын жандандыруда. Бұл кен игеруші кәсіпорындар фабрика құрылысын қолға алып, жұмысын дамытатын болады. Сол сияқты Суықбұлақ кентіндегі әктас шикізатын өндіруге негізделген жобалар да пысықталу үстінде. Бір сөзбен айтқанда, өңірдің экономикасын одан әрі дамыту мақсатында инвесторлар тарту ісі күн тәртібінен түскен емес. Мұндағы мақсат - Қалбаның мол қазынасын халық игілігіне жарату,- деді өңір басшысы.

Бүгінгі күнде өңірде жалпы саны 24 жер қойнауын игеруші серіктестік жұмыс атқарып жатыр. Оның басым бөлігі кен игеру арқылы несібесін тапса, енді біразы барлау жұмыстарын жүргізуде.

Ауданда орналасқан темір жол мекемелері, мұнай өнімдерін таратушы және сорғы шығаратын зауыттардың да өңір экономикасының ілгерілеуіне өзіндік ықпалы зор. Баламалы энергия өндіру ісі де өңірде өріс алмақ. Яғни облыс бойынша 6 баламалы энергия өндіру жұмыс жобасы жоспарланған болса, оның тең жартысы Жарманың еншісіне тиіп отырғанын жеткізген аудан әкімі әрбір жобаның мүмкіндігін жіктеп берді.

Экономикасы тұрақты өңірге инвесторлардың қызығушылығы артатыны - нарық заңдылығы. Осыдан болар, ауданға тек өткен жылдың ішінде 65,5 млрд. теңгенің инвестициясы құйылған. Бұл көрсеткіш бойынша облыс орталығынан кейін екінші орынды иеленеді екен. Өңірге құйылған қомақты қаржының басым бөлігі «Бақыршық кен өндіру кәсіпорны» ЖШС-нің еншісіне тиеді. Соңғы бірнеше жыл бойы ауқымды «Қызыл» жобасын жүзеге асыруға дайындық жұмыстарын жүргізген кәсіпорын биылғы жылы алғашқы өнім алуға қол жеткізбек.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталған аудан әкімі ауданда жалпы саны 600-ден астам шаруашылық құрылымдары еңбек етіп, былтырғы жылы 20 млрд. теңгенің өнімін өндірсе, оның 16 млрд. теңгесі мал шаруашылығы еншісіне тиетінін жеткізді. Жер құнарлылығы төмен болғандықтан, саланың негізгі табыс көзі мал шаруашылығына тиесілі. Асыл тұқымды мал басын дамыту ісі жыл санап дамып, өңірдің брендіне айналған жартылай қылшық жүнді Байыс қойы мен қазақтың ақбас қызыл қасқа ірі қарасына деген сұраныс артқан. Бұдан бөлек мал шаруашылығына серпін беріп отырған тағы бір бірегей жоба - 3000 басқа арналған «Сембелл» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы.

Сүт белдеуін қалыптастыру ісі де жанданып, 100 басқа арналған сүт - тауарлы фермасының құрылысы биыл аяқталады. Бүгінгі таңда жұмыс атқарып отырған 5 сүт қабылдау пунктіне қосымша биыл тағы бір сүт қабылдау орны ашылатынын жеткізген өңір басшысы тек өткен жыл ішінде 1 мың тонна сүт өндірілгенін жеткізді.

Ауданда мал шаруашылығына қызығушылық жоғарылап, шағын несие алып, шаруашылығын ашуға, ісін дөңгелетуге ынталылар саны артып келеді.   Жер мәдениеті де назардан тыс қалмақ емес. Қолда бар егістік алқаптарды игеріп, өсімдік шаруашылығының өзіндік кірісін ұлғайтуға күш салынған. Бұл ретте игерусіз жатқан жерлерді қайтарып алу жағы да қолға алынған.

Суармалы жерлердің негізгі бастауы болып отырған, жалпы сыйымдылығы 80 мың текше метрді құрайтын Шар су қоймасының биыл күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, орталық су арнасы жөнделіп, суармалы алқап көлемі 3000 гектарға жетпек. Ендігі кезекте аталған су қоймасынан тарайтын өзге де су арналарын жөндеу жөнінде ұсыныс жасап, суармалы жер көлемін арттыру көзделіп отыр.

Ауданның даму көрсеткішімен танысқан БАҚ өкілдері өздерін толғандырған бірқатар мәселелерді ортаға салды. Оның ішінде ең алдымен аймақта өткір тұрған көктемгі су тасқынының алдын алу ісі жайлы сұрақтар болды.

Аудан әкімі ақпан айынан бастап өңірдегі алты бірдей су қоймасы қатаң бақылауға алынғанын, қызыл суға төтеп бере алмайтын су арналарының өзектері ауыр техникалармен көтеріліп, арықтар тазаланғанын, осының нәтижесінде өңірдегі жағдай қалыпты екенін атап өтті.

Баламалы қуат көздерін өндіруші кәсіпорындардың Жарма жеріне қызығушылық танытуының сыры неде деген сауалдар да көтерілді. Аудан әкімі, ең алдымен, Жарма өңірінің климаты әсер етсе, екіншіден, жоғары кернеулі желілердің аудан үстінен басып өтетінімен байланыстырды.

Тоғыз жолдың торабындағы ауданның жол мәселесі де журналистердің назарынан тыс қалмады.

Республикалық маңыздағы тас жолдардың жағдайына тоқталған өңір басшысы биыл Қалбатау - Семей бағытындағы аяқсыз қалған жол бөлігі толығымен жөнделіп, қолданысқа берілетінін және сонымен қатар Қалбатау - Өскемен, Қалбатау - Майқапшағай бағытындағы жол бөліктеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Облыстық маңызы бар Әуезов - Шар тас жолының жағдайы сын көтермейтінін айтқан аудан әкімі оны шешу жолдары пысықталып жатқанын жеткізді. Ал аудандық маңыздағы жолдар бойынша Қалбатау ауылының 2, Шар қаласының бір және Әуезов кентінің орталық көшесі күрделі жөндеуден өткізілетінін айтты.

Қойнауындағы мол қазынасымен ерекшеленетін Әуезов кентінің әлеуеті арта түсуіне байланысты, жаңадан әлеуметтік және спорт нысандарының салынуына қатысты сауалдар да қойылды.

- Кәсіпорын жұмысына кіріссе, шамамен 1 мыңға жуық адам осы орында еңбек ететін болады. Осы себепті спорт - сауықтыру кешенін салу құрылысына қажетті жобалық-сметалық құжатты әзірлеп жатырмыз. Сонымен бірге Мәдениет үйін салуды да жоспарлап, тиісті басқармалармен істі пысықтаудамыз,- деп жауап берді аудан әкімі.

Мейірхан ОСПАНБАЕВ,

«Семей таңы»

 

ЖАҒДАЙ ТҰРАҚТЫ

Биылғы қыс мезгілі Үржар ауданы үшін қолайлы болғанымен, қатып қалған жер қабатының тоңы жібімей жатыр. Осы жағдайды ескерген аудан әкімі Серік Зайнулдин аудандағы жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын. Нәтижесінде қызыл судан болатын төтенше жағдайлардың алды алынды.

Ауданды басып өтетін республикалық жолдарға да қап-қап бөгеттер қойылып, арнайы техникалар жұмылдырылды. 24 сағаттық кезекшілік те ұйымдастырылды. Жоғарыда айтып өткендей, жерге тоңның қатуы, көктемгі жауын - шашынның нормадан көп жаууы Қоңыршәулі ауылдық округі маңында құрылысы салынып жатқан 20 шақырым жолға да өз қаупін төндірді. Бұл ретте жауапты сала басшылары мен мамандары аталмыш жолға ұсақ қиыршық тастарды төгіп, алыс жолға шыққан ауыр жүк көліктері мен автобустарға барлық жағынан көмектер көрсетуде. Ең бастысы, жағдай тұрақты.

Әрине, апат айтып келмейді. Аудан халқының тыныштығын басты назарға алған аудан басшысы жақын күндері өңірдің бірнеше ауылдарын аралап шықты. Болған жерлерінің барлығында тосын мінезді ауа райына әрдайым дайын болу керектігін айтты.

Шолпан ауылында болғанда Серік Зинабекұлы ауылдың кіреберісіндегі 1 шақырым жолға жобалық-сметалық құжат дайындауды, сонымен бірге ескі көпірге көліктер өтетіндей жағдай жасауды қолға алуды ауыл әкімі Дулат Ибраевқа тапсырды.

Қоңыршәулі ауылдық округінде де жағдай қалыпты. «Сақтықта қорлық жоқ» дегендей, Таскескен ауылы арқылы өтетін өзеннің арнасы одан әрі кеңейтілетін болады.

Бұдан кейін аудан әкімі Айтбай, Жоғарғы Егінсу, Үржар ауылдарында болып, бүгінгі жағдайды өз көзімен көрді.

Нұрсұлтан ЕСЕМБАЕВ, «Семей таңы»

 

Еще статьи...