Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 70 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home ДЕНСАУЛЫҚ

ДЕНСАУЛЫҚ

ЕЛІМІЗДІҢ БАС НЕЙРОХИРУРГІ СЕМЕЙДЕ ОТА ЖАСАДЫ

Ұлттық нейрохирургия орталығының басқарма төрағасы, еліміздің бас нейрохирургі, «Әлемнің қамқор дәрігері» атанған профессор, «Алтын адам» сыйлығының лауреаты Серік Ақшолақов Семейге келіп, бастың тамыр патологиясын эндоваскулярлы емдеу бойынша бірнеше науқасқа ашық операция жасап, екі күн бойы шеберлік сабақтарын өткізді. Сонымен қатар Семей мемлекеттік медицина университеті мен Ұлттық нейрохирургия орталығының басшылары әріптестік жөніндегі меморандумға да қол қойды.

Өткен аптада Семей мемлекеттік медицина университетінде өткен қорытынды жиынға қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, аталмыш оқу орнының ректоры Ерсін Жүнісов және профессор-оқытушылар құрамы, нейрохирург дәрігерлер мен студенттер қатысты.

Университеттің ректоры Ерсін Жүнісов екі ғылыми орталықтың байланысын жандандырып, әрі қарай дамыту көзделіп отырғанын ерекше атап өтті. Білім, ғылым, тәжірибе бағытында ғылыми орталықтармен байланыста болу университеттің стратегиялық дамуының негізгі бағыты болып табылады. Әсіресе соңғы 7 жылда семейлік болашақ дәрігерлер Ұлттық орталықта тәжірибеден өтіп, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік алған. Енді бұл байланыс бұрынғыдан да нығая түспек.

- Ұлттық нейрохирургия орталығы – дүние жүзіне аты шыққан ғылыми орталық. Осы ғылыми орталықтың жетістіктерін, қолданыстағы жаңа технологияларын біздің оқу орнының госпиталіне енгізу, тәжірибе алмасу арқылы халықтың денсаулығын жақсартуға бағыттау, орталықтың білікті мамандарынан студенттердің тәжірибе алуына жағдай жасау – басты мақсатымыз,- деп атап өтті Ерсін Тұрсынұлы.

Оқу орны ғылыми кеңесінің 2017 жылдың 26 қазанындағы шешіміне сәйкес, жиын барысында Серік Ақшолақовқа Семей мемлекеттік медицина университетінің Құрметті профессоры атағы берілді. Сонымен қоса әріптестікті нығайту жөніндегі меморандумға қол қойылды.

Серік Қуандықұлы мұндай атаққа ие болғаны үшін аса қуанышты екенін жеткізіп, ҰҒҰ жұмысы жайлы мағлұмат берді. Мәліметіне сүйенсек, 2008 жылдан өз жұмысын бастаған Ұлттық нейрохирургия орталығында жылына шамамен үш жарым мың ота жасалады екен. Онда 100-ге жуық білікті мамандар бар. Қазақстанда, тіпті орта Азияда қолданыла қоймаған 60-тан астам жаңа технологияларды алғашқылардың бірі болып енгізуі орталықтың мүмкіндігінің қаншалықты екенін көрсетеді. Сонымен қоса еліміз үшін нейрохирургияның бірқатар бағыттарының ашылуы да тың жетістік.

- Біздің орталық ашылғанға дейін, өкінішке орай, барлық науқастар шетелге барып ота жасатуға мәжбүр болды,- дейді Серік Қуандықұлы. - Яғни шекара асып ем алу қыруар қаржыны қажет ететіні түсінікті. Қазір ақылы болса да елімізде де жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетілуде.

Бас нейрохирург жасалынып жатқан ота түрлері, енгізіліп жатқан әдістер жайлы кеңінен баяндап, Семей мемлекеттік университетін базасы жетілген, келешегі кемел оқу орны ретінде сипаттады.

- Еліміз бойынша өзінің клиникасы бар оқу орны санаулы ғана. Мұнда оқытушы-профессорлар                   теория жүзінде білім беріп қана қоймай, тәжірибе де жүргізе алады. Клиниканы көріп таң қалдым, сіздердің болашақтарыңыз зор!– деген Серік Қуандықұлы Ұлттық ғылыми орталық мамандарының   қатысуымен   өткен  оталар жайлы да айтты. - Бастың тамыр патологиясын эндоваскулярлы емдеу бойынша төрт науқасқа ашық операция жасадық. Сіздердің нейрохирургтеріңіз жоғары дәрежедегі мамандар екендерін көрсете білді. Мұндай оталарды алдағы уақытта өздері де жүзеге асыруға қабілетті,- деп мамандарға жоғары баға берді.

Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ, «Семей таңы»

МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУ - УАҚЫТТЫҢ ТАЛАБЫ

Апта басында қалалық Достық үйінде мәдениет саласының қызметкерлерімен кездесу өтті. Кездесуде міндетті әлеуметтік медицина-лық сақтандыруды енгізу барысы және оның тиімді тұстары жайлы түсіндірілді.

Шарада №3 емхананың бас дәрігері Найля Әлменова міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың тиімділігіне тоқталды.

- Мемлекеттің де, халықтың да медициналық қызметтің сапасына көңілі толмағандықтан, оңтайлы шешім қабылдау міндеті тұрды. 2014 жылы Елбасы өз Жолдауында міндетті медициналық сақтандыруды енгізу жұмыстарын саралауға тапсырма берген. Нәтижесінде жұмыс беруші, жұмысшы және мемлекеттің жауапкершілігін күшейту мақсатында 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап міндетті сақтандыру енгізіледі,- деген Найля Сапанқызы жаңа жүйе сапалы қызмет кепілі және өмір сүру жасын ұзартудың бір жолы болатындығына сенім білдірді. Бұл жүйе бірқатар дамыған елдерде қолданыста екендігіне де тоқталып өтті.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі Германияда ғасырдан астам уақыт қолданыста екен. Сондай-ақ Еуропадағы 16 мемлекет, Жапония бұл жүйені игіліктеріне жаратуда. Аталған елдерде медицина жоғары деңгейде дамып, орташа өмір сүру жасының ұзақтығы 80-85 жасқа жеткен. Ал Қазақстан әлі ондай көрсеткіштерге жете қойған жоқ. Сарапшылардың пайымдауынша, жүйе енгізілген соң, медицина саласы қарқынды даму жолына түсіп, тұрғындардың өмір сүру жасы ұзарады екен. Сонымен қоса жаңа жүйенің тиімділігі - ол денсаулықты қорғау мәселесінде мемлекеттің, жұмыс берушінің және  азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделеді.

«Міндетті медициналық сақтандыру жарнасын кім төлейді?» деген сұраққа тоқталсақ, оны мемлекет, жұмысшылар, жұмыс берушілер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар төлейтін болады.

Мемлекет барлық қазақстандықтар үшін жарна төлемейді, әрине. Халықтың осал топтарына ай сайын еліміз бойынша орташа айлық еңбекақының 7 пайызы көлемінде аударым жасайды. Ал жұмыс берушілер еңбеккер жалақысының 5 пайызы, қызметкерлер табыстарының 2 пайызы, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 7 пайыз көлемінде төлем жасайтын болады. Айта кетерлігі, аударымдардың пайыздық көрсеткіші жыл сайын артып отырады.

Ал балалар мен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атанғандар, «Ана даңқы» ордендерінің иегерлері, соғыс ардагерлері, жұмыссыз ретінде тіркелгендер, студенттер, мүмкіндігі шектеулі жандар, тергеу изоляторындағы азаматтар, бала тууға және оның күтіміне орай жұмыссыз отырған аналар төлемнен босатылады.

Жалпы, міндетті медициналық сақтандырудың екі қызметтік пакеті бар. Біріншісі - еліміздің барлық азаматтарына мемлекет ұсынатын базалық пакет. Ол – жедел жәрдем мен санитарлық авиация, профилактикалық екпелер, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ете отырып көрсетілетін амбулаториялық-емханалық көмек. Екіншісі – міндетті медициналық сақтандырылған азаматтарға арналған көмек. Олар: амбулаториялық көмек (емханаларда ем алу, диагностика, дәрігердің қабылдауы), стационарлық көмек, жоғары технологиялы медициналық көмек, дәрі-дәрмекпен қамту және басқалары.

Яғни, сіз өзіңіз үшін қаражат жинайсыз. Егер басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, жинақталған қаржы көзін пайдалану арқылы дәрігердің көмегіне жүгінесіз.

Медицина мамандарының айтуынша, өз қаржыңызды бақылап отыруыңызға мүмкіндігіңіз болады. Сондай-ақ көңіліңіз қалаған медициналық мекемені таңдай аласыз. Бұл медициналық қызметтің сапасын арттырады деп болжануда. Себебі ақ халаттылар қаржыдан қағылмас үшін емделушілерін жоғалтып алмауға тырысады, сондықтан сапалы қызмет көрсетеді. Әр адам – қаржы көзі. Айта кетер бір мәселе, сақтандыру жыл сайын жаңартылып отырады. Яғни, сіз ағымдағы жылы аурудан аулақ болып,  жиған қаржыңызды қолданбасаңыз, ол жинақталмайды, бір жылдан соң нөлденеді.

Алдағы шілдеден бастап жұмыс берушілер мемлекеттік сақтандыруға төлем жүргізетінін ескерсек, жұмыссыздар «жұмыссыз» статусын алулары керек. Оларға мемлекет жарна төлейтін болады.

Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ,

«Семей таңы»

"ТЕРРА ВИТАНЫҢ" БОЛАШАҒЫ ЖАРҚЫН

Естеріңізде болса, 2015 жылғы 11 ақпанда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдауды мықтап тапсырды. Бұл ретте отандық тауарларға сұраныстың артуы, таңдаудың болуы, бәсекеге қабілеттілігі қаншалықты деген сауал көптің көңілінде жүргені анық. Өңірлердегі отандық кәсіпорындардың бағын ашатын Мемлекет басшысының бастамасы кәсіпкерлердің екінші тынысын ашқандай...

Семей қаласы рух пен руханияттың, әдебиет пен мәдениеттің ордасы деп білетін былайғы жұрт енді медицинаның ұстаханасы деп те атап жүр. Өйткені медицина саласы Семейдің брэндіне айналып келеді. Оған дәлелел еліміздің әр түкпірінде еңбек етіп жүрген мықты маман – кадрлар. Осы ретте айта кету ләзім. Тәуелсіздік жылдары Семей қаласының медицинасын «брендке» айналдыру жолында айтарлықтай жұмыс жүргізілді. Жекеменшік жанұялық дәрігерлік амбулаториялардың салынуы денсаулық сақтау саласының жаңа бір қырынан дамуына жағдай туғызды. Соңғы жылдары Семей қаласындағы медициналық құрылғылар шығарумен айналысатын «Терра Вита» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тасы өрге домалап тұр. Қазір аталмыш кәсіпорында 23 маман еңбек етеді. Кәсіпорын директоры Насихат Қабдығалиқызы Исабаеваның айтуынша, медициналық мекеме 2010 жылдан бастап өз жұмысын бастаған. Өз істеріне деген жауапкершілік болар, кәсіпорын ұжымы 2011 жылы «Қазақстанның үздік тауары» байқауында биіктен көрінді. Қазір «Терра Вита» өнімдері Алматы мен Астанаға, Павлолар мен Қарағандыға, облыс орталығы Өскемен қаласының нарығына шығарылады. «Даму» қоры арқылы да төмен пайызбен несие алып негізгі бағыттағы жұмыстарын ширата түскен. Мәселен, алдағы уақытта кәсіпорын басшылығы бір реттік қолданатын пластмасса ыдыстар шығаруды көздеп отыр.

Әлемдегі дамыған отыз елдің ортасынан ойып тұрып орын алудың тұжырымы ретінде Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған түрлі бағдарламалалар мен бастамаларда айқындалған міндеттердің бірі – қазіргі заманғы және тиімділігі жоғары денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру болып табылады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының кепілдемесінде жоғары сапалы ғылыми зерттеулер мен инновациялардың игілігін көру нақты айтылған. Ал әлемдік Қазақстанның әлемдік деңгейдегі мықты медициналық брэндін қалыптастыруда «Терра Вита» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты отандық кәсіпорындардың қосар үлесі аз емес.

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ, Семей қаласы.

АҚ ЖЕЛЕҢДІ ЖАНДАРҒА АЛҒЫС ҚАНА АЙТЫЛСЫН

Маусым айының үшінші жексенбісі еліміз бойынша Медицина қызметкерлерінің күні болып саналады. Кәсіби мерекені семейлік адам жанының арашашылары да дәстүрлі түрде кең көлемде атап өтеді. Осы ретте кеше, 16 маусым күні, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов консультативтік - диагностикалық орталығында  ақ халатты абзал жандарды кәсіби мерекелерімен арнайы құттықтады.

Салтанатты жиынға консультативтік-диагностикалық орталықтың басшылығы, дәрі-герлер мен орта медицина қызметкерлері құрамы және денсаулық сақтау саласының ардагерлері қатысты. Игілікті мамандық иелеріне өз құттықтау лебізін алғашқылардың бірі болып шаһар басшысы Ермак Сәлімов білдірді. Қала әкімі өз сөзінде бұл кәсіп иелерінің жұмысы оңайға түспейтіндігін тілге тиек етіп, ақ халатты абзал жандарға ақ жарма тілегін айтты.

- Құрметті денсаулық сақтау саласының қызметкерлері және қымбатты ардагерлер! Сіздерді келе жатқан кәсіби мерекелеріңізбен қаланың атқарушы билігі атынан шын жүректен құттықтаймын. Денсаулықтың қадірін сіздерден артық ешкім жете біле алмайтыны анық. Өмірде түрлі жағдайлар орын алып жатады. Сол сәттерде адамдар ең әуелі көмекке сіздерді шақырады. Талай тағдырлар медицина майталмандарының біліктілігінің арқасында аман қалып жатыр. Бұл салада сіздердің атқарған еңбектеріңіз ұшан - теңіз. Бүгінде мемлекет тарапынан денсаулық сақтау саласына зор көңіл бөлініп келеді. Соңғы жылдары денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат та қомақты. Тағы да мерекелеріңізбен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!- деген Ермак Бидахметұлы ұзақ жылдар медицина саласында еңбек еткен ардагер Дәметкен Ибраеваны алғыс хатпен марапаттады.

Сондай-ақ салтанатты жиында қала басшысы орталық қызметкерлеріне Құрмет грамотасы мен алғыс хат табыс етті. Өз құттықтау тілегін мекеме директоры, қалалық мәслихат депутаты Жанат Молдағалиева да білдіріп, бір топ ақ халатты жандарға гүл шоқтарын сыйға тартты.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИҰЛЫ, «Семей таңы»

ӘРІПТЕСТІК БАЙЛАНЫС НЫҒАЯ ТҮСПЕК

Өткен аптада стратегиялық әріптестік бағдарламасы шеңберінде Семей қаласына АҚШ-тан Сент-Луис университетінің өкілдері келген болатын. Мәртебелі меймандардың қатарында Сент-Луис университетінің медициналық сұрақтар бойынша вице-президенті, медицина ғылымдарының докторы Филлип О. Алдерсон және MD, Сент-Луис университеті ортопедиялық хирургия департаментінің профессоры, Қазақстан ұлттық холдингінің шұғыл көмек ғылыми-зерттеу институтының тәуелсіз директоры Жолдас Құлжанов сынды білікті мамандар болды. Семейге жасаған сапарлары аясында мәртебелі меймандар Семей өңірлік онкологиялық диспансердің жұмысымен де танысты.

Бұл сапардың мақсаты қос ел арасындағы денсаулық сақтау саласындағы байланысты нығайтып, өзара тәжірибе алмасу болып табылды. Бүгінде медициналық орталық 620 839 тұрғынды қамтитын Семей өңіріне арнаулы онкологиялық көмек көрсетіп келеді. Мұнда 140 тәуліктік әрі 20 стационарлы алмастырушы төсек қойылыпты. Бұл өз кезегінде жыл сайын 5 мыңға жуық науқасқа қажетті ем қабылдауға мүмкіндік беріп отыр. Бұған қоса диспансер жылма-жыл 42 мыңнан астам емделушіге консультациялық көмек ұсынып келеді. Сонымен қатар онкологиялық диспансер базасында медицина ғылымдарының докторы, профессор Д.Мусинов атындағы онкология және радиология кафедрасы орналасыпты. Аймақтағы бірегей нысанның қызметімен танысқан АҚШ мамандары қазақстандық әріптестерінің жұмысын оң бағалады. Денсаулық сақтау мекемесіндегі танысу әріптестік байланысты тереңдете түсетін екі жақты конференциямен жалғасын тапты. Білікті дәрігерлер жыл санап белең алып келе жатқан қатерлі ауруларды емдеудегі түйткілді мәселелерді талқылап, оның алдын алуға  байланысты пікір алмасты.

- Онкологиялық аурулардан болған өлім-жітім көрсеткіші бойынша, еліміздің солтүстік және шығыс аймақтары алдыңғы орындарда. Өкінішке орай, Шығыс Қазақстанда қатерлі дертпен сырқаттанғандардың саны жыл сайын бес пайызға көбейіп келеді. Бұл қатерлі сырқаттың алдын алу мақсатында Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасы негізінде «ҚР тұрғындарына онкологиялық көмек көрсетуді дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған салалық бағдарламасы» әзірленді. Соған сәйкес негізгі 6 локализация бойынша скринингтік тексеру жұмыстары жүзеге асырыла бастады. Нақтырақ айтқанда, сүт безі, жатыр мойыншығы, ішек, қуық түбі, өңеш-асқазан және бауыр обырларын ерте анықтауға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Аталмыш скринингтік бағдарламаны енгізудің арқасында қатерлі сырқатты ерте кезеңде анықтауға жол ашылып отыр,- деді Семей қаласы өңірлік онкологиялық диспансерінің директоры М.Сандыбаев.

Өз кезегінде Сент-Луис университетінің ғалымдары әріптестік қарым-қатынасты ілгерілетуге ниет танытқан отандық дәрігерлерге алғыстарын айтып, осы саладағы бар білгендерімен бөлісуге дайын екендіктерін жеткізді.

- Менің негізгі мамандығым радиолог дәрігер болып табылады. Сондықтан да осы онкологиялық сырқаттарға қатысты сұрақтар маған бейтаныс емес. Төрт жылдай уақыт Колумбия университетінде еңбек еттім. Сол білім шаңырағында біраз уақыт радиологиялық онкология бөлімінің меңгерушісі де болдым. Сіздердің аймақтарыңыз жайлы хабардармын. Бұл кездесуді асыға күттім. Медицинаның осы саласы бойынша сіздермен бірлесе жұмыс атқару біз үшін қызықты, әрі өзіміз де сіздерден білмегенімізді үйренерміз деген ойдамын,- деп атап өтті Филипп О.Алдерсон.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИҰЛЫ, «Семей таңы»

Еще статьи...