Авторизация



Кто на сайте

Сейчас 127 гостей онлайн
ОФИЦИАЛЬНЫЙ WEB-САЙТ АКИМА ГОРОДА СЕМЕЙ
  • ШҚО әкімінің дарынды оқушылармен кездесуі

    ШҚО әкімінің дарынды оқушылармен кездесуі

  • Терроризм - адамзатқа қарсы қылмыс: басылымдар көрмесі

    22 маусым күні Абай атындағы кітапхананың оқу залы Семей медициналық университеттің студенттері мен кітапхана пайдаланушыларына арналған «Терроризм - адамзатқа қарсы қылмыс» тақырыбындағы басылымдар көрмесін ұйымдастырылды.

  • Шәкәрім Құдайбердіұлының бай әдеби мұрасы

    Ағымдағы жылдың 20 маусым күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жолдау аясында Ұлы Абайдың дәстүрін жалғастырушы ірі ақын, ғұлама ойшыл, тарихшы, аудармашы, сазгер Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдығына арналған іс-шара «ШҚО Семей қаласының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-де әлеуметтік қызметкерлер мен бөлімше меңгерушілерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шараның мақсаты, әріптестерді ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығымен таныстыру.

Яндекс.Новости: Казахстан

Курсы валют: курс доллара, курс евро

Купи-Продай

Случайная новость

Разъяснены основные направления

Информационно-пропагандистские группы проводят  встречи с населением с целью пропаганды и информирования по Посланию Президента народу «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие». Очередная встреча прошла с коллективом консультативно-диагностического центра г. Семей.

Выступая по основным направлениям Послания, член ИПГ, преподаватель финансово-экономического колледжа имени Р. Байсеитова Артур Искаков остановился на международной экономической обстановке, ее влиянии на экономические показатели Казахстана, а также на антикризисном плане, предложенном главой государства для успешного преодоления кризиса.

- Предложенное в Послании главы государства  «Казахстан в глобальной реальности: рост, реформы, развитие» - единственно верный ответ сегодняшнему положению в мировом сообществе, в котором учтены все сферы деятельности, - отметил он.

Подробнее ...
Home КӘСІПКЕРЛІК

КӘСІПКЕРЛІ

«АҚШЫҢНЫҢ» АЛАР АСУЫ АЛДА

Биыл Семейдегі «Ақшың» корпорациясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Осыған орай сауда үйінің мәжіліс залында корпорация президенті Марат Құрманбайдың жетекшілігімен баспасөз конференциясы өтіп, оған бірқатар кәсіпкерлер қатысты. Мәжілісте сауда орталығының басшысы корпорацияның құрылу тарихына тоқталып, осы жылдар аралығында бағындырған белестері жайлы айтып, болашаққа құрған жоспарларымен бөлісті.

Иә, еліміз еңсесін тіктеп, егемендігін алған уақыттан бастап нарықтық экономикаға бет бұрған корпорация кәсіпкерлікпен айналысу арқылы сауда ісін дұрыс жолға қоюды көздеді. Қомақты қаражатты талап ететін бизнесті игеруге тәуекел еткен азаматтарға таптырмас мол мүмкіндіктер берілді. Талай жылдан бері арман болған тәуелсіздікке қол жеткізген тұста республикамыздың барлық аймақтарында базарлар ашыла бастады. Семей де кәсіпкерлік саласынан тыс қалмай, бизнеске икемі барлары сауда жасауға кіріскен-ді. 1993 жылдың 16 ақпаны күні «Семей базары» акционерлік қоғамы болып тіркеліп, жаңа негіздегі сауда құрылымы құрылған еді. Жаңадан құрылған сауда орталығының құрамына сол кездегі «Семей саудасы» облыстық сауда басқармасы, мемлекеттік мүлік бойынша Семей аумақтық комитеті, Семей арақ-шарап зауыты, «Мереке» жекеменшік базары және «Олжа» атты брокерлік компания құрылтайшы болып енді.

Сауда құрылымы ең әуелі заман талабына сай жабық базар салуды көздеген болатын. Алайда бұл мақсат күш-жігер мен қажырлы еңбектің, одан кейін қыруар қаржының көмегімен орындалатыны белгілі. Осы ретте «Семей базарының» аясына топтасқандар сенімсіздік танытып, райларынан қайта бастаған-ды. Осы уақытта білімі мен іскерлігінің арқасында болашаққа нық сеніммен қадам басқан сол кездегі «Олжа» брокерлік компаниясының басшысы, жас бизнесмен Марат Құрманбай алға қойылған мақсат-міндетті іске асыруға бел буады. Сөйтіп, «Семей базарының» құрамынан шығып, өз жолын іздестіргендерге тиесілі акцияларды сатып алып, өңірде сауда мәдениетін қалыптастыруда 400 адамға шақталған базар құрылысының бой көтеруіне белсене атсалысады. Осылайша, қарапайым халықты қажетті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің нарықтық үлгісін қалыптастырған «Семей базарының» қызмет аясы жыл санап кеңейе береді. Бұған қоса саудаға шығарылатын өнімдердің сапасын, қауіпсіздігін сақтау үшін мұнда «Семей Вет» ветеринарлық зертханасы ашылды. Айта кеткен жөн болар, мұндай зертхана еліміздегі базарлардың арасынан бірінші болып ашылған еді. Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған зертханада ет, сүт өнімдері ветеринарлық-санитарлық сараптамадан өтеді, яғни тұрғындар таза өнімдерді тұтынуға мүмкіндік алып отыр деген сөз. Мал сою цехы да жұмыс істеп тұр мұнда. Қасапшылар жылқы, сиыр, қой еттерін бір бөлек, шошқа етін бір бөлек арнайы залдарда тоқ арамен бөлшектеп, тиісті орындарға жөнелтеді. 25 жыл ішінде базар жанынан «Жан-Жақ» мейрамханасы, Цементшілер кентіндегі сауда орталығының филиалы, жүк сақтау орындары, өнеркәсіптік база, «Азамат» күзет қызметтері және еуропалық стандарттарға сай «Ақшың» әмбебап дәріханалары сынды еншілес кәсіпорындар ашылды.

- «Ақшың» сауда үйі - Семейдің бетке ұстар сауда орталығы. Сондықтан, халықпен бірге жұмыс істей отыра, қала тұрғындарына сапалы таза өнім ұсынуды мақсат етіп келеміз. Себебі біздің ең басты кредомыз – Семей жұртшылығын таза әрі табиғи өніммен қамтамасыз ету. Корпорацияның 25 жылдығына орай, 25 игілікті іс-шара атқармақпыз. Қазақстанда сауда жүйесін дамыту, техникалық логистика бағытында бірқатар жоспарлар құрылып, соның шеңберінде біраз шаруаларды қолға алдық. Қысқасы, өзіміздің тұтынушыларға бағасы төмен әрі сапалы азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдері мен киім-кешектерді ұсынатын боламыз. Облыс басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Менің мектебім» акциясы аясындағы жұмыстар да жалғасын таппақ,- деп атап өтті Марат Құрманбай.

400 орындық базар бүгінде 3 мың адам өз нәпақасын тауып отырған үлкен сауда орталығына айналды. Бұл, әрине, ең бірінші кезекте, шет мемлекеттермен тәжірибе алмасып, олардың озық үлгілерін елімізге әкеліп, қолданысқа енгізу жолындағы кәсіпкер еңбегінің жемісті нәтижесі. Осы орайда тағы бір ерекшеліктерді айта кетпеуге болмас. Бүгінгі таңда дүкен, дәріхана сынды тағы басқа да шағын бизнес орындарын ашқан кәсіпкерлердің түгелі дерлік өз ісін «Ақшың» корпорациясынан бастағандар. Олардың қай-қайсысы болмасын саудагерлікті Марат Серікжанұлы қалыптастырған сауда орталығында үйренгендерін айтады.

- Бүкіл дүние жүзінде орын алған экономикалық дағдарыс біздің елді де айналып өтпегенін бәріміз жақсы білеміз. Сол тұста корпорация президенті Марат Құрманбай сауда орталығындағы барлық кәсіпкерлерге қолдау білдіріп, бутиктердің жалға беру ақысын он пайызға түсіргені әлі есімізде. Мұның барлығы корпорация басшысының іскерлігі мен халық алдындағы жауапкершілігінің жоғары екенін көрсетеді. Соның нәтижесінде қазір бұл сауда үйі биік белестерді бағындырып, толағай табыстарға қол жеткізді,- дейді кәсіпкер Зәуре Абижанова.

Өркениет көшіне ұмтылған еліміздің әлемдік нарықтағы орнының қалыптасуына үлкен үлес қосуда «Ақшың» корпорациясының рөлі айрықша. Бұл ретте Марат Құрманбайдың ел алдындағы еңбегі елеусіз қалмады. Мемлекет басшысының алғыс хатына бірнеше мәрте ие болған кәсіпкер «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайықты деп танылды. Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық палатасының Құрмет грамотасымен, «Алтын жүрек» дипломымен марапатталды. Халық «атымтай жомарт» деп танитын Марат Құрманбай ШҚО әкімдігінің кәсіпкерлері арасында қайырымдылық саласы бойынша «Жыл адамы» аталып, сауда-саттық саласы шеңберінде республика бойынша «Жылдың үздік басшысы» атағы берілді.

Көз алдымызда күн санап өсіп, еңсесін елмен бірге тіктеп келе жатқан «Ақшыңның» абыройы әрдайым асқақ боларына, бизнестің баспалдағымен өрлей беретініне қала тұрғындарының сенімі мол.

Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»

 

КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ҚҰҚЫҒЫ ҚОРҒАЛАДЫ

Семей қалалық прокуратурасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөнінде Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Кеңеске қалалық прокуратураның әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау бөлімінің басшысы Олжас Қалматаев, ШҚО Кәсіпкерлер палатасының Семей қаласы филиалының директоры Ардақ Әділжанов және қала кәсіпкерлері қатысты.

Қалалық прокуратура кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып ай сайын қоғамдық кеңес отырысын өткізіп тұрады. Бұл кеңесте, көбіне, кәсіпкерлер мен әкімшілік мекемелері арасында туындаған келіспеушіліктер мен дау-дамайлар талқыланып, арыз-шағымдары қабылданады. Келесі отырысқа дейін прокуратура қызметкерлері туындаған мәселені жан-жақты пысықтап, шешімін табуға күш салады. Жыл басынан бері осымен үшінші рет өткізіліп отырған Қоғамдық кеңес отырысында төрт арыз иесінің шағымы тыңдалды.

Жиынды ашқан Олжас Қалматаев өткен Қоғамдық кеңесте талқыланған мәселелер жайлы айтып өтті.

- Өткен Қоғамдық кеңес отырысында 35- ықшам ауданында мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында ашылған «Балдәурен» атты жекеменшік балабақшасына бір ата-анадан шағым келіп түсті. Ата-ананың айтуынша, баласы балабақшадан жарақат алып келген. Бұл туралы қылмыстық іс қозғалып, бір ай бойы тексеру жұмыстары жүргізілді. Әзірше шағым иесінің арызы толық қанағаттандырылған жоқ. Себебі балабақшаның  жұмыс барысынан заңға қайшы келетін іс-әрекеттер табылмады. Алайда тексеру жұмыстары әлі жалғасуда,- деген Олжас Қалматаев кәсіпкерлердің бүгінгі арыз-шағымдарын тыңдады.

Алғашқы шағым иесі «NOMAD» ЖК-нің өкілі Сәуле Уатаева өзінің мемлекеттік сатып алудың қара тізіміне негізсіз енгізілгені үшін ҚР ҚМ мемлекеттік сатып алу комитетіне арызданды. Ал «Сем-Асыл-фарм» ЖШС директоры Болат Омаров деген азамат дәріхананың құрылыс жұмыстарын кеңейтуі үшін көршісінің еш себепсіз рұқсат қағазына қол қоймай отырғанын жеткізді. Ескертпе жасаған мекемесі – ШҚО Семей қаласы архитектура бөлімі.

- Дәріхананың жанына тағы бір кабинет қоссам деп едім. Алайда көршім рұқсат қағазына қол қоймады. Айтатын уәжі – құрылыс жұмыстарын жүргізсең, үйіме күн түспей қалады дейді. Алайда сараптама нәтижесі көрсеткендей, күннің түспей қалуы мүмкін емес. Айыппұл ретінде 200 мың теңге ақша да ұсындым. Алайда ол менің үйін сатып алғанымды қалайды. Маған ол үйді сатып алудың қажеті жоқ. Екі рет қорғаушы жалдап, мәселенің мән-жайын анықтамақ болдым. Бірақ олар дұрыс кеңес бермеді. Амалсыз осында келдім,- деген Болат Омаров есімді азаматтың арызы қабылданып, прокуратура қызметкерлері келесі отырысқа дейін бұл істі шешуге атсалысатынын жеткізді.

Ал «Технология комфорта» ЖШС директоры Р.Мансуров «Еңбек Өскемен» кәсіпорны  мемлекеттік сатып алуды жеткізуде және қаржылық тексерісті ұйымдастыруда  заңға қайшы іс-әрекеттерге барды деп  арызданды.

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»

КӘСІПКЕРЛІК ҚАНАТ ЖАЮДА

Өткен сәрсенбі, 24 тамыз күні Семейде «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында мемлекеттік қолдауға ие болған бірқатар кәсіпорындарға пресс–тур өткізілді. Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Даму» қоры аймақтық филиалының директоры Тимур Екеев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Семей қаласы филиалының менеджері Анжела Маслова мен кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Әмина Сыздықова бастаған топ және БАҚ өкілдері бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мемлекет тарапынан қолдау көріп отырған мекемелердің жұмыс барысымен танысты.

Бірінші болып жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Айналайын» шағын орталығына барды. Бүгінде мектепке дейінгі білім беру мекемесі 3 жастан 5 жасқа дейінгі 180  балаға тәрбие беруде. Мұнда бүлдіршіндерді оқыту мен тәрбие беруге барлық жағдай жасалған. Ұжымда арнайы дайындалған білікті мамандар жұмыс істейді. «Айналайын» шағын орталығының құрылтайшысы Еділ Кенжеғалиевтің айтуынша, шағын орталық ашу ойы аудандағы балабақшаға деген сұраныстың жоғары болуынан туындаған.

- Шағын орталық ашу үшін қаражат қажет болып несие алу мақсатында банк қызметіне жүгінген болатынбыз. Онда «Даму» қоры арқылы мемлекет тарапынан жақсы қолдау барын естіп білдік. Нәтижесінде қажетті қаражатқа ие болық. Қазір несиенің 7 пайызы «Даму» қормен субсидияланады. Бүгінгі күні 10 млн. теңге көлемінде субсидия алып үлгердік, - дейді жас кәсіпкер Еділ Кенжеғалиев.

Балабақша заман талабына сай үштілде білім беруді қолға алған. Сондай-ақ логопед, психолог мамандар қызмет жасайды. Сонымен қатар жеке ағылшын бөлмесі де бар. Жұмыс жасап жатқанына көп бола қоймаса да шағын орталық тәрбиешілері жақында Алматы каласында балабақшалар арасында өткен республикалық сайысқа қатысып, бас жүлдені ұтып алыпты.

Семейлік кәсіпкер Еділ Кенжеғалиев ашқан екінші балабақша 70-ықшам ауданындағы «Балапан» шағын орталығы. Әлеуметтік нысан 120 орынға шақталған. Оқыту мемлекеттік және орыс тілінде жүргізіледі. Кеңес заманынан бері сақталған балабақша ғимараты бұрындары жеке меншік ұйымдардың кеңсесі, ал нысан аумағы автокөлік тұрағы болған. Кейін ғимарат жеке кәсіпкердің қолына өтіп, күрделі жөндеу жүргізіледі.

- «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы жұмыс орнын ашуға үлкен көмек көрсетіп отыр. Қазір екі шағын орталықта жетпіске жуық адам қызмет атқарып жатыр, - дейді. «Айналайын» шағын орталығының меңгерушісі Айгүл Туткышева.

Сонымен қатар БАҚ өкілдері «АндроМеда» медициналық клиникасына да барды. Медициналық мекеме урология мен геникология бағыттары бойынша емдейді және диагностика жүргізеді. «АндроМеда» медициналық клиникасының директоры Қайрат Мұқашевтің айтуынша, мекеме «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 11 млн. теңге несие алған. Аталған қаражатқа мекеме қызметі ұлғайтылып, заманауи медициналық құрылғылар да сатып алыныпты.

- Мекеме 2006 жылы ашылып,  қазіргі таңда тұрғындар арасында танылып үлгерді. Осы уақытқа дейін мемлекеттік бағдарламаның көмегімен 1,5 млн. теңге көлемінде субсидия алдым. «Даму» қоры бағдарламасының арқасында жұмысымыз кеңейіп, қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік алдық, - деген, Қ.Мұқашев болашақта да мемлекеттік бағдарламаның көмегімен өз ісін жандандыра түсіруді көздеп отыр.

Пресс - тур аясында БАҚ өкілдері «Жан - Ер» медициналық орталығына атбасын бұрды. Бүгінде жүзден астам қызметкері бар мекеме алғашқыда жалғыз тіс емдеу бөлмесінен басталған.

- Осыдан 10 жыл бұрын жалғыз креслосы бар тіс емдеу бөлмесін ғана ашқан болатынмын, - деген клиника директоры, жоғары дәрежелі тіс-дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Съезбек Ахметов, - Уақыт өте келе емдеу орындарын көбейттік. Алайда одан әрі қарай ұлғайуға мүмкіндігіміз болмады. Дегенмен жоспарымыз көп болатын. Осыдан кейін  субсидия алу үшін «Даму» қорының көмегіне жүгіндік. Бұл 2013 жыл еді. Міне, осы кезден бастап жоспарымыздың барлығын «Даму» қорымен жүзеге асырып келе жатырмыз. Айта кетуіміз керек, осы қолдаулардың арқасында жеке ғимарат алып, қызмет түрін арттыру үшін заманауи қондырғыларға қол жеткіздік.

«Жан - Ер» медициналық орталығы өткен жылы 37 млн. теңге көлемінде субсидия алған. Ал ағымдағы жылы ВТБ Банкі 146 млн. теңгенің несиелік жобасын бекіткен. Аталған қаражатқа қосымша ғимарат күрделі жөндеуден өткізіліп, 20 орынға арналған күндізгі стационар іске қосылмақ. Ал «Даму» қоры несиені субсидиялауды жоспарлап отыр.

Асан МЫРЗАХАН, «Семей таңы»

 

ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ ДАМУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА

Қазіргі Қазақстан экономикасын дамытудағы маңызды бағыттардың бірі - жеңіл өнеркәсіп. Қазақстан Республикасында ҚР-ның жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі 2010 - 2014 жылдарға арналған бағдарламасы аясында аталмыш саланы дамыту қолға алынған еді. Бұл бағдарлама шалғайда жатқан ауылдарда, шағын және ірі қалаларда жеңіл өнеркәсіптің дамуына септігін тигізсе, осы күні аяғына тұра бастаған кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер үшін үлкен демеу болды. Жеңіл өнеркәсіп Қазақстан экономикасының инновациялық секторларының бірі екендігі ерекше аталып, бұл саланы дамытуға, отандық өнім өндірушілерді қолдауға және тауардың бәсекеге қабілетті әрі сапалы болуына үнемі көңіл аударылуда.

Уақытында ұсынылған бағдарламаның нәтижесін еліміздегі дүкен сөрелерінде «Қазақстанда жасалған» белгісі бар тауарлардың көбейе бастағанынан аңғаруға болады. Жалпы, Семей қаласында шағын және орта бизнестің дамуы қарқынды. Әлбетте, бұл ретте жеңіл өнеркәсіптің алар өзіндік орны бар. Әсіресе арнайы киімдер тігетін цехтардың жұмысы жақсы жолға қойылған. Осындай кәсіпорындардың бірі ретінде Ертіс өзенінің сол жағалауында орналасқан «Баязит» тігін фабрикасын айтуға болады. Кәсіпорын өз жұмысын 2011 жылы ғана бастаса да, бүгінгі таңда жүзге жуық маман жұмыспен қамтылған. Мұнда жоғары дәрежелі дизайнерлер мен модельерлер тұтынушылармен тығыз байланыс жасап, арнайы кәсіби киім үлгілерін ұсынады. Киім үлгілерін тігуде заманауи инновациялық технология әдістерімен дайындалған сапалы маталар қолданылады. Энергетиктерге, ағаш шеберлеріне, мұнайшылар мен дәнекерлеушілерге арналған кәсіптік киімдер бар. Жеңіл өнеркәсіп нысаны Шығыс Қазақстан өңірі бойынша «Қазақтелеком» АҚ, «Локомотив» АҚ, «Қазақстан темір жолы» АҚ,  «Қарағанды Су» ЖШС, «Маңғыстау Мұнай Газ» АҚ, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ сынды ірі кәсіпорындар мен корпорациялардың тапсырысын орындап келеді. Кәсіпорында заман талабына сай құрылғылар орналасқан. Фабрика киім  пішу, тігін машиналары, әрлеу, кесу  құрылғыларымен қамтамасыз етілген.

- Жеңіл өнеркәсіп деп аталғанымен, бұл өндірісті дамыту үшін үлкен  талап, қажырлы еңбек қажет. Жеңіл өнеркәсіп орнын құру, дамыту үшін қолданылатын материалдар, маталар, машиналар, технологиялар үнемі жаңартып отыруды талап етеді. Тек сол жағдайда ғана сапалы өнім алуға болады. Осы орайда жұмысы қиын әрі жауапты жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, еңбекте жетістіктерге жете берулеріне тілектестігімді білдіремін,- дейді кәсіпорын жетекшісі Дианар Тұрсұнханова.

Ажар ЖАНБОЛАТ, жас конструктор-модельер.

ОТАНДЫҚ ӨНІМНІҢ ОРНЫ БӨЛЕК

«Қазына» сауда - ойын-сауық кешенінде «Golden Nomad» қазақстандық брендтік киімдер өндірушісінің Семейдегі ресми бө-лімінің ашылуы болды. Отандық өнімдерге қолдау таныту мақсатында салтанатты түрде ашылған сауда бөліміне қаланың белгілі кәсіпкерлері, қала тұрғындары көптеп жиналды.

Кәсіпорын «Алтын адам» сауда маркісімен ерлерге арналған костюм түрлерін ұсынып келеді. Бұған қоса отандық өндіруші оқушыларға арналған мектеп формасын тігуді де жақсы жолға қойыпты. Ал келер айдан бастап тігін фабрикасы әйелдердің киімін  де шығаруды көздеп отыр екен.

- Өнімдерді жасауда жоғары сапалы маталар қолданылады. Фабрикаға Түркия елінен арнайы білікті маман шақырылды. Ол жақта жеңіл өнеркәсіптің жақсы дамығаны баршаға мәлім. Сондықтан да біздің олардан үйренеріміз әлі де көп. Бұл сауда жобасын қолға алудағы негізгі мақсат отандық өндірушіні қолдау әрі қазақстандықтар жұмсайтын қаржыны елде қалдыру болып табылады. Мәселен, мұнда Семейдегі «Семспецнаб» және «Юнис» ЖШС-нің тауарлары да қойылған. Сонымен қатар бір айдан кейін Қарағанды және Ақтау қалаларындағы аяқ киім фабрикаларының өнімдерін де саудаға шығаруды көздеп отырмыз. Қазір біздің сөрелерімізден Алматыда жасалған ерлерге арналған белдіктер, әмияндар және өзге де тауарларды көруге болады. Алдағы уақытта басқа да отандық кәсіпорындармен әріптестік орнату ойда бар. Баға саясатына келер болсақ, ерлер костюмі 20 мен 40 мың теңгенің арасын құрайды. Сауда орнының ашылуына байланысты алғашқы сатып алушыларға жергілікті өндірушінің көйлектері тегін сыйға тартылатын болады. Ал мектеп формасы көтерме бағамен 11-15 мың теңге көлемінде саудаланады. Семей қаласындағы мектептермен жұмыс істеу жоспарда бар. Осыған орай, қалалық әкімдікте білім бөлімінің ұйымдастыруымен мектеп директорларымен кездесу өткізілді. Олар қазақстандық өнімді жоғары бағалап, бізбен келісімшартқа отыруға ниетті екендіктерін танытты. Енді тікелей оқушылардың ата-аналарымен жүздесеміз. Біздің тауар олардың көңілінен шығады деген сенімдеміз. Күзде Өскемен қаласында да филиалымыз ашылатын болады. Шалғай аудандарды да назардан тыс қалдырмауға тырысамыз,- дейді «Golden Nomad» ЖШС-нің ресми дистрибьюторы Әділ Ахметов.

Дүкеннің ашылу лентасы салтанатты түрде қиылғаннан кейін, алғашқы келушілер отандық брендтің сапасына баса мән беріп, шетелдік брендтерден еш кем еместігіне көз жеткізді. «Алтын адам» брендтік костюміне ие болған жандардың бірі - қала тұрғыны Ермек Аманжолұлы. Ол қазақстандық тауардың шетелдік әйгілі өнімдерден асып түспесе, кем түспейтінін айтады.

- Бұл - өте қуанышты жаңалық. Енді өзіміздің елімізде шығарылатын киімдерді киюге мүмкіндік туды. Сапасы жоғары әрі бағасы да қолжетімді. Өзіме костюм сатып алдым. Сауда нүктесінде Семейде шығарылатын көйлектер де бар екен. Туыстарым мен жақын достарыма да осы жерден киім алуға кеңес беретін боламын. Барлығымыз әрқашан да отандық өндірушілерді қолдауымыз қажет деп есептеймін. Ең бастысы, елімізде жасалатын тауарды ала отырып, мемлекетіміздің экономикасына үлес қосамыз,- деп атап өтті қала тұрғыны Ермек Аманжолұлы.

Жақсылық МҰРАТҚАЛИҰЛЫ, «Семей таңы»

 

 

Еще статьи...