Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесін тойлау аясында 14 желтоқсан күні Семей қаласы жастарының форумы өтіп, жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосқан белсенді жастар қала әкімінің сыйлығымен марапатталды. Жастар форумына қала әкімі Ермак Сәлімов арнайы қатысты.
Бүгінгі күні Семей шаһарында 100 мыңдай жас бар. Сонымен қатар Семейде тіркелген 30-ға жуық жастар ұйымы бар болса, оның 17-сі белсенді жұмыс істеуде. Сол жастар мен жастар ұйымдары еліміздің дамуына мейлінше үлестерін қосып келеді. Шығыс Қазақстан облыстық «АМиДО» балалар және жастар ұйымының Семей қалалық филиалы мен ішкі саясат бөлімі ұйымдастырған форумда үздіктер анықталып, оларды қала басшысы құттықтады.
— Сіздермен жастардың дәстүрлі форумында кездескенімізге қуаныштымын. Ел Тәуелсіздігі күні қарсаңындағы құттықтауымды қабыл алыңыздар,- деген Ермак Бидахметұлы ширек ғасыр ішінде еліміздің жеткен жетістіктері мен бағындырған белестері жайында ой өрбітті. — Қазақстан жастары – мемлекетімізбен бірге, тәуелсіз елімізбен бірге өскен ұрпақ. Ел ертеңі бүгінгі жастар деп бағалаған Президентіміз жастарға ерекше көңіл бөліп, оларға барлық мүмкіндікті жасап отыр. Елбасы сенген ұрпақ өздеріңізсіздер. Мемлекет басшысының тың идеялары мен жоспарларын жүзеге асыратын да жігерлі жастар. Сіздерге жүктелетін басты міндет – аға ұрпақ қол жеткізген барлық құндылықтарымызды сақтап, келер ұрпаққа табыстау. Семей — жүздеген жас өмір сүріп, еңбек етіп отырған жастар қаласы. Сол жастар бүгінгі күні зауыт-фабрикаларда, білім, спорт, мәдениет және денсаулық сақтау салаларында еңбек етуде. Мектеп, лицей, орта және жоғары оқу орындарында білім алуда. Сонымен бірге олар жастар қозғалыстары мен жастар ұйымдарының мүшелері. Бүгінгі жастар мемлекет келбетін қалыптастырады. Сондықтан сіздерге жаңа бастамалардың ұйытқысы болып, мақсаттарға жету жолында ынтымақ пен бірлікті сақтап, табыстарға жетулеріңізді тілеймін,- деді Ермак Бидахметұлы.
«Мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» атты қала әкімінің жүлдесі 7 номинация бойынша берілді. «Жылдың жас көшбасшысы» аталымын Семей мемлекеттік медицина университетінің 4-курс студенті Кристина Кривец иеленді. Ал электротехникалық колледж директоры Азат Сарпеков «Жылдың жас кәсіби маманы» атанса, «Жылдың үздік жастар ұйымы» аталымы «Жасыл ел» еңбек жасағының облыстық штабына берілді. «Жылдың жас отбасысы» аталымына Кәрібаевтар мен Жұмаділовтер отбасылары ие болды. Думан Кенжеғазин «Жылдың жас еріктісі» атанды. Сондай-ақ «Жылдың жас спортшысы» аталымы «Алтай» футбол клубының ойыншылары Азат Ерсәлімов пен Дмитрий Колбунцовқа, Еркебұлан Нұрғалиев пен Әлібек Сәкеновке берілді. Ал Знаменка ауылдық округінің әкімшілік қызметкері Айдын Сәкенов «Ауылдың жас маманы» атанды.
Құттықтау рәсімінен соң жастар сөз алып, алғыстарын жеткізді. Форум соңы концертке ұласты.
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ,«Семей таңы»