Республикамызға танымал тарихи басылымдардың бірегейі «Семей таңы» газеті 1917 жылдың жазында «Сарыарқа» деген атаумен жарыққа шыққанынан тарих беттері арқылы хабардармыз. Мен басылымның аса арғы белестеріне бармай-ақ, өзім қолыма алып оқыған «Екпіндіден» бастап айтуды жөн көрдім. 1950-1955 жылдарда қазіргідей көптеген атаумен шығатын газет түрлері болмайтын. Оқушыларға арналған газеттер мен журналдарды кітапхана мен Пионерлер үйінен оқуға мүмкіндік болатын. «Екпінді» газетін қызмет істейтін ағам үйге әкеліп тұрушы еді. Міне, сол газеттен елдің, ауылдың тынысын білдіретін мақалаларды құныға да қызыға оқитынбыз.
Алғаш газет бетінде 1961 жылдың жазында «Бригада маршымен еңбек майданына» деген оқушылардың еңбекке араласқаны туралы мақалам жарияланды. Онда Қарауылдағы Абай орта мектебі оқушыларының жылма-жыл еңбек маусымына салтанатты жағдайда сапқа тұрып, мектеп туы пионерлердің горн, барабан соғуымен көтеріліп, шығарып салу рәсімі өткізілетіні баяндалған. Осы салтанатты шараға мектептің ән-күй, еңбек пәнінен сабақ беретін мұғалімі Молдабек Жанболатовтың «Бригада маршы» деген әні таңдап алынғаны және оның оқушылардың салтанатты түрде айтатын маршына айналғаны айтылған.
Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы болған газетіміз сол 1961 жылы «Семей таңы» деп өзгертілді. Сол кезден бері тұрақты оқырманы болған газетіммен біте қайнасып келе жатқанымды мақтан етемін.
Газет бетіне өзімнің өмірден көріп, түйген мәселелер, оқу — білім саласындағы келелі істер туралы ой бөліскен мақалалар жазып келемін. Мәселен, әр жылдарда «Педагогикалық қоғам – оқу – тәрбие орталығы» (1981), «Абайтанушы» (2003), «Анаға құрмет – ұрпақ парызы», «Қасиетті бастау бұлақ» (2004), «Намыс оты жалындаған – Жырау Ата», «Шәкәрім әнінің құдіреті» (2011), «Шәкәрім және Әлихан» (2016) атты мақалаларым басылды.
Атына заты сай «Семей таңы» облыстағы жағымды жаңалықтармен қатар, қоғамға қажетті деректер, шаруашылық табыстары мен міндеттері, мәдениет пен әдебиет жетістіктерін сөз етіп, өнер, ғылым қайраткерлерінен терең мағұлмат беруде теңдесі жоқ мақалалар мен жазбалар өрістетуде.
Газеттің «Тарих, Таным, Тағылым», «Руханият», «Өнер», «Өнеге өрнектері» сынды арнайы беттерінде мәні зор, мағыналы мақалалар жазылып, көптің көңілінен шығуда. Мемлекет, қоғам қайраткерлері туралы кең көлемді очерк, деректі әңгімелер газеттің маңызын арттырып, оқырманның ризалық мерейін өсіретіні даусыз. Тәуелсіздікке қолымыз жеткенге дейін, елдігіміздің тізгіні тежеулі, тілі күрмеулі болғанын несіне жасырамыз.
«Семей таңы» газетінің бір ғасырлық мерекесі алдында газетіміздің жүріп өткен жолын, көтерген мәселелерін, жеткен жетістіктері мен өркен жайған табыстары туралы ой қозғап, газеттің жер – жердегі тілшілері мен абыз ақсақалдары, журналистері, жазушы, ақындарын еске алайық, құлаш сермей жазайық. Олардың ішінде елім, қазағым деп қазақ баспасөзінің қазанында қайнаған небір қара сөздің шеберлері бар ғой, соларды тірілтіп, сүйікті газетіміз «Семей таңы» бетінде сөйлетіп, жарыққа шығарайық, ағайын!
Досымхан ТОҚҚАРАҰЛЫ,
еңбек ардагері, қаламгер ұстаз,
Семей қаласы.