Семейде балаларға арналған тұңғыш электронды кітап жарық көрді. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында жазылған оқулық «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» деп аталады. Электронды нұсқада шыққан жаңа туындының тұсаукесері Абай атындағы әмбебап кітапханада өтіп, оған ШҚО туристік ақпараттық орталығының директоры Сымбат Рамазанов, кітапты басып шығарған «Артекс» баспа-полиграфиялық фирмасының өкілдері, мектеп ұстаздары мен оқушылар қатысты.
«Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» электронды кітабына облыстың 15 киелі жерлері туралы деректер енгізілген. Оның тізімінде Ертіс өзені, Қиын-керіш шатқалы, Марқакөл, Рахман қайнары, Белуха тауы, Қоңыр әулие үңгірі, Қасиетті бұлақ, Ырғызбай ата кесенесі, Берел қорғаны, Шілікті қорымы, Еңлік — Кебек мазары, Қозы Көрпеш – Баян cұлу кесенесі, Күшікбай батыр, Абылайкит, Ақ бауыр ескерткіші бар. Әлібек Қаңтарбаев, Марина Юрченко және Күлмай Сембаевалардың қаламынан туындаған оқулықтың безендірілуі ерекше көз тартады. Сыртқы мұқабасында қолына домбыра ұстаған абыз ақсақалдың бейнеленгені еліміздің өткен тарихы мен келешегінің байланысын көрсетіп тұрғандай. Мұқаба шеттері Берел қорғандарынан табылған артефактілердегі ою-өрнектермен әсемделіп, иллюстрация ретінде балалардың салған суреттері қолданылған. Кітапта Шығыс Қазақстанның киелі жерлеріне саяхат жасауға шыққан Санжар есімді бала мен оның атасы туралы баяндалады. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан кітап, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, ШҚО Туризм және сыртқы байланыс басқармасының тапсырысы бойынша әзірленген. 130 парақтан тұратын кітапта түсіндірме сөздіктер мен қолданылған әдебиеттердің библиографиялық тізімі бар. Тізім облыстың лингвистикалық орталығы мен Абай атындағы кітапхананың қолдауымен жинақталған.
— Библиографиялық тізімді жасауда Абай атындағы кітапхананың кітапханашысы Марина Парфиновичтің еңбегі зор екенін мақтанышпен айтамын. Себебі тізім жасаудың өзі оңай дүние емес. Бұл — қажырлы еңбек пен терең зерттеуді қажет ететін жұмыс. Біздің Шығыс Қазақстан облысы — тарихи киелі орындарға бай өлке. Сондықтан «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» атты электронды кітап болашақта тағы да жетілдіріле түседі деген ойдамын,- дейді Абай атындағы кітапхананы дамыту бөлімінің жетекшісі Гүлмира Нұғыманова.
Айта кетейік, кітапта Семей және Өскемен қалаларындағы көркем сурет салу мектептерінде оқып жүрген балалардың қолымен салынған суреттер де қолданылған. Шара барысында өнерлі өрендер «Шығыс Қазақстанның аңыздары мен ертегілері» атты электронды кітабын жасауға үлес қосқандары үшін дипломдармен, сыйлықтармен марапатталды.
— Әрбір өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру – өзіміздің туған жерімізге деген құрметімізден, қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігімізден басталады. Ел санасын рухани жаңғырту, аймағымыздың көрікті жерлерін жастарға дәріптеу мақсатында облыстың 15 киелі орнын кітапқа енгізіп отырмыз. Бұл кітап — әсіресе бастауыш сынып оқушылары, 5, 6, 7 сынып оқушылары үшін таптырмас оқу құралы. Биылғы жылы тек 15 нысанды алып отырсақ, келесі жылдан бастап 100 томдық етіп шығару мақсаты тұр,- дейді ШҚО Туристік ақпараттық орталықтың директоры Сымбат Рамазанов.
Алдағы уақытта электронды кітаптың жазба және аудионұсқалары шығады деген жоспар да бар. Бұған қоса келер жылдан бастап аталмыш кітап аясында оқушылардың жыл сайынғы көркем шығармалар оқуларын, сондай-ақ «ШҚО аңыздары мен ертегілері» атты фестивалін, қаладағы музейлерде балалардың сурет көрмесін, 19 аудан мен қала, кенттердің дарынды балалары арасында зияткерлік білім сайысын облыстық деңгейде ұйымдастыру көзделіп отыр.
Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»