Семейде көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Пристань аумағаның және Мирный кентінің тұрғындары сейсенбі, 29 мамыр күні Семей қалалық тұрғын үй — коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімі ғимаратының алдына жиналды. Төтенше жағдай орын алғалы екі ай өтсе де еш өзгеріс болмады деп наразылық танытқан тұрғындар баспаналарын жөндейтін мердігер мекемеден бас тартып, өтемақының өздеріне қаржылай берілуін сұрап отыр.
Тілектерін, арыз – шағымдарын, мұң – мұқтаждарын айта келген тұрғындарды қалалық әкімдік қызметкерлері әкімдік ғимаратының үлкен залына шақырып, мәселенің мәнісін бірлесе отырып талқылауға ұсыныс білдірді. Мұнда қала әкімінің орынбасарлары Николай Ушаков пен Надежда Шарова тұрғындар сауалына жауап беруге тырысты.
— Өздігімізден жиналуымыздың басты себебі — бізге толыққанды және нақты ақпарат қажет. Тасқын көктемде, екі ай бұрын, орын алған. Міне, жаз да келіп жетті. Біздің үйлеріміз қашан жөнделеді? Осы сауалға жауап беріңіздерші. Бұдан бұрын құжаттарды өткізген кезде «бәрі түгел, енді күтіңіздер» деп айтқан едіңіздер. Енді біресе «ана анықтама жоқ» біресе «мына анықтама керек» деп сан түрлі сылтау айтылып жатыр. Сонда біз өткізген құжаттар қайда кетті?– дейді Любовь Кравцова.
Мұны Қанатбек Жүнісов есімді азамат та қуаттай түсті.
— Тұрғындардың барлығын да әкімдікке алып келген жалғыз сауал бар. Шығындар қашан өтеледі және өзгенің баспанасын, жатақхананы паналап, үйсіздің күйін кешіп жүрген біздің жағдайымыз қашан оңалады? Өтемақы қашан беріледі? — деді.
Тұрғындардың басым көпшілігі жеке – жеке жанайқайларын жеткізгенімен, олардың мәселесі ортақ. Қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков, заң бойынша, өтемақы тұрғындарға емес, жөндеу жұмыстарымен айналысатын мердігер мекеменің есепшотына түсетінін жеткізді.
— Сіздер өтемақыны қаржылай қолдарыңызға алғыларыңыз келеді. Тағы қайталап айтайын, су тасқынынан зардап шеккен үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен қаржы бөлу туралы Үкіметтің қаулысы бар. Біз сол қаулы бойынша әрекет етеміз. Қызыл су кірген 205 үйді қалпына келтіру үшін республикалық бюджеттен 282 млн. 194 мың теңге қарастырылады деп жоспарланған. Мирный кентіндегі бес үй, Пристань аумағындағы төрт үй тұруға жарамсыз, апатты деп танылды. Осы тоғыз үйдің тұрғындарына баспана сатып алу үшін 58 млн. 600 мың теңге бөлінеді деп жоспарлануда,- деп атап өтті қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков.
Николай Ушаков Бобровка саяжайына қатысты да пікір білдірді. Қала әкімі орынбасарының айтуынша, су шайған саяжайдағы үйлерге мемлекет қазынасынан қаржы бөлінбейді. Ол үйлерге кәсіпкерлердің, атымтай жомарт азаматтардың, халықтың демеуімен «Асыл» қорына түскен ақша арқылы жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Құжаттары толық рәсімделмеген үйлер де назардан тыс қалмайды. Оларға да көмек көрсетіледі.
Мұнда тағы бір мәселе бар. Тұрғындар үйдің басына ғана емес, су шайып, қабырғалары қақыраған қосалқы құрылыстарына, жаздық асханалары мен моншаларына да өтемақы төленуі керек деп есептейді. Алайда Николай Ушаков, заң талаптары бойынша, тек тұрғын үйдің шаршы метріне ғана өтемақы қарастырылғанын атап өтті.
— Николай Николаевич, мердігер мекемеден бас тартсаңыздар, өтемақы қолдарыңызға беріледі дегенсіз. Ол үшін белгіленген қаражаттың 12 пайызын ұстап қаламыз дедіңіз. Оған да көніп, құрылыс жұмыстарынан бас тарту жөніндегі құжаттарға қол қойдық. Енді неге өзгеріп қалдыңыздар?– деді қала тұрғыны Мейрамгүл Тұрсынханова.
Ал өзін Мадина Оразбаева деп таныстырған азаматша:
— Өтемақының құрылыс фирмасына берілетініне келіспейміз және ол шешімнің қайта қаралғанын қалаймыз. Халықтың пікірін тиісті жерлерге жеткізуіңізді сұраймыз. Қаржылай қолымызға алсақ, әрқайсымыз сапасына, бағасына қарай өзімізге ыңғайлы құрылыс материалдарын таңдап, үйімізді жөндеп аламыз,- деді.
Тұрғындардың пікірін тыңдаған қала әкімінің орынбасары Николай Ушаков: «Расында да, құрылысты компания жүргізгенін қалайсыздар ма, әлде өтемақы аласыздар ма деп қалауларыңызды сұрағанбыз. Алайда ҚР Үкіметінің қаулысы келіп түскен соң, біз сол қаулы негізінде әрекет ете бастадық. Қазіргі таңда бағалаушы компаниялардың көмегімен толықтай шығынның көлемі есептелді. Мирный кенті және Пристань аумағындағы үйлерді жөндеуге жергілікті атқарушы билік өкілдері қаламыздағы ірі екі құрылыс фирмасын ұсынған. Егер құрылыс жұмыстарымен ол фирмалардың айналысқанын қаламасаңыздар, заңды түрде тіркелген кез келген құрылыс фирмасын таңдауға құқыларыңыз бар,- деді.
Жергілікті билік Үкіметтің қаулысының шеңберінде әрекет ететінін, ҚР Үкіметінің шешімі белгілі болысымен, тасқын судан зардап шеккен әрбір тұрғынға ақпарат берілетінін бірнеше мәрте қайталаған қала әкімі орынбасарының пікірімен келіспеген тұрғындар жиыннан соң қалалық прокуратураға бет алды… Аққу, шортан һәм шаян…
Әйгерім СӘРСЕНҚАЛИ, «Семей таңы»