Бүкіл елді дүрліктірген жұқпалы менингококк инфекциясы Алматы қаласында белең алып, кейін Астана, Ақмола, Талдықорған, Қызылорда қалаларында таралуы ел-жұрт арасында үрей туғызғаны рас. Осы жағдайға байланысты Ақпарат орталығында журналистерге арналған баспасөз мәслихаты ұйымдастырылып, тиісті мамандар мән-жайды жан-жақты түсіндірді. Айтуларынша, Семейде осы дертке қатысты жағдай қалыпты. Алайда, эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғанмен, сақтық шараларын қолданған артық етпейтінін айтады дәрігерлер.
Семей қаласы санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шолпан Садықова қалада соңғы бес айда 3 тұрғынның аталған індетті жұқтырғанын айтты. Осыған орай инфекциялық ошақтарға байланысы бар 78 адам тексеруге алынған екен. Бірақ олардың арасынан ешқандай инфекция, бактерия анықталған жоқ. Қазіргі күні үш науқасқа қажетті ем-дом шаралары көрсетіліп, аурудан құлантаза айығып шықты.
— Семей бойынша тіркелген үш жағдайдың біреуі қаңтар айында, екеуі сәуір айында анықталды. Олардың үшеуі де балалар. Жалпы, бес айдың ішінде 782 тұлға инфекцияға қарсы тексеруден өтті. Барлығы бактерияны жұқтырудан дін аман. Қала тұрғындарына айтарымыз — күнделікті үй ішін желдетіп, ылғалдандырып отыру керек, қолды мейлінше жиі жуып, суық тиюден аулақ болған жөн. Кенеттен дене қызуы көтеріліп, бас аурулары пайда болған жағдайда немесе басқа да ауру белгілері байқалса, дереу медициналық қызметкерлердің көмегіне жүгіну керек,- дейді Шолпан Садықова.
Менингит – менингококк бактериясынан пайда болатын жұқпалы ауру. Бұған қарсы екпе еліміздің ұлттық екпе күнтізбесіне енгізілмеген. Десек те кез келген адам өзін қорғау үшін ақылы түрде егіле алады. Семейде мұндай екпелер №2 қалалық аурухана мен «Гармония» емдеу мекемесінде жасалады. Бір екпенің құны шамамен 22 мың теңге тұрады. Дей тұрғанмен инфекционист дәрігерлер аурудың алдын алу мақсатында тұрғындарды гигиеналық тазалықты сақтауға, халық көп әрі тығыз шоғырланған қоғамдық жерлерде бетперде киюге, көпшілік орындарға баруды мүмкіндігінше шектеуге кеңес береді.
— Дәл қазіргі сәтте халық осы індетке алаңдаушылық білдіріп отыр. Мұны біз, инфекционистер, жақсы түсініп отырмыз. Бұл шындыққа жанаспайтын кейбір деректердің халыққа таралуынан да болар. Бізде ешқандай эпидемия жоқ. Менингит бойынша эпидемиологиялық жағдай бірқалыпты. Бірақ біз жауапкершілікті сезініп отырмыз. Себебі үрейге бой алдырған тұрғындар кез келген дене қызуымен, кез келген дене бөрткендерімен емханаларға ағылып жатыр. Түсіндіріп өтейін, менингиттің вирустық және бактериялық түрлері болады. Бүгінде бізді мазалап отырғаны – бактериялық менингит. Менингокк инфекциясы – өте қауіпті инфекция. Бірақ ауру белгілеріне дұрыстап мән беріп, уақытында дәрігерге қаралсақ, алдын алу шараларын қолдансақ, бұдан қауіптенетін ештеңе жоқ. Бұл инфекцияның жұғу көрсеткіші төмен болады. Ол тек адамдардың өте тығыз байланысы кезінде, мысалы, бір — біріне тым жақын қашықтықта тұрған адамдар қатты жөтелген кезде ғана жұғуы мүмкін. ЖРВИ, тұмаумен ауырған адам бір бөлмеде отырған маңайындағыларға инфекциясын жұқтырады, ал менингит олай жұқпайды. Сондықтан менингокк инфекциясы жағдайындағы контагендік индекс (жұғу индексі) бар-жоғы 23 пайызды құрайды. Тағы қайталап айтамын, менингокк инфекциясы эпидемия емес, оны біреу басқа жақтан алып келген жоқ. Бұл — жыл сайын қыс және көктем айларында кездесетін кәдімгі инфекция,- дейді Семей қаласының бас жұқпалы аурулар дәрігері Эльвира Исабаева.
Балалардың иммундық жүйесі ересектердікіне қарағанда әлсіз келеді. Сондықтан олар кез келген сырқатты тез қабылдауға бейім. Соның ішінде біз сөз етіп отырған инфекция да бар. Бүлдіршіндер арасындағы бұл індет баланың мазасызданып, тоқтамай жылай беруі, бірнеше рет құсып, әлсіздік байқалуы, сондай-ақ үлкен еңбегінің ісінуі, тері астындағы тіндері сезімтал келетін дене мүшелерінде (бөксе) жұлдыз тәрізді бөрткендердің пайда болуы сынды белгілер арқылы байқалады. Ал ересек адамдарда дене қызуы көтеріліп, жөтел, одан кейін бас ауруы пайда болады. Мұндай жағдайларда уақыт оздырмай, дереу ақ халаттыларға көріну керек.
Иә, қауіпті дерттің құрсауынан құтылуға болады. Тек науқас дер кезінде жедел медицина жәрдеміне жүгінсе болғаны.
Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»