Апта сәрсенбісінде Семей қаласындағы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығында екінші деңгейлі банк өкілдері және жас кәсіпкерлердің қатысуымен шағын және орта кәсіпкерлікті қаржыландыру және дамыту мәселесі бойынша Ашық есік күні өтті. Бұл күні «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» Семей қаласы филиалының мамандары тарапынан кәсіп бастаймын деген қала тұрғындарына тегін кеңес берілді.
Семей қалалық кәсіпкерлер палатасы филиалының бас маманы Рахмет Адамбаев өткізілген шараның барысы мен мақсатына тоқталды.
— Бүгін «Даму» қоры және кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп үлкен іс-шара өткізіп жатырмыз. Шара шағын және орта бизнес өкілдеріне қолдау көрсету мақсатында қолға алынып отыр. Кездесуде кәсіптерін жаңадан ашып жатқан азаматтарға бизнес әлемі туралы, несие алу және оның жеңілдіктері жайында қажетті кеңестер беріледі,- деді Рахмет Адамбаев.
Иә, қазіргі таңда шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Бұл ретте бастаған істі табысты жүзеге асыру мемлекеттің экономикалық — саяси дамуын айқындайтынын әр кәсіпкер жақсы түсінуі тиіс. Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың «Еңбек етуші халықтың 60 пайызы шағын жəне орта бизнесте жұмыс істеген кезде, Қазақстан тұрақтылыққа қол жеткізетін болады» деген сөзін кəсіпкерлік формуласы деп санауға болады. Ал осы орайда бизнесті дамыту жолында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы маңызды құрал болып отыр десек, еш қателеспейміз. Аталмыш бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде Семей қаласы кәсіпкерлік бөлімінің шағын және орта бизнес, туризм секторының меңгерушісі Әмина Сыздықова атап өтті.
— «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы шеңберінде кəсіпкерлерге қолжетімді несиелік ресурстарды алуды жеңілдету мақсатында шағын жəне орта кəсіпкерлік үшін несиелерді кепілдендіру ісі жақсы жолға қойылып келеді. Істерін енді дөңгелетіп жатқан кəсіпкерлер мен жас азаматтарды қолдау үшін кепілдендіру тетігін қолдану, гранттар санын көбейту тәсілдері тиімді іске асуда. Биыл Семей қаласы бойынша 4 кәсіпкер өз жобаларын ұсынып, 3 млн. теңгеден мемлекеттік грантты жеңіп алды. Қазіргі уақытта жобаларын сәтті жүзеге асырып отыр. Мемлекет тарапынан берілген грант иегерінің бірі — Дулат Байгутанов. Ол бүгінгі таңда сүт өнімдерін өндіруге бағытталған бизнесін бастап кетті,- деді Әмина Сыздықова.
Шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту – кез келген ел экономикасының негізі. Дамыған елдердің тəжірибелері көрсетіп отырғандай, шағын жəне орта бизнесті қалыптастыру мен дамыту экономиканы нығайту үшін қолайлы алғышарттар жасайды. Кәсіптен нәсіп табам дегендерді «Даму» қоры қолдауға әрдайым әзір. Субсидияның септігін, бағдарламаның шарапатын көргендердің қарасы көбейсе, елімізде шағын және орта бизнестің өрісі кеңейе түсері сөзсіз.
Ашық есік күні бизнеспен айналысуға бел буған қала тұрғындары көкейінде жүрген сауалдарын жолдап, кәсіпкерліктің қыр-сырын түсінуге мүмкіндік алды.
Қуандық НӘДІРБЕКҰЛЫ, Семей қаласы.