«Полиметалл» – таза аула үшін». Жарма ауданына қарасты Әуезов кентінде осындай тақырыппен биыл екінші мәрте ұйымдастырылған экологиялық сенбілік ерекше өтті. Театрландырылған шерумен басталған күзгі сенбілік шағын мерекеге айналды. Сенбілікті өзгеше етіп өткізуге «Полиметалл» компаниясына тиесілі «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорны мұрындық болды.
— Бізде бүгін экологиялық сенбілік, бұл — еңбек мерекесі. Ауылдың тазалығына атсалысуға жиналған барша қауымға компания атынан алғыс білдіремін. «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорны Қазақстанның тау-кен металлургиялық өнеркәсібінде үздік деп танылуға әбден лайық. Әуезов кенті де таза, көрікті, дамыған елді мекендер қатарынан көрінуге тиіс. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, бәріміз бір кісідей ұйымдасып, кенттің абаттандырылуына, көркейіп, гүлденуіне үлес қосуымыз керек. Иә, сенбілікке жиналғандардың арасында біздің қызметкерлер ғана емес, сонымен бірге олардың отбасы мүшелері, балалары да бар. Бұл көңіл қуантады. Еңбек мерекесі құтты болсын!- деп сенбіліктің шымылдығын ашқан «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорнының бас директоры Юрий Овчинников ауыл тұрғындарымен бірге ағаш көшеттерін отырғызуға кірісіп кетті.
Осы жылдың сәуір айында Әуезов кентінің тұрғындары жаппай көктемгі сенбілікке Өскемен драма театрының әртістерімен бірге шыққан-ды. Кеңес заманымен байланыстырылған сенбілікте Ленин образындағы театр актері жұртшылықпен бірге тазалық жұмыстарын жүргізуге атсалысқан еді. Кеңес Одағы тұсында дүниеге келген аға буын өкілдері сол шаққа қайта оралғандай күй кешсе, бұл жолғы сенбілікте қазақилықтың иісі аңқып тұрды. Семейдегі Абай атындағы музыкалы-драмалық театрының актерлері қазақтың бас ақыны Абай, ойшыл Шәкәрім, заңғар жазушы Мұхтар болып, халықпен бірге жұмылып, Әуезов кентінде ағаш отырғызды. Туған ауылдың тазалығына тамшыдай болса да үлес қосуға асыққан тұрғындар бір сәт Абай өмір сүрген сонау 19-шы ғасырға сапар шеккендей ерекше әсерде. Қолдарына бір-бір күрек пен шелек ұстап жүгірген мектеп оқушылары дара тұлғалардың бейнесін сомдаған театр актерлерімен суретке түсіп әлек. Бәрі мәз-мейрам.
— Еліміздің әрбір ауылында осындай ауқымды шаралар өткізіліп, оған шақырып жатса, қуана-қуана келеміз. Өйткені табиғат – біздің анамыз. Оны күтіп-баптау, аялау, осы дәстүрді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру аға буын алдындағы үлкен міндет деп санаймын. Мұндай шараға қатысқаныма қуаныштымын. Абай, Шәкәрім, Мұхтар — Шығыс Қазақстанға, Семейге ғана емес, бүкіл әлемге танымал тұлғалар. Адамзаттың Абайы деп тегін айтылмаған, сондықтан да сенбілікті театрландырылған көрініспен өткізудің жастарға, әсіресе мектеп оқушыларына тәрбиелік мәні зор. Өздеріңіз байқап тұрғандай, балалар сәлемін беріп, Абай атамыз деп танып, ұлы тұлғалардың өзін көргендей болып, бізбен бірге суретке түсіп жатыр. Мұның өзі балаларға жақсы тәрбие берері сөзсіз,- дейді Абайдың образын сомдаған Абай атындағы облыстық музыкалы-драма театрының актері Айтбек Тәшімбетов.
— Бүгінгі күн — біз үшін үлкен мереке. Бәріміз ұлт мақтаныштарымен бірге жүргендей сезімдеміз, бұл ерекше әсер қалдырады. Жас балалар да, еңкейген қариялар да сенбіліктің басы-қасында жүр. Жолдасым екеуіміз кішкентай ұлымызды ерте келдік. Себебі осындай игі істер жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларына сенімдімін. Орталық алаңға тал егіп жатырмыз. Енді үнемі осы жерге келіп, отырғызған ағашымызды суарып тұратын боламыз. Қайта жаңғыртылып жатқан мұндай қазақтың асар жасау дәстүрі жалғасын тауып, жиі-жиі болса деген ниеттемін,- дейді Әуезов кентінің тұрғыны Сандуғаш Баймурзина.
— Біз әрдайым осындай сенбіліктерге қуана шығамыз,- дейді Бақыршық орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Сәрсекеев. – «Тәрбие тал бесіктен» дейді ғой. Бұл, ең біріншіден, оңы мен солын енді танып келе жатқан жас жеткіншектерге тәрбие берудің бір әдісі. Мұндай игілікті істердің қаншалықты маңызды екенін ұғынған әрбір жас қоршаған ортаны ластамай, қайта, керісінше, табиғат-ананы аялау керектігін үнемі жадында ұстайтын болады. Осындай мүмкіндікті беріп отырған «Полиметалл» компаниясына, соның ішінде «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорнына ризашылығымды білдіремін. Міне, шағын мерекеге ұлымды алып келдім. Екеуіміз ағаш отырғыздық, көңіл-күйіміз тамаша. Сенбілік аяқталған соң көкпар ойыны өтеді, соны тамашалауға асықпыз.
Алтын күздің мамыражай күнінде Әуезов кентінің әр аумағында сенбілік жүрді. Мәдени шараларды өткізуге арналып салынған ашық алаң мен «Бақыршық» тау-кен кәсіпорны» ЖШС өңдеу фабрикасының аумағында төрт жүзден астам қайың, жұпаргүл, акация, бөріқарақат, дала құрмасы, шетен отырғызылды. Ал жазда мұнда гортензия гүлдері егіліп, алаң іші тіптен ажарлана түспек.
— Кентімізде «Полиметалл» компаниясы құрылғалы бері ауылымыздың ажары кірді, қарапайым жұртшылықтың тұрмысы қайта жандана түскендей. Аталған кәсіпорын ауыл тұрғындарының басым көпшілігін жұмыспен қамтып отыр, компанияның қаржылай демеушілігімен жолдар жөнделіп, көшелер абаттандырылуда,- деген «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорнының электр жабдықтарының маманы Жандос Әскерханов өзі еңбек етіп жүрген мекеме басшылығына алғыс сезімін жеткізді.
«Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорнының өңдеу фабрикасы аумағында «Полиметалл» компаниясының қызметкерлері мен республикалық, облыстық және қалалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің аллеясы пайда болды. Аллеяға отырғызылған әр талдың өз иесі бар. Әрбір ағаштың жанына орнатылған бағаналы тақтайшаларда тал иесінің аты-жөні жазылған. Біз де киелі қара шаңырақ «Семей таңы» және «Вести Семей» газеттері редакциясының атынан журналистер аллеясына тал ектік. Енді оны суару, күтіп-баптау жұмыстары өз мойнымызда.
— Бүгін отырғызылған көшеттер жылдар өткен соң жайқалып өсіп, үлкен баққа айналатынына сенімдімін. Бүгін біз Әуезов ауылын көріктендіруге үлес қостық деп білемін. Бір жағынан, журналистер аллеясының ашылуы — бізге, төртінші билік өкілдеріне көрсетілген құрмет әрі жауапкершілік. Медиааллеяға «Семей таңы» газеті» және «Вести Семей» газеті» деген белгі орнаттық. Осы кентке алдағы күндері жол түсіп жатса, аллеядан ойып тұрып орын алған ағашымызды міндетті түрде суарып кетемін,- деп ағынан жарылды «Вести Семей» газетінің аға тілшісі Жандос Қасенов.
Осылайша, біз «Полиметалл – таза аула үшін» экологиялық сенбілікке қатысып, кент тұрғындарының ауызбіршілігіне, ауылдың жыл өткен сайын жаңарып, көркейіп келе жатқанына куә болдық. Әрі осында орналасқан кен өндіру кәсіпорнының тыныс-тіршілігімен танысуға мүмкіндік алдық.
Әуезов кентінің әкімі Ержан Сәсеновтің сөзіне қарағанда, ауылдың инфрақұрылы-мын дамытуда «Полиметалл» компаниясы мен «Бақыршық» тау-кен өндіру кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айтарлықтай септігін тигізіп келеді екен. Биыл кент көшелерін абаттандыру мақсатында ауыл әкімдігі мен аталған кәсіпорын басшылығы арасында меморандумға қол қойылған. Нәтижесінде жекеменшік компания абаттандыру ісіне 106 млн. теңге бөліп отыр. Айтуынша, тау-кен өндіру мекемесі тек өз еңбеккерлерінің жағдайын жасаумен ғана айналыспайды, бұған қоса халықтың әл-ауқатын көтеретін әлеуметтік жобаларға да белсенді түрде атсалысуда. Сөзіміз дәлелді болу үшін бірер мысал келтіре кетейік. Мәселен, 1984 жылы пайдалануға берілген ашық су жинаушы, су таратқыш толықтай ауыстырылыпты. Кент тұрғындарын жылумен қамту мақсатында жеке қазандық салынған. Сондай-ақ электр желісі қазіргі заманға лайықты етіп жаңартылып, жаңа электр бекеті іске қосылыпты. Айналма жол да осы компанияның күшімен жасалып, халық игілігіне берілген.
Иә, «Бақыршық» кен орны тек бағалы металдарды игеруде ғана емес, аймақтың, әсіресе Жарма ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында елеулі үлесін қосып жатқанын айту керек. Бұл ретте тағы бір мысал келтіре кетейік, 2014-2017 жылдар аралығында қол қойылған келісімшарттар аясында әлеуметтік бағдарламаларды дамытуға 1 млрд. 890 млн. теңге инвестиция құйылған екен. Соның ішінде 35 млн. теңге демеушілік көрсетуге және материалдық қолдау білдіруге, қалғаны инфрақұрылымды дамытуға, білім және денсаулық салаларына, мәдени-бұқаралық шараларға жұмсалған. Жарма ауданына қарасты бірқатар елді мекендердің дамуына қомақты қаражат салып, инфрақұрылымын ретке келтіруде «Полиметалл» компаниясының ықпалы зор. Бұл кәсіпорын тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың бір көрінісі ғана. Ең бастысы, ел дән риза.
Бүгінде «Бақыршық» тау-кен өндіру фабрикасында 800-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың дені жергілікті тұрғындар. Кәсіпорынның тұрақты түрде жұмыс істеуіне байланысты Әуезов ауылы тұрғындарының саны да артып келеді.
Айта кетейік, «Полиметалл» — бағалы металдар өндіру бойынша көш бастап тұрған бірегей компания. Іргелі кәсіпорынның активтері, Қазақстаннан бөлек, Ресей және Армения елдерінде жұмыс істеуде. Осыдан төрт жылдай бұрын кәсіпорын жалпы құны 618,5 млн. доллар тұратын әлемдік деңгейдегі өндіру активі — «Қызыл» жобасын қабылдаған-ды. Нәтижесінде «Бақыршық» және «Большевик» кен орындары игеріле бастады. Бақыршық карьерінде кен өндіру жұмыстары 2017 жылдың екінші жарты жылдығында басталған. Алғашқы он жылда кен орны ашық түрде игеріледі. Содан кейін жер асты өңдеуге көшеді. 2018 жылға дейін кен өндірісінің күрделі жұмыстарына 70 млн-ға жуық АҚШ доллары салынған. Фабрика келер жылы толықтай іске қосылады деп күтілуде.
Естеріңізде болар, өткен жылы еліміздің Білім және ғылым министрлігінің Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарихшы ғалым Амангелді Қашқымбаев сенбілікті тек күл-қоқыс жинау шарасы ретінде емес, қазақтың ұлттық дәстүрі асар үлгісінде кеңінен өткізуді ұсынған еді. Өткен сенбіде Әуезов кентінде ұйымдастырылған шара ғалымның ұсынысына сай келетін сияқты. «Көп түкірсе — көл» дейді. Осы бір нақыл сөзді әркім назарға алатын болса, әр тұрғын асарлатып туған жердің гүлденуіне атсалысса, ұлттық санамыз өсіп, жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні бар шаралар қатары көбейе түсер еді.
Біздің ұлттық болмысымызға сай сенбілік, міне, осындай болса керек.
Жібек СЕРҒАЗЫ, «Семей таңы»