Қазіргі Ш.Уәлиханов көшесінің бойындағы №149 үй
Семей қаласының бұл тарихи ауданында көптеген сауда үйлері орналасқан. Солардың бірі — ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ басында «Торговый ряд» атанған шежірелі ғимарат. Абай заманында да халыққа қызмет көрсеткен бұл тарихи нысан өткен ғасырдың басында Семейдегі іргелі сауда үйі болған. Иесінің кім екендігі жайлы деректер кездеспеді.
Семей қалалық мұрағатында сақталған мәліметтерге сүйенсек, сауда үйі 1917 жылы жергілікті халық толқуы кезінде тоналып, бүлінген. Бұл жайында сол жылдары қалада тәулік сайын жарық көріп тұрған қала жаңалықтарынан хабардар ететін Семей губерниялық «Ведомости» газетінде көлемді мақала берілген.
Сонымен қатар қос қабатты ауқымды үйде соғыс жылдары тігін цехы орналасқаны жайлы да там-тұм деректер бар.
Аталмыш ғимарат кеңес дәуірінде де әмбебап дүкен қызметін атқарған.
Бүгінде архитектуралық келбеті еш өзгертілмеген тарихи ғимаратта сауда үйі орналасқан.
Уәлиханов көшесі 1878 жылдан 1960 жылға дейін Степная деп аталса, 1960 жылдан 1971 жылға дейін «40 лет Казахстана» аталды. Ал 1971 жылы Ш.Уәлиханов есімі берілді.
Қуаныш Жолымбет, «Семей таңы» {jcomments off}