Апта сәрсенбісі, 4 наурыз күні Достық үйінде Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Отырысқа қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов, көлік колледжі директоры Айбек Нұғымаров, Қоғамдық кеңес мүшелері және «ШҚО талдау және болжау институты» ЖШС мамандары қатысты.
ШҚО талдау және болжау институты Семей қаласы тұрғындары арасында жүргізген сауалнама нәтижесімен таныстырды. Институттың талдау, мониторинг және әлеуметтік технологиялар бөлімінің бас маманы Ольга Гайконың айтуынша, сауалнамаға семейліктердің 1%-ы қатысқан.
— 2019 жылдың басында респонденттердің 10% -дан астамы қаладан көшуге ниет білдірді. Жылдың соңында бұл көрсеткіш екі есе артып, 20,6%-ға жетті. Көшуге ниет білдіргендер жастар емес, 30 жастан асқан адамдар болып шықты. Сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам қаладағы жағдайды қалыпты деп санаса, қалғандары шаһардың болашағы жоқ деп есептейді. 2019 жыл басында респонденттердің 39,5 %-ы ғана Семейдің әлеуметтік жағдайы мен келешегі туралы жақсы пікір білдірді,- деді Ольга Гайко.
Қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов сауалнаманың кейбір нәтижесімен келіспейтінін білдірді.
— Қаланың әр ауданындағы тұрғындардың көңіл-күйлері әртүрлі. Мәселен, Жоламан кентінің тұрғындары тек негативті пікір білдіруі мүмкін. Ал орталықтағы халықтың тұрмыс жағдайы өзгеше. Және қаладағы жағдайды толық көруіміз үшін республикалық көрсеткіштермен салыстыру керек еді, — деді Бейсенбек Ақжалов.
Семей қаласының Қоғамдық кеңесінің төрайымы Зульфия Жамалтдинова қалалықтардың пікірін білу үшін тек басылымдардағы мақалаларға ғана емес, әлеуметтік желілердегі жарияланымдарға да назар аудару керек екенін айтты.
— Егер сіз әлеуметтік желілерге назар аударатын болсаңыз, бүгінде семейліктерді ет бағасы емес, радиоактивті қалдықтарды көму туралы шешім көп алаңдатады. Әрине, бұл мәселені әлеуметтік жағдайы жақсы адамдар ғана көтереді деп ойлаймын. Ал оған дейін денсаулық сақтау саласындағы мәселелер өзекті болған. Жоғарыда келтірілген сандарға күмәніміз жоқ, бірақ олар қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Әлеуметтік желілерді оқымайтын және осындай кездесулерге қатыспайтын адамдардың пікірімен келісуге болмайды,- деді Зульфия Жамалтдинова.
Айтолқын САМАТОВА, «Семей таңы»
{jcomments off}