Семейді сырт көз «дағдарыстағы қала» деп есептейді. Біздің ойымызша, бұл — облыс орталығы мәртебесінен айырылып, зауыт-фабрикалардың жұмысы тоқтап қалған кезде қалыптасқан жағымсыз имидж. Қазір семейліктердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы да, қаланың келбеті де еш өңірден кем емес. Өзіміз үшін жұмақ мекен… Облыстарды оңтайландыру саясатынан кейін қалада талай әкім ауысты. Бірі қарапайым халықпен жүре сөйлесіп, сын айтса, басы ноқтасына сыймай атырынып тұрса, ал енді бірі алдына келген қартты да, жасты да тыңдауға уақыт табатын сөзі жылы, көзі нұрлы, қабағы ашық басшы болды. Халықтан өткен сыншы жоқ. Әкімдердің жақсылығы да, кемшілігі де ел аузында…
Семейге басшылық жасаған әкімдерді қала тұрғындары бүгін әр қырынан еске алады. Көше атауларын өзінің (көзі тірісі мен о дүниелік болғаны аралас) достарының құрметіне атап, бөліске салғаны мен Желтоқсан оқиғасы кезінде елінің тәуелсіздігін аңсаған қазақ жастарын жазықсыз жазалап, сотталуына ұйытқы болған республиканың бұрынғы бас прокуроры Ғалым Елемесовке көше беріп, айды аспанға бірақ шығарған әкімдер ел есінде ұзақ уақыт сақталатын сияқты. Сол көше атауына ие болғандардың қатарында еліміз Тәуелсіздігін алғаннан кейін тарихи отанына оралып, Қазақстанды жамандап кітап жазған Морозов та бар. Ол кезде көзі тірі.
Міне, сол көшелердің атауын қайта ауыстыру, бұрынғы әкімдердің қателігін түзеп, лайықты тұлғаларға беру жұмысы бүгін оңай болмай отырғаны оқырмандарымызға белгілі.
Ермак Сәлімовтің Семейге басшылыққа тағайындалғанына да таяуда 5 жыл толды.
2015 жылдың 15 маусымы күні Семей қаласының әкімі ауысқан сәт есімізде. Алғашқыда қазақтың рухани–мәдени астанасы аталып жүрген, азаттықты аңсаған ұлт зиялыларының асқақ армандарына қанат бітірген текті топыраққа «орысша білмесең, нан тауып жей алмайсың» дейтін қағидамен өскен азаматтың басшылыққа келгендігін «қалай болар екен…» деген күдікпен қарсы алған халықтың аз болмағандығын да жасырмаймыз. Дәл сол кезде идеология саласына жауапты орынбасары да ( Надежда Шарова ) басқа ұлттың өкілі болатын. Арада жарты жылдай уақыт өткенде Ермак Бидахметұлымен сұхбаттасудың сәті түсті. Аз уақыттың ішінде ана тілінде еркін сөйлеуге қол жеткізгенін аңғармай қалу мүмкін емес еді. Шұрайлы тілмен сөйлейтін шежіре қарттарды тыңдауды ұнататынын да сол жолы сөз арасында айтып қалған әкімнің жұмыс үстеліндегі «Абайдың қара сөздері» де назарымыздан тыс қалмаған…
Сонымен, Ермак Сәлімов басшылық жасаған 5 жыл қалаға қандай өзгеріс әкелді?
Семей қаласының тарихы бір кездері Ресей әскерлерінің ат қорасы, миссионерлерінің тұрағы болған бекіністен басталатынын, сол орындағы бүгін «Старая крепость» аталатын ауылды шаһарға қосып, Семипалатинскінің 300 жылдығын тойлау қажеттігін айтып желіккен топты тоқтату оңай болмаған. Дегенмен Ермак Бидахметұлы қаланың тарихы І Петрдің Ертіс бойына бекіністер салу туралы жарлығы шыққан 1718 жылдан басталады деп даурыққандардың аптығын баса білді. Өгізді де өлтірмеді, арбаны да сындырмады… Ұлтаралық қатынастан да жік шығармай, өзінің сабырлы да салмақты мінезімен арнасынан асып, ілік іздеп тұрғандарды сабасына түсірген. Жергілікті ұлт жанашырлары Семей қаласы әкімінің сол ісін ЕРМАКТЫҢ ЕРЛІГІ деп бағалаған болатын.
Оңтайландыру саясаты тұсында Семей Шығыс Қазақстанға қосылып, өзінің дербес облыс мәртебесін жоғалтып алғаннан бері өз басым Өскемен мен Семейдің даму деңгейін әр қырынан салыстырумен келемін. Әсіресе Семейден Өскеменге немесе Өскеменнен елге оралғанда туған қаламыз Семейдің сұрғылт тартқан келбеті көңілімізді құлазытатын сәттер болып тұрады. Өскеменде қысы-жазы шүмектен сылдырап ағып тұрған ыстық су біздің қаламыз үшін қол жетпес арман болатын. Өйткені Семейде ыстық су от жағу маусымымен бірге көзден бұлбұл ұшатын да, тұрғындар ала жаздай АRISTON электр су жылытқыштың көмегіне жүгінетін. Семейліктер соңғы жылдары оны ұмытты. Қазір жыл он екі ай ыстық су бар. Бұл – қалалықтардың Ермак Сәлімов басшылық жасап тұрған уақытта қол жеткізген игілігі.
Ұлт көсемі, Қазақ мемлекетінің тұңғыш басшысы Әлихан Бөкейхан — тарихтан әлі де өзінің толыққанды орнын ала алмай келе жатқан тұлға. Семей Алаштың отаны деп қанша көкірек кергенімізбен, ұлт азаттығы жолында құрбан болған ардақтыларымызға қойылған бір дұрыс ескерткіштің жоқтығы елдігімізге сын, намысымызға мін болып жүрген мәселелердің қатарында еді… Алаш қозғалысының 100 жылдығы құрметіне Семей қаласында Әлихан Бөкейханға ескерткіш қойылды. Азаттық идеясы туған шаһарға тәуелсіздікті аңсаған Алаш арыстарының рухы қайта оралды. Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Әлихан Бөкейханға орнатылған ескерткішінің ашылу салтанатына, зиялы қауым өкілдерімен бірге, республика және облыстың түкпір-түкпірінен азаттықтың қадірін білетін қауым келіп қатысқан болатын. Айтпақшы, «Әлихан сияқты ұлт көсемінің ескерткішіне қаланың қай жері лайықты?» деген сұрақ бойынша қала әкімінің бастамасымен арнайы құрылған комиссия шаһарда сол кезде әлі аты өзгермеген Ленин көшесіне таңдау жасаған. Сөйтіп, ұлт көсеміне арналған үлкен ескерткіш елімізде тұңғыш рет Семейде, Алаштың азат ойлы зиялыларының басын қосқан топырақта бой көтерді. Қоладан қашалған мүсінді әзірлеуге және орнатуға жергілікті бюджеттен 31 млн 987 мың теңге бөлінген болатын. Қызыл коммунистердің «күн көсемінің» атындағы көшеде оң қолына асық ұстап, алысқа ойлана көз тастап тұрған Әлихан Бөкейхан көп кешікпей Ленинді ығыстырып, өздері армандап көре алмай кеткен егемен еліндегі Мәңгілік ел көшесінің атауына ие болған.
Осы іс-шара барысында Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің базасында ғылыми — танымдық конференция өткізілді, «Алаш арыстары – М.Әуезов» мұражайының жаңа экспозициясы ашылды, 1917 жылы алғашқы саны жарық көрген алаш баспасөзі «Сарыарқа» — бүгінгі «Семей таңы» газеті ғасыр жасын атап өтті. Міне, осы игілікті істерді жүзеге асыруда, қазақ елі үшін маңызы зор шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған — Ермак Сәлімов. Ұзақ жылдар бойы тәуелсіз қазақ елінің тарихынан өзіне лайықты орнын ала алмай, атаусыз қалып келген, кеңестік Қазақ Республикасының мемлекеттік әнұранына мәтін жазған ақын:
Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған,
Бостандық өмір мен ар үшін қиған жан,—
деген жолдардың авторы, белгілі абайтанушы Қайым Мұхамедхановтың атына көше берілуіне Ермак Сәлімовтің ықпалы зор болғанын ұмытуға болмайды.
Ермак Сәлімов басшылық жасаған бес жылда Семейде көше атауларын қазақыландыру ісі белсенді жүргізілді. Қалалық әкімдік пен мәслихаттың халықпен бірге өткізген қоғамдық тыңдаулары нәтижесінде Ленин көшесі — Мәңгілік Ел, Полковничий аралы – Бейбітшілік аралы, Интернационал көшесі — Қайым Мұхамедханов, Дальняя — Зәкария Белібаев, Крупская көшесі – Әзілхан Нұршайықов, Строительная — Тұрсынғазы Рахимов көшесі болып өзгерді. Айтпақшы, есімі жылдар бойы елеусіз қалып келген жерлесіміз, Абай ауданы Арқат ауылында туған, Ұлы Отан соғысы басталғанда өз еркімен майданға аттанып, Белорусь, Литва, Польша, Германия жерлерін азат ету ұрыстарына қатысып, 1945 жылы 27 сәуірде Гиденбург қаласы үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапқан қазақтың батыр қызы Баян Байғожина атындағы көше де Семейде пайда болды. Бұл орайда қала басшысының «Көшелер ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың атымен аталуы керек» деген ұстанымының ықпалы зор болғандығын да есте ұстауымыз қажет. Семей қаласындағы Ленин көшесінің атауының Мәңгілік Ел болып ауысу оқиғасы жеке тоқтай кетуді қажет етеді деп ойлаймыз. Өйткені бұл Алаш қайраткерлерінің рухына тағзым еткен, рухани астананың халқына үлкен қуаныш сыйлаған күн болды. Бұл көшенің бойында бір кездері Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш қайраткерлері жиі бас қосқан Бостандық үйі, қазіргі облыстық өлкетану музейі қоныстанған ғимарат тұр. Бұл көшенің бойында Әлихан Бөкейхановтың ескерткіші тұр. Лениннің орнын Мәңгілік Ел атауының алмастыруы жүрегі «қазақ» деп соғатын әр адамға зор қуаныш сыйлаған күн болды.
Семейге Ермак Сәлімов басшылыққа келгенде қала тұрғындарының коммуналдық қызметке, нақты айтқанда жылу мен суға қарызы өте көп болатын. Қызметке жаңа кіріскен қала әкімі қарызы қордаланып қалған пәтерлерді аралап, тиісті сала басшыларымен бірге өзі барып әңгіме жүргізгенін көрген біреулер таң-тамаша болса, ал қайсыбіреулер басшының қарапайымдығы мен жұмысқа деген жауапкершілігін лайықты бағалады. Сол еңбек еш болған жоқ. Қала тұрғындарының дебиторлық қарызының қысқа мерзімде жиналуына әкімнің еңбегі зор болып, 2016 жылдың қысына қысылмай кіруге мүмкіндік жасалды.
Семей қаласындағы халықаралық әуежай қайта жаңғыртылып, қазақтың бас ақынының құрметіне Абай атын иеленді. FlyArystan әуе компаниясының Нұр-Сұлтан — Семей бағытындағы алғашқы рейсі тұңғыш рет Семей әуежайына келіп қонды. Бұл бағытта 180 орындық заманауи Airbus A320 әуе кемелері күн сайын тұрақты түрде қатынайтын болды.
Ұшақтар кентінде жаңа №49 мектеп пайдалануға берілді.
Сәлімов Семейге басшылық жасаған жылдарда қаланың жаңа тынысы ашылды деп айтуға негіз боларлық оқиғалар жетерлік. Имандылыққа бет бұрған қауым үшін бірнеше жаңа мешіт бой көтерді. Семейдің Шығыс кентінде, халық аузында Дальний деп аталатын қала аумағында және Суықбастауда жаңа мешіт пайдалануға берілді. Семейдегі сақалды құрылысқа айналған, бүгінгі таңда аяқталуға таяу ЖАҢА МЕШІТ құрылысына инвестор тапқан да бүгінгі қала әкімі.
Қазақстан полициясының 25 жылдығы қарсаңында семейлік тәртіп сақшылары үлкен сыйға ие болды. Қалалық ІІБ-на қарасты Затон полиция бөліміне жаңа әкімшілік ғимарат беріліп, 50–ден астам су жаңа автокөліктің кілттері табысталды.
Семей қаласының болашағынан хабар беретін Қарағайлы ықшам ауданында соңғы жылдары құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Жаңа мөлтек ауданда қаланың бас жоспарына сәйкес бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандар, көп қабатты үйлер – Семейдің қанатын кеңге жайып келе жатқандығының бір айғағы. Қарағайлының тұрғындары, негізінен, көп балалы және жас жанұялар болғандықтан, 5 балабақша салу жоспарда бар. Олардың бірі — 320 орындық бүлдіршіндер мекені пайдалануға берілді. Келер жылы Қарағайлыда 1200 орындық мектеп құрылысы да басталмақ. Өткен жылы 206 жанұя осы мөлтек ауданда қоныс тойын тойлады.
Жаңа ықшам ауданда қазіргі күнде құрылыс жұмысы қызып тұр. Ермак Сәлімов басшылық жасаған 5 жылда баспана тауқыметін тартқан талай көп балалы жанұя, қоғамның қолдауды қажет ететін тобы, дәрігер, мұғалім сияқты мамандық иелері пәтер алды. Осы жаңа ауданда орналасқан Назарбаев интеллектуалдық мектебінде 700-ге тарта оқушы заманауи ғимаратта білім алуда. Қаладан шеткері орналасқан Қарағайлыға қатынайтын қоғамдық көлік мәселесінде кедергі жоқ.
Қарағайлы туралы сөз қозғалғанда, алып ғимарат — спорттық — мәдени кешен туралы айтпай кетуге болмайды. Өткен 2019 жылы, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында, Қарағайлы ықшам ауданында 5 мың орындық бірегей мәдени-спорт кешені пайдалануға берілген болатын. 5 жүзу бассейні, спорттың 19 түрі бойынша жаттығу залдары, кинозал, тағы да басқа қызмет көрсету мүмкіндігі жасалған кешенге тең келетін нысанның кез келген облыс орталығында жоқ екендігін мойындауымыз керек. Нысанның ашылуына ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, облыс әкімі Даниал Ахметов қатысты. Осы күні аталған ауданда салынған жаңа тұрғын үйлерден үй кезегінде тұрған көп балалы және қоғамның қолдауды қажет ететін тобына жататын 40 отбасы тағы да баспаналы болу бақытына ие болған еді.
Ермак Сәлімов басшылық жасаған жылдары қаламызда денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінді. Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем көрсету ауруханасында республикамыз бойынша тұңғыш рет гибридті операция жасау залы салтанатты түрде ашылды. Бұрынғы Жедел медициналық жәрдем ауруханасы ғимараты Семей Перинаталдық орталығына берілді. Осы іс-шара өткен күні облыс әкімі Даниал Ахметов кезекті іссапармен қаламызға келіп, 15 медицина қызметкеріне пәтер кілттерін тапсырғанын да көпшілік ұмыта қойған жоқ.
Ертіс жағалауындағы абаттандыру жұмыстары мәресіне жетіп, қала тұрғындары жаңа субұрқақтың ашылуын тамашалады. Шаһардың көркіне көрік қосқан жағалау — бұл күндері семейліктердің сүйікті демалыс орны.
Семейдегі қоғамдық көліктердің жұмысын оңтайландыру мақсатында қала әкімі Ермак Сәлімовтің бастамасымен «Көлік және коммуникация ғылыми-зерттеу институты» ЖШС қызметкерлері жаңа жоба жасады. Қала көшелеріндегі тозығы жеткен автобустардың орнын «СемАз» автоқұрастыру зауытында дайындалған жаңа көліктер алмастырды. Халаққа ыңғайлы болу үшін көліктерде электронды билет жүйесі іске қосылды.
Жылдар бойы жөндеу көрмеген талай көшелер жөнделді. Еліміз тәуелсіздігін алған жылдардан бері жұмысы тоқтап, қараусыз жатқан жүн өңдеу фабрикасының Мәдениет үйінің жөнделуіне инвестор тауып, ретке келтіру жұмысы қолға алынды.
Ермак Сәлімовтің Семейге басшылыққа келгеніне таяуда 5 жыл толды. Әлемді жайлаған індеттің салдарынан қала басшысының бізге сұхбат беруге уақыты жоқ екендігін білгендіктен, қолқа салмадық. Біздің айтарымыз: Ермак Бидахметұлы — осы жылдар ішінде өз міндетін халықпен ақылдасып, елмен етене араласа жүріп лайықты атқаруға тырысып жүрген басшы. Әрине, бұл орайда облыс басшысы Даниал Ахметовтің де қолдауы аз емес.
Семей бүгін Абайдың 175 жылдығына дайындық үстінде. Абай атындағы театр, Абай мұражайы, Абай атындағы кітапхана, Абай алаңы, Абай көшесі түгелдей күрделі жөндеуден өтуде. Бұл жұмыстардың әр сәті Ермак Бидахметұлының жіті бақылауында. Алыс–жақыннан жиналатын қонақтарды қазақтың рухани астанасы сән-салтанатымен қарсы алуы керек. Әлемді жайлаған індеттің де Семейде өршіп тұрғаны қала әкіміне оңай болып тұрмағаны анық. Дегенмен тәжірибелі басшының жетекшілігімен бұл жұмыстардың мерзімінде, ойдағыдай орындалатынына күмән жоқ.
Түрлі құбылыстарға толы кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Сындарлы сәтте басшылардың ел алдындағы міндеттері бұрынғыдан да күрделеніп, «елім» деген азаматтарға артылар жүктің салмағы ауырлай түскені анық. Ұлт мүддесі мен ел тағдырын қатар алып жүру оңай емес. Ермак Сәлімов жайлы да ел арасында әр түрлі пікірлердің болуы заңдылық. Ардақты оқырман, біз бүгін Семей қаласын соңғы бес жылдан бері басқарып келе жатқан әкім жұмысының ұмыт бола бастаған сәттерін естеріңізге сала отырып, шолу жасадық. Артық мақтаудан ада, нақты деректерге сүйенгенімізді байқаған боларсыздар. Ең бастысы, біз білетін Ермак Бидахметұлы шіренген шенді емес, халыққа ілтипатты басшылардың қатарына жатады. Ал бүгінгідей күрделі уақытта әкімнің халқына жақын болуы аса маңызды.
Риза АСАНҚЫЗЫ
{jcomments off}