Елбасының Жарлығы бойынша үстіміздегі жылдың 2 сәуірінен келер жылдың 1 қаңтарына дейінгі аралықта шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпкерлерді орынсыз тексеруге мораторий жарияланды. Осы тақырып тұрғысында 1 сәуір күні Қазақстан Теміржол ұлттық компаниясы АҚ филиалының Семей жол бөлімшесі мекемесінде тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы мен Семей көлік прокуратурасының бірлесіп ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.
Жиынға, ШҚО кәсіпкерлер палатасының Семей қаласындағы филиалының директоры Ардақ Әділжанов сондай-ақ, Қазақстан Теміржол ұлттық компаниясы АҚ филиалы бөлімшелерінің қызметкерлері мен құқыққорғау органдарының қызметкерлері және кәсіпкерлер қатысты.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, осы уақытқа дейін кәсіпкерлерге жылына 200 мыңнан астам тексерістер жүргізіліп келген. Сараптама жұмыстарына сәйкес, тексерістердің 62 мыңы санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы, 16 мыңы өрт сөндірушілер, ал, 25 мыңы салық басқармасы мекемесі тарапынан болатын көрінеді.
Семей көлік прокуроры Әсет Төлегенов мораторий кәсіпкерліктің дамуы үшін жасалып отырғандығын, алайда, кәсіпкерлер де барлық заңдылықтарды сақтап, заң шеңберінен аспауы қажет екендігін айтады. Мораторий кезінде орынсыз тексеріс болмағанымен, егер еліміздің Бас прокуроры келісім берген жағдайда құзырлы мекемелер тексеріс жүргізуге құқылы болмақ.
Кезегі келгенде сөз алған тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Гүлия Кембаева да аталмыш мораторий кәсібін дөңгелетіп отырғандардың пайдасына шешілетіндігін атап өтті.
— Қай жерде тұтынушылардың құқығы бұзылса, сол жерде міндетті түрде тексеріс жүргізілетін болады. Сонымен қатар, кәсіпкерлерге сақтандыру баламасы ұсынылады. Егер бизнесіне сақтандыру жасаған жағдайда тексеріс жүргізілмейді. Бірақ, оның ақысы төленеді. Бұл бір жағынан кәсіпкердің жауапкершілігін де күшейтеді. Өйткені, бәсекелестік бар жерде саудагерлер тұтынушылардың көңілінен шығу үшін жұмыс жасайды. Сондықтан, олар өзіне-өзі қастық жасамайтыны белгілі, — дейді Гүлия Серікханқызы.
{jcomments on}Ал, ШҚО кәсіпкерлер палатасының Семей қаласындағы филиалының директоры Ардақ Әділжанов:
— Бұл мораторий кәсіпкерлерге өз қызметтерін өздері бақылауға мүмкіндік жасап отыр. Алайда, кәсіп иелері тарапынан қандай да бір құқықбұзушылық болып, ол туралы өзге де мекемелерден, жеке адамдардан шағым түссе және ол жайында баспасөз беттерінде расталған жағдайда тексеріс міндетті түрде жүргізілетін болады. Демек, жауапкершілік деңгейі жоғары болмақ. Егер осындай жолдармен тексеріс болған жағдайда кәсіпкер әкімшілік және қылмыс-тық заңдылық төңірегінде қатаң жауап беруі мүмкін, — дейді.
Сонымен қатар, жиын барысында кәсіпкерлер қордаланып қалған мәселелерін айтты. Семей көлік прокуроры мен ШҚО кәсіпкерлер палатасының Семей қаласындағы филиалының директорынан сол мәселелерін қалай шешу керектігін сұрады. Әсет Маратұлы сөз арасында кәсіпкерлер құқығын қорғау мақсатында арнайы топтың жұмыс жасап жатқандығын да айтып өтті.
Нұрдәулет КӘКІШЕВ,
«Семей таңы»