Семей
Жақында Семей қаласының әкімі Бақытжан Байахметов Восход кентінің тұрғындарымен кездесті. Қала басшысы аталған кент тұрғындарымен алғаш рет жүздесіп отырған жоқ. Шілде айында, қала әкімі лауазымына тағайындалғаннан кейін бірнеше күн өткен соң, қаланың шеткі аймақтарының тұрғындармен, соның ішінде Восход кенті халқымен де кездесу өткізген болатын.
Кенттегі сол уақытта бос тұрған мектеп алдындағы орында жаңа балалар ойын алаңы мен футбол алаңы салынып, пайдалануға беріліп отыр. Бұл жолы Бақытжан Кәкенқажыұлы балалар ойын алаңы мен футбол алаңының ашылуына қатысқалы келіп отыр. Тұрғындар әкімге уәдесінде тұрғаны үшін, жалпы, атқарған жұмысы үшін алғыстарын білдірді.
Жаңа нысандардың лентасын ұрпақтар сабақтастығының белгісі ретінде кенттің байырғы тұрғыны мен жергілікті мектеп оқушысы қиды.
— Адамдардың жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдайды жасау қажет. Бірнеше мемлекеттік бағдарламалар, сондай-ақ біздің жоспарлы жұмыстарымыз бар, оларды іске асыру өмір сүру үшін неғұрлым қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік береді. Сіздерді Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймын!- деді Бақытжан Байахметов.
Восход кентінде көптеген жылдар бойы көше жарығы болмаған, жолдардың сапасы да нашар еді. Тұрақты автобус қатынасы да болмады. Енді, міне, тұрғындардың тілегі орындалып отыр. Бірнеше ай бұрын қалаға апаратын орталық жол асфальтталып, жол бойына көше шамдары орнатылды. Күзде кентішілік көшелерді тегістеу жұмыстары басталды.
— Кентті қамқорлығыңызға алғаныңыз үшін алғысымды білдіргім келеді. Біз қала бюджеті шексіз емес екенін жақсы түсінеміз, бәріне бірдей қаржы жетпейді. Дегенмен сіз жолдарды жөндеуге, жарық орнатуға, балалар ойын алаңын, футбол алаңын салуға қаражат таптыңыз. Сізге рақмет!- деді кент тұрғыны.
Әрине, әлі шешілмеген түйткілдер бар. Кенттің басқа көшелеріне жарықтандыру орнату, кентішілік жолдарды жөндеу, сумен жабдықтау және қазандық мәселелері шешімін күтуде.
Шаһар басшысы Бақытжан Байахметов тұрғындарға бұл мәселелер қалай және қандай мерзімде шешілетінін егжей-тегжейлі айтып берді. Сонымен бірге халықтан тексерілген ақпаратқа ғана сенуді сұрады. Жергілікті атқарушы билік ешқашан жалған сөйлеген емес, алдағы уақытта да солай болады.
— Міне кенттің қалаға апаратын ең ұзын жолы. Оның ұзындығы 14 шақырым. Мен сіздерге алдыңғы кездесуде уәде бергенімдей, жол толығымен асфальтталып, жарықтандырылды. Бұған жұмсалған қаражатқа біз қала орталығындағы бірнеше көшені бірден жөндеп, абаттандыра алар едік. Бірақ сіздердің тілектеріңізді, қалаға дейінгі қашықтықты ескере отырып, біз күш-жігерімізді осы жерге шоғырландырдық. Осындай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады, — деді Семей қаласының әкімі.
Осы орайда айта кететін жайт, жаңа футбол алаңы дер кезінде ашылып отыр. Семейде балалар футболы мен кәсіби футболды жандандыру жоспарлануда. Жақында қаладағы мектептер, колледждер мен ұжымдар арасында іріктеу жарыстары басталады. Спортшылардың жаттығулары үшін осындай алаңдар қажет болады.
Семей қалалық ішкі саясат бөлімі