Бақытжан Кәкенқажыұлы коммуналдық қызмет мекемелеріне күшейтілген режимде жұмыс істеуді тапсырды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Байахметов 11 қаңтар күні мекеме басшыларымен өткен жедел кеңесте айтты.
«Диспетчерлер уақтылы тұрғындардың қоңырауларын қабылдап, туындаған мәселелерді жою керек»,- деді қала әкімі.
Жиын барысында газбен қамтамасыз ету тақырыбы да талқыланды. Қалада газ құятын 11 ұйым жұмыс істейді.
— Автокөлік жүргізушілеріне арналған газ 60 теңгені құрайды. Ал тұрмыстық газ баллоны 1700-2500 теңгеден сатылады. Қала бойынша, барлығы 88 ГРУ (газ тарату қондырғылары) бар.
Семейдегі барлық сауда орындарында азық-түлік пен дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ. Баға да қатаң бақылауға алынған.
— Семейде бір жарым мыңға жуық дүкендер, супермаркеттер, дәмханалар, мейрамханалар, базарлар жұмыс істейді. Олардың барлығы штаттық режимде қызмет көрсетуде. Алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынған,- деді қала әкімі Бақытжан Байахметов.
Мамандар сауда орындарында баға тұрақты екенін айтты. Төтенше жағдай режиміне байланысты барлық жерде алкогольді өнімдерді сатуға тыйым салынған.
Қаланың фармацевт дәрігерлері қазіргі таңда барлық дәрі-дәрмек жеткілікті екенін, баға мен сапа жіті бақылауға алынғанын айтады. Өнімдерді жеткізу бойынша ешқандай іркіліс жоқ.
Елімізде орын алған саяси ахуалға байланысты әр өңірде азық-түлік бағасына да бақылау жүргізілуде. Семейде азық-түлік тапшылығы жоқ. Қала бойынша жалпы жиыны 17 супермаркет жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар қолжетімді.
Қала әкімі Бақытжан Байахметовтің тапсырмасына сәйкес, әлеуметтік дүкендердің жұмысы да ерекше бақылауға алынған. 10 арнайы дүңгіршек пен 20 дүкен үздіксіз жұмыс істеп тұр. Онда тұрақтандыру қорынан өнімдер уақтылы жеткізіледі. Мысалы, пияз, қырыққабат, сәбіз және картоптың бір келісі 82 теңге, ал жұмыртқа 33 теңгеден сатылады.
Сонымен қатар ауыл шаруашылығы саласындағы мекемелердің жұмыстары да тұрақты. Сүт, ұн, ет өндіруде ешқандай іркіліс жоқ. Тауарлар базарларға жоспарға сәйкес жеткізілуде. Сауда нысандары азық-түлікпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілген.
Айта кетейік, облыс бойынша коменданттық сағатты сақтай отырып, аймақтағы барлық кәсіпорындар, дүкендер, дәріханалар мен медициналық мекемелер, наубайханалар штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
А.САМАТОВА,
«Семей таңы»