Облысымызда ауылдық елді мекендерді дамыту үшін барлық жағдай жасалуда. Бұл орайда әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жаңғырту жұмыстары «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.
Аталмыш жоба өмір сүру жағдайын жақсартуға және нысандарды өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес келтіруге бағытталған. Облыста 116 тірек, 223 спутниктік ауылдар мен кенттерде осы жоба аясында жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтсақ, 2019 — 2020 жылдары аймақта 20 тірек ауылда 10 млрд теңгеден астам сомаға 56 жоба іске асырылыпты. Осылайша, ауылда өмір сүру сапасын жақсарту 107 мың адамды қамтыды. Жобаға сәйкес, 9 әлеуметтік нысан салынып, 32 нысан жөндеуден өтті. 150 шақырым кентішілік жолдар жөнделді. Жүзеге асырылған жобалардың нәтижесінде 784 адам жұмыспен қамтылды.
Ал ағымдағы жылы 44 тірек және спутниктік ауылдарда 93 жобаны іске асыруға 9 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Мәселен, елді мекендерде 4 нысанның құрылысы басталды. Осыған дейін денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет салалары бойынша 13 әлеуметтік нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. 32 ауылдың көшелері жарықтандырылып, 156 шақырым кентішілік жолдар жөнделген.
Өткен жылы 81 жоба аяқталды. Абай ауданының ауылдарында көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, көше жарығы орнатылды. Тағы бір айта кетер жайт, Аягөз ауданындағы Мамырсу ауылында дәрігерлік амбулатория ғимараты мен көшелер жөнделді. Бесқарағай ауданында алты көше жолдары орташа жөндеуден өтіп, үш көшеде жаңа жарықтандыру тартылды. Осындай жұмыстар Бородулиха, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Шемонаиха аудандарында және Риддер қаласында жүргізілді.
Сонымен қатар Катонқарағай орталық аудандық ауруханасы және аудандағы басқа да ауылдық медициналық пункттер күрделі жөндеуден өтті. Ұлан орталық аудандық ауруханасында, сондай-ақ Тарбағатай ауданының Маңырақ ауылында дәрігерлік амбулатория ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Тарбағатай ауданындағы Көкжыра ауылында «Асыл» бөбекжайы жаңартылды. Қабанбай ауылындағы Қ.Тоғысов атындағы орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Үржар ауданында үш орта мектеп жөнделіп, спорт модулі салынды. Көкпекті ауданының Самар ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынды.
Қалған 12 жоба биылғы жылы жалғасын таппақ. Бұл жбалар аясында алты дене шынықтыру кешенінің, спорт модулінің, үш ауылдық клубтың құрылысын аяқтап, екі мектепке күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.
Өз тілшіміз