АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ҚУАТТЫ ЭКОНОМИКА БАСТАУЫ
Мемлекет басшысы Президент 1 қыркүйектегі Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі» екенін атап өтті. осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететіне тоқтала келе, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет екенін айтып, бұл стратегиялық міндет екенін ескертті.
«БИДАЙ МЕН МАЛ САТЫП ОТЫРАТЫН ЗАМАН ЕМЕС»
Экономист мамандардың айтуынша, ауыл шаруашылығы өндірушілерін дамытудағы негізгі проблемалардың бірі қаржыға қол жеткізу болып қала береді. Бұл фактіні өндірушілердің өздері де, сарапшылар да, халықаралық институттар да растайды. Ауыл шаруашылығы өндірісін және қайта өңдеуді дамыту үшін ынталандыратын факторлардың бірі субсидия екені талас тудырмайды. Бүгінде еліміздегі электрондық үкіметтің eGov. kz порталындағы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары басшыларының блог-тұғырнамасын еш қиындықсыз қарап, ашық деректерді пайдалануға толық мүмкіндік бар. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрінің атына жыл басынан бүгінгі күнге дейін келіп түскен 270 өтініштің 25 пайызы субсидияға қатысты екен. Бұдан аталған мәселенің барлық өңірде өзекті екенін байқауға болады. «Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек»,– деді бұл орайда Мемлекет басшысы өз Жолдауында. Ендеше, Ауыл шаруашылығының аяғына тұсау болып тұрған субсидия мәселесі Шығыс Қазақстан облысының өңірлерінде қалай шешімін табуда?
ИНВЕСТИЦИЯНЫ ТАРТУ ЖОЛҒА ҚОЙЫЛҒАН
Сала мамандары Алтай ауданында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, тұқымдық түрлендіру, өнім өндіру үшін субсидиялау жақсы жолға қойылғанын айтуда. Осы жылдың алты айында ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша 26,1 млн теңге субсидия алынған. Тамыз айындағы жағдай бойынша, бюджет қаражатынан 1 млрд 228 млн теңге субсидия, оның ішінде тұқым шаруашылығын қолдауға – 195,8 млн теңге, минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға – 441,1 млн теңге, гербицидтердің құнын арзандатуға – 201,1 млн теңге, инвестсубсидияға 389,6 млн теңге бөлінген. Аудан бойынша 2022-2025 жылдары жалпы сомасы 5,0 млрд теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарда тұр. Біріншісі – «Мойылды-Байқоңыр» ЖШС-нің Полянское ауылындағы құны 4,5 млрд теңге болатын, жобалық қуаты жылына 6 мың тонна сүт өңдейтін 1 мың басқа арналған сүт фермасының құрылысы, екіншісі – «Шығыс-Найман» ЖШС-нің өсімдік шаруашылығы саласындағы жобасы, элеваторда 500 млн теңге сомаға әрқайсысының қуаты 5 мың тонна (барлығы 10 мың тонна) болатын қосымша екі сүрлем шұңқырының құрылысы жүзеге асырылуда. Кәсіпорын ауыл шаруашылығы өнімдерін (зәйтүн, дәнді дақылдар) қабылдауға, сақтау, өңдеу, кептіру, жөнелту жұмыстарын жүргізуге маманданған. Глубокое ауданының ауыл шаруашылығы құрылымдарына жыл басынан бері мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілген. Мәселен, осы жылдың 7 айында субсидия түрінде 2342,2 млн теңге қарастырылған. Салалар бойынша бөліп, сандарды сөйлететін болсақ, өсімдік шаруашылығын дамытуға – 737,7 млн теңге, оның ішінде тұқым шаруашылығын дамытуға – 121,9 млн теңге, минералды тыңайтқыштарды арзандатуға – 290,4 млн теңге, гербицидтерді арзандатуға – 325,4 млн теңге бөлінген, ал ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау үшін мал шаруашылығы өнімінің құны 715 млн теңгені құраса, инвестициялық субсидия 563,9 млн теңге болған. Биыл ауданда құны 3 млрд теңгені құрайтын «Веселовка ауылында астық сақтау қоймасының құрылысы», жоба құны 1,2 млрд теңге болатын «Малоубинка ауылында сақтаумен қатар, астық кептіру кешенін жаңғырту» сынды АӨК инвестициялық жобалары іске асырылуда. Сондай-ақ «Altyn Shygys» ЖШС жобалық құны 28,8 млрд теңге болатын «Предгорное ауылында май экстракциялық кешенінің құрылысы» жобасын жүзеге асырмақ. 2021 жылы Күршім ауданы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша 164 430 мың теңге субсидия қаражатын, өсімдік шаруашылығы бойынша 1,1 млн теңге жеңілдетілген несие қаржысын алып, тиісті мақсаттарға жұмсаған. Күршім ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ришад Искаков 2022 жылы өтінімдер санын 105 пайызға жеткізу жоспарда тұрғанын жеткізді. «Мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде мал тұқымын түрлендіру және асылдандыруға аудан бойынша 132 шаруа қожалығы қатысуда. Субсидиялауға қатысатын мал саны – 8476 бас, бұл – ауданда тіркелген барлық аналық ірі қара мал басының 22,8 пайызы. Бүгінгі таңда 73 қожалықтың өтінімі мақұлданып, 89 млн 610 теңге субсидия төленсе, 31 шаруа қожалықтың өтінімі мақұлданып, 32 млн 854 мың теңге инвестсубсидия төленді», – деді бұл орайда Ришад Дәулетханұлы.
668 МЛН ТЕҢГЕ СУБСИДИЯ БЕРІЛДІ
Президент Жолдауында көтерілген тағы бір мәселе – фермерлерге қолдау көрсету. Бұл ретте шаруа қожалықтарына да мемлекет тарапынан түрлі субсидиялар беру қарастырылған. Елімізде Ауыл шаруашылығы министрлігімен «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары» бағдарламасы бекітілген. Тарбағатай ауданы фермерлеріне қандай жағдай жасалғаны жайлы кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысының міндетін атқарушы Дәулет Умаров айтып берді. «Субсидия – қолда асырап отырған (сиыр немесе қой) малыңызға асыл тұқымды аталық мал (асыл тұқымды бұқа немесе асыл тұқымды қошқар) қосып, тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жүргізгені үшін мемлекет тарапынан берілетін қайтарымсыз ақша. Субсидияны ірі қара, қой, жылқы шаруашылықтарына, оның ішінде сатып алынған асыл тұқымды аналық және аталық ірі қара малдарға, тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілетін ірі қара малдарына, сондай-ақ сатып алынған асыл тұқымды аналық және аталық мүйізді ұсақ малдарға, тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілетін қой малдарына, сатып алынған айғырларға, бұқашықтарды кемінде 1000 бас болатын мал бордақылау алаңдарына өткізу үшін қарастырылған. Субсидиялар отандық тауар өндірушілерге төленеді, яғни жеке және заңды тұлғаларға беріледі. 1 бас ірі қара малын сатып алғаны үшін 150 мың, 1 бас қой малын сатып алғаны үшін 15 мың, 1 бас аталық жылқы сатып алса, 100 мың, 1 бас тұқымсыз сиырға тұқымдық түрлендіру жұмысын жүргізу үшін 10 мың, асыл тұқымды сиырға 15 мың, 1 бас тұқымсыз қойдың тұқымдық түрлендіру жұмыстарына 2,5 мың, асыл тұқымды қойға 4 мың теңгенің субсидиясын беру қарастырылған», – дейді Тарбағатай ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Дәулет Жұмабекұлы. Тарбағатай – мал шаруашылығымен айналысатын аудан. Мұндағы мал басының саны жыл сайын артып келеді. Шалғайда жатқан шаруа қожалықтары маңында не мал суаратын суаттар, не өзен болмағандықтан, бұрғылап құдық қаздырып, сол арқылы малдарын өсіруде. Сондықтан ұңғыма құдықтар ауданда мал шаруашылығының дамуына үлкен үлес қосуда. «Шалғайдағы жайылымдарды суландыру, инфрақұрылымдарын дамыту және мал өсіруші шаруа қожалықтарды сумен қамтамасыз ету» құдық қазу бағдарламасы бойынша ауданымызда шаруа қожалықтары қаражаттарынан 2018 жылы – 32, 2019 жылы – 38, 2020 жылы – 26, 2021 жылы – 35, 2022 жылы 25 құдық қазылды. Қазылған құдыққа мемлекет тарапынан субсидия беру қарастырылған. Бір құдықтың суландыру көлемі 2 мың гектарға дейінгі жайылымды құрайды. Қожалық субсидиялауға өтінім берген кезде оның бір құдыққа кемінде 50 шартты ірі қара малы болуы керек. Субсидияға өтінімді Qoldau.kz сайты арқылы береді, онда шаруашылыққа тиесілі жер телімі тіркелуі шарт. Биыл 5 тамыздан бастап шаруа қожалықтарына «Қаз Агро қаржы» АҚ арқылы ешқандай алғашқы жарнасыз лизингке 6 пайызбен техника берілетін болды. Инвестициялық салымдар кезінде шыққан шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша фермерлердің лизингке және өз қаражаты есебінен сатып алған техникаларының 25 пайызын субсидиялау іске асырылуда. Сондай-ақ фермерлердің мемлекеттік бағдарламалар арқылы алған несиелерінің 10 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланып отыр, – дейді Дәулет Жұмабекұлы. Аудан фермерлеріне қолдау көрсету мақсатында «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидалары» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылдың 8 айында 668,0 млн теңге субсидия берілген, бұл өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 61 млн теңгеге артық. Ауданда қолдағы малды өсірумен қатар, асылдандыру жұмысы да жақсы жолға қойылған. 2013 жылдан бастап өңірдегі шаруа қожалықтары қолдағы сиыр малдарына асыл тұқымды бұқа сатып әкеліп қосып, тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жүргізгені үшін мемлекеттен қайтарымсыз субсидия алып отыр. 2013 жылы ауданда 52 шаруа қожалығы субсидия алса, 2022 жылы АТЖ (ИАС) бағдарламасына 440 шаруа қожалығы тіркеліп, 23 501 бас аналық ірі қара малдарына 1089 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас бұқасын қосып, тұқымдық түрлендіру жұмыстары жүргізілген. 2022 жылы асыл тұқымды мал басын өсіретін 25 шаруашылық тіркелген. Оның 5-і жылқы (788 бас, барлық жылқы малының 3,4 %-ы), 5-і қой (12 631 бас, барлық қой малынан 6,7 %), 15-і ірі қара (9 844 бас, барлық ірі қара малынан 8,7%) өсірумен айналысады. 2022 жылы мал шаруашылығы бойынша алынған барлық субсидия көлемі 800,0 млн теңгені құрады, бұл – көрсеткіш өткен кезеңмен салыстырғанда 110 пайызға өсті деген сөз. Аталған субсидия асыл тұқымды бұқа және құнажын сатып алғаны үшін және тұқымдық түрлендіруге қатысатын тауарлы және асыл тұқымды ірі қараның аналық бастарына, сондай-ақ тауарлы және асыл тұқымды қой малдарының аналық бастарына жүргізілетін тұқымдық түрлендіру жұмыстарына, сатып алынған асыл тұқымды қой және жылқы малдарына берілді. Ауданда осы жарты жылда ірі қара мал 112,5 мың басты (өткен жылмен салыстырғанда 109,2%- ға өскен), қой мен ешкі 186,6 мың басты (өсу қарқыны –103,1%), жылқы 23,3 мың басты ( өсу қарқыны –108,3%), 14,0 мың құсты (өсу қарқыны – 100%) құраған.
ҰЛТТЫҚ ЖОБА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСУДА?
Елімізде мемлекеттік деңгейде бірқатар жобалар қолға алынып, бағыттары айқындалса да, кейде оның әрі қарайғы дамуы мен жүзеге асуы қадағаланбай қалып жатады. Мұндай жағдай мемлекеттік бағдарламалардың басым көпшілігінің қағаз жүзінде орындалып, олардың игілігін халық көре алмауына да әкеліп соғатыны жасырын емес. Сондықтан жобаның іске асырылуына жауапты органдардың жұмысын бақылау арқылы белгілі бір мәселе бойынша қандай істің атқарылып, алдағы уақытта қай бағытта әлі де жұмыс атқарылуы керектігін анықтау кез келген мәселенің түйінін тарқатары сөзсіз. Қазақстан Республикасының Агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бар. Ұлттық жоба еңбек өнімділігін екі жарым есе арттыруға, АӨК өнімінің экспортын екі есе ұлғайтуға және отандық өндірісті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету арқылы бәсекеге қабілетті агроөнеркәсіп кешенін құруға бағытталған. Бұл жоба Шығыс Қазақстан аймағында қалай жүзеге асырылып келеді? Біз осы орайда, сауалдарымызды Шығыс Қазақстан облысына қарасты аудандардың кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдеріне жолдадық. Себебі кез келген ауданның ауыл шаруашылығы саласының бүгінгі жағдайына шолу жасау өте маңызды. Ендеше, аудан ауыл шаруашылығы бөлімдерінің өз өңірлеріндегі ауыл шаруашылығын, агроөнеркәсіп кешенін, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру бойынша ұсынған мәліметтеріне шолу жасап көрелік. Алтай ауданы. Ауданның мал шаруашылығы саласына қой, жылқы, шошқа, құс шаруашылықтары кіреді, сонымен қатар онда марал және ара шаруашылығы қамтылған. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша, шаруашылықтың барлық санаттарындағы ірі қара мал басының жалпы саны 18 851 құрады, бұл 2021 жылдың деңгейінен 106 пайызға (17 779 бас) артық. Сонымен қатар қой мен ешкі саны 105 пайызға артып, 737 бастан 15 341 басқа жеткен, шошқа саны 176-ға артып, 8 011-ды құрады, бұл 2021 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда, 106 пайызға артық. Жылқы саны 118 пайызға артып, осы жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша 10 984 басты құрады, бұл 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 1 679 басқа артық. Құс саны 4384-ке артып, 101 937-ге жеткен. Алтай ауданындағы шаруашылықтардың барлық нысандары, 2022 жылдың 1 тамызындағы мәлімет бойынша, 15 091 тонна сүт өндірген. Аудан бойынша ірі ауыл шаруашылығы сүт өндірушілері – «Средигорненский-2» ЖШС, «Дородница», «Бородино», «Шығыс» шаруа қожалықтары «Доня» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы (ӘӘК). Аталған кәсіпорындар 2022 жылдың 7 айында 2305 тонна сүт өндіріп, 2192 тоннасын сатты. Ауданда ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 77 пайызы өсімдік шаруашылығы саласының үлесіне кіреді. Биыл бұл салаға 120 ауыл шаруашылығы құрылымдары және халықтың 16,3 мың жеке аулалары тартылды. Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары 75,5 мың га құрады, бұл 2022 жылға арналған егіс алаңдарының бекітілген құрылымының орындалуына 100% сәйкес келеді. Жаздық егіс көлемі 68,1 мың, оның ішінде жаздық дәнді дақылдарды егу – 38,6 мың, майлы дақылдар – 29,5 мың гектар. Ылғал ресурстарын сақтау технологиясы бойынша 2022 жылы 60,0 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жүргізіліп, бұл барлық егістіктердің 79,5 пайызын құраған. Топырақтың құнарлылығын сақтау және ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін арттыру үшін ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 7 мың тонна минералды тыңайтқыштар сатып алған екен. Сондай-ақ ауданның ауыл шаруашылығы тауарларын өндiрушiлер 2022 жылы 85 мың тонна гербицид сатып алыпты. «ҚазАгроЭкс» АҚ зертханасының деректеріне сәйкес, 17,8 мың тонна тұқым тексерілген, оның ішінде 1-ші және 2-сұрыпты тұқымдар 100 пайызды құрады. Сала мамандарының айтуынша, биыл 8 айдың ішінде ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары 1 млрд 890 млн теңге сомаға 86 бірлік көлемінде ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алған. Ал күзгі дала жұмыстарына 3575 тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінген. Глубокое ауданы. Ауданның агроөнеркәсіп кешенін дамыту ҚР АӨК дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде жүргізіледі. Ауданда ауыл шаруашылығы саласын дамыту өсімдік шаруашылығына да бағытталған. 2021 жылға арналған мемлекеттік бағдарлама аясында Глубокое ауданы бойынша маңызды индикативтік көрсеткіш – ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін 1 адамға еңбек өнімділігі 4143,1 мың теңгені құрады. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар өткен жылы 8,2 млрд теңгені, немесе 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда, 186,3 пайызды құрады. 2022 жылдың қаңтар-шілде айларында ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,8 млрд теңгеге, немесе 133,6 пайызға жетті. 2022 жылғы егінге арналған ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңы 103 мың 853 гектарды құрады, оның ішінде дәнді дақылдар – 61,8 мың, майлы дақылдар – 34,8 мың, жем-шөп – 5,5 мың, картоп – 1,7 мың және көкөністер – 0,3 мың гектар. Биыл ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері 53 бірлік техниканы сатып алды, мәселен, жалпы сомасы 2,3 млрд теңге болатын 10 комбайн, 33 трактор, 10 басқа да техника, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27,8 пайызға жоғары (1,8 млрд теңге). Глубокое ауданындағы сүттің негізгі өндірушілері «ОХМК» ЖШС және «Бобровка+» ЖШС. Солнечное ауылында орналасқан «ОХМК» ЖШС – жыл сайын 13 мың тоннадан астам сүт өндіретін жоғары технологиялық кәсіпорын, бұл – ауданның сүт-тауар фермалары өндіретін жалпы сүт мөлшерінің 56 пайызын құрайды. 2021 жылы «ОХМК» ЖШС-нің жалпы жинаған сүті 14 261,2 тоннаны құрады, оның ішінде 12 126 тонна сатылды. Қазіргі уақытта жетілдірілген smart-фермалардың элементтері (бағдарламалық басқарумен сауу залы, көңді жою роботтары, автоматты астаулар, ақылды микроклимат) ауданның аталған 2 сүт-тауар фермаларында енгізілген. Аудан бойынша 4 сүт қабылдау пункті сүт жинаумен айналысады, олар «Восход Молоко» ЖШС, «Молочный Экспресс» ЖШС, «Сүтті Жер» ӘКК, «Сүтті әлемі» ӘКК. Сүт қабылдау пункттерінің жалпы қуаттылығы тәулігіне – 28 тонна, жылдық қуаттылығы – 9030 тонна. Күршім ауданы. Ауданның 2020-2024 жылдарға арналған кешенді дамыту жоспарына сәйкес, Күршім, Қалғұты, Сарыөлең, Абай, Марқакөл ауылдық округтерінде сүт бағытындағы мал шаруашылығын дамыту жұмыстары жүргізілген екен. Атап айтқанда, аудандарда 3 тауарлы-сүт фермасы ашылған. Күршім ауылында «Тіршілік» шаруа қожалығының 50 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы және әрқайсысының қуаттылығы тәулігіне 1 тонна болатын 5 сүт қабылдау пункті, Күршім ауылындағы «Тіршілік», Қалғұты ауылындағы «Шығыс ЖК», Марқакөл ауылындағы «Нұралы», Сарыөлең ауылындағы «Қойлыбай», Алғабас ауылындағы «Дастан» пункттері ашылды. Қалғұты ауылында «Шығыс ЖК», Марқакөл ауылында «Нұралы» сүт өңдеу цехтары да іске қосылды. Сүтті өңдеу цехтарының қуаттылығы күніне 1 тонна, 2 ауысыммен істегенде жылына 1200 тонна сүтті қайта өңдей алады. Күршім ауылындағы «Көкжал», Қалғұты ауылындағы «Арын», Абай ауылындағы «Ұлан» шаруа қожалықтарында бұқашықтарды бордақылау алаңдары ашылды. Күршім ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, елді мекендердің орналасқан ерекшелігіне байланысты аудан тұрғындарының негізі бөлігі өзін-өзі қамтыған санатқа жатады екен. Бүгінде өңірде 1035 шаруа қожалығы тіркелген. Оның ішінде мал шаруашылығымен 960, өсімдік шаруашылығымен 75 қожалық айналысады. Тұрғындар балық, бақша, көкөніс, бал, ет, сүт өнімдерін өндіруді қолға алған. «Кешенді даму жоспарына сәйкес, өңірде үш тауарлы-сүт фермасы, бес сүт қабылдау пункті, шұжық шығаратын және консерві өндіретін цех, балық зауыты бар. Аудан тұрғындары (Күршім, Марқакөл, Сарыөлең, Қалғұты ауылдық округтері) ет пен сүтті аталған цехтарға өткізеді. Сонымен қатар өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері аудан орталығында аптаның әр сенбісінде өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде саудаланады. Ауданда жыл басынан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен сенбі күндері 32 жәрмеңке өткізіліп, 19 млн 500 мың теңгенің өнімі саудаланған, сондай-ақ Өскемен қаласында Күршім ауданының ауыл шаруашылығы күні жәрмеңкесі 3 рет ұйымдастырылып, 6 тонна балық, 7 тонна сиыр еті, 3 тонна жылқы еті, 700 кг бал, 920 кг сүт өнімдері саудаланды», – дейді Күршім ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ришад Искаков. Тарбағатай ауданы. 2022 жылы ауданда еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі 2021- 2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасын, ірі қара мен ұсақ малдарды сатып алу үшін жалпы құны 47,0 млн теңге болатын 4 жобаның құжаттары несие беретін ұйымдарда қаралуда. Егер бұл жобалар сәтті іске асырылса, алдағы уақытта 5 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұл ауданның негізгі табыс көзі – мал. Яғни, мал шаруашылығы жақсы дамығандықтан, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің басым бөлігі «Агронесие корпорациясы» АҚ, «Бархытбел несие» несие серіктестігі, «Агробизнес» және «Іскер» бағдарламалары, «Атамекен-Өскемен» микроқаржы ұйымдары арқылы тауарлы несие және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы лизингке ауыл шаруашылығы техникаларын алуда. 2023 жылы ауыл шаруашылығы техникасын, ірі қара мен ұсақ малдарды сатып алуға жалпы сомасы 87,0 млн теңге болатын 4 жоба қарастырылған. Бұл жобалар да іске асырылса, 7 жаңа жұмыс орны ашылады. 2024 жылы ауыл шаруашылығы техникасын, ірі қара, ұсақ мал сатып алуға жалпы сомасы 66,3 млн теңге болатын 3 жоба қарастырылыпты. Жобалар іске асқаннан кейін 5 жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделуде. Сонымен қатар 2025 жылға қарай ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға, ірі қара, ұсақ мал сатып алуға жалпы құны 70,1 млн теңге болатын 3 жоба қарастырылған. Жобалар іске асқаннан кейін 5 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұған қоса, ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары ұлттық жоба бойынша 2025 жылға дейін ауданда барлығы 22 жаңа жұмыс орындары ашылып, 22 адам жұмыспен қамтылатынын атап өтті. Мемлекеттің аграрлық саясатын іске асыру, ауданның азық-түлік нарығын қолжетімді, қауіпсіз және сапалы тамақ өнімдерімен толықтыруға жәрдемдесу, тұқым шаруашылығын және астық өндірісін, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту аясында да бірқатар жұмыстар жолға қойылған екен. Атап айтқанда, аудан бойынша 2022 жылы 293 гектар картоп, 115 гектар көкөніс дақылдары егілген. 293 гектар картоптың 179 гектарын шаруа қожалықтары және 114 гектарын ауыл тұрғындары, 115 гектар көкөністің 70 гектарын ауыл тұрғындары және 45 гектарын шаруа қожалықтары еккен. Оның ішінде 9,82 гектарына қырыққабат, 9 гектарына сәбіз, 6,05 гектарына пияз, 6,5 гектарына қызылша дақылдары егілді. Шаруашылық құрылымдары қолда бар тұқымдарын және Өскемен қаласындағы «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-нен, Алматы, Павлодар облысындағы тұқым шаруашылықтарынан және облыстағы көршілес Зайсан, Көкпекті және Үржар аудандарының тұқым шаруашылықтарынан көктемгі егіске қажетті сұрыптарды сатып әкеліп еккен екен. Мәселен, арпаның 25 тонна элиталық «Илек-16» сұрпын, 40 тонна 1-ші репродукциялық бидайдың «Ульбинка-25», Алтай сұрпын, көпжылдық шөп жоңышқаның 1-ші репродукциялық «Көкше» сұрпын, 150 кг жүгерінің «Молдавский-257» сұрпын, 45 тонна картоптың «Алладин», «РедСкарлет», «Карасайский» сұрыптарын тасымалдады. Ауданның шаруа қожалықтары картоп пен көкөніс, бақша (қауын, қарбыз) дақылдарынан алынған өнімдерін ауданның базарлары мен дүкендерінде халыққа тиімді бағада саудалап жүр. Бұл ретте аудан бойынша туындаған мәселелерге де тоқталмай кетуге болмас. Өңірде тамшылатып суару мен жаңбырлатып суару енгізілмеген. Себебі «Қандысу» су қоймасының апатты жағдайда болуына байланысты, маусымдық су егістік алқаптарына аз мөлшерде ғана беріліп келеді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта су қоймасына толықтай қайта жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін ғана көкөніс дақылдары мен картоптың егістік алқаптарын ұлғайтуға мүмкіндік болады.
Дана ТАЛҒАТБЕК, «Семей таңы»