Нұрдәулет КӘКІШЕВ,
«Семей таңы»
Кеше қала басшысы Айбек Кәрімовтің жетекшілік етуімен қалалық әкімдіктің отырысы өтті. Жиынға барлық бөлім басшылары мен мемлекеттік мекеме жетекшілері және қала маңындағы ауылдық округтердің әкімдері қатысты.
Жиын барысында Мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгерімінде тұрған мүлікті тиімді пайдалану туралы және Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 2013 жылғы қаржылық қызметінің қорытындысы туралы мәселелер қаралды. Аталмыш мәселелер бойынша алдымен қала әкімі Айбек Кәрімовтің кіріспе сөзінен соң, қалалық қаржы бөлімінің басшысы Роза Кәкімова сөз алды.
— Мемлекеттік мүлік саласындағы қызмет 2011 жылдың 1 наурызында қабылданған «Мемлекеттік мүлік туралы» Заңы негіз болып табылатын, Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерімен реттеледі, — деген Роза Құдайбергенқызы, — бүгінгі күнде әкімдіктен құрыл-ған 172 мемлекеттік заңды тұлғалар қызмет етеді. Олардың 32-і мемлекеттік органдар, 82-і МКМ, 46-ы КМҚК болса, 6-ы КМК және 6 — мемлекеттің қатысуы бар ЖШС, — дейді.
Одан әрі Роза Кәкімова баяндамасы барысында мүлікті иелену мен оның сақталуы және тиімді пайдаланылуы жайлы айтты.
— Мүлікті пайдаланудың тиімді түрлерінің бірі – жалға беру. Осылай жыл сайын коммуналдық мүліктің 10865,7 шаршы метр аудандары беріледі. Соның ішінде, жалға берілетін алаңдардың барлық көлемінен 64,97 пайыз құрайтын 9664 шаршы метр білім нысандарының алаңдары. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына сәйкес, білім саласының мекемелерінде білім беру үрдісіне қатысы жоқ басқа қызмет түрлерінің болуына рұқсат етілмейді, — деген баяндамашы, — 633 шаршы метр қала әкімдігінің және ауылдық округ әкімдіктері ғимараттарында (асхана, пошта, банкомат), ал, 370 шаршы метр қалалық мәдениет сарайында жалға берілуде. Мүлікті жалға беруден түскен түсім өткен жылы 20 млн. теңгеден астам қаржыны құраса, биылғы қорытынды бойынша 26 млн. теңгеден астам қаржы күтілуде, — дейді.
Сонымен қатар, қалалық қаржы бөлімінің басшысы әкімдіктің қаулысы негізінде 3 жылдан бері коммуналдық мүлікті сату жұмыстарының ұйымдастырылғанын, сатылым нәтижесінде 2011 жылы 8,3 млн. теңге, өткен жылы 4,5 млн. теңге және үстіміздегі жылы 6,7 млн. теңге, жалпы 19,6 млн. теңге қаржы пайдаға жарағанын сөз етті. Осы мәселелерге қатысты кеңірек баяндады.
Жиынға қатысушылар тарапынан біршама сұрақтар қойылып, баяндамашы да нақты жауап қайтарып отырды. Мемлекеттік заңды тұлғалардың теңгеріміндегі мүлікті тиімді пайдалану және Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 2013 жылғы қаржылық қызметінің қорытындысы туралы мәселелері жайлы қалалық қаржы бөлімінің басшысы Роза Кәкімованың баяндамасынан соң қала әкімдігі қаулы қабылдады.
Ал, қаланың әлеуметтік – экономикалық дамуының алдын-ала қорытындылары туралы ақпараттар бо-йынша қалалық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы Сүлеймен Медеуов сөз алып, әлеуметтік – экономикалық дамуы жағынан биылғы жылғы көрсеткішке сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы бойынша Абай мен Күршім аудандары алғашқы орында тұрғанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, Сүлеймен Медеуұлы қаладағы шағын және орта бизнестің дамып келе жатқанын, кәсіпорындарда да өткен жылмен салыстырғанда биыл айрықша өсім бар екенін жеткізді. Кейбір өндіріс орындарындағы атқарылған істерді де атап өтті.
— Үстіміздегі жылдың маусым айынан бері «СемАз» ЖШС-і «Беларусь 920», «Беларусь 892» тракторлары мен «Урал» және «SHAСMAN» маркалы жүк көліктері сияқты жаңа техникаларды шығара бастады. Ал, «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-і ұзындығы 11-12 метр болатын 2-3 есікті «Daewoo ВС212МА» маркалы шағын автобустарды шығара бастады, — деп жиынға қатысушыларды өзге де өндіріс орындарының жұмыс-тары жайлы ақпараттардан Сүлеймен Медеуов құлағдар етті.
Қала әкімі биылғы жылдың Семей үшін жаман болмағанын, қала экономикасының қарқынды дамып келе жатқанын сөз етіп, «ШАМ — С» ЖШС-нің жұмысына көңілі толмайтынын, аталмыш кәсіпорынның өз міндеттерін ойдағыдай атқара алмағандығын жеткізді. Мамандардың сөзіне сүйенсек, бұл мәселе бойынша кәсіпорынға қатысты іс алдағы уақытта сотта қаралмақ. Қала әкімі жеке меншік кәсіпорындардың осындай жауапсыздығы атқарушы билік өкілдерінің беделіне нұқсан келтіретінін де тілге тиек етті. Сонымен қатар, Айбек Мүталапханұлы қаладағы «Дариға-ай» жастар театрының да жай-күйін сөз етті. Жастар театрының Астана мен Алматыдан кейін тек Семейде ғана бар екендігін айт-қан қала басшысы өңірдің мәдение-тіне елеулі үлес қосып жүрген өнер ұжымына қолдау көрсету керектігін айтты.
Одан кейін қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Берік Көпбаев сөз алып, 31 желтоқсан күні Орталық алаңда кешкі сағат 23.00-ден бастап түнгі сағат 01.00-ге дейін Жаңа жылға арналған мерекелік шаралардың өтетінін, мерекелік отшашу болатынын жеткізді.
Жиын соңында қала басшысы барша қатысушыларды Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, денсаулық, әр отбасына бақыт, алдағы Жаңа жылда жаңа жетістіктерге жете беруге тілектестігін білдірді. Семейдің жағдайының да облыс орталықтарынан кем еместігін көрсету керектігін де айтты. Мамандарға қала басшысы тарапынан талай тапсырмалар жүктелді.