Semeytany.kz – Семей қаласында 22 жастағы жүргізуші Toyota Camry көлігімен жол ережесін өрескел бұзып, бұл әрекетін бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желіде жариялаған.
Абай облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, ол бір апта ішінде бірнеше ауыр құқықбұзушылық жасаған. Атап айтқанда, жылдамдықты арттырып, төрт жолақты жолда қарсы қозғалыс жолағына шыққан, бағдаршамның тыйым салатын белгісіне тоқтамай өткен. Сондай-ақ, маневр жасау ережесін бұзып, қауіпсіздік белдігін тақпаған және көлік жүргізу кезінде ұялы телефон қолданған.
Сонымен қатар, көлік алдыңғы мемлекеттік нөмірлік белгісіз жүрген және оған арнайы тыйым салынған жарық құрылғылары орнатылғаны анықталған.
Қазіргі таңда жүргізушіге қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Бірқатар материал сотқа жіберіледі. Ол көлік жүргізу құқығынан айырылып, ірі көлемде айыппұл төлеуі мүмкін.