Елбасының «Әкімдердің халыққа есеп беру кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов белгіленген кесте бойынша ел алдындағы есеп беру жиындарын өткізуде. Семейге қарасты ауылдық жерлерден басталған кездесулерде бір жыл ішіндегі жұмыстарға баға беріліп, алда тұрған міндеттер айқындалды.
Шүлбі
{jcomments on}Ауылдық округтер тұрғындарымен есептік кездесулерін Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов Шүлбі кентінен бастады. Жиынға ШҚО әкімі аппаратының инспекторы Жәнібек Шаянбаев, облыстық мәслихат депутаты Марат Құрманбай қатысты.
Бірінші кезекте Шүлбі кентінің әкімі Лилия Гребельнаяның 2014 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен 2015 жылға арналған жоспарлар жайлы есебін тыңдағаннан кейін, кездесуге жиналған қауым кент басшысының атқарған жұмыстарына оң бағаларын берді.
Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімов жергілікті атқарушы биліктің жұмысына лайықты бағасын беріп отырған жиынға қатысушылармен келісетінін айтып өтті. Қала басшысы Лилия Гребельная халықты толғандырған мәселелерге бейжай қарамайтын белсенді әкім екенін айта келе, болашақта да ол көтерген сұрақтар шешімін табатынын жеткізді.
Өз есебінде Айбек Кәрімов, жалпы, өткен жылдың өңіріміз үшін тұрақты болғанын сөз етті. Әлеуметтік-экономикалық даму жоспары жүзеге асырылған. Оның ішінде өнеркәсіп саласындағы өндірістің, бөлшек сауда айналымының көлемі мен бюджетті орындау мәселелері бойынша көрсеткіштер тұрғындар алдындағы әлеуметтік міндеттемелердің барлығы орындалған. Сондай-ақ қала әкімі Шүлбі кентінің бас жоспары жасалғанын, аталмыш құжаттың негізінде мұнда өндіріс ошақтарын орналастыру, кент инфрақұрылымын ары қарай дамыту, жылумен және ауызсумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жоспарланып отырғанын жеткізді.
— Бүгінгі таңда жаңа жұмыс орындарын, өндіріс ошақтарын ашу мен инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті ары қарай дамыту — маңызды мәселе. Біз бәсекеге қабілетті, баға мен өнім сапасы жағынан бүгінгі таңда нарығымызды жаулап алған тауарлармен салыстырғанда тиімді өндіріспен айналысуымыз керек,- деді қала басшысы.
Инфрақұрылым мәселелеріне тоқтала келе, Айбек Кәрімов аталмыш саланың дамуы тұрғысында Семей қаласында тұтастай қалыптасқан кластер құрылыс индустриясының өркендеуіне серпін беретінін айтты. Сондай-ақ қала басшысы туризм жайлы да сөз қозғады. Өңірімізде аталмыш саланың кең қанат жаюы үшін де, барлық алғышарттардың бар екенін атап өтті.
Қала әкімі Айбек Кәрімов қылмыстық ахуал мен құқық бұзушылықтар жайлы айта келе, ауыр және аса ауыр қылмыстар санының азайғанын жеткізді. Таяуда қаланың қозғалысы көп көшелерінде болған оқиғалар жайлы ақпаратты бірыңғай жедел басқару орталығына жеткізіп отыратын арнайы бейнебақылау камералары орнатылғаны белгілі. Сонымен қатар ұрлық санының көрсеткіші бұрын-ғы қалыпта сақталғанын тілге тиек еткен қала басшысы жасөспірімдер арасында жүргізілетін тәрбие жұмыстарын күшейте түсу қажеттігіне байланысты пікірін білдірді.
Ағымдағы жылға белгіленген мерейтойларды атап өту жайына келгенде Айбек Мүтәлапханұлы барлық мерекелік шараларды жоғары дәрежеде өткізу үшін оларды жан-жақты ойластырып, мұқият жоспарлау керектігіне ерекше назар аударды. Мәселен, алда келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына тоқтала келе, қала әкімі аталмыш ұйымды халықтық ынтымақтың үлгісі болып табылатын, тәжірибесі кеңінен насихатталуы тиіс бірегей институт деп атады.
— Барлық экономикалық қиындықтар – өтпелі құбылыстар. Мемлекет, халық арасында мақсат пен мүдде бірлігі, өзара сыйластық пен төзімділік болса болды, кез-келген тығырықтан шығатынына күмән жоқ. Тек тұрақтылық қана экономикадағы барлық қиындықтарды оңай еңсеруге тірек бола алады,- деді Семей қаласының әкімі.
Өз есебінің соңында Айбек Кәрімов қазіргі таңда абаттандыру мәселелеріне көңіл бөлініп жатқандығын, алдағы уақытта қала бюджетіне түзету енгізу барысында Шүлбі кенті назардан тыс қалмайтындығын жеткізді. Сонымен бірге қала әкімі кент үшін маңызды мәселелердің шешілуіне жергілікті кәсіпкерлер де атсалысуға тиіс екендіктерін атап өтті.
Есептік кездесуде көтерілген мәселелердің арасында Шүлбі кентінде медициналық кадрлардың тапшылығы туралы сөз болды. Нақтырақ айтқанда, кентке балалар-дәрігері, терапевт, жалпы тәжірибелік дәрігер керек көрінеді. Кент әкімі Лилия Гребельная Шүлбі қалалық типтегі кент болғандықтан, ауылды жерлермен салыстырғанда мұнда көтерме қаражат берілуінің қарастырылмауы бұл мәселені шешуді қиындатып тұрғанын айтты. Айбек Кәрімов медициналық кадрларды жұмысқа шақыру маңызды әлеуметтік мәселе екенін тілге тиек ете келе, тұрғындардың денсаулығын қорғау үнемі басты назарда болғанын және алдағы уақытта да бірінші орынға қойылатынын атап өтті. Бұл мәселенің шешілуін қала басшысы өзінің тікелей бақылауына алатынын жеткізді.
Сондай-ақ Шүлбі кенті әкімінің жұмысын облыстық мәслихат депутаты Марат Құрманбай да атап өтті. Өз сөзінде ол облыстағы атқарушы биліктің құзыретіндегі мәселелер бойынша Шүлбі кентінің басшысы, осы сайлау округінің атынан сайланған депутат ретінде, өзімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтінін айтты. Марат Құрманбай алдағы уақытта да кент үшін маңызды сұрақтарды шешуде өз тарапынан қолдау көрсететінін жеткізді.
Кездесу соңында қала басшысы жиналған қауымға есепті талқылауға белсене қатыс-қандары үшін алғыс айтып, жергілікті атқарушы биліктің халықтың әлеуметтік хал-ахуалын үнемі назарда ұстайтынын жеткізді.
Приречное
Ал Приречное ауылында өткен жиында тұрғындар ауылдық округ әкімі Қабылхақ Шеңгелбаевтың есебін тыңдады. Әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жайлы мағлұматқа қанықты. Тұрғындар алдында есеп беру барысында Семей қаласының әкімі өнімдерді саудалаудың тиімді нарығы болып табылатын шаһарға ең жақын орналасқан елдімекеннің тұрғындарын ауылшаруашылық өнімдерін өндіруде белсенділік танытуға шақырды.
— Неге Приречноеде шығарылған ауылшаруашылық өнімдерін сататын арнайы сауда үйін ашпасқа? Бородулиха ауданының шаруа қожалықтары осындай мүмкіндікті пайдаланып, қалада өз дүкендерін ашып алды, қазір соның арқасында қосымша табыс тауып отыр. Мұндай дүкендердің сөрелеріндегі тауар ұзақ жатпайды. Тез сатылып кетеді. Себебі табиғи таза өнімдер қашан да үлкен сұранысқа ие,-деді қала әкімі. Өз сөзінде Семей қаласының әкімі ауылды елдімекендер мен қаланың бірігіп жұмыс істеуі ортақ жетістікке жетелейтінін де атап өтті. Сонымен қатар қала басшысы ондаған жылдардан кейін Приречное ауылы қала құрамына енуі мүмкін екенін тілге тиек етті.
Жиын соңындағы талқылау барысында ауыл тұрғындары болашақта Семей үлгілі қалаға, ал Приречное үлгілі ауылға айналады деген ойларын айтты.
Новобаженово
Новобаженово ауылында өткен есептік кездесуде де халық ауылдық округ әкімі Нұрлан Шақабаевтың жұмысына оң бағаларын берді. Тұрғындар ауылдағы ең ұзын көше — Советская көшесін жөндеу туралы өтініштерін білдірді. Округ басшысы көктемде аталмыш көшеде ағымдағы жөндеу жұмыстары басталатынын айтып, уәде берді. Орталықтан- дырылған су құбырын тарту мәселесіне келгенде қала басшысы бұл нысанның өтпелі екенін, жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат бөлінгенін, құжат дайын болғаннан кейін, 2016 жылға бюджеттік өтінім берілетінін мәлімдеді.
Ауылдықтар қатты тұрмыстық қалдықтардың ретсіз үйіндісінің зиян тигізіп отырғанын айтты. Жайылып жүріп қоқысқа кездескеннің салдарынан, біраз мал қырылып қалған көрінеді. Қала басшысы округ әкіміне бұл мәселені Ішкі істер басқармасының және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің өкілдерімен бірлесе отырып, әкімшілік әдістермен шешуді тапсырды.
Өз есебінде қала әкімі 2014 жылы ауылдық округ бойынша елеулі өзгерістер орын алғанын жеткізді. Ауылшаруашылық саласында өсім бар көрінеді. Егістік алқаптарының көлемі 15 пайызға артқан. Округте бірінші рет жүгері сияқты жаңа дәнді дақылдар түрлері өсіріле бастаған. Мал басы да едәуір көбейген: ірі қара мал – 10 пайызға, жылқы – 17 пайызға.
— Осының бәрі шаруалардың мемлекеттік қолдау механизмдерін белсенді түрде пайдаланатынын білдіреді,- деді қала әкімі. – Осылайша, ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілер азық-түлік қауіпсіздігі мәселесінің ше-шілуіне септіктерін тигізуде. Бағаларды реттеу мен халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етіп тұру барлық әкімдердің жұмыстарындағы стратегиялық маңызды мәселе болып табылады.
ОЗЕРКИ
Озерки ауылында кездесуге жиылған қауым ауылдық округ әкімі Бақытжан Нұғмановтың есебін тыңдады. Қала басшысы есептік кезеңде округте орын алған оң өзгерістерге тоқталды. Ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі мен мал басы саны артып келеді. Нәтижесінде бюджетке түсетін салық төлемдерінің көлемі де өскен.
— Бұл көрсеткіштерге, ең бірінші мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламаларын жүзеге асыру арқасында қол жеткізіліп отыр,- деді Айбек Кәрімов. Сондай-ақ қала басшысы биыл Семей қаласын абаттандыруға көшеттер мен ұрықтар көп мөлшерде қажет болатынын, осы орайда округте бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіруге болатынын айтты. Суайдындарының жеткіліктілігі өз кезегінде балық өндірісін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
— Сіздердің ауылдық округ әкімінің жұмысына берген бағаларыңыз, бүгін көтеріп жатқан мәселелеріңіз, атқарушы билік тарапынан округтегі жұмыстың жақсы жолға қойылғандығын білдіреді. Сонымен қатар мұндай жұмыс екіжақтылығымен ерекшеленуге тиіс. Бірінші кезекте сіздердің қолдауларыңыз екпінді еңбек, өндірісті ұйымдастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу түрінде болуы керек,- деді жиын соңында қала әкімі Айбек Кәрімов.
***
Сәрсенбі күні Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің 2014 жылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы тұрғындар алдындағы есебі қала маңындағы Шаған, Жиенәлі, Достық, Ертіс ауылдық округтерінде өткізілді. Кездесулерге Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының өкілі Жәнібек Шаянбаев, облыстық және қалалық мәслихаттың депутаттары Марат Құрманбаев пен Бейсенғазы Тастекеев, ауыл және ауылдық округтер әкімдері, сондай-ақ, дербес бөлім басшылары мен сала мамандары қатысты.
Семей қаласына қарасты ауылдық округтердегі есептік кездесу алдымен Шаған ауылдық округінде өтті. Жиында Шаған ауылдық округінің әкімі Талғат Құмаров елдімекенде атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы негізгі міндеттер мен өңірдің дамуына арналған жоспарларымен бөлісті. Семей қаласынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан кентте қаладағыдай барлық жағдай жасалған. Мысалы, ауызсуда ешқандай мәселе жоқ. Ағымдағы жылға геологиялық іздестіру жұмыстары жоспарланып отыр екен. Бұл жұмыс су деңгейін анықтап, көше бойымен су құбырларын тартуға мүмкіндік бермек. Мұнда, негізінен, мал шаруашылығы дамыған. Бұған қоса қала экономикасына белгілі бір үлесін кенттің аграрлық секторы да қосып отырған көрінеді. Нарықтық экономиканың талаптарын ескере отырып, сала ерекшелігін және табиғи жағдайды негізге алып, тұрғындар мал шаруашылығын дамытуда. Кент әкімінің атқарған жұмысына оң баға берген қала әкімі Айбек Кәрімов ауыл тұрғындарына өңір бойынша әр салада атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
Бұл ауылдан кейін қала басшысының есептік кездесуі Жиенәлі ауылдық округінің Бөкенші ауылында жалғасты. Алдымен ауылдық округ әкімі Гүлжан Сыздыханова өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, қала басшысын бірқатар ақпараттардан құлағдар етті. Оның айтуынша, өткен жылы ауылдық округте «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша ауылдың екі азаматы мал шаруашылығын дамытып, өнімдерін өндіру үшін 2,5 млн. теңгеге 21 бас мал сатып алған. Бұл жұмыс ағымдағы жылы да жалғасын таппақ.
Ауылдық округ әкімінің баяндамасынан кейін сөз алған қалалық мәслихаттың депутаты Бейсенғазы Тастекеев Бөкенші ауылы тұрғындарына өзі жетекшілік етіп отырған құс фабрикасында жұмыс жасауға болатынын, ол үшін ауылға арнайы автобустың қатынайтынын айтып өтті.
— Ауылдарыңыздан біздің кәсіпорында жетпіске жуық адам жұмыс атқарып жүр. Жақында қала әкімімен жұмыс орындарын қысқартпау жөнінде меморандумға қол қойдық. Сіздерге айта кетейін, өндіріс орнында әлі де жұмыс орындары бар. Егер жұмыс істеймін деген талабы бар тұрғындар болса, келулеріңізге болады. Сіздерге жүз адамға дейін жұмыс орнын беруге дайынмын. Өздеріңіз білесіздер, ауылдарыңызға күнделікті көлік қатынап тұрады. Жол жүруге шығындарыңыз шықпайды. Жалақы да уақтылы беріледі, — деді өндіріс орнының басшысы.
Бұдан кейін Семей өңірі бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді сөз еткен Айбек Кәрімов ауылдық жерлерде еңбек етуге мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатқанын, тұрғындарға тек тынбай еңбек ету қажеттігін атап өтті.
— Жұмыс атқарамын деген ауыл азаматтарына жер жеткілікті. Алайда малды тек жайылымды жерлерде ғана бағу керек. Мұны қатаң бақылауда ұстау қажет. Екіншіден, жермен жұмыс жасаған жөн. Аталмыш салада қазір мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілуде. Біз осыған дағдылануымыз керек. Суармалы жермен жұмыс жасасаңыздар, ол, бір жағынан, мал азығы болады. Онда алыс жерден жайылым іздеудің де қажеті болмайды. Осыны ескеріп, бар мүмкіндікті пайдалану керек, — деді қала әкімі Айбек Кәрімов.
Сонымен қатар қала басшысы Достық ауылдық округінің жұртшылығымен де жүздесті. Аталмыш ауылдық округтің әкімі Нұркен Жәрлікеновтің айтуынша, мұнда 16 шаруа қожалығы мен 1 фермерлік қожалық мал шаруашылығымен айналысып, қарқынды жұмыс жүргізіп отырған көрінеді. Оның ішінде «Көпежан» фермерлік қожалығында 126 бас ірі қара мал болса, оның 86 басы саулын сиырлар екен. Ал олардан қожалық жылына 1672 центнер сүт алып отыр екен.
Жиын барысында бұдан бұрын өткізілген есептік кездесуде айтылған сұрақтар мен ұсыныстар туралы сөз қозғалды. Мысалы, өткен оқу жылының ішінде Шақаман орта мектебінің қазандығы бірнеше рет істен шыққан. Ал биыл мектеп қазандығын ағымдағы жөндеуден өткізу үшін қалалық бюджеттен қаражат бөлініпті. Бұл жұмыстар осы жылы толық орындалып, жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен. Сондай-ақ өткен есептік кездесуде балабақша қажеттілігі де көтерілген. Тұрғындардың бұл талаптары да қанағаттандырылып, өткен жылы 25 орынға арналған «Балбөбек» балабақшасы пайдалануға берілген.
Ауылдық округтің биылғы жылға қойған мақсаттары да жетерлік. Ауыл әкімінің айтуынша, ең алдымен ауыл көшелерін жарықтандыру жоспарланып отыр. Ол үшін қазіргі таңда жобалық — сметалық құжаттары да әзірленген. Бұған қоса «Көпежан» шаруа қожалығының негізінде май-ірімшік өндіру цехы мен жемшөптік база құру да жоспарланып отыр екен.
Ертіс ауылдық округінің әкімі Залиқа Межекенова былтырғы жылды қорытындылай отырып, оның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің біршама ілгерілеуіне әрі тұрақты өсу және даму нәтижелеріне қол жеткізгенін баяндады. 9 елдімекен 3 мыңға жуық халқы бар Ертіс ауылдық округінде 2 орта мектеп пен 2 дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік пункт, ауылдық кітапхана мен клуб жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары ауызсумен қамтамасыз етілген. Сол сияқты Мұқыр, Прииртыш ауылдарында да су құбырлары тартылған. Ауылдық округ бойынша «Өңірлік даму», «Сыбаға», «Жол картасы – 2020» бағдарламалары бойынша бірқатар жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Өткен жылы, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына сәйкес, 7 жұмыссыз адам 17 млн. теңге несие алған.
Сондай-ақ ауылдық округте шешімін таппай келе жатқан мәселе де жоқ емес екен. Атап айтсақ, жергілікті маңызы бар Мұқыр, Мұрат ауылдарына қатынайтын жолдар күрделі жөңдеуді қажет ететін көрінеді. Алайда бұл мәселе алдағы уақытта шешімін таппақ.
Ауылдық округ әкімдерінің атқарған жұмыстарына оң бағасын берген Айбек Мүталапханұлы соңғы жылдары ауыл әкімдерінің деңгейі жоғарылағанын атап өтті.
— Айта кететін жайт — соңғы уақытта әкімдердің білімі, ұйымдастыру деңгейі, Елбасының Жолдауын жеткізу мен оны орындаудағы жұмыстары біршама жоғарылағанын көріп отырмыз. Барлық әкімдердің халық алдында жүздері жарқын, беттері ашық. Бұған әкімдерді сайлау арқылы тағайындау оң әсер етті деп ойлаймын. Өткен жылы әкімдер сайлау үшін ұсынылған болатын. Мұны депутаттар қолдап, ауыл әкімдері бір ауыздан сайлаудан өткен еді. Бүгінгі күні өздеріне артылған сенімді ақтап отырғандарын жұмыстарынан көрсетіп отыр, — деді А.Кәрімов.
Есеп беру жиынында жүйелі жұмыстардың атқарылып жатқанын айтқан қала әкімі барлық салаларға жекелей тоқталып өтті. Айта кету керек, көпшіліктің назарына арнайы слайд та көрсетіліп отырды.
— Өткен жылы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салалардан межеленген барлық экономикалық көрсеткіштер орындалды. Шаһарымызда тұрғын үй өткен жылдарға қарағанда көп салына бастады. Былтыр қалада 107 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Айта кету керек, бұл — тәуелсіздік алған жылдардан бергі алғашқы жоғарғы көрсеткіш. Қазіргі уақытта болашақта салынатын тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылым тартылуда. Мысалы, Қарағайлы ауданы аумағына үлкен тұрғын үйлер салынады. Бүгінгі күні аталмыш ауданда Н.Назарбаев атындағы Зияткерлік мектеп пен Семей мемлекеттік медицина университетіне арналған сегіз жатақхананың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса мектеп пен балабақша құрылысы жоспарлануда. Жоспарға сәйкес, аталмыш ауданда кем дегенде 30-40 мың адам тұратын болады. Сондай-ақ ол жерде бірнеше медициналық мекемелер бой көтереді, — деген Айбек Кәрімов сөз соңында ағымдағы жылы аталып өтілетін айтулы даталарға арналған шараларға ауыл тұрғындары да белсенді түрде атсалысу керектігін айтты.
Асан МЫРЗАХАНОВ,
Мирас ҚҰСАЙЫН,
«Семей таңы»