Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде Абай облысының әкімі Берік Уәли баяндады.
Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай Мемлекет басшысының қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Осы ғимараттардың негізгі бөлігі Семей қаласында бой көтеретін жаңа тұрғын ауданда орналасатын болады.
«Еліміздің 14 өңірі өз жобаларын белсенді түрде іске асырып жатыр. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы «Достық» үйін, Түркістан облысы Көрме орталығын, Солтүстік Қазақстан облысы Рәміздер алаңын, Ақтөбе облысы Жекпе-жек орталығын, Павлодар облысы Үстел теннисі кешенін, Атырау облысы «Абай әлемі» кітапханасын, Қызылорда облысы «Анаға тағзым» ғимаратын, Қостанай облысы Руханият орталығын, Қарағанды облысы Ботаникалық саябақты, Шығыс Қазақстан облысы Ертіс жағалауын абаттандыруды, Батыс Қазақстан облысы желілік саябақ салуды қолға алды. Ал Астана қаласы «Келешек» мектебін, Алматы қаласы медиа орталығын, Шымкент қаласы Шығармашылық орталығын салуға жобалық жұмыстарды жүргізуде», – деді облыс әкімі.




