Аптаның бейсенбісінде наурыздың 23 күні Астанадан шыққан «Менің Қазақстаным» пойызы еліміздің теріскейі мен батысын, күнгейін аралап өтіп, Семей станциясына келіп тоқтады. Осыған дейін 21 қаланы басып өткен акция қатысушылары Семей жерінде де бір тәулік аялдады.
{jcomments on}Аталмыш пойыздан түскен патриоттық акция қатысушыларын Семей қаласы әкімінің орынбасары Надежда Шарова бастаған қаланың зиялы қауым өкілдері салтанатпен қарсы алды. Еліміздің саяси-мәдени өмірінде де белсенділік танытатын Достық үйіндегі ұлттық этномәдени орталықтар өкілдері, ардагерлер мен колледж студенттері де мол жиналыпты.
Көпшілік алдында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттарын, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған халық қалаулылары мен эстрада жұлдыздарын бастап келген «Менің Қазақстаным» пойызының жетекшісі Ғазиз Телебаев сөз алды.
— Қазақстан халқы Ассамблеясы – бейбітшілік пен келісімнің, қасиетті Отанымызда өмір сүріп жатқан барлық этностар достығының ең басты және берік іргетасы. Ол елдігіміздің қалыптасу, тәуелсіздігіміздің нығаю тарихында, ел Конституциясын жалпы халық болып қабылдауда, терең экономикалық реформалар жүргізуде және қоғамымыздың әлеуметтік және саяси негізін ауқымды жаңғыртуда айрықша рөл атқарады, – деді ол.
Ғазиз Тұрысбекұлы өз сөзінде еліміздегі татулық пен бірлікті ту еткен патриоттық акция қатысушылары атынан семейлік жұртшылықтың ықыласына алғыс білдірді. Сондай-ақ сапарлары барысында Семейдегі сан ұлттар татулығының айғағындай болған Достық үйінде қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, заңгерлік, әлеуметтік сала бойынша кеңестер және тегін дәрігерлік тексерулер өткізілетінін жеткізе кетті.
Ал акция қатысушыларына арнаған сөзінде Н.Шарова:
— Бүгін біз «Менің Қазақстаным» пойызын өз қаламызда қарсы алып отырмыз. «Нұрлы жолды» бағдар етіп Мәңгілік Елді құруда мұндай шараның берері зор, мазмұны терең. Ассамблеяның мерейтойы қарсаңында құрметті қонақтар-ға қаламызға хош келдіңіздер дейміз, — дей келіп, қала әкімі Айбек Кәрімовтің атынан арнайы құттықтап өтті.
Салтанатты митингтен кейін «Менің Қазақстаным» пойызымен жүрген мамандар қаламыздың әрбір мәдени ошақтарына барып, өз жұмыстарына кірісті.
Бұл күні ҚХА атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов және Мәжіліс төріндегі халық қалаулысы Үсенгелді Медеуов, қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдар Садыр-баев және «Нұр Отан» партиясы филиалының қызметкерлері қатысқан қабылдауға жалпы саны он адам келіпті. Әуелгі болып сөз алған Зоя Симбирцева өзінің «Невада – Семей» қозғалысының мүшесі екенін айта келе, ядролық сынақтан зардап шеккен жандарға көрсетілер медициналық көмекті арттыра түссе деген ұсынысын жеткізді. Оның сөзін мұқият тыңдаған Ү. Медеуов бұл бағытта кешенді шаралар жасалынып жатқанын айта келіп, қосымша пікір ретінде құзырлы министрлікке ұсыныс жасайтынын жеткізді. Ал неміс мәдени орталығынан келген Лилия Гончарук, қала тұрғыны Маклима Қарахановалар да негізінен әлеуметтік сала жайлы сұрақтарын ортаға салды. Келушілер өтінішіне жауап қайыр-ған халық қалаулылары бірқатар мәселелерді қалалық әкімдіктің бөлімдері арқылы шешуге болатынын жеткізді.
Осыдан кейін «Менің Қазақстаным» патриоттық акциясына қатысушылар Достық үйінің алдында өткен ерекше шараға қатысты. Атап айтсақ, әр ұлттың өкілі достық пен бірліктің нышанындай ағаш отырғызу рәсімін өткізді. Бұл тарапта әсіресе орыс ұлтының этномәдени орталығы ерекше белсенділік танытқанын айта кету керек. Ғимарат алдына үш түп шырша көшетін қондырған ҚХА атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов пікір білдіріп өтті.
— Биылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында патриоттық акцияны ұйымдастыруда бірнеше мақсат көзделді. Соның бірі жер-жерлерде жұртшылықпен тығыз байланыс орнатып, қоғамымызды нығайтатын шараларды жандандыру болатын. Бұл ретте Аягөз, Риддер қалаларында болдық. Семейге де ат басын тіреп отырмыз. Жұртшылықпен жүздестік. Халық еліміздегі бүгінгі саясатты, ҚХА бағдарламаларын қолдауда. Семейде 80-нен аса түрлі ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр екен. Ассамблеяның еліміздегі рөлі жоғары екендігіне осы шығысқа жасаған сапарымызда көз жеткіздік. Мәселен, өңірдегі ең белсенді еңбек ұжымдарының бірі теміржолшылар қауымымен жүздескенімізде, олар Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық жобаларына қатысуға ынта білдірді. Тіпті белсенділік танытуға да уәде берді. Бұл жайт қоғам мүшелерімен ашық диалогқа түсудің берері мол екендігін білдіреді. Демек, «Менің Қазақстаным» үгіт пойызының жұмысы жемісті деген сөз, — деді ол өз сөзінде.
«Менің Қазақстаным» акциясы аясында Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетінде кездесу өтті. Кездесуге университет ректоры Шәріпбек Әмірбеков, ғылыми сараптамалық «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесінің өкілі Нұрбек Шаяхметов, Астана қаласындағы қырғыз мәдени орталығының жетекшісі Шафхат Исмаилов қатысты. Жиында Шәріпбек Ағабайұлы Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын атап өту аясында ұйымдастырылған «Менің Қазақстаным» үгіт-насихат пойызының қаламызға келіп тоқтағанын және оның құрамына енген топтардың бірқатар мекемелер мен ұйымдарда дәл осындай кездесу өткізіп жатқанын айтып өтті.
«Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілі Нұрбек Шаяхметов «Менің Қазақстаным» пойызының елімізді аралауының, тоқтаған жерлерде осындай басқосулар өткізілуінің мақсатына тоқталды. Ауқымды шараны ұйымдастыру арқылы халық арасында Қазақстан Республикасында жүзеге асырылып жатқан этносаясат туралы ақпараттық-насихат жұмыстарын жүргізу көзделгенін айтты. Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық статусқа ие ұйым екенін тілге тиек ете келе, этносаясат саласындағы бірқатар мәселелерге қатысты мәлімет берді.
— Қазақстанда қазақ ұлты дейтін бір-ақ ұлт бар. Байырғы, тарихи қазақ жерінде мемлекет құрып отырған мемлекет құрушы ұлт — қазақ. Барлығы Қазақстан халқы деген конституциялық ұғымның төңірегінде бірігеді,- дей келе Ата Заң бойынша елімізде барлық этникалық топ өкілдеріне өздерінің тілін, мәдениетін, әдет-ғұрпын оқуға, танып-білуге құқық берілгенін айтты.
Өз кезегінде Астана қаласындағы қырғыз ұлттық-мәдени орталығының төрағасы Шафхат Исмаилов Астана қаласындағы қырғыз ұлттық-мәдени орталығының бүгінгі таңда атқарған шаруалары мен алдағы уақытқа межеленген жоспары жайлы айта келе, ұлтаралық татулықты нығайтудың Қазақстандық моделін дамытуда, оны насихаттауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше екеніне тоқталды.
Жергілікті халыққа қызмет көрсету мақсатында «Менің Қазақстаным» үгіт-насихат пойызының делегаттары, түрлі сала мамандары Семейдегі бірқатар мекемелерде қала тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру және оралмандардың Қазақстандағы қоғамға бейімделуі жайлы, жұмысшылардың еңбек құқығының қорғалуы туралы және зейнетақы мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған, сондай-ақ асыраушысынан айырылған отбасыларға көрсетілетін әлеуметтік көмек, жәрдемақылар жөнінде қала тұрғындарына бірқатар кеңестер берілді.
Қабылдау барысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жұмысқа орналасқан, кәсібін ашқан бірқатар азаматтар мемлекеттің қолдауына өздерінің ризашылықтарын білдірді.
— Ағаш өңдеу цехындағы жұмысымыз аса жақсы жүрмегендіктен, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы 7 пайыздық төлеммен 3 млн. теңге несие алып, қымыз цехының жұмысын жандандырдым. Қазіргі уақытта жұмысымыз жаман емес. Кәсібімізді дөңгелетіп, жұмысшылардың жалақысын төлеп, отбасымның жағдайын жасап отырған жайым бар, — дейді шағын кәсіпкер Ардақ Қабышев.
Ал өз кезегінде Жұмыспен қамту орталығының маманы Мәуліт Қилыбаев:
— 2011-2014 жылдар аралығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында көптеген адамдар өздері қалаған кәсіп түрімен айналысуға мүмкіндік алды. Осы уақыт ішінде тұрғындардың алған несиесінің жалпы көлемі 1,5 млрд. теңге қаржыны қамтиды. Ал биыл облыс әкімінің тапсырмасы бойынша сүт бағытындағы малды өсіру жұмыстары жоспарлануда, — дейді.
ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің Әлеуметтік қорғау және көші — қон, еңбек комитетінің бас сарапшысы Әлия Тұрановамен де сұхбаттасудың реті келген еді. «Менің Қазақстаным» үгіт-насихат пойызы өкілдерінің тарапынан тоқтаған станциялардағы елдімекендердің, қалалардың тұрғындарына олардың жеке сұрақтары бойынша түрлі сала мамандары кеңестер беріп, көмек көрсетіліп, жұмысымыз өз нәтижесін беруде. Семейден кейінгі сапарымыз Павлодар, Қарағанды облыстарында жалғасатын болады», — дейді Ә.Тұранова.
Ал кешкісін қалалық Достық үйінде «Менің Қазақстаным» пойызының жұмыс қорытындысы бойынша арнайы баспасөз брифингі болып өтті. Бұл жиынға қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова, ҚХА атынан Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ахмед Мурадов және Мәжіліс төріндегі халық қалаулысы Үсенгелді Медеуов бастаған меймандар қатысты.
Жиын барысында Надежда Васильевна шараның семейліктер үшін қаншалықты маңызды болғанына тоқталып өтті. Белгілі болғандай, дәрігерлердің қабылдауына 200 адам, «Бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі» тақырыбындағы семинар-тренингке 250 адам қатысқан. Әлеуметтік сала мамандары 30 адамға кеңес берсе, әділет саласының қызметкерлеріне жүгінген 40 адам өздеріне тиесілі жауаптарын алған. Сонымен қатар Абайдың 170 жылдығына байланысты шара өткізіліп, оған 700 адам қатынасқан. ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының мамандары ұйымдастырған «Теңдессіз сыйлық» акциясына 40 адам қатысты. Ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік мәселелері бойынша мамандарға 25 адам жүгініп, шешімін таппай жүрген сұрақтарына тұшымды жауап алыпты. Бұдан өзге эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға мыңнан аса адам қатысқан екен.
Сондай-ақ брифинг барысында акция қатысушылары да сөз алып өз ойларын ортаға салды. Мысалы, наурыз айының 23-жұлдызынан бері осы пойызда келе жатқан ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Бурмистрова Семей мемлекеттік медициналық университетінде оқытушы-профессорлық құраммен және студенттермен кездескенін айтты. Қозғалған тақырып Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы туралы және мемлекеттік тіл мәселелеріне қатысты болыпты. Татьяна ханымның айтуынша, бұл шараға 200-ден аса студент қатысқан. Жастар арасында қазақ тілінде мүдірмей сөйлейтін өзге ұлт өкілдері де бар екен. Олар тіл жайында тұшымды ойлар айтыпты.
Сондай-ақ шараға қатысушы ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік қызмет басшысы Нұрбек Шаяхметов, Астана қалалық Қырғыз этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ш. Исмаиловтар да Семей қаласындағы өткен бір күн жайлы пікірлерін ортаға салды. Олардың пікірлерінше, Семейде өткен бүгінгі сапар мейлінше жемісті. Қала халқы саяси-рухани тақырыптарда сөз қозғауда өте белсенді. Әсіресе жастармен өткен кездесулер ыстық әсерге толы болыпты.
«Менің Қазақстаным» пойызынан түскен акция қатысушылары бірнеше топқа бөлініп, бір күннің ішінде қаламыздың бірқатар нысандарында болды. Атап айтсақ, Абай мұражайындағы жаңартылған көрме жәдігерлеріне куә болған. Сондай-ақ өлкетану мұражайындағы «Менің елім — мәңгілік ел!» көрмесіне қатысушылар қатары да мол болыпты. Одан өзге Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті мен Семей мемлекеттік медицина университеті, ҚазИГЗУ сынды жоғары оқу орындарында болып, студенттермен семинар тренингтер өткізілген. Патриоттық тақырыпты ту еткен жиындар барысында «Ұлтаралық қатынастардың қазақстандық үлгідегі даму моделі», Ассамблеяның жобалары мен байқаулары жайлы бейнепрезентация ұйымдастырылып, ҚХА-ның атқарып жатқан істері жайлы тұшымды мағлұмат ортаға салынды. Сондай-ақ Достық үйінде неміс ұлттық мәдени орталығы ұйымдастырған «20 қайырымдылық іс» сынды қайырымдылық шарасының да берері мол болды. Ал М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжде Абайдың 170 жылдығына арналған танымдық-тағылымдық мәні зор жиын болып өтті.
Десек те қаланың қарапайым тұрғындары үшін берері мол шаралар қатары тіптен көп. Мәселен, техникалық инвентаризация, жылжымайтын мүлікті рәсімдеу, азаматтық хал актілерді тіркеу және де ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік саласы бойынша тегін кеңес алынды. Ал осынау сәттерде диагностикалық орталықта шаһар жұртшылығы дәрігер мамандардың тегін түрдегі тексеруінен өтіп, денсаулыққа байланысты ақыл-кеңес алып жатқан болатын.
Кездесу жиындары тіпті қала мектептерін де қамтыды. №37 гимназияда 12 жылдық білім беру бағдарламасының мақсат-мұраттарын тілге тиек еткен ұстаздар қауымымен кездесу болып өтті.
Ал осы мағыналы шараларды кешкісін ұйымдастырылған қазақстандық эстрада жұлдыздарының патриоттық тақырыптағы әндерден тұратын концерттік бағдарламасы қорытындылады. Осылайша, «Менің Қазақстаным» пойызы Павлодар облысындағы Ақсу қаласын бетке алып жүріп кетті.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ,
Нұрдәулет КӘКІШЕВ,
«Семей таңы»