Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласында «Абайға құрмет» акциясы аясында салынып жатқан спорт кешендері мен BINOM мектебінің құрылыс барысын тексерді.
Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» акциясы аясында Семейде бірнеше әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Аймақ басшысы Мирный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің, Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешенінің және 1400 орындық BINOM мектебінің құрылыс алаңдарын аралады.
Мирный кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені «Самұрық-Қазына» АҚ-ның бірыңғай операторы Samruk-Kazyna Trust арқылы қаржыландырылып жатыр. Жалпы ауданы 2000 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратта спорт залдары, 100 көрерменге арналған трибуна, күрес және бокс залдары, тренажер залы мен қосалқы бөлмелер қарастырылған.
Қазіргі уақытта нысанда сэндвич-панельдерді монтаждау, ішкі инженерлік желілерді тарту және шатырды жабу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс алаңында 35 адам еңбек етіп жатыр. Мердігер ұйым өкілдерінің мәліметінше, кешенді жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Ал Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешені «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен салынуда. Жалпы аумағы 2057 шаршы метр болатын екі қабатты ғимаратта әмбебап спорт залы, адаптивті дене шынықтыру залы, күреске арналған арнайы зал, тренажер залы, бочча залы, үстел теннисі мен үстел ойындарына арналған бөлмелер болады.
Жаңа кешен бір мезгілде 130 адамға дейін спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. Қазір құрылыс алаңында топырақ жеткізу, жерді жоспарлау және тығыздау жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар металл конструкцияларын дайындау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қарағайлы ықшам ауданында 1400 оқушыға арналған BINOM мектебінің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Төрт қабатты ғимараттың жалпы ауданы 12 202,95 шаршы метрді құрайды. Қазіргі уақытта темірбетон бағаналар мен жабын плиталарын арматуралау және бетондау жұмыстары атқарылуда. Құрылысқа 70 адам жұмылдырылған, олардың басым бөлігі – жергілікті тұрғындар.
Білім беру нысанында заманауи оқу кабинеттері, зертханалар, спорттық және мәдени бағыттағы бөлмелер қарастырылған.
Нысандарды аралау барысында Берік Уәли үш жобаның да қала тұрғындары үшін маңызын атап өтіп, мердігерлерге құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Президентіміздің тікелей қолдауымен басталған «Абайға құрмет» акциясы аясында бүгінде Семейде бірқатар нысанның құрылысы жүріп жатыр. Мирный кентінде мұндай дене шынықтыру-сауықтыру кешені бұрын болмаған. Тұрғындарға өте қажетті нысан. Осы аумақта үш мектеп орналасқан. Балалар келіп, спортпен шұғылдана алады. Қарағайлы ықшам ауданындағы инклюзивті спорт кешені де өңірімізде алғаш рет бой көтеруде.
Жалпы, бұл ауданның тұрғындары жылдан жылға өсіп келеді. Мектепке сұраныс жоғары. Сондықтан BINOM сияқты жаңа, заманауи мектептер керек. Осы аудандағы мектептерде 3 мың балаға дейін екі ауысыммен оқып жатыр. Ең бастысы, басталған құрылыстарды сапалы әрі уақтылы аяқтауымыз керек. Құрылыс жұмыстарын бақылап, тұрақты қадағалауда ұстап отырамыз», – деді облыс әкімі.











