Жаз мезгілінде ауыл тұрғындары су тапшылығына байланысты қиындықтарға тап болды. Әсіресе елді мекеннің таулы бөлігінде су беру жиі үзілген. Бұған су тұтыну көлемінің артуы және маусым айында магистральдық құбырда бірнеше рет апаттың тіркелуі себеп болған.
Петропавловка мен оған жақын елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін «Белағаш топтық су құбыры» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының магистральдық желісі 2000 жылы пайдалануға берілген. Ұзындығы 27 шақырым болатын құбыр Зенковка, Орловка, Шелехово, Жаңа-Ауыл, Петропавловка және Зубаир ауылдарын ауызсумен қамтиды.
Алайда желінің бірқатар учаскесінің тозуы апаттық жағдайлардың жиілеуіне және су шығынының артуына әкелген.
Облыс әкімі Берік Уәлидің қолдауымен проблемалық учаскені жөндеуге қаржы бөлінді. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, ағымдағы жөндеу аясында Зенковка ауылынан Петропавловкаға дейінгі бағыттағы ескі құбырдың 2,5 шақырымы жаңартылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде су шығынын азайтып, құбырдағы апаттардың қайталану қаупін төмендетуге мүмкіндік туды. Қыркүйек айының ортасынан бастап Петропавловка ауылының барлық бөлігінде су тәулік бойы беріліп келеді.







