Аптаның алғашқы күні қала әкімінің кеңейтілген аппараттық кеңесімен басталды. Шаһар басшысы Айбек Кәрімов мемлекеттік аппаратты реформалау – мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін көтеруге ықпал ететінін, ендігі арада кадр іріктеудің тәртібі күшейетінін атап өтті. Осы мақсатта іс басындағы барлық мемлекеттік қызметкерлер кешенді аттестаттаудан өтеді. Еліміздің жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және ұлттың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі жоспары, Елбасы Н. Назарбаевтың Бес институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары аясында айтылған осынау міндеттеме ауқымы аппарат жиынында кеңінен сөз болды. Айбек Мүталапханұлы әкімдік қызметкерлеріне «100 нақты қадамды» зерделеп, аталмыш құжат әрбір қызметкердің үстелінде жатуы керек екенін баса айтты.
{jcomments on}Аппараттық кеңес ағымдағы жұмыстарды талқылаумен жалғасып, қала әкімі Айбек Кәрімов өткен аптада инвестиция тарту мақсатымен Иран елінде болған іссапар барысын баяндап берді. Алдын ала болжам бойынша, 30 млн. еуроның келісімі негізінде бірінші кезекте Семейде ет өңдейтін комбинат құрылады. Бұл бастамаға қолдау білдірген облыс әкімі Даниал Ахметов кәсіпорынды құру мақсатында кезең-кезеңімен жоспарлауды тапсырған.
— Инвесторларға бұл мақсатта арнайы жер телімі беріледі. Ет өңдеу комбинаты негізінде фармацевтика, жуғыш заттар шығару, тері өңдеу өнеркәсібі өрге басады деген үміт бар. Мен Иран сапарында сүт өңдеу комбинатында болдым. Әрбір аналық бас күніне 45 литр сүт береді екен. Біз олармен ұрық алу мәселесі бойынша келістік. Ирандық әріптестер бұл мақсатта көмек көрсететін болды. Алдағы уақытта ұрықтандырудың жаңа технологиясын меңгеретін боламыз, — деген Айбек Мүталапханұлы осы шаруалардың барлығына, алдын ала болжам бойынша, 150 млн. еуро инвестиция тартылатынын атап өтті.
Сондай-ақ қала әкімі бұл қаражаттың төл валютаға шаққанда 30 млрд. теңге болатынын, яғни шаһар бюджетінен де асып түсетінін баса айтты.
— Өздеріңіз бағамдап көріңіздер, бұл Семей қаласы экономикасының дамуына қандай серпін бермек. Бір айдың ішінде инвесторлар бізге келеді және біз ШҚО әкімі Даниал Кенжетайұлымен нақты келісімшартқа отырамыз. Осылайша экономиканың дамуына оң ықпал ете отырып, біз қаржы және дербес салалық бөлімдер нақты инвесторлармен жұмыс жасауға маңыз беруіміз керек, — деп атап өтті шаһар басшысы.
Бұл ретте Айбек Кәрімов аймақ басшысы Даниал Ахметовке қаланың жалпы экономикалық жағдайы туралы есеп бергенін, жағдайдан құлағдар болған өңір басшысы экономика басқармасына Семей шаһарының қаражатын жүз пайыз өзінде қалдыру керектігі жөнінде тапсырма берген. Айбек Мүталапханұлы енді бұл қаражаттың қаланың өркендеуіне жұмсалатынын атап өтті.
Кеңесте шаһар басшысы көтерген тағы бір мәселе жылумен қамтамасыз ету заңы болды. Қала әкімінің айтуынша, бүгінде елімізде жылумен қамтамасыз ету заңы жоқ. Сондықтан да кейбір мәселелер жекелей шешіліп жүрген сыңайлы. «Теплокоммунэнерго» МКК жұмысына тоқталған Айбек Кәрімов бірінші кезекте кәсіпорынның мемлекет тарапынан қолдау көретін мекемелер тізіміне кіруін қамтамасыз ету керектігін және республикалық бюджеттен бөлінетін 1 млрд. 800 млн. теңге қаражатты заңға сәйкес пайдалану қажеттігін айтып өтті.
— Аталған қаражат бюджетке түседі. Қолдану механизмі жоқ. Сөйтіп жүргенде шілде айы, іле тамыз айы да келеді. Жариялан-ған байқау жеңімпаздары жұмыс бастағанда, қыркүйектің де төбесі көрінеді. Міне, тұрғындардың «жаз бойы қайда қарағансыңдар?» деп мәселе көтеретіні де сондықтан. Біз жұмыс істеуге дайынбыз. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа кең көлемде түсініктеме беруіміз керек, — деді қала әкімі.
Айбек Мүталапханұлы алдағы уақытта қаладағы сегіз көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, оған қаражат бөлініп, байқау жарияланғанын да атап өтті.
— Жөндеу жұмыстарына қаражат бөлінді, барлық тиісті органдар келісімін берді. Байқау жарияланды. Оның қорытындысы 18 маусым күні белгілі болады. Шілде айының 1-нен бастап Би Боранбай көшесіне орташа жөндеу жұмысын бастаймыз. Мердігерлер өз жұмыстарына жауапты қараса, қысқа уақытта жөндеп шығуға мүмкіндік бар деп ойлаймыз. Халық бұл жолмен ауыр жүк көліктері көптеп өтетіндіктен, екі – үш жылдан кейін қайта жөндеуді қажет ететінін түсінулері керек. Сондықтан алдағы уақытта бұл көшені толықтай қайта күрделі жөндеуден өткізуі қажет. Қайта жаңғырту бойынша 1 шілдеден бастап жоба дайын болады. Оның негізінде жол төрт жолақты болмақ, — деген қала әкімі бұл шаруалардың да халыққа дұрыс жеткізілуі керектігін, көп жағдайда тұрғындар ақпараттың жоқтығынан тек жергілікті билікті ғана кінәлайтынын атап өтті.
Ал, Семей қаласында №3 ЖЭО құрылысы салынса, қаладағы жылу мәселесін толықтай шешеді. Инвесторлар жобалық — сметалық құжатқа 5 млн. АҚШ долларын салуға дайын.
Қала әкімі гүлзарлар мен жасыл желектің күтімі жайын да назардан тыс қалдырмады. Бұл орайда қалалық ТҮКШ басшысы Александр Генрихке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтқанда, қала көшелерінде шаң көтерілмеуін де қадағалау қажет. Ол үшін көшелерге су шашу ісін жүйелі жолға қою керек. Бұл мақсатта техника мен су қоры жеткілікті. Жалпы, қаланы көркейту бағытындағы жүргізіліп жатқан шаралар қала әкімі аппараты басшысының да назарында болуы тиіс.
— Бізге жер үсті өткелдері құрылысын да жылдамдатып аяқтау қажет. Мұндай бірегей жоба тіпті Өскемен қаласында да жоқ. Сондықтан да қажетті жағдайда әкімдіктің экономика бөлімі де көмекке келуі тиіс, — деп атап өткен қала әкімі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысына көңіл аударды. Бұл бағытта атқарылуы қажет немесе орындалмай келе жатқан шаралар бар. Мәселен, қаланың Орталық алаңында жанға жағымды әдемі әуен ойнап тұруы тиіс. Кешкілік сағат 19.00 — ден кейін серуендеген тұрғындар үшін жарасымды көңіл –күй қалыптастыру қажет. Бұл ретте ұлттық сипаттағы немесе классикалық музыка түрлерінен таңдау жасалынғаны жөн. Бір сөзбен айтқанда, өркениеттілік талаптарына сай, қалалықтарға жағымды әсер сыйлау міндеті тұр. Осы мәселелер жайында нақтылап айтып өткен қала әкімі бөлім басшысы Берік Көпбаевқа ескерту де жасап өтті.
Айбек Мүталапханұлы қаладағы спорттық салаға, соның ішінде жергілікті футболға да назар аударды. Аяқдоптан жексенбі күнгі өткен «Спартак» пен «Восток» командалары арасындағы кездесуде өскемендік меймандардың біздің жанкүйерлердің белсенділігіне таңырқағаны белгілі. Семей патриоттары өз командаларына рухани демеу жасауда аянып қалмауда. Бұл, бір есептен, ақпараттық-насихаттық жұмыстардың да оң нәтижесі екені анық.
Айбек Кәрімов осыдан соң Мемлекет басшысының тапсырмасынан, Жолдау аясынан туындайтын өзекті міндеттемелерге ойысты. Бұл орайда бөлім басшыларының айтар ұсыныстары мен қызмет бабына қатысты тілектері де тыңдалды.
Айбек Мүталапханұлы сонымен қатар кәсіпкерлік саласындағы жетістіктерді де тізіп өтті. Арзан әрі сапалы өнімдерді делдалсыз саудаға шығаруда өңіріміз бойынша ауыз толтырып айтуға тұрарлық біршама жетістіктер бар. Мәселен, жуырда ғана «Зәйтенов» шаруа қожалығының «Ай» сауда үйі осындай тиімділігі мол нысандар қатарын толықтырды. Мұнымен қоса белді кәсіпкер Мұхит Тұмабаевтан да осы бағытта жұмыс жүргізуін сұрайтынын жеткізген қала әкімі өңір бойынша азық-түлік өнімдері бағасын тұрақтандыруға қол жеткізілгенін де айтып өтті. Сондай-ақ Абыралы өңіріндегі кәсіпкерлердің өндірген өнімдерін саудалау үшін жаңадан нысан ашу жөнінде де ұсыныстар бар. Бұл ретте шаруа қожалығы иелерімен екі жақты келіссөздер жүргізілуі қажет. Фермер мен тұтынушы арасындағы делдалсыз, тікелей сауда баға саясатын икемді жүргізуге мүмкіндік береді. Мұндай сауда үйлерінің жұмысы әсіресе жәрмеңкелерде орын алатын алыпсатарлыққа жол бермейді. Бүгінде жаңадан ашылып жатқан нысандардағы сүттің литрі орта есеппен алғанда 95 теңгеден сатылса, жас еттің бағасы 1000 теңгенің айналасында. Ал базардағы ет шамамен 1300 теңгеден саудалануда. Өскемен мен Павлодардағы ауылшаруашылық өнімдері Семейден әлдеқайда қымбат екенін ескерсек, бұл бағытта аз жұмыс жасалмағанына көз жеткізуге болады. Қала әкімі баға саясатына байланысты жауапты мамандарға арнайы мониторинг жүргізуді тапсырды. Атқарылған іс көп. Бірқатар ауқымды шараларды тиісті бөлім басшылары БАҚ арқылы тұрғындарға жеткізулері керек.
Айбек Кәрімов аппараттық кеңес барысында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» атты Ұлт Жоспары жүктеген тапсырмаларға кеңінен тоқталды. Бес институттық реформаны орындауға бастайтын, даму даңғылында қарқын алдыратын бұл құжат әрбір мемлекеттік қызметкердің алдында жатуы тиіс екенін атап өткен қала әкімі мемлекеттік құрылымдар жұмысы мен заң талаптарының орындалу барысы және таяу жылдарда еңсерілуі тиіс міндеттемелерге ерекше тоқталды.
— Біз үшін ұжым болып талқылайтын мәселелер жетерлік. Атап айтсақ, «100 нақты қадамның» Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру бөліміндегі маңызды қадамдар – мемлекеттік жоспарлаудың ықшам жүйесін құру, аудит пен мемлекеттік аппарат жұмыстарын бағалаудың жаңа жүйесін енгізу, ақпаратқа қолжетімділік туралы заңды әзірлеу, мемлекетке тән емес қызметтерді бәсекелестік ортаға және өзін-өзі реттеуші ұйымдарға беру туралы мәселелерге баса тоқталуға болады. Сондай-ақ сот рәсімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту жайлы айтылатын 26-шы қадамның мән-маңыздылығы зор, — деп атап өткен қала басшысы «100 нақты қадамның» Заңның үстемдігін қамтамасыз ету туралы бөлімі міндеттеріне де кеңінен назар аударды. Бұл орайда Айбек Мүталапханұлы Азаматтық іс жүргізу кодексіне тиісті өзгертулер енгізуде байсалды түрде қарайтын мәселелер бар екенін жеткізді. Мәселен, мемлекеттік қызметкерлер мүддесін қорғау бағытындағы іс-шараларды жүргізудің реттілігі және этикалық нормалар сынды мәселелер бүгінгі күн үшін өзекті болып тұр. Сондықтан да тек Конституция талаптары аясында ғана қызмет атқаратын мемлекеттік қызметкер үшін Заңдағы өзгерістерді, заң шығару эволюциясындағы реформаларды үнемі қадағалап, жетік меңгеріп отырудың маңызы зор.
Осыдан соң қала әкімінің орынбасары Надежда Шарова сөз алып, облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалы жанындағы қоғамдық кеңес отырысында қаралған мәселелер, жемқорлыққа қарсы стратегияларды орындау талаптарынан туындайтын жұмыстар жайлы баяндап өтті.
Сондай – ақ қала әкімі маңызды науқан ҰБТ – ның қалай өткендігін саралап, бұл орайда білім бөлімінің басшысы Наталья Фесенкоға қорытынды сараптама жүргізуді тапсырды.
Аппараттық кеңес барысында сонымен қатар демалыс күні өткізілген Сабантой мерекесінің ұйымдастырылуы сияқты күн тақырыбындағы өзге де бірқатар мәселелер жайлы пікір алмасты.
Қуаныш ЖОЛЫМБЕТ, Асан МЫРЗАХАНОВ, «Семей таңы»