Семей қаласының әкімі Айбек Кәрімовтің халық алдындағы дәстүрлі есеп беруі Қараөлең ауылдық округінде де өтті. Қала басшысы Қайнар ауылында өткен кездесуде былтырғы жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, өңірдің әлеуметтік – экономикалық, мәдени, кәсіпкерлік және өндірістік саладағы серпінді істері жайлы тұрғындар алдында кең ауқымдағы ақпарат берді. Есептік кездесуге, сонымен қатар, кейбір салалық бөлім басшылары да қатысқан болатын. Жүздесу барысында тұрғындардың өтініш –тілектері бұрынғы жылдардағыдай күнделікті күйбің тірлікке қатысты материалдық деңгейден рухани деңгейге көтеріл-генін аңғардық. Қайнарлықтардың осы кездесу кезінде Айбек Мүталапханұлына жолдаған сауалдарының астарында ұлттық мүдде, рухани таным, талғам жатты.
Хош. Алдымен кездесу өткен ауыл жа-йында… Қайнар ауылы Семей қаласынан шет жайлап, қиыр қонған елдімекен, түтіні түзу, жетер жолы жайсыздау демесеңіз, төрт түлігі сай. Алдымен тарихтың, сосын келмеске кеткен Кеңестің талай теперішін көрсе де, ауылдың бірлігі ажырамаған, берекесі бекем. Мыңғыртып мыңды айдамаса да, төрт түлікті кәсіп еткен еңбекқор ағайын- ның еңсесі тік. Қайнар ауылы тірек ауылдардың тізімінде болғандықтан, тындырымды істердің тізбегін көруге болады.
Өткен жылдың тамылжыған тамызында халық қалаулылары ауылға жаңа әкім сайлады. Сол әкім Сағынғали Қапақов. Жаңа әкім жаңа бастамаларды жүйелі түрде жүзеге асырамын деп қазір ат үстінде. Сағынғали Аманғалиұлы осы ауылдың бел баласы болғандықтан, ауылдың жағдайын бес саусағындай біледі. Туған жерінің тынысын тамырынан танитын азаматтың, әлбетте, елдімекеннің ахуалын түзеуге күш салатыны — заңдылық. Әзірге бастамалары жаман емес.
{jcomments on}Бүгінгі таңда ауылдағы жеке кәсіпкерлердің саны онға жетіп жығылады. Оның тоғызы сауда — саттықтың саласында болса, тағы біреуінің жанар – жағармай құятын бекеті бар. Жалпы ауылдық округте 16 шаруа қожалығы тіркелген. 2 мыңнан астам жылқы, 4 мың бас ірі қара мен 13 мыңнан аса ұсақ мал бар. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы 25 адам 68 млн. теңге көлемінде несие алған. Осының негізінде 100 бастан артық Қамбар ата мен Зеңгі баба тұқымы, 170 бас қой сатып алып, мал шаруашылығын жаң-ғыртып жатқандары да бар.
Солардың бірі – Тоғжан Қазанбекова. Былтыр «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша 3 миллион теңге шағын несие алып, бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мемлекет пен жергілікті ат-қарушы билік тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға кәсіпкер риза.
— Жеке кәсіпкерлікпен, мал басын көбейту ісімен айналысып жатырмыз. Қазір қолынан іс келетін адамға мемлекеттің тарапынан қолдау бар. «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы ауылдағы шағын және орта бизнесті тиісінше дамытуға тікелей қатысты деп санаймын. Елбасы Н. Назарбаев өзінің биылғы Жолдауында да шағын және орта бизнес атадан балаға жалғасатын дәстүрлі кәсіп көзі болуы керек дегенді айтты. Бүгінгі біздің айналысып отырған ісіміздің болашағы да осында, — дейді кәсіпкер Тоғжан Қазанбекова.
Міне, ауылда атқарылған жұмыстар аз емес. Бүгінде бірнеше көше жарықтандырылса, ауыз су мәселесін шешу жолдары қарастырылуда. Ол үшін сараптама мен жер актісіне қалалық бюджеттен 18 миллион теңге қаржы бөлінген.
Қайнарда биыл да қолға алынатын бірқатар ауқымды іс жоспарлары жасалған. Олардың қатарында типтік мал дәрігерлік зертхананың құрылысын аяқтау, ауылдағы санитарлық тазалық жұмыстарын дұрыс жолға қою, Бегалин атындағы мектептің жылу қазандығын қайта жаңғыртуға жобалық –сметалық құжат дайындау сияқты биылдан қалдырмай жүзеге асыруды қажет ететін ауқымды мәселелер бар.
Енді кездесуге келер болсақ,мұнда жеке бастың жағдайы немесе күйбің тірліктің ұсақ –түйек әңгімесі қозғалмады. Қайнарлықтар пайымды пікір, сүбелі сөз айта білді. Сауалдардың салмағы да ауыр. Елдің тарихын түгендеу, мемлекеттік тіл, мәдени ошақтардың кәсіби деңгейі, бүгінгі медицинаның мүмкіндіктері жайындағы ауыл тұрғындарының сауалдары қала басшысы Айбек Кәрімовтің де көңілінен шыққанын байқадық.
Айбек Мүталапханұлы алдымен өткен жылы Семей өңірінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Кездесу барысында қала әкімі 2013 жылы атқарушы биліктің жұмысы Елбасының халыққа Жолдауы мен Үкіметтің алдыға қойған тапсырмалары аясында жүргізіліп, жүзеге асқандығын мәлімдеді. Қала басшысы тоқталып өткендей , кейінгі жылдары Семей әлеуметтік-экономикалық тұрғыда қарқынды даму үстінде. Сондай-ақ, құрылыс, медицина мен мәдениет салаларында ілгерілеушілік бар екендігін айта келіп, экономиканың нығаюына шағын және орта бизнес өкілдерінің үлес қосып отырғандығын да жеткізді.
— Елбасының барлық атқарушы билікке қойған негізгі тапсырмаларының бірі — Қазақстанның негізгі қоры мұнай мен газдан түсетін қаржыны тоқтап, тұралап қалған кәсіпорындардың жанданып, жұмыс істеуіне жұмсау мен жергілікті бюджеттің түсімін толықтыру. Осы мақсатта біз 2011 жылы Семей өңірінің даму моделін жасадық. 2011 жылы қалалық бюджетке түсетін қаражаттың ішкі көлемі 8 млрд. теңгенің төңірегінде болса, 2013 жылдың аяғында бұл көрсеткіш 12 млрд. теңгеге жетті, — деп атап өтті Айбек Мүталапханұлы кездесуде.
Әлбетте, бұл көрсеткіш оңайлықпен келе салған жоқ. Жүйелі жұмыстың, жіті қадағалаудың нәтижесі деп білген жөн. Жүйелі жұмыс дегенде, қала басшысы атап өткендей, Семей қаласының экономикалық құрылымын өзгерту арқылы осындай көрсеткішке қол жетті. Семей қаласындағы кәсіп-орындардың басым бөлігі ауылшаруашылығы шикізатын өңдеуге арналған. Міне, осы шикізат көзінің аздығы ауылшаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін күрт төмендетті. Осының салдарынан ірі мекемелердің көбі тоқтап қалған болатын. Тері илеу зауыты, ет комбинаты сияқты ірі кәсіпорын көздері кезінде қала экономикасының 80 пайызын құрайтын еді. Осы аталған өндірістің тұралауы экономиканың төмендеуіне әкеліп соққаны мәлім.
Тек қана ауылшаруашылығы шикізатын өндірумен шектелсек, қала экономикасының қарқын алуы қиын болар еді. Осыған орай Айбек Мүталапханұлы Семей өңірінің әлеуетін әлдендіру үшін өзге де салаларға серпін беру керектігін түсінгендіктен, оны кешенді түрде дамыту жұмысы жүргізіле бастады. Бұл мақсатта жеке кәсіпкерлік, энергетика және машина жасау сынды салалар қолға алына бастады, қазір ауыз толтырып айтатын атқарылған шаруалар бар.
— Машина жасау өндірісіне Үкімет тарапынан да мол инвестиция салынып отыр. Қорғаныс министрлігінен үлкен тапсырыс бар. «Қазақстан инжинерниг» АҚ — ның қорғаныс саласына қажетті әскери техникаларды жаңалаумен, қайта жөндеумен айналысатын зауыты қарқынды жұмыс істеп тұр. Дәл қазіргі кезеңде өндіріс көлемі де арт-қан, аталған кәсіпорын жаңа жұмыс орындардың ашылуына мүмкіндік жасап, салық түсімінің өсуіне әрі өнеркәсіп өнімінің де артуына қол жеткізіп отыр. Өндірістің өнім көлемі шамамен 7-8 млрд. теңгені құрайды. Сонымен қатар, «Қазақстан инжинеринг» АҚ –ның тағы бір жобасы – машина жасау зауыты. 2011 жылы өндірілген өнім көлемі 200 млн. теңге болса, қазір бұл көрсеткіш 2 млрд. теңгеден асып жығылады. Яғни, өндірістің көлемі он есеге дейін өсті, — деп атап өтті қала әкімі.
Машина жасауда жеке кәсіпкерлер де инвестиция салуда. Оның дәлелі — «СемАЗ» кәсіпорыны. Кәсіпорында автобус жасау көлемі жыл сайын қарқын алса, өткен жылы 6-7 түрлі трактордың мыңнан аса данасы шығарылды. Сонымен қатар, ауыр жүк көлігі «Урал» құрастырыла бастады. Өткен жылдан бастап 20-25 тонналық жаңадан «Шахман» деген машина да құрастырылу үстінде.
Айбек Мүталапханұлы кездесу кезінде Семей қаласында жаңа саланың пайда болғанын атап өтті. Қала әкімі осы орайда құрылыс индустриясының да өзгеріске түскендігін тілге тиек етті. Соңғы екі жылдың көлемінде құрылысқа қажетті құрал – жабдықтар дайындау ісі қолға алынып, аталған кәсіп саласында да нақты нәтижелер бар. Құрылысқа қажетті ұнтақтардан бастап, бетонға дейінгі қажеттіліктердің өзімізде өндірілуі қаламыз үшін пайдалы. 2013 жылы қаламызда жаңадан ашылған кәсіпорындардың бірі құрылыс комбинаты . Бұл салаға тек Үкімет қана емес, кәсіпкерлердің де ықыласы ерекше. Айбек Мүталапханұлы атап өткендей, болашақта құрылыс саласы Семейде өндірілетін өнімнің 20-25 пайызын құрайтын болады.
— Соңғы жиырма жылда Семейде жөн – жосықсыз құрылыстар көп салынғандығы да Бас жоспардың болмауынан екендігі белгілі. Бұдан былай барлығы да Бас жоспардың аясында жүзеге асады. Қала да-муының негізі енді Бас жоспармен тығыз байланысты болмақ. Болашақта қалада салынатын барлық құрылыс нысандарының орындары анықталды. Осыдан — ақ құрылыс саласының алдағы болашағын анық аңғаруға болады, — дейді қала басшысы есептік кездесу кезінде.
Құрылыс дегенде, көз алдымызға алдымен зәулім үйлердің құрылысы келеді. Бұрынғы жылдарға қарағанда бізде тұрғын үй салудың көлемі екі есеге өсіпті. Осы күнге дейін 100 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй халықтың пайдалануына беріліпті. Абыралы өңіріне қарасты болашағы көмескі, шалғай жатқан ауылдардан 29 жанұя қазір Семейдің іргесіндегі Волгоград көшесіне қоныстанды.
Кәсіпкерлік – экономиканың күре тамыры. Семей қаласының бюджетіне түсетін салық көзінің 25 пайызын ірі кәсіпорындар құрайды. Мұндай ірі кәсіпорын саналатындардың жалпы саны қазір Семейде он төрт. Ал, 55 пайызы шағын және орта бизнестің еншісінде. Бұл жақсы көрсеткіш деп айтуға болады. Елбасының өзі тапсырмасында жалпы өнім беретін негізгі күш шағын және орта бизнес болуы керек екендігін баса атап өткен еді.
— Төрт түліктің басында өсім бар. Біз ірі қараның өсімін тоқтатпауымыз керек. Өйткені, экспорттық әлеуетіміз өте үлкен. Жылқы малы ішкі өнім үшін аса қажет екендігін де білесіздер. Ал алаңдататыны қой басының азайып бара жатқандығы. Әрине, бұл жерде нарықты да ескерген жөн. Болашақта қой басын көбейтуді қолға алуымыз керек, — деп атап өтті Айбек Мүталапханұлы ауылшаруашылығы саласына тоқталған тұста.
Қазір ауылшаруашылығы өнімдерін өңдейтін мекемелердің үлес салмағы 20 пайызға жетіп отыр. Бұл саланың дамуы қалыпты. Қазіргі кезеңде осы саланың өнімі 20 млрд. теңгеге жетеғабыл. Құс етін өндіруде Семей өңірі өзіндік «бренд» калыптастырып келе жатыр. Үлкен екі кәсіпорында құс етін өндіру жолға қойылған. Тіпті, алдағы жылдары құс етін экспортқа шығаруға қауқарымыз жететін болады. Жұмыртқа өндіру де дұрыс жолға қойылды.
Қала әкімі, сондай-ақ, халықтың өзімізде өндірілетін етті тұтыну керектігін атап өтті. Осы орайда Айбек Мүталапханұлы көршілес аудандардың ірі шаруа қожалықтарына қаланың әр аумағынан жер телімін беріп, өздеріндегі өнімді делдалсыз халыққа тікелей саудалауға мүмкіндіктер жасалғанын жеткізді. Тұрғындарды таза әрі табиғи өніммен қамтамасыз етуде мұндай істің айтарлықтай нәтижесі бар.
Бұл ретте ветеринария саласына көңіл бөлініп, Үкімет әр ауылға ветеринарлық станциялар ашып, автокөліктерін берді. Кездесуде Қайнар ауылындағы ветеринарлық станция жағдайы да сөз болды.
— Қайнардағы тұрып қалған ветеринарлық станцияның мәселесін біз тез арада шешуге тырысамыз. Созылып кеткені дұрыс емес. Қалалық бюджеттен болмағаннан кейін кейбір механизмдері олқы болып қалғандығы шындық, — деп атап өтті қала әкімі ауыл тұрғындарының алдында.
Сондай – ақ, қала әкімі медицина саласына да тоқталды. Семей қаласында салынып жатқан медициналық мекемелердің құрылысы, әкелінетін қондырғылардың барлығы биылдан бастап толықтай халыққа қызмет көрсете бастайды. Үкімет бір ғана Семей өңіріне осы жұмыстар үшін 30 млрд. теңге қаржы жұмсады. Биыл радиологиялық орталықтың құрылысы аяқталады. Денсаулық саласында Семейдің 2013 жылғы көрсеткіші көңіл қуантады. Өткен жылы аяғы ауыр аналар арасында өлім болған жоқ. Балалардың да шетінеуі біршама азайса, туберкулезбен ауыратындар саны 16 пайызға төмендеген.
Медицина — Семей өңірінің «бренді». Шаһарда тек мемлекеттік қана емес, жеке меншік бағытта да клиникалар салынып жатыр. Бір ғана 2013 жылдың өзінде қалада төрт емдеу мекемесі іске қосылды. Бұл Семейде денсаулық сақтау саласында бәсекелестіктің артып, халықтың дұрыс ем алуына апаратын бірден – бір жол екендігі белгілі.
Болашақта бізде халықтың денсаулығын оңалту орталығын салу көзделуде. Бас жоспар бойынша құрылыс жүргізілетін жер де дайын. Қырық жыл ядролық сынақтың зардабын тартқан тұрғындар болашақта осы оңалту орталығында емделетін болады. Бір сөзбен айтар болсақ, Семей медициналық кластері дамыған қалалардың қатарында болады.
Айбек Мүталапханұлы тұрғындар алдында Семей өңіріндегі спорт, білім саласына да кеңінен тоқталып, атқарылған істерді халыққа жеткізді. Семейде осы күнге дейін 11 жеке меншік балабақша салынып, мектепке дейінгі балаларды балабақшамен қамтамасыз етуде кәсіпкерлердің үлес салмағының артып келе жатқандығын атап өтті.
Өткен жылы Семей үшін есте қалар оқиғалар көп болды. Елбасы Н. Назарбаевтың Семей қаласына жасаған арнайы сапарында Семей әрқашан да өзінің назарында екендігін, іске асып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын айтқан болатын. Үкімет басшысы С. Ахметовтің де Семейге келген сапарында шағын және орта бизнесті қолдау тұрғысында келелі әңгіме өрбігені белгілі. Семейде халықаралық дәрежеде татар халқының Сабантой мерекесі аталып өтіліп, оған Татарстан Республикасының бірінші президенті Мінтемір Шәй- миевтің келуімен де есте қалды.
Айбек Мүталапханұлы өңірдің әлеуметтік – экономикалық жағдайын таныстыра келе, халықтың сауалдарына да тұщымды жауап қайырды. Тұрғындардың қала басшысына сауалы Сейсен Наурызбаевтың мемлекеттік мекемелерде іс – қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуі, Семейдегі мәдени ошақтардың кәсіби деңгейі сынды салмақты сұрақпен басталды. Айбек Мүталапханұлы Қайнар ауылында әрқашан да рухани тұрғыдағы, ойландыратын һәм толғандыратын сауалдар болатындығын айрықша атап өтті.
Төлеу ақсақал Әдірахманов болса, ауылдағы ағайынның басы ауырып, балтыры сыздай қалған жағдайда жедел жәрдем көлігінің керектігін, зейнеткерлер мен ардагерлерге әлеуметтік дәріхана болса деген өтінішін және ауылдағы мәдениет үйі қызметкерлерінің жүріп – тұруына автокөлік берілсе деген сауалдарын жолдады.
Қала басшысы мәдениет үйін автокөлікпен қамтамасыз ету жағын ақпан айында қала бюджетін қайта қараған кезде назарға алатындығын атап өтті. Ал, ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы жетекшісінің Семей өңірі бойынша орынбасары Ғалия Жуасбаеваның айтуынша, өткен жылы Семей өңіріне қарасты ауылдарға 4 жедел жәрдем көлігі берілсе, биыл тағы да 4-6 жедел жәрдем көлігі ауылдағы ағайын-ға қызмет ете бастайды. Осы бөлінетін жедел жәрдем көлігінің бірі – Қайнар ауылына қарастырылған екен.
Дүйсен Лепсібаев ақсақалдың да сауалы Абыралы өңірі үшін маңызды мәселе, ақсақал Абыралы өңіріне қарасты алты ауылдық округтің мұң – мұқтажын, арыз – шағымын тікелей қала басшысына жеткізіп, ауылдағы ағайынның мәселесімен таныстырып отыру үшін ауылдың жайын білетін азаматты Айбек Мүталапханұлының өзіне «көмекші» немесе «кеңесші» қылып алса деген ойын ортаға салды. Бұл ұсыныс кездесуге жиналған басқа да қайнарлықтар тарапынан қолдау да тапты. Қала әкімі Дүйсен ақсақалдың сөзін жерге қалдырмады. Ауыл болып ақылдасып «алтын көпір» болар азаматқа таңдау жасалып, алдағы уақытта маман өз жұмысын бастайтын болады.
Серік Әкішев атты азамат 2018 жылы Абыралы өңірінің 90 жылдығын атап өтуге Айбек Кәрімовтен қолдау болса деген өз ойын жеткізді. Қала әкімі 90 жылдық деп атап өтіп, аста төк той жасап, ат шаптырғаннан гөрі, қырық жыл қырғынның кесапатын көрген өңірдің тарихын тағы бір зерттеп, зерделеп, ғылыми тұрғыдан көзқарас қалып-тастыру сияқты мәселелерге көңіл бөлген жөн деген өз ойын жеткізді.
Айбек Мүталапханұлына ауылдағы ағайын- ның айтар алғысы шексіз екен. Өткен жылы әкіммен кездесуде Қараөлең ауылының тұрғындары Қайнардағы Бегалин атындағы орта мектепке оқушылар тасымалдау үшін көлік сұраған болатын. Бұл мәселе көп ұзамай шешімін тапқан еді. Қала әкімінің іскерлігі өз алдына, халыққа берген уәденің уақытында орындалуы да тұрғындардың шексіз ризашылықтарын білдіріп, қала әкіміне деген құрметі айрықша екендігін аңғардық.
— Мен Қараөлең ауылынан арнайы келген жайым бар. Қала әкімі есеп беруге келеді дегенді естіп, Айбек бауырыма алғысымды айтайын деп отырмын. Өткен жылы ауылдағы балалар, оның ішінде менің немерелерім де оқуға бара алмай жолда қалып, сізге көптің қалауын жеткізіп, көлік сұрап едім. Ананы сыйлаған елдің ұрпағымыз ғой. Рахмет, айналайын! Сол сіздің қолдауыңызбен бөлінген көлікпен балаларымыз мәре-сәре болып, оқудан қалмай жүр. Еңбегіңіз жемісті болсын! Абырой биігінен көрініп, жақсылықтың жаршысы, халқыңның жанашыры болып жүре бер! — деп Рысқайша Тұмарбаева аналық ақ батасын берді.
Бата беру, жақсы тілек айту-баба қазақтың салты ғой. Ал, анадан бата алу бітімге, болмысқа берілген баға деп білген жөн. Айбек Мүталапханұлына берілген батаны да біз осылай қабылдадық. Айналып келгенде, ананың батасы — халықтың батасы емес пе?!
Ерзат ЖАНАТҰЛЫ, «Семей таңы»