Сенбі, 22 сәуір күні облыс әкімі Даниал Ахметов Семей қаласына іссапармен келді. Облыс әкімі Семейге жасаған сапарында әуежайды қайта жаңғырту және Ертістің жағалауын абаттандыру жұмыстарымен, бірқатар медициналық мекемелердің жай-күйімен, «Солтүстік» сауда — логистикалық орталықтың жағдайымен және қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасымен танысып, Семей қалалық мәслихатының депутаттарымен жүздесті.
Аймақ басшысының Семейдегі іссапары әуелі әуежайдан басталды. Семей әуежайында, 2016 жылы қолға алынған жалпы құны 10 млрд. 120 млн. теңгеге жоспарланған жоба бойынша, ұшып-қону жолағы мен әуежай аэробекетін қайта құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыс қарқынымен танысқан Даниал Ахметов ұшу-қону алаңына бетон құюды 1995 жылғы бетонтөсегіш техникамен жүзеге асырмақ болған сербиялық мердігер мекеменің жұмысын сынға алды және сапалы жұмыс үшін техниканың да неғұрлым жаңасымен жұмыс істеу керектігін ескертті.
— Ескірген техника межелі міндетті мінсіз атқарады дегенге сене қоймаймын. Біздің елімізге жұмыс істеуге келсеңіздер, халықаралық талапқа сай еңбек еткендеріңіз абзал. Мұнда жаңа техника әкеліп, ескірген бетонтөсегіштеріңізді өзге жерде қолданыңыздар,- деді Даниал Кенжетайұлы.
Әрине, өзге елден, тіпті өзге қаладан келген мейман ең алдымен әуежай арқылы Абай жеріне табан тірейтінін ескерсек, әр істің мінсіз болуы міндетті. Жалпы, облыс әкімі әуежайда атқарылып жатқан істерге оң бағасын беріп, жұмыс осы қарқынмен жүргізілсе, ағымдағы жылы 5 млрд. теңгеден астам қаржы игерілетіндігіне сенім білдірді.
Әуежайдан кейін аймақ басшысы «Солтүстік» сауда-логистикалық орталығында болды. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатқан алаңда саудагерлермен де, тұрғындармен де тілдесті. Сауда сөресіне қойылған сиыр мен жылқы етінің ортақ бағасы 1350-1400 теңге айналасында болды. Даниал Кенжетайұлы бірқатар сатушылармен тілдесіп, жөн сұрасты. Бір қызығы, саудагерлердің басым көпшілігі алыс ауылдардағы ағайындарының табиғи өнімін жәрмеңкеде саудалап тұрған Семей қаласының тұрғындары болып шықты. Жәрмеңкеде әрбір шаруа, мал өсіруші табиғи өнімін өзі саудалау арқылы пайдасын көруі керектігін, тұрғындар тауарды алыпсатарлар мен делдалдарсыз алуы қажеттігін айтқан Даниал Ахметов бұл мәселені реттеуді қала басшылығына тапсырды. Әлеуметтік дүкендегі тұрақты бағалар мен апта сайын ұйымдастырылатын жәрмеңкедегі арзан әрі табиғи өнім үшін және көпбалалы отбасыларға арналған киім-кешек бутиктері үшін қала тұрғындары, оның ішінде көпбалалы аналар қала және облыс басшылығына алғыс айтты. Жәрмеңкеге бір емес, бірнеше автобус ауыстырып келетін тұрғындар алдағы уақытта логистикалық орталыққа дейін жету үшін қоғамдық көлік мәселесін шешіп берулерін сұрады. Даниал Кенжетайұлы бұл мақсатта қаржы бөлінгенін, мәселе шешілетінін атап өтті.
Келесі ретте облыс әкімі, 2013 жылы құрылысы аяқталса да, бүгінгі күнге дейін халыққа толықтай қызмет көрсете алмай тұрған Жедел медициналық жәрдем ауруханасына барды.
Аурухана құрылысы 2013 жылы аяқталғанымен, оның хирургиялық блогы әлі жұмыс істемейді. Бұған дейін жылу жүйесіне, қаржыға қатысты мәселелер болғанымен, қазір олар жойылған. Аурухана басшылығының айтуынша, нысанның толыққанды жұмыс істеуіне жарық тапшылығы қолбайлау болып отыр екен. Алайда Даниал Ахметовтің Жедел жәрдем ауруханасы жұмысымен танысуы барысында ШҚ АЭК өкілі Ерлан Керкинбаев жарық жөнінде проблема болмайтындығын мәлімдеді. Бұл жауапты естіген аймақ әкімі бас дәрігер Қайноллан Мусиннің жұмысын сынға алды.
— 3 жыл бұрын нысан құрылысы аяқталды. Содан бері бірқатар мәселелер болды. Жылу мәселесін шештік, қаржылай көмек бердік. Үш жыл өтсе де хирургия блогы әлі күнге дейін іске қосылмай тұр. Не себепті? Электр қуаты жетпейді екен. Жаңа ғана ШҚ АЭК өкілі бұл тұрғыдан кедергі жоқ деді. Сонда гәп қайда? Мәселе бас дәрігерде. Ең алдымен, адамгершілік керек. Екіншіден, жүрекпен жұмыс істеу керек,- деген Даниал Ахметов әр басшы өз ісіне жауапкершілікпен қарауы тиіс екендігін қатаң ескертті. Ал аурухана басшылығы блокты іске қосу үшін ендігі кезекте ангиография құрылғысы қажет екендігін айтты.
— Ангиография шын мәнінде керек шығар, бірақ 3 жылдан бері ауру адамдар мен ауруханаға жаны ашымаған, осы уақыт аралығында аурухананың хирургиялық блогын іске қоспаған бас дәрігерге сенуге бола ма? Бұдан кейін мен өз-өзіме сұрақ қоямын: мұндай дәрежеде еңбек ететін басшылыққа жаңа құрылғы алудың қажеті бар ма?– деген Даниал Кенжетайұлы нысанды толықтай қолданысқа енгізбеудің жаңа сылтауларын таба бермей, 3 күннің ішінде хирургия блогы іске қосылып, ауру адамдарды қабылдауға кірісуі керектігін айтып, аурухана басшылығына нақты тапсырма жүктеді. Егер 1 мамырға дейін нысан толықтай іске кіріспесе, бас дәрігерді алмастыруға тура келетіндігін де ескертті.
Ауруханадан кейін облыс басшысы тұрғындардың сұрауы бойынша Северный кентіндегі еріген қар суынан көлшікке айналған көшеге барды. Облыс басшысына тұрғындар өтінішпен шығатындай күрделі проблема көріп тұрмағандығын айтқан Даниал Кенжетайұлы дер кезінде суды сорып немесе жерге сіңдіру арқылы мәселені шешуге болатынын қала әкімінің орынбасары Николай Ушаковқа айтып, тапсырма берді.
Даниал Кенжетайұлы, жоспар бойынша, ауруханадан соң қоғамдық көліктерге отырып, олардың жағдайын байқауға бағыт алды. Аймақ басшысы темір жол вокзалына барып, №29 бағыттағы шағын автобустың жүргізушісінен жол жүру кестесін сұрады. Жүргізуші бар құжатын ары-бері ақтарып, умаждалып, сарғая бастаған бір бет парағын алып шыққанымен, ол парақта әр аялдама бойынша нақты уақыт көрсетілмеген екен. Содан кейін Даниал Кенжетайұлы №13 бағыттағы автобусқа отырып, тұрғындардың «Агентство» атап кеткен аялдамасына дейін жолаушылардың қатарын толықтырды, қарапайым халықпен сөйлесіп, жолаушы тасымалдау жұмысының жай-күйімен танысты. Кестеге сәйкес жүрмейтін маршрут, лас автобус іші, әйнектің орнына түрлі маталармен бүркемеленген терезелер, жолау-шылар салонында орналасқан газ шығару трубасы… Бұл көрініс облыс басшысына ұнай қоймады.
Келесі кезекте Даниал Ахметов Перинаталдық орталық жұмысымен танысты. Аймақ басшысы ана мен бала күтімі (өлімі) бойынша облысымыз республикалық есепте қуантарлық көрсеткішке ие емес екенін атап өтті. Облыс орталығындағы Ана мен бала орталығы жаңа инновациялық технологиялар ошағына айналып, аймақтағы аудандардағы перзентханалардың дәрігерлерін оқытудың орнына, ортанқол перзентхана дәрежесіне түскенін мәлімдеді. Сондықтан дәрігерлерді Еуропа елдеріне оқуға жіберу қажеттігін айтты.
— Аналар үйі білім орталығы болуы керек. Сон-дықтан біз мамандарды мейлінше көбірек Еуропаға біліктілігін арттыруға жіберіп, қажетті құрылғыларды алып, бұған дейін болмаған білім жетілдіру процесін жүргізуіміз керек. Ол үшін бізде барлық мүмкіндік бар, лайықты қаржымен қамтамасыз етеміз. Мықты мамандар бұл жерде жұмыс істеуі үшін, қажет болса, дәрігерлер үйін де тұрғызамыз,- деді облыс әкімі.
Даниал Кенжетайұлы Өңірлік онкологиялық дис-пансер жұмысымен де танысты. Мұнда бірқатар зерттеу құрылғыларының ескіруіне байланысты қайта-қайта істен шығуы көп. 2002 жылдан бері пайдаланып келе жатқан құрылғылар бар.
— Негізі, медициналық құрылғылар 6 жыл қолданыста болған соң істен шыға бастайды. Соңғы 3 жылдан бері бірқатар қондырғылар күн сайын істен шығатын болды. Медициналық техниктер оларды ауыстыру қажеттігін айтқан. Кез келген күні аппарат сынса, науқастарға нақты диагноз қоя алмай қаламыз,- дейді диспансердің потоморфологиялық бөлім меңгерушісі, референцорталықтың жетекшісі Салтанат Болсынбекова.
Бұл ретте облыс әкімі қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету жағы қарастырылатынын атап өтті.
— Радиоактивті және радиологиялық қауіпсіздікке жауап бере алмайтын қондырғыны жөндеу жақсылыққа әкелмейді. Сондықтан 8 айдың ішінде зерттеудің барлық талаптарына сай, денсаулыққа қауіпсіз қондырғылар орнатылуы керек,- деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін Даниал Кенжетайұлы Ертістің оң жағалауын қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Айта кетсек, Ертіс жағалауын қайта жаңғыртудың алғашқы кезеңі 2015 жылы аяқталған. Қаржы тапшылығына байланысты, екінші кезеңі жүзеге аспай қалған болатын. Десе де ағымдағы жылы жұмыс жалғасып, нәтижесі көріне бастады. Көктеммен бірге жаңаша кейіпке енген, жаңартылып жатқан жағалау Даниал Ахметовтің көңіліне қуаныш ұялатты. «Жарайсыңдар!»- деп аймақ әкімі ризашылығын бір сөзбен жеткізді.
Жағалауды абаттандыру жұмыстарының ішінде каскадты субұрқақты қайта жаңарту, ағаш отырғызу жұмыстары, шыршалар отырғызу, көгалдандыру жұмыстары, гүлзар орнату, тротуарлар төсеу, аумақты жарықтандыру көзделуде. Семей қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Марат Аленов ол жұмыстар 30 қыркүйекке дейін аяқталатынын атап өтті. Қоғам белсендісі Николай Исаев Семей қаласының әкімі Ермак Бидахметұлының басшылығымен қалада ауыз толтырып айтарлықтай істердің атқарылып жатқандығын мәлімдеді. Даниал Ахметов өз кезегінде қала келбеті үшін облыс және қала басшысы ғана жауапты емес екендігін атап өтіп, шаһарды көркейтуге қоғам болып атсалысуға шақырды.
Аймақ басшысының қорытынды жиыны әкімдікте қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен өтті. Жиын барысында халық қалаулыларына: «Араларыңызда кім қоғамдық көлікке отырады?»- деп сауал тастаған Д.Ахметов өзінің қоғамдық көлікке отырғандығын, қоғамдық көліктердің тазалық, жолаушылар қауіпсіздігі тұрғысынан талапқа сай еместігін, қозғалыс кестесінің жоқтығын айтып, қоғамдық көлік иелерінің жұмысын қадағалауды жергілікті әкімдік пен мәслихат депутаттарына жүктеді. Ал соңғы кездері жол ақысын қымбаттатуды қайта-қайта сұрап жүрген жолаушы тасымалдаушыларға:
— Тарифті қымбаттатуды сұрайсыздар. Қызмет көрсету сапасын түбегейлі өзгерткенде ғана ол жүзеге асатын болады,- деп, қызмет көрсету сапасы дұрысталғанда ғана баға көтерілетіндігін қадап айтты.
Даниал Ахметовтің айтуынша, 2014 жылы жол жөндеуге 1 млрд. 87 млн. теңге бөлінген болса, биыл 2 млрд.114 млн. теңге қарастырылыпты. Яғни, қаржы екі есеге артқан.
— Жол жөндеу жұмысына қаржы жетпесе, сіздерді тү-сінер едім. Қаржы жетеді. Халық қоғамдық көліктердің уақтылы жүрмейтіндігін, тазалық сақталмайтындығын айтып шағымданады. Сіздер, құрметті депутаттар, осы мәселені неге қарамайсыздар? Автобустар неге мезгілінде, уақытында жүрмейді, неге жолаушылар көлігінің тазалығы талапқа сай емес? Қаладағы көліктер қай жылы шыққан? Неге сіздер оған назар аудармайсыздар? Қалалық мәслихаттың депутаттары не істейді? Бюджетті 2 есе көтердік пе? Көтердік. Барлық сіздер қойған сұрақты шештік пе? Шештік. Ал енді күнделікті мәселелерді кім шешеді? Сіздер. Әкіммен бірге. Атқарушы және өкілетті билік бірлескенде ғана іс нәтижелі болады,- деген Даниал Кенжетайұлы депутаттардың жұмысына сын айтып, халықтың мәселесін шешуге атсалысу қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, 2014 жылы қала қазынасы 21 млрд. теңгені құраса, 2017 жылы ол орташа есеппен 32 млрд-қа жеткен. Аймақ басшысы айтқандай, ШҚО-дағы ешбір ауданда, ешбір қалада, тіпті облыс орталығы Өскемен қаласында да мұндай бюджет жоқ екен.
Әйгерім СӘРСЕНҒАЛИ,«Семей таңы»