"Семей таңы" газеті
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
PDF нұсқа
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
"Семей таңы" газеті
PDF
Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау

ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ СЕМЕЙДЕ

12.10.2018
1
Қаралды
Facebook-ке бөлісуWhatsapp-қа бөлісуTelegram-ға бөлісу

Сейсенбі, 9 қазан күні Семейге жұмыс сапарымен ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова, «Атамекен» ҚР КП Басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов келді. Үкімет басындағы азаматтар қаладағы Семей әуежайына, «Daewoo Bus Kazakhstan», «СемАЗ» ЖШС өнеркәсіптік нысандарына, Қарағайлы ықшам ауданындағы «Абай Арена» мәдени-спорт кешеніне, Семей медициналық жедел жәрдем ауруханасына және Абай музейіне барып, шаһарда атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Шығыс Қазақстанға арнайы жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев алдымен Семей әуежайының қайта жөндеу жұмыстарымен танысты.

Қайта құру жұмыстары «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2016 жылы желтоқсан айында басталған болатын. Жобаны іске асыру үшін 10,197 млрд. теңге бөлінген. Бүгінде әуежайдағы ұшып-қону жолағы толықтай жөндеуден өтіп, қыркүйек айынан бастап Өскемен – Семей — Үржар, Семей — Алматы, Семей — Астана бағыттары бойынша Ан-24 ұшақтарын қабылдай бастады.

— Аэровокзалдағы қайта құру жұмыстары 93%-ға орындалды. Жұмыстар нақты аяқталғаннан кейін әуежай «В» санаттағы халықаралық ИКАО (Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) стандарттарына сай болмақ. Бұл Boeing, Airbus, ИЛ-76  ұшақтарымен 300 жолаушы тасымалдап, қабылдауға мүмкіндік береді. Яғни, тәулігіне 25-30 рейске дейін, сағатына 200-ге жуық жолаушыға қызмет көрсетуге жол ашылады,- деді ШҚО әкімі Даниал Ахметов.

Сонымен бірге «Scat», «Qazaq air», «Bek air», «Air Astana» секілді отандық авиакомпаниялармен қатар, Ресей, Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктеріне халықаралық рейстерді ұйымдастыруға мүмкіндік тумақ. Кешенде 250-ден астам адамға жұмыс орны ашылады деп жопарлануда.

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары барысында шаһардағы «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС мен «СемАЗ» ЖШС-нің өнеркәсіптік нысандарын аралап, отандық машина жасау саласының дамуымен танысты.

Кәсіпорын Daewoo жолаушылар автобустарын шығарады. Сондай-ақ биыл «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС жолаушыларды тасымалдауға арналған «ГАЗель Next» автокөліктерін шығара бастады.

Бақытжан Сағынтаев машина құрас-тыру зауытының жұмысымен танысып, технологиялық процеспен, қосалқы бөлшектер мен аккумуляторлар өндірісі желісімен құрастырылатын автокөліктердің сапасын көрді.

Үкімет басшысы мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған қоғамдық көліктерге қызығушылық танытты. Бақытжан Сағынтаев білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевке еліміздің өзге де облыстарына осы көліктерді тұтынуға мүмкіндік жасау керектігін айтты.

— 2017 жылы 136 автобус шығарылды. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында 82 Daewoo автобусы шығарылды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 7,9%-ға жоғары,- деді «СемАЗ» ЖШС мен «Daewoo Bus Kazakhstan» ЖШС-нің бас директоры Әсемқан Досқожанов.

Компания «Беларусь» тракторлары мен жүк көліктерін де шығарады. Осы жылдың 8 айында 170 «Беларусь» тракторы, 186 жүк автокөлігі, соның ішінде 74 «SHACMAN» автокөлігі, 30 «Foton» жүк автокөлігі және 82 «Урал» жүк көлігі шығарылған. Кәсіпорында шығарылатын өнім түрлерін ұлғайту да көзделіп отыр.

Қазақстанда «Беларусь» тракторларын бірнеше кәсіпорын шығарады. Сондықтан Үкімет басшысы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбекке «Беларусь» тракторларына нарықта бәсекелестік туындамауын қадағалауды тапсырды.

Кәсіпорынның өнімдері ішкі нарықта Кеден одағы мен ТМД елдерінде сұранысқа ие. Зауыт жылына 1200 автобус құрастырып шығаруға қауқарлы.

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев іссапар барысында Семей қаласындағы Жедел медициналық жәрдем ауруханасына да ат басын тіреп, денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Үкімет басшысы ота жасайтын, ауруларды қабылдайтын бөлімдердің жұмысына  жіті назар аударды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Шорановтың айтуынша, ауруханада жаңа Triaqe жүйесі енгізілген. Бұл медициналық көмек көрсету мерзімін жылдамдатуға әсер етеді. Бұдан бөлек ауруларды қабылдау бөлімінде көпдеңгейлі жүйе енгізілген, яғни жолақ түсіне байланысты дәрігерлер мен медициналық қызметкерлер науқастардың ауруының асқыну дәрежесін көре алады. Бұл  пациенттерге жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Аурухана заманауи медициналық құралдармен жабдықталған. Осы жылдың сегіз айында 9 мыңға жуық науқасқа қызмет көрсетілген.

Премьер-министр Бақытжан Сағын-таевқа өңірдегі «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының және 2017–2019 жылдарға арналған Шығыс Қазақстан облысының денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттырудың кешенді жоспарының іске асырылу барысы туралы баяндалды. Облыста денсаулық сақтау саласын цифрландыру, МЖӘ және жекеменшік қызмет көрсету секторын дамыту, медициналық қызмет көрсету сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйінің маңызды компоненті ретінде айқындалған. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында алға қойылған міндеттерді орындау жоспары туралы да айтылды.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы М.Шоранов пациенттерге жоғары технологиялы медициналық көмек көрсету үшін облыста роботтандырылған хирургия орталығы, трансплантология орталығы, инсульт орталығы жұмыс істейтінін айтты.

Осыдан кейін Бақытжан Әбдірұлы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетінде қоғам белсенділерімен жүздесті.

— Баршаңызға белгілі, өткен аптада Елбасы кезекті Жолдауын жолдады. Бұл Жолдау жылдағыдан өзгеше болды. Біріншіден, әдеттегіден ерте жолданып отыр. Екіншіден, тек қана халықтың әл-ауқатын көтеруге арналды. Халықтың ойындағы ешбір мәселе сырт қалған жоқ. Халықтың тұрмыс деңгейі мен өмір сүру сапасы — жалпыұлттық мәселе. Мұны Елбасы әр кез айтып келеді. Жалақы мәселесі мен әлеуметтік салада көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасы, денсаулық сақтау, білім беру салалары басты назарға алынды. Елбасы биылғы Жолдауында коммуналдық қызметтердің сапасына да мән берді. Үкіметке тапсырма беріліп, 1 трлн. 750 млрд. теңге әлеуметтік салаға бөлінді. Бұл — өте үлкен қаражат. Ал мектептер мен балабақшаларды қауіпсіздік бейнекамераларымен қамтамасыз ету, спорт кешендерін салу жергілікті әкімдік бюджеті тарапынан жүзеге асырылады. Елімізде бұрын-соңды әлеуметтік салаға мұндай көңіл бөлінген жоқ. Ең төменгі жалақы 28 мыңнан 42 мыңға дейін өседі. 1 млн. 300 мың адамның 1 қаңтардан бастап айлығы көтеріледі,- деді Үкімет басшысы.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова, Елбасы тапсырмасына сай, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметшінің еңбекақысы орта есеппен 35 пайызға артатынын жеткізді:

— Елбасының Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауы — халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған қуатты әлеуметтік-экономикалық реформалар. Мемлекет басшысының ең төменгі жалақы мөлшерін арттыру туралы тапсырмасына орай заңға өзгерістер енгізудеміз. Енді елдегі ең төменгі жалақы мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты болмайды, жыл сайын экономиканың өсуіне қарай артып отырады. Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бюджеттік ұйымдарда жұмыс істейтін 275 мың азаматтық қызметшінің еңбекақысы көтеріледі. Олар үшін жалақы өсімі орта есеппен 35 пайыз-ды құрайды. Яғни бірінші және төртінші разрядтың арасындағы жұмысшылар, әкімшілік және техникалық қызметшілер, тәрбиешілер, лаборанттар, медбикелер, фельдшерлер, акушерлер, аудармашылар, әдіскерлер, іс қағаздарын жүргізушілер, хатшылар және тағы басқа еңбеккерлердің жалақысы көбейеді. Қазіргі уақытта біз Үкімет қаулысы жобасын әзірлеудеміз. Бұл салаға мемлекет тарапынан үш жылға 86 млрд. теңге бөлінетін болады. Үшіншіден, ең төменгі жалақының артуына байланыс-ты барлық жалдамалы жұмысшылардың табысынан салықтық шегерімдер ұлғаяды. Бұл шамамен 6 млн. адамның жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Осыған байла-                                                                                   нысты республикалық бюджеттен жеке кірістер мен әлеуметтік салықтардың түсімін жергілікті бюджет шығындарын өтеуге 10,5 млрд. теңге қарастырдық. Оны да республикалық бюджетке енгізетін боламыз. Біздің ойымызша, жаңа қуатты реформа барлық салаларда істейтін жалақысы төмен азаматтарға, қызметшілерге табысын және төлем қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді,- деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова.

— Елдегі әр тұрғын табысының 80 пайызы жалақыдан, 20 пайызы зейнетақы мен жәрдемақыдан тұрады,- деді Бақытжан Әбдірұлы. – Демек, азаматтардың өмір сүру деңгейі еңбекақысына байланысты. Ал айлықты көтеру үшін ел экономикасы қарқынды өсуі керек. Экономикамыз өсетін болса, әрбір кәсіпорын пайда табады. Әр кәсіпорын тапқан пайдасының бір бөлігін жұмысшылардың айлығын көтеруге, екінші бөлігін кәсіпорын өндірісін жандандыруға, қалған бөлігін, әрине, өзінің пайдасына жұмсайды. Талдау нәтижесі көрсеткендей, соңғы жылдары кәсіпкерлер тапқан пайдасын қызметкерлердің айлығын көтеруге емес, өндірісті қайта жандандыруға жұмсаған. Әрине, өндірісті ұлғайтпаса, кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігі төмендейді. Сондықтан Елбасы бұл жолғы Жолдауында да кәсіпкерге қолдау көрсетіп, несие беруді жалғастыру керектігін айтты. Өз кезегінде кәсіпкерлер де жауапкершілікті сезініп, еңбекақыны көтеруі қажет.

ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім саласындағы өзгерістерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, алдағы уақытта мұғалімдер үшін де ұлттық тес-тілеу жүйесі енгізілмек. Тестілеуден өткен педагогтің санаты мен жалақысы көтерілетін болады.

— Елбасы биылғы Жолдауында білім саласындағы маңызды бағыттарды анықтады. Президент оқушылар мен ұстаздарға ұдайы назар аударып, қамқорлық көрсетіп келеді. Соның арқасында көптеген маңызды мәселелер шешімін тауып, мұғалімдердің жалақсы көтеріліп, білім сапасы артуда.  Елбасы «Педагог мәртебесі» туралы жаңа заң қабылдауды тапсырды. Бұл заңда педагогтің әлеуметтік мәртебесін көтерумен қатар, оқу жүктемесін азайту, қажетсіз тексеру комиссияларынан қорғау, тиісті емес жұмыстардан босату мәселелері қаралатын болады. Заң жобасы 2-3 айдың ішінде дайындалып, қоғамдық талқылауға түседі. Мұғалімдер мен ата-аналар осы талқылауға белсене қатысады деп сенемін, — деді Е.Сағадиев. Сондай-ақ Білім министрі елімізде балаларды балабақшамен қамту мәселесі шешілгенін, енді бірыңғай оқу бағдарламасын енгізіп, ұстаздардың кәсіби шеберлігін көтеруге мән беру керектігін айтып өтті.

— 3-6 жас аралығындағы балаларды оқытуға арналған бірыңғай бағдарлама бекітілді. Енді біз қысқа мерзімді курстарды ұйымдастырып, мұғалімдерді қайта даярлаймыз. Қазіргі уақытта бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті. Жыл сайын 1000 тәрбиеші сол бағдарлама бойынша курстан өтеді. Алдағы уақытта олардың санын 15 есеге арттыру керек. Мұғалімдер үшін ұлттық тестілеу жүйесін әзірледік. Біліктілік санатын жоғарылатқысы келген педагогтер ұлттық тестілеуден өтуге тиіс. Биыл мамыр айында 60 мыңнан астам мұғалім тестілеуге қатысты. Оның 60 пайызының категориясы көтеріліп, қосымша айлыққа қол жеткізді. Алдағы екі жылдың ішінде бұл жүйені тәрбиешілер мен психологтерге де енгізетін боламыз, — деген еліміздің бас мұғалімі, Елбасы тапсырмасына сәйкес, екі жыл ішінде елдегі балабақшалар мен мектептерді толықтай бейнекамералармен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын айтып өтті. Сондай-ақ үш ауысымда білім беруді жою мақсатында ШҚО-да 2,5 млрд. теңгеге 3 мектеп салынғанын, бұл бағытқа алдағы уақытта ел көлемінде қосымша 50 млрд. теңге бөлінетінін жеткізді.

— 2001 жылы Қазақстанда 222 000 мың бала өмірге келсе, былтырғы жылы 400 000 бала дүние есігін ашты. Бұл мектепке деген сұранысты арттырып отыр. Биылғы жылы ғана республикада 110 мектеп салынып, үлкен қаражат бөлінді. Бірақ бұл да жеткіліксіз, — деді Е.Сағадиев.

Білім гранттарының саны 36 мыңнан 66 мыңға өскенін айтқан Білім және ғылым министрі биылдан бастап жоғары оқу орындарының мәртебесін көтеруге баса мән берілетінін жеткізді.

— Студенттерді жұмыспен қамтамасыз ету бойынша рейтинг жасап, зейнетақы аударымдарын ұдайы бақылап отырамыз. Егер жарна уақтылы аударылса, демек, жұмыспен қамтамасыз етілген. Жоғарғы оқу орындары мен колледждердің білім сапасын осы арқылы бағалайтын боламыз. Түлектерде жұмыс болмаса, белігілі бір мамандықтарға деген лицензиясынан айырылады,- деді Е.Сағадиев.

— Мәселе ЖОО-ын жабуда емес, сапасын көтеруде. Кезінде республикада 200 университет болса, қазір 130-ы қалды. Бірінші курсқа бар болғаны 50 талапкер қабылдап, 1000 студентке диплом беретін университеттер бар. Олардың оқытушысы мен зәулім ғимараты жоқ, тек лицензиясы бар. Оқу ақысы төмен. Біздегі көпшілік оқу орындарында үлгерімі төмен студенттер оқудан шығарылмайды. Бұдан арылуымыз керек. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті студенттерді даярлаймыз, — деді Б.Сағынтаев.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, елімізде 3 мыңға жуық дәрігер жетіспейтін көрінеді.

— Елбасы биылғы Жолдауында тағы да денсаулық сақтау саласына ерекше назар аударып, бірнеше нақты тапсырма жүктеді. Еліміздегі әрбір азаматтың жергілікті емханаға барып, дәрігерді таңдап, әрі қарай тегін медициналық көмек алуға мүмкіндігі бар. Ең маңызды мәселе — дәрігерлер тапшылығын жою және медициналық көмектің сапасын жақсарту. Кадр тапшылығы әлі күнге бар. Елімізде 2800 дәрігер жетіспейді. Осы мәселені шешу үшін бірнеше шаралар енгіздік. Біріншіден, мемлекет тарапынан берілетін гранттар санын көбейттік. Биыл жоғары оқу орындарын бітірген 6000 дәрігер жұмысқа орналасты. Келесі жылдан бастап мемлекет қаражатымен оқыған студенттер міндетті түрде ауылда 3 жыл жұмыс істейтін болады, — деді Елжан Амантайұлы.

Еліміздің бас дәрігерінің айтуынша, қазір дүние жүзінде 10 мыңнан астам ауру түрі болса, Қазақстанда оның 30-ы кең таралған. Бұл халық денсаулығының 80 пайызына әсер етіп отыр. Елбасы тапсырмасына сәйкес, республикада ең көп кездесетін ауру түрлері бағдарламаға енгізіліп, барлық емханалардағы дәрігерлерді қайта оқыту жүзеге асырылуда. Келесі жылы учас-келік дәрігерлер мен мейірбикелер де жаңа бағдарламамен оқытылатын болады.

— ШҚО-да 2260 маман қайта даярлаудан өтті. Елбасы жаңа технологиямен қызмет көрсететін дәрігерлер мен мейірбикелердің жалақысын келесі жылдан бастап 20 пайызға көтеру туралы тапсырма беріп, 5 млрд. теңге қаржы бөлді. 2019 жылдан бастап кезең-кезеңімен дәрігерлерді оқытып, жыл аяғына дейін 40 мың медицина маманы, яғни 10 мың дәрігер және 30 мың мейірбике қосымша айлық алады, — деген денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов келесі жылдан бастап әрбір қазақстандық үшін электронды медициналық паспорт жүйесі енгізілетінін және дәрі-дәрмектің елімізде тек бір бағамен сатылатынын да айтып өтті.

-Еліміздің барлық аймағында дәрі-дәрметің бағасы бірдей болады. Арнайы заң әзірленіп, Парламентте қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, Жолдауда айтылғандай, Астана қаласында Ұлттық онкология орталығы құрылады. Бұл орталық жаңа технологиялармен қамтамасыз етіліп, ауруларды емдеуде халықаралық деңгейдегі әдістер пайдаланылады, -деді Денсаулық сақтау министрі .

Елдегі тұрғын үй құрылысы туралы Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады. Оның айтуынша, былтыр Қазақстанда 11 млн. шаршы метрге 103 мың  тұрғын үй салынған. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 110 мың тұрғын үйді құраған.

— ШҚО-да өткен жылы 3 мың 638 баспана салынды. Биыл облыстың жоспары бойынша 410 мың шаршы метр тұрғын үй салынатын болады. Семей қаласында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатқан 28, 500 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй құрылысымен таныстық. 486 пәтер осы жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, алдағы 5 жылдың ішінде 650 мың баспана салуымыз керек. Ол 76 млн. шаршы метрді құрайды. «7-20-25» бағдарламасымен 5 жылдың ішінде 103 мың қазақстандық отбасы тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік алады. ШҚО тұрғындарынан аталмыш бағдарлама бойынша несие алуға 187 өтініш келіп түсті, оның 125-і қолдау тапты, — деді Инвестиция және даму министрі.

Сондай-ақ Жеңіс Махмұдұлы Мемлекет басшысының тапсырмасымен ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету үшін 100 млрд. теңге бөлінгенін, бұл елді мекендерді 80 пайыз сапалы ауыз сумен қамтуға және халықтың тұрмыс тіршілігін жақсартуға ықпал етіп отырғанын, сонымен қатар 2018 жылы ШҚО-да қалаларды және ауылдарды сумен қамтамасыз ету бағытындағы жол жөндеу жұмыстарын 44 жобаға 13 млрд. теңге бөлінгенін айтып өтті.

— 2015 жылдан бастап Нұрлы жол бағдарламасы басталды. Осы екі жарым жыл ішінде 2400 республикалық маңыздағы жолдар жөнделді. Алдағы 2,5 жыл ішінде 4600 шақырым болатын 24 жоба толығымен іске асып, 7000 шақырым жаңа жолдар салынады. Оның көбі ШҚО арқылы өтеді. Осы жылы Павлодардан Семейеге, Семейден Қалбатауға апаратын жол жөндеу жұмыстарын толығымен аяқтаймыз. ШҚО- да жол құрылысына қатысты үлкен жобаларды бастадық. Талдықорған – Аягөз — Қалбатау, Қалбатау- Өскемен, Өскемен-Майқапшағай бағытындағы жолдар жөнделеді. Келесі жылы 10 мың, 2020 жылы 15 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілетін болады. Жоба 2020-2021 жылдары аяқталады. Жергілікті жолдарды жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттен 150 млрд. теңге бөлінеді. ШҚО-ның жергілікті жолдарын жөндеуге келесі жылы 7,3 млрд. теңге қаражат бөлу көзделген. Оның 3,7 млрд. теңгесі республикалық бюджеттен. Индустриялық саясатты іске асыру бағдарламасы 2009 жылы басталды. ШҚО-да металлургия, машина жасау және т.б. салалар қарқынды түрде дамуда. 57 жоба пайдалануға берілді. 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. «Ақтоғай» жобасын қоспағанда, облысқа 224 млрд. теңге инвестиция салынды,- деді Ж.Махмұдұлы.

Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметовтың айтуынша, Елбасы Жолдауына сәйкес, елімізде шикізаттық емес өндіріс саласын дамытуға 600 млрд. теңге бөлінген.

— Елбасы халық тұтынатын негізгі тауарларды өзімізде шығарып, халыққа жағдай жасау туралы тапсырма берді. Ол үшін 600 млрд. теңге бөлінді. Елімізге көп тауарлар шетелден әкелінеді. Теңгенің бағасы түскен сайын, импорттық тауардың  бағасы да көтеріледі. Семейде 50-ден астам халыққа қажетті тауарлар шығаратын кәсіпорындарды паспорттадық. Оның 9-ы тамақ өнеркәсібі болса, 7-еуі — киім тігетін цехтар. Семейдің киім тігіп, былғары өндіруге мүмкіндігі бар, — деді А.Мырзахметов.

Елдегі 60 мыңға жуық кәсіпкердің мойнында 150 млрд-қа жуық әртүрлі салық айыппұлдары бар. Елбасы тапсырмасына сәйкес енді кәсіпкерлер бұл айыппұлдардан босатылады.

— Егер кәсіпкер өзінің нақты салығын төлесе, айыппұлдары алынып тасталады. Бұл Елбасы тарапынан кәсіпкерлерге көрсетіліп отырған үлкен көмек. Кәсіпкерлердің де жауапкершілігін мойнына алатын кез келді. Олар еңбеккерлердің айлық жалақысын көтеріп, жұмыс орындарын көбейтуге, сапалы тауар өндіруге күш салулары қажет. Отандық кәсіпкерлер өндірген өнімді сауда орталықтарында өткізу үшін арнайы заң дайындалып жатыр. Енді ешқандай салықсыз тікелей сауда орталықтарына жеткізілетін болады, — деді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов.

Айта кетейік, жиында сөз сөйлеген қаламыздағы белді кәсіпкерлердің бірі Әсемқан Досқожанов Елбасы қойған міндеттерді орындай отырып, жұмысшыларының төменгі жалақысын 50 пайызға көбейтетінін жеткізді.

Р.S. Сонымен, Семейдегі іссапарында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев та, Үкімет басшысымен бірге келген министрлер де қазақша сөйледі. Қазақтың рухани астанасының, Абай мен Шәкәрім туған текті топырақтың мысы басты ма, кім білсін, тіпті жай уақытта орысшаға жақындау тұратын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев та бұл сапарында мемлекеттік тілде сөйлеуге тырысты. Елбасының «Үкімет қазақша сөйлесін!» деген ескертпесі билік назарынан тыс қалмағаны байқалып тұр.

Өкінішке орай, қазақтың рухани астанасы, алаштың отаны деп кеуде керетін семейліктерді Үкімет алдына үкілеп ортаға шығарып, сөз берген белсенділеріміз қызартты. Пофессор Арап Еспенбетовтен басқалар… Араларында мектеп директоры бар, депутаты бар, кәсіпкері бар, әйтеуір, ортаға шыққандар Абайдың емес, Пушкиннің тілінде сөйледі.

Құралай ҚАЙЫРЖАНҚЫЗЫ,

Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Семей таңы»

Ұқсас жаңалықтар

Облыс әкімі өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспарын таныстырды

17.05.2025
Облыс әкімі өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспарын таныстырды

Семейдегі Абай театрында облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өңірдің алдағы жылдардағы дамуына арналған жиын өтуде. Аймақтың білім, денсаулық сақтау, мәдениет,...

Толығырақ...Details

Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады

17.05.2025
Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында аймаққа инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталды. 2028 жылға дейін...

Толығырақ...Details

Өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі моделі әзірленді

17.05.2025
2024 жылы Қазақстанда рекордтық 26,7 млн тонна астық жиналды

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында ауыл шаруашылық саласындағы жобаларға тоқталды. Биыл облыста ауыл шаруашылығы...

Толығырақ...Details

Абай облысында 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

17.05.2025
Абай облысында 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Биыл жөнделетін 11 мектеп қатарында Аягөз, Үржар, Семей,...

Толығырақ...Details

Алакөл жағалауы абаттандырылады

17.05.2025
Алакөл жағалауы абаттандырылады

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында туризм өңір экономикасының маңызды бағытына айналуы тиіс екенін атап...

Толығырақ...Details

Семейде 1 мың гектардан астам аумақты қамтитын жаңа ықшам ауданы салынады

17.05.2025
Семейде 1 мың гектардан астам аумақты қамтитын жаңа ықшам ауданы салынады

Облыс әкімі Берік Уәли өңірдің алдағы жылдардағы дамуына арналған жиында осындай жаңалықты жеткізді. Қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан жаңа ауданда 75...

Толығырақ...Details

Жаңалықтар

Облыс әкімі өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспарын таныстырды

27 минут бұрын

Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады

30 минут бұрын

Өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі моделі әзірленді

31 минута бұрын

Абай облысында 75 мектеп күрделі жөндеуден өтеді

33 минуты бұрын

Алакөл жағалауы абаттандырылады

34 минуты бұрын

Семейде 1 мың гектардан астам аумақты қамтитын жаңа ықшам ауданы салынады

36 минут бұрын

Семейде жаңа мәдени нысандар салынады

37 минут бұрын

Семейде облыстық көпсалалы аурухананың іргетасы қаланды

40 минут бұрын

Абай облысында соңғы қоңырау 23–24 мамырда өтеді

1 день бұрын

“Re.Women” әйелдер қауымдастығының алғашқы кездесуі өтті

1 день бұрын
Тағы оқу...

Директор:
Риза Асанқызы Молдашева

Веб-менеджер:
Ерлан Айқынұлы


«Семей таңы» газеті 1969 жылы «Құрмет белгісі» орденімен, 2009 жылы ҚР Президентінің БАҚ саласындағы
грантымен марапатталған.

Редакция мекенжайы:

F18A5H3, Семей қаласы,
Қайым Мұхамедханов көшесі,12.

Байланыс:

Директордың қабылдау бөлмесі — 523657;
бас редактор — 520984;
Жарнама және баспасөзге жазылу бөлімі — 560803;
факс — 520475.

 

e-mail:
info@semeytany.kz


Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігі берген қайта тіркеу куәлігі
№7220-Г, 30.07.2018.ж.


Яндекс.Метрика

© «ABAI AIMAQ MEDIA» ЖШС

Нәтиже табылмады
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Саясат
    • Мәдениет
    • Қоғам
    • Қылмыс
    • Спорт
    • Экономика
    • Жаһан
    • Көзқарас
  • Мультимедиа
    • Видео
    • Фото
  • Төртінші билік

© «Семей таңы газеттері – Вести Семей» ЖШС