Өткен жылы желтоқсан айының ортасында орталық Қытайда орналасқан Хубэй провинциясына қарайтын Ухань қаласының Хуанань жануарлар мен теңіз өнімдері базарында болған тұрғындардың түсініксіз ауруға шалдыққаны туралы ақпарат тарады. Ол кезде жаңа індеттің дүние жүзіне таралуы мүмкін деп көп ешкім ойламаған еді. Алайда бүгінде әлем бойынша 2 млн-нан астам адам коронавирус инфекциясын жұқтырып отыр. Жазылып шыққандар 600 мыңға жуықтаса, қайтыс болғандардың саны 160 мыңнан асты.
Әлемді әбігерге салып, халықты үйде отыруға мәжбүрлеген жаңа коронавирус індеті жайлы кеңірек білу мақсатында «Семей медицина университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы, ректор Ерсін Тұрсынханұлымен сұхбаттасқан едік.
— Ерсін Тұрсынханұлы, бүгінгі сұхбатымызда бүкіл дүние жүзін шарпып отырған коронавирус індеті жайлы сөз қозғасақ. Қазіргі күні әлемдегі, Қазақстандағы, облысымыздағы және қаламыздағы жалпы ахуал қандай?
— Өздеріңізге белгілі, бұл пандемия Қытай Халық Республикасының Хубей провинциясының Ухань қаласынан басталып, төрт айдың ішінде бүкіл дүние жүзіне таралды. Өкінішке орай, Қазақстанды да айналып өтпеді.
Қытаймен шекаралас мемлекет болғандықтан, еліміз алдын алу шараларын дер кезінде қолға алғанын айта кеткен жөн. Төтенше жағдай жарияланып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалары карантинге жабылды.
Айта кетерлігі, коронавирус жұқтырған науқастар Қазақстанға Қытайдан келген жоқ. 2019 жылдың 29-30 желтоқсаны күндері ҚХР Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына белгісіз жаңа вирустық ауру тарап жатқаны туралы хабарлаған соң, Қазақстан 5 қаңтардан бастап шекараларға, әуежайларға санитарлық постар қоя бастады. ҚР Үкіметінің, Денсаулық сақтау министрлігінің осындай алдын алу шараларының арқасында мемлекетімізге алғашқы үш ай кезеңінде бұл вирустық инфекция жеткен жоқ.
Вирус Қазақстанға Еуропа елдері арқылы тарады. Біз Еуропамен әуе қатынастарын тоқтата алмаймыз. Себебі шетелдерде жұмыс істеп жатқан отандастарымыз, оқып жатқан студенттеріміз, туристер бар. Мұны дұрыс түсінуіміз керек. Ал наурыз айының ортасынан бастап біз індеттің елге келетінін білдік. Жүргізіліп жатқан мониторинг жұмыстары соны көрсетті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен біздің елде дер кезінде қатаң карантиндік шаралар енгізілгенін тағы да атап өткен жөн. АҚШ, Италия сияқты бірқатар Еуропа елдерінің алдын алу шараларына бейжай қарауының салдарын өздеріңіз естіп, біліп отырсыздар. Коронавирус жұқтырған науқастар саны жылдам көбейіп, өлім-жітім артып отыр.
Шығыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар өз деңгейінде атқарылуда. ШҚО әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен 18 сәуірден бастап Семей және Өскемен қалаларында карантин енгізілді. Қазір жалпы облыс бойынша коронавирус жұқтырған 8 науқас тіркеліп отыр: 5-еуі Семей, 3-еуі Өскемен қаласында. Қаламыздағы 5 науқасқа тиісті ем жасалып жатыр.
— Университет қабырғасында коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуге қатысты қандай да бір жұмыстар атқарылып жатыр ма?
— Облысымызда коронавирустық инфекцияның алғашқы жағдайы анықталғаннан кейін ШҚО Денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып біздің университет базасында жедел медициналық штаб құрылды. Цифрлық технология, телемедицина арқылы университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы осы штаб жұмысына жұмылдырылып отыр.
Біз дәрігерлермен байланысып, оларға барлық күрделі мәселелер бойынша кеңес береміз, пациенттердің жағдайын тікелей қадағалаймыз. Бұл — төтенше жағдай жарияланғаннан бастап үздіксіз жалғасып келе жатқан күнделікті және ауыр жұмыс.
Штаб мүшелері қаладағы COVID-19 вирусын жұқтырған әрбір науқастың жеке жағдайын бақылап, зерттеп, талдап отыр. Әрекет алгоритмі жасалуда. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайды нақты көрсету үшін барлық жұмыстар талданып, мәліметтер базасына енгізіледі.
Штабтың жұмысы бүгінде өзінің тиімділігін дәлелдеп отыр. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты сақталуда. COVID-19 вирусын жұқтырған бес пациентке дереу медициналық көмек көрсетіліп, байланысқа түскен барлық адамдар карантинге алынды. Дәрігерлеріміздің ынтымақтаса жұмыс істеуінің арқасында өкпенің жасанды тыныс алу аппаратына қосылған науқастардың бірінің жағдайы жақсарды.
Сонымен қатар республика, облыс деңгейінде 3 айдан бері шетелдердегі, Уханьдағы жағдайды қарастырып, ғылыми-практикалық жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұдан басқа да ел көлемінде әртүрлі клиникалық шараларды атқарудамыз.
— Ерсін Тұрсынханұлы, коронавирус адам бойындағы созылмалы ауруларды қоздырып, науқас бұрынғы сырқатынан көз жұмады деген деректерді де кездестірдік…
— Коронавирус адам денсаулығына өте қауіпті жұқпалы ауруларға жатады. Сондықтан вирус жұқтырған адамды бірден оқшаулап, диагностикалық тест жасап, ем-дом жүргізу керек.
Иә, вирус адам бойындағы созылмалы аурулардың клиникалық ағымын асқындырады. Коронавирус жұққан адамда қант диабеті, созылмалы инфекциялық, онкологиялық аурулар болса немесе иммунитеті әлсіз болса,бұл инфекцияның өршуіне мүмкіндік береді. Соңында науқас тыныс алу жеткіліксіздігінен, сепсистен, бүйрек жетіспеушілігінен немесе полиоргандық жетіспеушіліктен көз жұмуы мүмкін.
— Жаз мезгіліне қарай коронавирус инфекциясының таралуы тоқтауы мүмкін деген болжамдар айтылуда. Бұл қаншалықты шындыққа сәйкес келеді? Егер солай болса, Үндістан, Біріккен Араб Әмірліктері секілді жазы аптап ыстық болатын бірқатар мемлекеттерде індет неге ауыздықталмай отыр?
— Covid-19 вирусының адам ағзасындағы даму циклін ғалымдар лабораторияларда зерттеп, температураға байланысты еместігін анықтады. Вирус ылғалды ортада дамиды және оны санитарлық-гигиеналық талаптарды дұрыс сақтамаған адамдар көбірек жұқтырады.
Вирустың шарықтау шегі, яғни адамдар арасында ең көп таралатын және тоқтайтын кезеңдері болады. Covid-19 тұмау вирустарының жаңадан пайда болған бір түрі болғандықтан, толықтай жоғалып кетеді деп ешкім айта алмайды. Қазір бүкіл әлем осы вирусқа қарсы вакцинаны жанталасып іздеп жатыр.
Вакцина табылып, пандемиялық немесе эпидемиялық ошақтар пайда болады-ау деген болжамның алдында вакцинация жасалып отырса, үлес салмағы азайып немесе жойылып кетуі мүмкін. Ал жазда жаңа вирус толығымен ауыздықталады деген пікірлер шындыққа жанаспайды. Бірақ санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау, ауырған науқастарды және олармен қарым-қатынасты болғандарды уақтылы анықтау, оқшаулау арқылы індеттің таралуын тоқтатуға болады. Осы шараларды орындау арқылы коронавирустың таралуына тежеу қойған мемлекеттер бар.
— Вакцина табылмаған болса, науқастарды емдеуде қандай әдістер қолданылуда?
— Жоғарыда айтып өткенімдей, коронавирус вакцинасы әлі табылған жоқ. Әр мемлекет өзінше іздеп жатыр. Қазақстанда бұл мәселемен биотехнологиялық ғылыми зерттеу институты айналысуда. Ескере кететін жайт, вакцинаны тез тауып, бірден тәжірибеде қолдану мүмкін емес. Тапқан күннің өзінде ол бірнеше сынақтан өтеді. Алдымен лабораторияның ішінде вирусологиялық сынақтар жүргізіледі. Одан сәтті шықса, жан-жануарларға сыналады. Содан кейін ғана шектеулі адамдар арасында клиникалық зерттеулер басталады. Егер вакцина қауіпсіздігі 95 пайыздан жоғары екені дәлелденсе, жалпы қолдануға ұсынылады. Кепілдігі болмайынша, тәжірибеде қолдануға рұқсат берілмейді. Себебі жаңа вакцинаның өзі қоздырғыш болуы мүмкін. Жасыратыны жоқ, тәжірибеге сүйенсек, бұл жұмыс жылдарға созылуы ғажап емес. Ең аз дегенде, 6-8 ай уақыт кетеді.
— Қаламыздағы алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері арнайы қорғаныш киімдерімен қамтылған ба? Оларға мемлекеттен қосымша өтемақы төленді ме?
— Семейде жұқпалы аурулар ауруханасы, екі провизорлық аурухана, бес карантиндік аурухана бар. Біздің университет қарамағында да карантиндік аурухана қарастырылған. Жұқпалы аурулар ауруханасы мен провизорлық ауруханадағы дәрігерлер қорғаныс киімдерімен толық қамтылған. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы және қалалық әкімдіктен, қолда бар қорғаныс киімдерінен бөлек, тағы да қосымша алып жатырмыз.
Қаламызда коронавирусқа шалдыққандарды емдеуге жұқпалы ауруханада жұмыс істейтін дәрігерлер мен медбикелер және біздің университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы толығымен телемедицина арқылы жұмылдырылған. Ешкім шет қалған жоқ. Барлық дәрігерлер осындай қиын сәтте кәсіби борышын толық атқарып жатыр. Семей медицина университетіндегі медициналық штаб республика деңгейінде жұмыс істеуде.
Өтемақы мәселесіне келер болсақ, біздің университеттің профессорлық-оқытушылық құрамына мемлекеттен қосымша өтемақы төленуде. Семей медицина университеті Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты болғандықтан, нұсқаулық бойынша мамандарға екі жалақысы көлемінде қосымша ақы тағайындалған. Профессорлық-оқытушылық құрамның арнайы тізімі жасалып, наурыз айының жалақысына қосылып берілді. Осы айға да қарастырылып отыр.
Профессорларымыз Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, студент еріктілеріміз Өскемен, Семей қалаларында жұмыс істеуде. Оларға да біз қосымша сыйақы төлейміз. Бұл өтемақы тек Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы медицина қызметкерлеріне ғана емес, бүкіл ел бойынша тағайындалды. Ал қаламыздағы өзге ауруханалардағы дәрігерлердің бұл өтемақыны қаншалықты алып жатқаны маған беймәлім. Өтемақы төленуі тиіс дәрігерлерді арнайы комиссия анықтайды.
– Семейдегі коронавирус жұқтырған бес науқастың жағдайы туралы не айта аласыз?
— Науқастардың жалпы жағдайы тұрақты, қанағаттанарлық. Біздің университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, медициналық штаб күнделікті қажетті емді тағайындап отыр. Ережелер бойынша, белгілі бір уақыттан соң қосымша талдаулар алынады. Талдаулар қорытындысы шыққан соң мәліметтермен таныстыратын боламыз.
— Ресейде коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіліп жатыр және бұл вакцина АИТВ-ні (ВИЧ)емдеуге қолданылған вакцина негізінде жасалған деген ақпараттар бар. Ресей мұндай вакцина жасап шығаруы мүмкін бе?
— Әрине, әр мемлекет өз мүмкіндіктерін сынап көруде. Бірақ бүгінде жалған, ресми расталмаған ақпараттардың көп екенін айтқым келеді. Біз ғалым ретінде, тек ғылыми тұрғыда дәлелденген, тәжірибеде іске асып жатқан жаңалықтарға ғана сенеміз. Яғни алдыңғы қатарлы медициналық ғылыми журналдарда жарияланған немесе халықаралық ғылыми конференциялар мен семинарлардың аясында клиникалық-лабораториялық дәлелденген ақпараттарды ғана растай аламыз. Негізі, ВИЧ пен коронавирус — екі түрлі нәрсе. Сондықтан бұл ақпаратты шынайы деп айта алмаймын.
— Университеттеріңізде қашық-тықтан оқыту қалай жүзеге асып жатқаны туралы да айта кетсеңіз…
— Мемлекеттегі төтенше жағдайға байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен еліміздегі өзге оқу орындары секілді Семей медицина университеті де қашықтықтан оқытуға көшті. Қашықтықтан оқыту 16 наурыздан басталып, қазіргі жағдайға байланысты 30 шілдеге дейін созылады.
Оқу орнындағы әрбір студентке онлайн сабақ кестесі беріліп, қашықтықтан оқыту кезіндегі оқу материалдарымен қамтылды. Семей медицина университетінің аудио-, видеоматериалдарын даярлайтын өз студиясы, ақпараттық жүйесі бар. Бейнесабақтарымыз алдын ала даярланған. Студенттеріміз KEYPS жүйесі арқылы оқып, емтихан тапсыруда. Студенттердің іс-тәжірибеден өту уақытын өзгертіп, жаз мезгіліне, келесі оқу жылының басына ауыстырып жатырмыз. Ал дәрігер-резиденттеріміз профессорлық-оқытушылық құраммен бірге ауруханаларда өз жұмыстарын жалғастыруда.
Семей медицина университетінің студенттері қашанда белсенді. Интерн студенттеріміз үйде отырғысы келмей, ерікті болуға өтініштерін білдіріп жатыр. «Болашақ дәрігер ретінде өз көмегімізді көрсеткіміз келеді»,- деп хабарлама жазып жатқан студенттеріміз көп. Менің өзіме де жазып жатыр. Бұл, әрине, бізді қуантады. Дегенмен біз студенттердің өмірі мен денсаулығын қауіпке тіге алмаймыз.
Біздің университет 67 жылдық тарихында ел көлемінде ең сапалы жалпытәжірибелік дәрігерлерді даярлап шығарып келеді. Жасыратыны жоқ, еліміздегі өзге медициналық оқу орындарымен салыстырғанда, Семей медицина университеті бұл тұрғыда алдыңғы қатарда.
Сапалы білім беретін университеттің шәкірттері әрқашан сұранысқа ие. Семей медицина университеті жұмыс берушілердің ең жоғарғы рейтингісіне кіріп отыр. 2018 жылы Қазақстандағы 117 университеттің ішінде 12-ші орынды иеленсек, 2019 жылы алғашқы ондыққа ендік.
Жалпы, университетімізде қашықтықтан білім беру ойдағыдай жүзеге асып жатыр. Әрине, қиындықтар болды. Бұндай жағдай университет тарихында, жалпы елімізде алғаш рет орын алғандықтан, бәрін қалыпты деп санауға болады.
— Алдағы уақытқа қандай болжам айта аласыз? Індет күзде қайталануы мүмкін бе?
— Біздің ғалымдардың эпидемиологиялық мониторингісі бойынша, болжам жаман емес. Сәтін салса, бұл індеттен аман-есен шығамыз. Бірақ, егер инфекция қоршаған ортада немесе клиникалық белгісі жоқ адамдардың организмінде қалып қойып, өзге адамдарға жұғып жатса, қайталануы мүмкін. Дүниежүзілік болжам бойынша, бұл жаңа вирус кәдімгі тұмау сияқты қайталанып отыруы мүмкін. Егер вакцина табылса, таралуы айтарлықтай төмендейді. Көп нәрсе санитарлық талаптарды сақтауға да байланысты.
— Ерсін Тұрсынханұлы, әсерлі сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ{jcomments off}