Оны дамытуда ілгерілеушілік бар ма?
Ауыл шаруашылығы – ел экономикасында аса маңызды рөл атқаратын салалардың бірі. Десе де, бұл саланың өз түйткілдері аз емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дамыған агроөнеркәсіп кешенін құру мәселесін жиі көтеруі де бұл салада әлі де атқарылатын жұмыстардың бар екенін аңғартып отыр. Өкінішке қарай, ауыл шаруашылығы саласы мемлекеттің негізгі ресурсы бола тұра, оның әлеуеті толық пайдаланылмай келеді. Мәселен, азық-түлік қауіпсіздігі, отандық өнім экспортын екі есе ұлғайту, бағаны тұрақтандыру, ауыл шаруашылығына арналған жерді тиімді игеру, фермерлерге қолдау көрсету, салаға шетелдерден инвесторларды тарту сынды көптеген проблеманы шешу әлі де күн тәртібінен түспей тұр. Міне, осы орайда, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба қабылданғаны белгілі. Ендеше, бұл бағытта Шығыс Қазақстан аймағында қандай жұмыстар жүргізілді? Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ілгерілеушілік бар ма? «Айналым схемасы» бағаны тұрақтандыра ала ма?
Бүгінгі таңда инфляцияның шарықтап кетуі, ең алдымен халықтың шымбайына батқаны анық. Ал бағаның өсуіне сөзсіз, азық-түлік инфляциясы әсер етті. Биыл оның деңгейі 19,2 пайызға жетті. Соны әсерінен азық-түлік бағасы бірден 80 пайызға қымбаттады. Бұл ретте Президент Үкіметтің бағаны тұрақтандыруға бағытталған шаралары тиімсіз болып шыққанын, Үкімет инфляцияны ескі әдіс-тәсілмен тоқтатқысы келетінін айтқан еді. «Бюджеттен қосымша қаражат бөліп, бағаны жасанды түрде ғана реттеп отыр. Яғни, қымбатшылықтың себебімен емес, салдарымен күрес жүріп жатыр. Ал, шын мәнінде, керісінше болуы керек», – деді бұл туралы Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет бұл бағыттағы барлық жауапкершілікті өңірлерге артып қойған. «Олар әкімшілік ресурсты пайдаланып, дүкендерді аралап жүр, басқа тәсілдер және жаңа идеялар жоқ. Мұндай жұмыс ешқашан тиімді болған емес. Бір сөзбен айтқанда, нарық заңдылығына сай келетін жаңа ұстаным жоқ», – дей келе Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы уақытта бірқатар мәселені жіті назарда ұстайтынын айтты. Мәселен Президенттің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі азық-түлікті алдын ала сатып алу тәсілдерін кеңірек қолдана бастады. Осы орайда, биыл шілдеге дейін әлеуметтік маңызы бар 47 мың тонна азық-түлікке қатысты осындай шарттар жасалған, дегенмен, мұндай көлемдегі тауар ішкі нарыққа айтарлықтай ықпал етпейтіндіктен, бүгінде өнімді ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден алдын ала тікелей сатып алу жолдарын айқындау қажеттігі күн тәртібіне шықты. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі осы тәсілді жетілдіру үшін тиісті қауымдастықтарды және нарық субъектілерін жұмылдыруға тиіс. Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, облыста инфляцияға қарсы әрекет ету жөніндегі шараларды іске асыру шеңберінде «айналым схемасы» жұмыс істеп тұр. Осы «айналым схемасы» арқылы 2022-2023 жылдары маусымаралық кезеңге жеміс-көкөніс өнімдерінің бағасын тұрақтандыру мақсатында 7363,5 тонна көлемінде жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізу үшін 1140 млн теңге қарыз берілген. Бұл өткен маусымның деңгейінен 1,1 есе көп (картоп 4862,5 тонна, сәбіз 800 тонна, пияз 500 тонна, қырыққабат 1200 тонна). Ал осы жылдың 6 тамызындағы жағдайға сәйкес, «айналым схемасы» бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қорларының мөлшері келесіні құраған: қарақұмық жармасы 93 тонна (175 тонна сатылды), өсімдік майы 464 тонна (1 036 тонна сатылды), қант 2 303 тонна (1 494 тонна өткізілді), жұмыртқа 320 мың дана (1 680 мың дана сатылды), жас картоп 80 тонна (140 тонна сатылды), жас пияз 40 тонна (70 тонна сатылды), жас сәбіз 40 тонна (70 тонна сатылды). 1-сұрыпты бидай ұны (1400 тонна), қырыққабат (900 тонна), жас қырыққабат (240 тонна), сәбіз (800 тонна), пияз (1200 тонна), картоп (3 100 тонна), күріш (113 тонна), мүйіз (218 тонна) жеткізу кестесіне сәйкес толық көлемде сатылған. Сондай-ақ, «Ертіс» ӘКК» АҚ оңтүстік өңірлерден ерте жеміс-көкөніс өнімдеріне қатысты бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырып келеді. Облыс кәсіпкерлеріне 680 тонна жеміс-көкөніс өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру үшін жалпы сомасы 160 млн теңге болатын қарыз беріліп, аталған көлемнен бүгінгі күні 520 тонна сатылған, жиынтық қалдық – 160 тонна. Осылайша, «Ертіс» ӘКК» АҚ «айналым схемасы» тетігі шеңберінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне кіретін 8 өнім атауы бойынша бағаны тұрақтандырған. Бұдан бөлек, қант бағасын тұрақтандыру үшін Тараз және Көксу қант зауыттарынан 430- 450 теңге/кг бағамен 56 вагон (3 797 тонна) сатып алу үшін 1 694 млн теңге мөлшерінде қарыз берілген. Мамандардың айтуынша, оны жеткізу апта сайын жүзеге асырылып отырады. Сату бағасын тұрақтандыру бағдарламасы павильондарда, ірі сауда желілерінде және тұрғын-үй кешендері жанындағы дүкендерде жүзеге асырылады. Ал 1-сұрыпты бидай нанының бағасын тұрақтандыру мақсатында Азық-түлік корпорациясының ресурстарынан облыстың астықты қайта өңдеу кәсіпорындарына әлеуметтік ұн өндіру үшін 4233 тонна арзандатылған астық сатылған көрінеді. Шығыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықовтың бізге берген мәліметіне сүйенсек, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін облыс әкімдігінен 2999 млн теңге сомасында қаражат бөлінген екен. Сондай-ақ облыстық мәслихат сессиясының шешімімен, қосымша 3133 млн қаражат қарастырылған. Сату бағасын тұрақтандыру бағдарламасына бөлінген ақшалай қаражаттың жалпы сомасы – 6 133 млн теңге. Қосымша ақша қаражаты бағаны тұрақтандырудың ағымдағы тетіктерімен қамтылмаған ӘМАТ-қа (әлеуметтік маңызы бар азықтүлік), сондай-ақ қолданыстағы тауар позициялары бойынша өткізу көлемін ұлғайтуға бағытталмақ. Жалпы, айналым схемасы – өндірушілерге жеңілдетілген несие беру арқылы тауарларды белгіленген бағамен сату міндеттемелерін енгізу. Ал кредиттік ақша сауда желілеріне төмен бағалар кезеңінде өнімді алдын ала сатып алуға және өндірушілермен форвардтық шарттар жасасуға көмектесуі тиіс. Дегенмен, бағаны тұрақтандыруға бағытталған азық-түлікті алдын ала сатып алудың мұндай тәсілі қаншалықты тиімді болатынын алдағы уақыт көрсетеді.
Тұқым шаруашылығын дамытуға – 2,3 млрд теңге субсидия
Шығыс Қазақстан облысы Ауыл шаруашылығы басқармасының берген мәліметі бойынша, 2021 жылы ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 875,6 млрд теңгені құрап, 2020 жылдың көрсеткішімен салыстырғанда 126,6%- ға өссе, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің нақты көлем индексі 105,6%-ға жеткен. Сәйкесінше, азықтүлік өнімдерінің өндірісі 196,0 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 129,4% өссе, нақты көлем индексі 102,4% құраған. Ал облыс бойынша 2022 жылдың І-ші жарты жылдығының қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымы 104,1 млрд теңгені немесе 2021 жылдың осы ұқсас кезеңімен салыстырғанда, 119%-ды, ал нақты көлем индесі – 103,2% құраған. Биылғы статистикалық деректерге сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары облыс бойынша 639,66 мың га құраса, оның ішінде дәнді және бұршақты дақылдар – 494,1 мың га, майлы дақылдар – 209,4 мың га, жемшөп дақылдары – 128,3 мың га болған екен. Жалпы, елімізде көп жыл отандық тұқым шаруашылығының жағдайы өте ауыр болғанын айту қажет. Оған ауыл шаруашылығы алқаптарына көп жағдайда, сапасыз тұқымның егілуі, жоғары репродукциялы тұқым өндіру көлемінің өте аз болуы сынды мәселелер әсер еткен. Сондықтан, 2000 жылдан бастап елімізде тұқым шаруашылығы саласын дамыту аясында түбегейлі шаралар қабылдана бастады. Биыл тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау бағдарламасы шеңберінде сатып алынған ауыл шаруашылығы дақылдарының ішінде 1-репродукциялы тұқымдар 3,7 мың тонна, бірегей тұқымдар 55 тонна, элиталық тұқымдар 4,2 мың тонна болған. Оларға 2,3 млрд теңге сомасында субсидия төленген. Бұл ретте, мал басының артуына мемлекеттік қолдау түрінде берілетін субсидиялаудың орны да ерекше екенін айту қажет. Ол – отандық және шетелдік асыл тұқымды мал басын сатып алу және селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу бағытын субсидиялау. 2019 жылдан бастап аталған бағыттар бойынша 23,7 млрд теңге көлемінде субсидия төленген. Жалпы, 2018 жылмен салыстырғанда асыл тұқымды ірі қара малының саны 99,5 мыңнан 133,7 мыңға дейін өскен. Облыстың ауыл шаруашылық тауар өндірушілері 4312 импорттық аналық бас ірі қара мал сатып алған. «Талдау кезеңінде облыста ірі қара мал саны 3,7%-ға, ұсақ мал 3,1%-ға, жылқы 8,7%-ға өскені белгілі болды. Ет өндіру шаруашылықтардың барлық санаттарында 4,8%-ға, сүт өндіру 3,3%-ға өсті. ШҚО бойынша 2022 жылдың 1 қаңтарына ірі қара мал басының саны 1108,5 мың басты құрады, оның ішінде асыл тұқымды мал саны 138,6 мың бас (үлес салмағы 12,5%). Қой басының саны 1413,3 мың бас болса, асыл тұқымды мал басының үлес салмағы 20,2% болды. 2022 жылдың басынан облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 64 бас импорттық асыл тұқымды мал басын сатып әкелді, оның ішінде 10 бас бұқашық, 54 бас қашар», — дейді Р. Сағандықов. Оның сөзінше, мал өнімділігін арттыру мақсатында осы жылы облыс бойынша ірі қара малдың аналық басының саны 264671 бас болса, тұқымдық түрлендіруге қатысатын мал басының санын 65000 басқа немесе 25%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр. «Сиыр етін өндіру және экспорттау бағытын іске асыру ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ірі қара малының селекциялық және асыл тұқымдық жұмыс жүргізу бағытына қатысуына тікелей байланысты. 2021 жылы үкімет тарапынан көрсетілген субсидиялаудың арқасында селекциялық және асыл тұқымдық түрлендіруге 203 мың тауарлық аналық мал басы қатысқан. «Сыбаға» республикалық талдау бағдарламасының деректерінде 2022 жылдың 25 шілдесінде 159,7 мың тауарлық аналық мал басы селекциялық және асыл тұқымдық түрлендіруге қатысты. Осы жылдың соңына дейін 233,0 мың бас тауарлы аналық мал басы тұқымдық түрлендіруге қатысады», – дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Ет экспортының халі нешік?
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысы аймағынан барлығы 646 бас ірі қара мал, оның ішінде 195 бас Қырғызстан Республикасына, 451 бас Өзбекстан Республикасына экспортталған. Ал осы жылы Аягөз, Үржар, Тарбағатай және Жарма аудандарының шаруашылықтары 5 150 бас жоғары салмақтағы бұқашықты және 7000 бас еркек тоқтыны экспортқа шығаруды жоспарлап отыр. 2021 жылы экспортталған тауық етінің көлемі – 9 411,9 тонна болса, 2022 жылдың бүгінгі күніне – 1 667,31 тоннаны құрап отыр екен. Сондай ақ, шұжық өнімдері 2021 жылы – 5,35 тонна, 2022 жылы – 1,23 тонна, ет консервісі 2021 жылы — 52,07 тонна, 2022 жылы – 59,7 тоннаны, балық 2021 жылы – 1568,7 тонна, 2022 жылы – 330,6 тонна, балық өнімдері – 2021 жылы – 1204,4 тонна, 2022 жылы – 825,3 тонна экспортталған. «Сиыр етін экспорттауды жүзеге асыру үшін бордақылау алаңдары үлкен рөл атқарады. Бүгінгі таңда облыс бойынша сыйымдылығы 42 мың бас болатын 92 бордақылау алаңы бар. Жақында бұл алаңдарға бордақылауға 18 мың бас жіберілді. Сондай-ақ, облыста 2021 жылы бір мезгілде 7 000 бас ірі қара мал ұстайтын 3 ірі, мәселен, Тарбағатай ауданында 2000 басқа арналған 2 алаң, Ұлан ауданында 5000 басқа арналған 1 бордақылау алаңының құрылысы аяқталды»,– дейді мамандар. Сондай-ақ, Күршім ауданында 100 бас малға арналған 1 ферма салынса, Катонқарағай ауданында 50 басқа арналған 1 ферма қайта жаңартылған екен. Бұған қоса, облыста экспорт әл-ауқатын арттыру мақсатында Ұлан ауданының Герасимовка ауылында «Көкжал» шаруа қожалығы ет өңдеу кәсіпорнын ашуды көздеп отыр. Сондай-ақ, облыста 2021-2023 жылдары «Өскемен құс фабрикасы» АҚ жылына дайын өнімді шығару көлемін 29 мың тоннадан 60 мың тоннаға дейін арттыру қарастырылған.
Сүт кластері – ел экономикасының маңызды саласы
Шығыс Қазақстан облысының сүт шаруашылығының әлеуетін арттыру мақсатында 2015 жылы арнайы бағдарлама әзірленген. «Бұл бағдарламаға сәйкес облыста жыл сайын аталған шаруашылық жанданып келеді. Сүт шаруашылығын дамыту 2 бағыт бойынша жүргізілуде. Олар: сүт қабылдау пункттері арқылы халықтан сүт сатып алу, тауарлы-сүт фермаларын салу және қайта жаңғырту және сүт өңдеу кәсіпорындарына тауарлы-сүт фермаларының сүтін өткізу», – ауыл шаруашылығы саласының мамандары. Мәселен, 2014 жылдан бастап 2021 жылға дейін халықтан сүт жинау пункттерінің саны 12-ден 57-ге дейін ұлғайған, ал халықтан жиналған сүт көлемі 2021 жылы 4 мың тоннадан 65 мың тоннаға жетті. «Бұл көрсеткіш халықтың қаржылық жағдайын жақсартуға ықпал етті», – дейді мамандар. Сонымен қатар, аталған бағдарлама облыстағы тауарлы-сүт фермаларының дамуына да әсер етіп отыр екен. Мәселен, 2015 жылдан бастап 21 жаңа тауарлы-сүт фермасы салынды. Заманауи цифрлық технологияларды енгізудің арқасында (мысалы, табын басқаратын компьютер, автоматты сауу залдары, респонденттерді пайдалану және т.б.) облыстың алдыңғы тауарлы-сүт фермаларында 1 сиырдың орташа сауылуы жыл сайын артып келеді. Солардың бірі – «ОХМК» ЖШС. Бұл фермада 1 сиырдың орташа сауымы 2017 жылы 7,3 тоннаны, 2019 жылы 9,3 тоннаны, ал 2021 жылы бұл көрсеткіш 9,6 тоннаны құраған. Жақын арада басқа фермаларда жаңа технологияларды енгізу бойынша жұмыстар жүргізіледі. Тауарлы-сүт фермаларынан 106,5 мың тонна сүт сатылды. Жалпы, сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі 96%-ды құрады, – дейді мамандар. Олардың айтуынша, бүгінде сүт фермалары мен сауын сиырларының саны артып келеді. Мысалы, 2018 жылы 63 тауарлы сүт фермаларында 16,4 мың сауын сиыр болса, 2021 жылы тауарлы-сүт фермаларының саны 67-ге жетіп, сауын сиырларының саны 22,5 мың басты құраған. Сондай-ақ, облыстың тауар өндірушілері жоғары өнімді шетелдік асыл тұқымды аналық ірі қара мал сатып алып отыр. Мәселен, 2020 жылдың соңында Шемонаиха ауданының «Рулиха» ЖШС және Көкпекті ауданының «Өрнек» ЖШС Германиядан және Нидерландыдан 524 бас асыл тұқымды мал сатып алған, ал 2021 жылы «Рулиха» ЖШС Нидерландыдан 164 бас сүтті асыл тұқымды аналық мал басын әкелсе, осы жылы жылы «Каликанулы» ШҚ Германиядан 24 бас және 2021 жылдың сонында Украина елінен 95 бас ірі қара малын сатып алған. Сала мамандарының айтуынша, биыл 1 тауарлысүт фермасын салу және 1 тауарлы сүт фермасын қайта жаңарту жоспарлануда. Бұдан басқа, сүт шаруашылығын дамытуға субсидия түрінде мемлекеттік қолдау көрсетіледі, олардың бірі сүт өндірісінің құнын арзандату бағыты бойынша жүзеге асырылады. 2021 жылы осы бағыт бойынша берілген субсидия көлемі 2,214 млрд теңгені құрап, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 244% — ға өскен. Демек, облыста сүт шаруашылығын дамытатын мүмкіндік бар.
73,4 млрд теңгеге – 16 инвестициялық жоба
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді дамыту үшін инвестиция және қаржы ұйымдарынан кредиттер тарту, ірі өндірушілер мен сауда желілері арасында ӘМАТ (әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары) тізбесіне кіретін азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру, төмендету бағытында тиісті келісімдердің жүзеге асырылуы қазіргі таңдағы маңызды мәселелерге айналды. ШҚО бойынша статистикалық деректерге сәйкес, 2021 жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуды қолдауға 32,8 млрд теңге, оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамытуға – 5,6 млрд теңге, мал шаруашылығын дамытуға – 13,6 млрд теңге, инвестициялық субсидиялауға – 8,5 млрд теңге, қайта өңдеу саласына – 515,5 млн теңге, басқа бағыттарға – 4,5 млрд теңге субсидия бөлінген. 2022 жылдың І-жарты жылдығында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына түскен инвестициялар 29,1 млрд теңгеге жетіп, 2021 жылдың осыған ұқсас кезеңіне қарағанда 152,7%-ға өскен. Тамақ өнімдері өндірісін дамыту мақсатында құйылған инвестиция 18,7 млрд теңгені немесе 2021 жылғы деңгеймен салыстырғанда, 183,8%-ды құраған. «2022 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешенін дамытуды қолдауға субсидиялау бағдарламалары шеңберінде 35,9 млрд теңге, оның ішінде өсімдік шаруашылығын дамытуға 6,6 млрд, мал шаруашылығына 9,7 млрд, инвестсубсидиялауға 11,1 млрд теңге, басқа бағыттарға 8,5 млрд теңге бөлінді. Биыл 1 тамыздағы жағдай бойынша, облыстағы ауыл шаруашылығының тауар өндірушілеріне 23,3 млрд теңге (65%) субсидия төленді», – дейді бұл жөнінде Шығыс Қазақстан облысы бойынша Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Р. Сағандықов. Жалпы, бұл аймақта биыл 73,4 млрд теңгеге 16 ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2022 жылдың І-жарты жылдығының қорытындысы бойынша, 29,9 млрд. теңгеге 6 жоба, оның ішінде қайта өңдеуге қатысты 2 жоба, мал шаруашылығы төңірегінде 3 жоба, ал балық шаруашылығына қатысты 1 жоба іске асырылған екен. «Ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда шағын несие беру бағдарламасы аясында 2022 жылға Шығыс Қазақстан облысына 3,02 млрд теңге бөлінді. Микрокредит беру «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы жүзеге асады. Бағдарлама 2022 жылдың қыркүйегінде іске асырыла бастайды», — дейді Р. Сағандықов.
Фермерлерге көрсетілетін қолдау қандай?
Жақында Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында фермерлерге, яғни тауар өндірушілерге қолдау көрсету мәселесіне айрықша тоқталды. Осы орайда, Шығыс Қазақстан облысы аймағының фермерлеріне қандай жағдай жасалған? Дән егіп, тер төгіп жүрген диқандар, мал өсіріп, аймақты ет, сүт, маймен қамтамасыз етіп отырған фермерлер үшін қандай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған? Бұл мәселе бойынша, ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының бізге берген мәліметіне сүйенсек, жыл сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге мемлекет тарапынан жеңілдікпен несие беру, субсидиялау, лизинг және т. б. түрінде қолдау көрсетіледі екен. Мысалы, 2021 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» Шығыс Қазақстан филиалының деректері бойынша, ауыл шаруашылығының тауар өндірушілеріне түрлі несиелеу бағдарламалары аясында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге, асыл тұқымды ауылшаруашылығы малдарын сатып алуға, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға 11,4 млрд. теңгеге несие берілген екен. Сала мамандарының айтуынша, облыста жыл сайын көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге арзандатылған бағамен дизель отыны бөлінеді. Биыл көктемгі егіс жұмыстарына тоннасына 212 мың теңгеден 33 мың тонна, егін жинау жұмыстарына тоннасына 222 мың теңгеден 33 мың тонна дизель отыны бөлінген. «ҚазАгроҚаржы» арқылы облыстағы ауыл шаруашылығының тауар өндірушілері 7,7 млрд теңге сомасына 508 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын сатып алды. Ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезінде шығындарды субсидиялау шаруаларға елеулі қолдау көрсетіп, бұл бағытта 7,3 млрд теңге субсидия төленді. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында облыстың ауыл шаруашылығында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымының жыл сайын ұлғаюы, экспортқа бағдарланған дақылдардың (күнбағыс май тұқымы) егіс алаңдарының ұлғаюы, машина-трактор паркін жаңарту, қайта өңдеу кәсіпорындарының құрылысы, бордақылау алаңдары, заманауи тауарлы-сүт фермалары және т.б.салынуда», – дейді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары. «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалының деректері бойынша, осы жылдың 1 шілдесінде облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне кредит берудің түрлі бағдарламалары шеңберінде 9,3 млрд теңге сомасында несие ұсынылған. «ҚазАгроҚаржы» АҚ ШҚО филиалы арқылы лизингке 5,3 млрд теңге сомасына ауыл шаруашылығы техникасы берілген. ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, қазіргі таңда облыстағы шаруа қожалықтарының қызметі дамудың оң динамикасына ие. «Бұған облыстың ауыл шаруашылығын дамытудың қол жеткізілген көрсеткіштері ғана емес, сондай-ақ облыстың АӨК-ін мемлекеттік қолдау шаралары көлемінің жыл сайын ұлғаюы дәлел», – дейді олар. Мысалы, 2021 жылы АӨК дамытуға 2000 өтінім бойынша 32 млрд.теңгеден астам субсидия төленсе, бұл 2020 жылғы деңгейден 2,3 млрд. теңгеге артық (1500 өтінім) болыпты. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалы 2021 жылы облыстың шаруашылық субъектілеріне 11 млрд теңгеден астам сомаға кредит берген, бұл 2020 жылғы деңгейден 2 млрд теңгеге артық. Бұған қоса, облыс бойынша шаруа қожалықтарының саны артқан. Статистикалық деректерге сәйкес, 2022 жылдың басында 18479 шаруашылық тіркелген, бұл 2021 жылдың басындағы көрсеткіштен 727 бірлікке артық.
Ауыл шаруашылығы өнімдері бәсекеге қабілетті ме?
Әрине, аймақтың ауыл шаруашылық өнімдері туралы сөз қозғалғанда, олар бәсекеге қаншалықты қабілетті, облыс сұранысын қанағаттандыра алып отыр ма деген сауалдар туындайтыны анық. Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының айтуынша, облыс сүт, күнбағыс майы, бал және панта өндірісі бойынша республикада алдыңғы қатарда және ет өндірісі бойынша екінші орынға көтерілген. 2021 жылы 19 әлеуметтік маңызы бар азықтүлік тауарлары бойынша облыс халқының 100% қамтамасыз етілуі облыста өндірілетін өнімнің 13 түрі бойынша жүзеге асырылады. Олар – 1-сұрыпты бидай ұны, 1-сұрыпты ұннан жасалған нан, қарақұмық жармасы, сиыр еті, тауық еті, күнбағыс майы, сүт, айран, сүзбе, сары май, картоп, сәбіз. Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар 41% -дан 48,6% — ға дейін макарон өнімдерімен, пиязбен, тауық жұмыртқасымен қамтамасыз етілген. «Бірақ өңірде 3 тауар – күріш, тұз, қант өндірілмейді. Ауылшаруашылығы өнімдерінің жетіспейтін көлемі Қазақстанның басқа өңірлерінен және шектес мемлекеттерден жеткізілімдер есебінен қамтамасыз етіледі»,– сала мамандары.
Импорттық тәуелділіктен арыла аламыз ба?
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесін жиі көтеріп келеді. Мәселен, осы жылдың наурызында Премьерминистр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, онда агроөнеркәсіптік кешен мәселелері қаралды. Отырыс аясында жедел штаб мүшелері агроөнеркәсіп кешен саласының көктемгі егіс жұмыстарына қосымша қаражат бөлуге, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қажетті тауарлықматериалдық құндылықтарды жеткізу логистикасына қатысты бірқатар проблеманы шұғыл әрі жүйелі шешу мәселелерін талқылады. Жиында қазіргі сыртқы саяси ахуалдың әлем елдерімен қатар, Қазақстанда да ауыл шаруашылығы тауарларының, оның ішінде техниканың, тұқымның, генетикалық материалдың, минералды тыңайтқыштардың және т. б. өнімдердің қымбаттауына түрткі болып отырғаны айтылды. Бүгінде Үкімет басшысы Әихан Смайыловтың тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрлігі Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, минералды тыңайтқыштардың бағаларын төмендету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Мәселен, 16 наурыздан бастап аммиак селитрасының бағасы тоннасына 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендеген. Сондай-ақ Үкімет отырысында Премьер-министр Ауыл шаруашылығы министрлігіне Қаржы және Ұлттық экономика министрліктерімен, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-мен бірлесіп, республикалық бюджетті нақтылау аясында көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге сомасында қосымша бюджеттік кредит бөлуді қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Фермерлердің кепіл мәселелерін шешу мақсатында қажетті өтімді кепілдіктері бар астық және майлы дақылдар нарығының трейдерлері арқылы аграршыларға кредит беру мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Отырыс барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев импорттық тәуелділікті төмендету үшін отандық тұқым сұрыптарын әзірлеу бағдарламасы туралы және отандық тұқымдарды өсіру жөніндегі жол картасы әзірленгені жайлы сөз еткен еді. «Қысқа мерзім ішінде отандық тұқым сұрыптары ғылымын дамыту жөніндегі орта мерзімді бағдарлама қабылдау қажет. Тұқым сұрыптары сапасызданып, өнімділік төмендеп барады. Жылдан жылға құрғақшылық белең алуда. Бұл жағдайда қуаңшылыққа төзімді әрі мол өнім беретін тұқымдардың жаңа сұрыптарын әзірлеу аса маңызды», – деді бұл турасында Министрлер кабинетінің басшысы. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қажетті тауарлықматериалдық құндылықтарды уақытылы жеткізу, қосымша вагондармен қамтамасыз ету және Ресейден тұқым жеткізудің балама бағыттарын пысықтау – отырыста көтерілген өзекті мәселеленің бірі болды. Аталған мәселені ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен бірлесе отырып шешу жүктелді. Жалпы, импорттық өнімге тәуелділік мәселесі – күн тәртібінде өткір тұрған мәселелердің бірі. Себебі, қазір елге сүт өнімдерінің 23%-ы, құс етінің 38%-ы, шұжық өнімдерінің 44%-ы импортталады. Бұл – Қазақстан импорттық өнімдерге айтарлықтай тәуелді деген сөз. Сарапшылардың айтуынша, бұл мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін. Осыған орай, 2025 жылға дейін халықтың сатып алу қабілетін қорғау мақсатында қанттан басқа азық-түлік тауарлары бойынша 100% импортты алмастыру шараларын іске асыру көзделіп отыр. Соңғы уақытта Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов ауыл шаруашылығына қатысты тиісті органдарға көп міндет жүктеді. Ендігі жерде тапсырма алған министрліктер, осы салаға құзыретті органдар тегеурінді жұмыс атқаруы қажет. Ал әзірге бұл саладағы түйткілді мәселелердің қалай шешілетіні – уақыт еншісінде.
Ләйла ЕДІЛ,
«Семей таңы»