Ұлы ақын Абай ағасы, інісі Шәкәрімді қолтығынан демеп, қамқорлық танытқан. Кішкене інісінің музыкаға да аса бейімділігін ерте байқаған Абай, Керей руынан шыққан әйгілі домбырашы Біткенбайды өз ауылына бір жыл ұстап, Шәкәрімге домбыра үйретеді. “Біткенбай күй тарихын жақсы біледі”, — деп Абай бұл күйшіні жоғары бағалайды екен. Ол кісі болашақ композиторға “Азамат Қожа”, “Бұлаң жігіт”, “Алшағырдың ащы күйі”, “Қорқыт”, “Асан қайғы”, “Кер толғау”, “Терісқақпай”, “Бозінген”, “Бозайғыр”, “Саймақтың сары өзені” тәрізді шертпе күйлерді, домбырадағы айтыс — “Сәдір — Қалшаны” аңыз — әңгімелермен қосып үйретеді.
Ш. Құдарбердіұлының әндері туралы магнит таспасынан алынған әңгімеге көз жүгіртсек:
Бұл сұхбат “Семей таңы” газетінің 1992 жылы 22 ақпанында жарияланған екен.
Арғынбек: Бүгін 17 март, 1979 жыл. Бүгінгі әңгімеміз әдебиет, өнер, өлең туралы болмақ. Ахат аға өзіңіз Шәкәрім әкейдің әндерінің шығу тарихынан біраз айтып берсеңіз.
Ахат: Жарайды, қарағым. “Қорқыт Қожа Хафиз түсіме енді де” әнінің шығу тарихын айтайын.
Әкей Саятқорада жатқанда 1929 жылы қараша айында мен халін білейін деп бардым. Екі күн қонғаннан кейін: “Байқошқарға барайық” деді. Саятқораның ар жағында 12 шақырым жерде Байқошқар ауылы бар. Сонда барып қайтайық деп, екеуіміз сонда бардық. Ол жерде Керімқұл дегеннің үйіне қондық. Ол төр үйге бізге төсек салып берді. Әкей екеуіміз жаттық. Түн ортасы ауып бара жатқанда әкей шам жақты. Шам жақты-дағы, домбыраны алдыдағы бір сарын тартты. Сонан тартып отырды, тартып отырды. Қағазды алып отырды да жазып отырды. Сонан соң таң атты, күн шығып келе жатқан кезде:
- Керімқұл, ояумысың, — деді
Ауыз үйдегі Керімқұл:
- Ояумын, — деді.
- Мен бір ән шығардым, ауылды жинап әкел, — деді. Сонан соң ауылдағы бар адамдар келді. Осы әнін сонда шығарды.
Арғынбек: — Аты не деген бұл әннің?
Ахат: «А» дегенде бізге: “Қорқыт Қожа Хафиз түсіме еніп, бір ән үйретті”, — деді. Содан осылай аталды.
Ақынның енді бір әні “Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек”.
60 — тан асқан кемел шағында жазылған. Бұл ән болашаққа көз жүгірткен сұңғыла да терең атаулы, философиялық шығарма.
Бұл әннің шығу тарихы жайлы Ахат былай деп еске алады.
“Жылда жазғытұрым ел, мал бауырға көшіп кеткенде, әкей екеуіміз қорада қалатынбыз. Бір күні: — Атты ертте, тауға шығайық, — деді. Екеуіміз Жылқыайдар өзенінің жағасындағы Үштастың жотасына келіп шықтық. Жазғытұрымғы уақыт. Құз жартас, ағып жатқан өзен, тоғай, тоғайда сайраған бұлбұл, байғыз, үкі, көкек, сарала қаз дауыстары, таулар жаңғырығы, баулы сайдың жұпар иістері, бәрі адамның ойына — бойына тәтті сезім жүгірткендей әсер беретін көріністер. Әкей жазу жазып отыр. Мен өзенге барып, жуындым. Әлден уақытта қайттық. Жолда әкей дыбыстап, бір сарынды әуез айтып келе жатты. Үйге келдік. Әкей домбыра тартып отырды. Шай ішіп отырғанда әкей айтты: “Балам! Бүгін олжалы қайттық. Мен жаңа ән шығардым. Ол әнді жаратылыстың әнінен, бағана сайраған бұлбұл, шақырған көкек, таңдайын қаққан үкі, оларға қосылған таулар жаңғырығы, күрілдеп аққан өзен дауыстары, осылар қосылғанда жаратылыстың әні боп шықпай ма?” — дей келіп, әнін де шығарып, маған айтып үйретті. Бұл әннің нотасы “Аманат” жинағында енгізілген.
“Аманаттағы” негізгі ноталар сақталып, музыка теориясының талабы тұрғысында, тональдық өзгерістерге енеді. Әр тактыдағы ырғақ өлшемін де бірыңғай етіп алып, басы артық такты өлшемдерінен әдейі қаштық. Мұның өзі музыкант пен әншінің әнді еркін меңгеруіне мүмкіндік жасайды. Ән неғұрлым ойлана, тебірене, шырқата орындалса, соғұрлым өлеңдегі оймен үндестігін табады.
Ақынның өзі айтқандай, “Бұл ән — бұрынғы әннен өзгерек”. Өзіндік бояу, өрнегі, жол тарамдары бар, жасы алпыстан асқан кемел ақыл — ой иесінің өткенге, болашаққа ой көзін жүгірткен терең ойлы пәлсапалық шығармасы.
Бұл ән де өз орнын, тыңдаушысын таппай, әр жерде айтыла салатын ойын — сауықтың әні емес. Және ән басындағы бірінші ауыз өлеңінде:
“Ән — өлшеуіш, өлең — күміс, қоспаңыз мыс аралас,
Артық алу, не кем салу, қапы қалу жарамас” —
деп әннің жайын ақын тағы да өзі ескертеді.
Шәкәрімнің “Ажалсыз әскер” әні де ертеректегі туындысы болуы керек. Өйткені, оның шығуына мынандай жай себеп болған көрінеді. Бір күні Абай Шәкәрімді шақырып алып: “Осы қазақта алты, жеті, сегіз, он бір буынды шумақтар бар. Тоғыз, он, он екі буынды өлең шумағы болуы мүмкін бе? Әй, ондай болмайтын шығар”, — дейді.
Шәкәрім ертеңінде тоғыз, он, он екі буынды өлеңге ән шығарып әкеліп, Абайға тыңдатады. Ол осы “Ажалсыз әскер” әні екен. Бұл өлеңі 1912 жылы “Қазақ айнасы” деген атпен басылып шыққан өлеңдер жинағына енді.
А. В. Затаевич айтқандай, Шәкәрімнің орыстың қалалық әндерінің әуенді ырғағы бар әндерінің бірі — “Сұраған жанға сәлем айт!” әні.
Кетермін, артымда сөз, әнім қалар,
Кейінгі жастар оқып, ортаға алар.
Бірі жөн, бірі теріс айтыпты деп,
Таласып өздерінше сынға салар…
Шәкәрім әндерінің жарық көріп, халық назарына ілінуіне ат салысқан музыка зерттеушісі Арғынбек Ахметжановтың айтуынша, бұл әнді Шәкәрім Абайдың “Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?” әнін оқыған ой үстінде жазған көрінеді.
Бір ғасырды Абаймен бірге жасап, екінші ғасырда өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу, парасатты азаматы болып бастаған Шәкәрім өз басындағы жағдайын осы өлең жолдарына сыйғызған. Онда ақынның артына қалдырған асыл сөздері, әні кейінгі ұрпаққа үлгі, өнеге болар, оны жастар оқып, таласып, сынға салар деген оймен айтылған. Бірақ біреудің ойын білмей оны сынау өте қиын. Сондықтан кейінгілерге айтарым: “Мен мінген қайыққа сен де мін. Менің өмір сүрген жайымды түгел ұқ. Сонда ғана менің анық кім екенімді біле аласың”, — деп өз ойын тұжырымдайды. Бұл әннің “Аманатта” бір нұсқасы Т. Бекхожинның нотаға түсіруімен, ал екінші нұсқасы А. Ахметжановтың нотаға түсіруімен 1992 жылы “Семей таңы” газетінде жарық көрді.
“Бостандық таңы атты” Ахат ағаның әр жерде айтып, насихаттап кеткен әндерінің бірі әнұран ретінде айтылатын бұл әнді Шәкәрім 1919 жылы Шыңғыстауда жүріп, Қазақ Республикасының құрылу құрметіне арнап шығарған екен. Шәкәрім шығармаларының 1988 жылы шыққан екі жинағына да әннің тексті енгізілген.
“Ел қайда?” әнін ақын өзінің басына түскен қасіретті күндердің бірінде шығарған көрінеді. Осы жайлы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ә. Әсімжанов былай деп баяндайды: “Алла тағаланың әмірімен тұмарлы ақ қарлығашқа айналған соңғы әуен Шыңғыстау еліне жаз лебіндей тарапты.
“Кереге таста” қайтыс болып, “Бақанастың” бір тұсындағы құр-құдыққа жерленген күні иесінің қабыры басына қонып отырып жылапты да, ашаршылықтың салдарынан шет елге бара жатқан жерлестерімен бірге кетіпті-ау. Мен Шәкеңнің соңғы әнін Семейдегі құрылыс мектебінің балташылар бөлімінде бірге оқыған жақыным Иген Аманжоловтан үйренген болатынмын. Содан бері көптеген жылдар өтті. Көңілімде жүрген сол әуенді жарыққа шығару мақсатымен қазақ радио комитетінде қызметтес болған кішіпейіл азамат, музыка өнерінің шебері, Қазақстан композиторлар одағының жауапты маманы Мыңжасар Маңғытаевқа тілек білдірген едім. Ол: “Шәкәрім ағаның асыл қазынасын қастерлеп, халқымызға тарату бәрімізге парыз ғой. Өтінішіңізді орындауға әзірмін”, — деді. Осылайша, ән нотаға түсті.”
Әннің әуезі мен айтылу мақамы жоқтау іспеттес. Мысалы:
Қатар ұшқан (ей) аққу-ек саңқылдаған (ей),
Айдын көлді ей сайрандап жарқылдаған (ей).
Ғафу аллай, зұлжалай,
Қабышым-ау, ел қайда (ай?), — деп келеді.
Ескерту айта кетсек: бұл өлеңде кездесетін Қабыш, Ахат, Ғафур, Зият, Гүллар — ақынның балалары. Сөз арасында кездесетін “ей”, “ай” делінген ән бұтақтары орындаушыға түсінікті, әрі айтуға жеңіл болуы үшін жазылған.
Міне осылайша, Ахат ата Шәкәрімнің мұнан басқа “Қорқыттың сарынымен шығарылған ән”, “Жаңа ойдан шығарылған бір бөлек ән”, “Ойладым бір сөз жазайын да”, “Шаранамен туып едің”, “Жиырма үш жасымда бұл өлең жазылған”, “Насихат” сынды әндерінің шығу тарихына, сол әнді шығару барысындағы ақынның көңіл — күйін, өзінің алған әсерін суреттеп, баяндап береді. Яғни Ахат Шәкәрім әндерін осы күнге жеткізуші нотаға түсуіне, халық арасына таралуына себепші. Ал ары қарай Шәкәрім әндерінің ерекшелігін, олардың қазақ музыкасынан алатын орнын зерделеу зерттеушілердің еншісінде.
Жай ғана тыңдаған адамға Шәкәрім әндері мұңға толы, зар заманды жырлаған сияқты көрінуі мүмкін. Әрине, қазақтың қара өлеңі сияқты дастархан басында көңіл көтеретін жеңіл — желпі әндерден мүлде бөлек, халық әндерінде кездесетін “Сәулем-ай” “Еркем-ай” деген сияқты қайырымдар да Шәкәрім әндерінен жарасым таппаған.
Себебі халықтың қай шығармасы болмасын өзі өмір сүрген дәуірдің қоғамдық көріністерін бейнелейді, олардың идеялық, тақырыптық мазмұны ауқымды, көркемдік әсері өте күшті, мағынасы терең.
Зерделі суреткер айналасындағы өмір өзгерістерін жіті бақылап, өз шығармаларының музыкалық тілін де жаңа интонациялармен байытып отырған. Ол әндерінде орыстың революциялық және қала әндерінің әуендерін кеңінен пайдаланған. Мәселен, Шәкәрімнің “Сұраған жанға сәлем айт” әнінің Совет өкіметі орнаған жылдары шыққан “Провода” (музыкасы Д. Васильев-Буглайдікі, өлеңі Д. Верныйдікі) әнімен сабақтастығы айқын сезіледі. Композитор кейбір әндерін шығыс мақамдарының әуеніне лайықтап жазған. Шәкәрім әндерінде қазақ өлеңдеріне тән 6-7-8-11 буынды өлеңдер шумағымен қатар 9-10-12 буынды өлең жолдары жеке шумақ ретінде немесе бір шумақ өлең ішінде кезектесіп келіп отырады. Осыған байланысты әуеннің ауқымы созылып, яки қысқарып бұрынғы қазақ әндері формасынан мүлдем өзгеше, жаңаша болып шығады. Шәкәрімнің шығармаларында қазақ әндеріне тән ай, ей, ахау, ау, сәулем секілді қосымша сөздердің кездеспейтінін жоғарыда да айттық, сондықтан өлең мен әуен әрқашан бір -біріне дәлме — дәл келіп үйлесіп тұрады.
Шәкәрім шығармалары ақын ақталған 1988 жылы “Жалын” және “Жазушы” баспаларынан жеке — жеке кітап болып шыққаны мәлім. Ал оның әндер жинағы “Аманат” деген атпен келер, 1989 жылы “Өнер” баспасынан “Замана бұлбұлдары” деген сериямен жарық көрген болатын. Осы жинақты құрастырған, әндерді нотаға түсіріп, баспаға әзірлеген белгілі өнертанушы ғалым Талиға Бекхожина кітаптың алғы сөзінде былай дейді:
“1966 жылдың ақпан айында Қазақ ССР Ғылым академиясы М. О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка бөліміне алпысты алқымдаған, ұзын бойлы тіп — тік, қара торы кісі келді. Ол кезде бөлім бастығы академик А. Жұбанов еді. Екеуі шүйіркелесіп біраз әңгімелескеннен кейін Ахмет Қуанұлы мені қасына шақырып: Мына кісі белгілі ақын Шәкәрімнің баласы. Сен осы кісі айтқан әндерді жазып ал, ноталарының бір данасын маған, екіншісін мына отырған Ахат ағаңа бер”, — деді. Сөйтіп, артына аса бай мұра қалдырған, ғажайып дарын иесі Шәкәрім Құдайбердиевтің әндерін нотаға түсіру бақыты менің үлесіме тиді.
Баспасөз беттерінде Шәкәрімнің ақталғандығы туралы қаулы шыққан кезде Келденбай Өлмесеков гастрольдық сапармен Көкшетау облысында жүрген екен. Сол күні кешке қалалық мәдениет үйіндегі салтанатқа жиналған жұртшылық Келденбайдың орындауында Шәкәрімнің “Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек” әнін тыңдап құшырлана қол соғады. Шәкәрімнің туғанына 130 жыл толуына арналып Семей қаласында, Қарауыл селосында өткізілген мерекелерде Келденбайдың аузынан “Анадан алғаш туғанда”, “Бұл ән бұрыңғы әннен өзгерек” әндерін тыңдап, жанымен сүйсінген Шәкәрім туындыларының жалынды насихатшысы болған Ниязбек Алдажаров өзінің ізбасар інісіне ақ көңіл, адал жүрегімен батасын береді. Біз жоғарыда осы Ниязбектің әкесі Әбдіғали Шәкәрім әндерін алғаш орындаушылардың бірі болғанын айтқанбыз.
Келденбай Өлмесеков 90-шы жылдардан бері республикамыздың Алматы, Шымкент, Талдықорған, Шығыс Қазақстан, Семей облыстарын аралап “Шәкәрімнің ән әлемі” деген атпен ақынның мұраларын насихаттап келеді.
Қазақ халқының кең арналы музыкалық мәдениетінің дамуына айрықша ықпал етіп, өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Абай мен Шәкәрімнің әндері қилы жолдармен алуан түрлі әншілердің орындауымен көбінесе ауызша түрде таралып, халықтық репертуарға айналып кеткені мәлім. Өйткені олардың өзіндік музыкалық лексикасы, әуендік сазы, өлшем — ырғақ өрнектері, музыкалық сөйлем тіркестері, әуендік интонациялардың құралу мәнері мен музыкалық — поэтикалық композиция тәсілдері өзгеше.
Шәкәрім әндерінің қазақ музыкасында ерекше көрінуі кездейсоқ құбылыс емес. Өйткені олар кез — келген әуендерді қабылдай салмай, олардың «құлақтан кіріп бойды алар жақсы ән мен күйін», «бұрынғы әннен өзгерек» болатын әндерді өздерінің биік эстетикалық талап — талғамдарымен саралап, жіктей білген. Әрине, ақындарымыздың әндерін халқымыздың дүние танымынан, тарихи — әлеуметтік жағдайларынан, мәдени, рухани әдет — ғұрып, салт — дәстүрінен бөле — жара қарастыруға болмайды. Өйткені олар Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Тәттімбет сынды халық композиторларының маржан мұраларынан сусындап, ақындық -композиторлық өнерді ерекше бағалап өскендіктерін біз жоғарыда атап өткен болатынбыз.
Екі өнердің бір бітімде толысып туындауы, ыстық жарасымдығы құнарлы ойдың, отты жүректің адамзаттың рухани тілегіне берген баға жетпес сыйы. Абай мен Шәкәрім поэзияларының өзі тұнып тұрған ән десек те болады. Олар «сөздің ұлылығына» өз халқының бойындағы рухани даналық қасиеттері: ақындық, шешендік таным үлгілерін сіңіру арқылы жетсе, «ән көгіне» де сол халықтың әншілік, күйшілік, жыршылық қасиеттерінен сусындау, «ыстық жүрекпен» сүю арқылы көтерілді.
Халқының бойындағы осы рухани даналық ақындарымыздың жүрегінен сөзбен қоса ән де туындатады. Ұлы сөздің бояуын әрлендіріп, ойын айқындай түсетін мазмұнымен үндес, түрімен бітімдес келетін құдіретті ән туғызады. Ән мен сөздің шығатын ұясы да, қоңыр қиясы да бір — бірінен ажырамайды. Сөздің ділі, әннің нәрі, түйіні бір.
Абай мен Шәкәрім әндерінің ерекшелігі де осында. Ақындар ұлттық ән дәстүрінің музыкалық интонациясын сақтай отырып, өзгеге ұқсамайтын, өздеріне ғана тән қазақ әнін туғызады.
Ол әндер баршаның жүрегіне жақын, өмірдің, тіршіліктің күңгейі мен көлеңкесін дәл беретін шыншыл әндер болған.
Ақындардың әндерінде халық музыкасының ырғақ нақышы, әрі мен бояуы сақталғанымен дауыстың шарықтау шегін, иірім ырғақтарын, дыбыстық өлшемін мүлдем жаңаша, басқаша құрады. Бұл жаңалық халықтық өнерден алшақтамайды. Қайта сол ұлттық мұраның жетілген, ұғынықты, нақтылы өлшемін танытады.
Әдебиеттер:
- Шәкәрім. Шығармалары. — Алматы, 1988 ж.
2.Мағауин М. Абайдың інісі // Кітапта: Құдайбердіұлы Шәкәрім. Жолсыз жаза: Өлеңдер мен поэмалар, — Алматы: Жалын, 1988 ж.
3.Шәкәрімұлы А. Менің әкем, халық ұлы — Шәкәрім // Жұлдыз, 1992 ж. №11,3 — 52 б.
- Құдайбердиев Ш. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер. Құраст. М. Жармұхамедов, С. Дәуітов, А. Құдайбердиев, — Алматы, 1988 ж. — 560 бет.
- Құлсариева А. «Аударма және өркениет»
- Шәкәрімтану мәселелері (Құрастырған: Т. Шаңбай), 1-к., —
Семей — Новосибирск:Талер — Пресс, 2006 ж.
Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы,
Семей қаласының облыстық тарихи — өлкетану музейінің ғылыми қызметкері,