Қазан айының 2 күні «Қазақстан — Семей» телеарнасының тікелей эфирінде қала басшысы Айбек Кәрімов «Әкім сағаты» бағдарламасында қалалықтармен жүздесті. Айбек Мүталапханұлының қатысуымен өткен тікелей эфирде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы және қысқы жылу беру маусымына дайындық барысы тақырыптарына арналды. Сондай-ақ, қала әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Хабар барысында ең алдымен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде айтылды. Бұл орайда қала басшысы Айбек Кәрімов аталмыш бағытта атқарылған жұмыстардың өз жемісін беріп жатқанын тілге тиек етті. Соның ішінде өнеркәсіп саласында серпінді даму, ілгерілеушіліктің бар екеніне тоқталды. Бұлай деуге өңіріміздегі өндіріс орындарында шығарылатын өнімнің көлемі мен түрлерінің жылма-жыл артуы себеп. Әсіресе, қала әкімі машина жасау, энергетика, жеңіл өнеркәсіп, тамақ өнеркәсібі салаларында былтырғы жылмен салыстырғанда айтарлықтай алға жылжушылық барын жеткізді. Әлбетте, экономикалық тұрғыда дамуға ықпалын тигізетін маңызды факторлар – ол инвестициялар мен қала бюджеті көлемінің артуы. Бұл жөнінде Айбек Мүталапханұлы:
— Жалпы алғанда, бүгінгі күнде тоғыз айдың өзімізге бекітілген бюджеттік түсімін толықтай орындауға таядық. Айта кететін жайт, бұрын біздің қаламыз облыстық бюджеттен жылына бір миллиард теңгеден астам субвенция алатын. Биылдан бастап ол тоқтатылды. Бүгінгі күні облыстық бюджетке сегіз жүз жиырма алты миллион теңге аударылды. Аймақ басшысы Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевқа қаланың ішкі түсімдерін толықтай қала бюджетінде қалдыру туралы өтініш білдірдім. Алдағы уақытта бұл мәселе талқыланады деген үміттемін. Жалпы алғанда, былтырғы жылмен салыстырғанда ішкі салықтың түсімі жүз сегіз пайызға артып отыр. Бұл жаман көрсеткіш емес. Дегенмен, қаламызда жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне салықты уақытында төлеп тұру мәселесіне ыждаһаттылықпен қараған абзал. Ал инвестиция тарту жағын айтар болсақ, өткен тоғыз айдың ішінде өңір экономикасының дамуына 30 миллиард теңге құйылған. Оның тең жартысы жергілікті кәсіпкерлердің қаражаттары. Бұл көңіл қуантарлық жайт. Себебі жергілікті кәсіпкерлер тарапынан инвестиция көлемінің артуы олардың өз бизнестерін ары қарай дамытуға мүдделі екендіктерін көрсетеді.
Сонымен қатар, қала басшысы биыл өңір экономикасына тартылған инвестиция- ның жалпы көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 107 пайызға артқанын айтып өтті. Кейінгі жылдары қала бюджетінің көлемі орташа есеппен тұрақты түрде 10-11 пайызға ұлғайып келе жатқаны тағы бар. Осы аталған мәліметтің барлығы өңіріміздің экономикалық тұрғыда дамуының қарқыны жоғары екенін көрсетеді.
{jcomments on}Тікелей эфир барысында көрермендердің қала әкіміне қойған сауалының біріншісі — зейнеткерлер мен көп балалы аналардың қоғамдық көліктердегі жолақыларына алынып тасталған жеңілдіктерді қайтару мәселесіне қатысты болды. Айбек Мүталапханұлы бұл сауалдың өте орынды екенін айта келе, жеңілдіктерді алып тастау, негізінен, үлкен автобустарға иелік ететін екі жолаушы тасымалдаушы кәсіпорын тарапынан жасалғанын түсіндіріп өтті. Бұл мәселенің қашан және қай уақытта шешімін табатыны туралы қала басшысы:
— Біз қазір жолаушы тасымалдаушылармен бұл бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Олар да бұған түсіністікпен қарауда. Таяуда жолаушы тасымалдаушылармен арнайы келісімге қол қойдық. Барлығы осы құжатқа сәйкес болады. Жақын арада ол кәсіпорындар жолақысы бойынша қандай жеңілдіктердің жасалатынын хабарлайтын болады.
Тікелей эфирге қаламыздағы «Жылукоммунэнерго» МКМ-нің жұмысшысы хабарласты. Көрермен өзінің осымен төрт ай бойы жалақы ала алмай жүргенін айтып, себебін білгісі келетінін жеткізді. Қала әкімі қойыл-ған сауалдың орынды екенін, соңғы кездері бұл қызмет көрсетуші кәсіпорын үшін шешімін күткен мәселе болып отырғандығын айтты:
— Мен «Жылукоммунэнерго» кәсіпорнының жұмысшыларымен кездесіп тұрамын. Таяуда ғана РК-1-де болдым. Сонда еңбек ететін мамандармен жүздестім. Бұл кісілердің жалақыға қатысты талаптарын орынды деп санаймын. «Жылукоммун-энерго» сияқты қызмет көрсетуші кәсіпорындар жұмысшыларының еңбекақысы неден құралады? Әлбетте, тұтынушылардың төлеген қаражаттарынан. Яғни тұрғындар қызмет ақысын толық көлемде, уақытында төлеп тұрулары керек. Алайда, қазіргі жағдайға қарасақ, халықтың жылумен қамтамасыз етуші компания алдындағы қарыздары 300 миллионнан асып отыр. Ал ұйымдар мен кәсіпорындардың берешегі 100 миллион теңгені құрайды. «Жылукоммунэнергоның» өзінің жұмысшыларына жалақы төлей алмауы қордалан-ған қарыздардың төленбеуінің салдарынан туындап отыр, — деді Айбек Мүталапхан-ұлы. Сондай-ақ, қала басшысы жылу ақысына миллион теңгеден қарызы бар екі көпқабатты үйді атап өтті. Олар – Галетто көшесі, 40 және Б. Жамақаев 219/А мекенжайларында орналасқан үйлер. Берешек қаражат көлемінің үлкен болуына байланысты «Жылукоммунэнерго» МКМ бұл тұрғынүйлерді жылудан толық ажыратуға мәжбүр болған көрінеді. Қала басшысы қысқы жылу маусымына дайындықтың өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын және жылумен қамтамасыз етуде қиындықтың болмайтынын айтты. Ол үшін қазірдің өзінде жиырма бес мың тонна көмір алынған көрінеді. Тұрғындардың жылу компаниясы алдындағы қарызын төлеулері қажеттігі туралы айта келе қала басшысы:
— Бүгін нарық заманы. Ақысын төлегендерге ғана коммуналдық қызмет көрсетіледі. Ал, егер төлемеген жағдайда, қызмет көрсетілмейді. Оның үстіне қазіргі таңда тұрғындардың «Жылукоммунэнерго» МКМ алдындағы қарызының көбеюінен аталмыш кәсіпорынның «КЕГОК» компаниясы алдындағы берешегі көбейіп отыр. Бұл да ойланарлық жайт. Себебі «Жылукоммун-энерго» қарызын өтемесе, электр қуатынан ажыратылып, жылу бере алмай қалуы да мүмкін.
«Әкім сағаты» бағдарламасының барысында биыл жазда Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовпен болған кездесудің қала инфрақұрылымына қатысты мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарды жүзеге асырылуында қаншалықты септігі тигені жайлы да айтылды. Жалпы, қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі — жылу желілерін жаңарту болып отыр. Тікелей эфирде қала әкімі бұл түйткілдің шешілуі облыс басшылығы мен Үкіметтің тікелей назарында екенін атап өтті:
— Бұл, әсіресе, сол жағалауға қатысты. Себебі жылу желілерінің жетпіс пайыздан астамының тозығы жеткен. Сонымен қатар, тұрғындардың көпшілігі ыстық судың келмейтінін айтып шағымдануда. Бұл да жылу жүйесі құбырларының тозуының себебінен орын алып отырған жағдай. Желілерді жаңарту бойынша тоғыз жобаны ұсындық. Олардың барлығы дайындалып, сараптамадан өткен. Келесі жылға республикалық бюджетке енгізу бойынша жұмыс жасап жатырмыз, — деді Айбек Мүталапханұлы. Өз сөзін ары қарай жалғастыра келе, қала әкімі оң жағалаудағы жылу жүйесінің жағдайына тоқталып өтті. Соның ішінде көптен бері айтылып келе жатқан үшінші жылу орталығын салу мәселесіне тоқталды. Қазіргі таңда аталмыш нысан құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, бірқатар инвесторлармен кездесу өткізілген екен. Бұл орайда қала әкімі мәселенің шешілуі үшін республикалық бюджеттен келетін қаражатты күтпей-ақ, Еуропа елдерінен инвестиция тарту арқылы жылу-энергетикалық орталығының құрылысын жүзеге асыру жолдары қарастырылып жатқанын айтты.
Сондай-ақ, Айбек Мүталапханұлы Үкімет басшысымен кездесу кезінде пәтер иелері кооперативтерін басқару туралы енгізілген заңдар бойынша сұрақтар қойылғанын айтты. Қазіргі таңда қаламыздағы төрт жүз елуден астам үйде кооператив құрылмаған. Яғни тұрғындардың жылу маусымына толыққанды дайындық жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі жоқ деген сөз. Үкімет басшысымен кездесу кезінде қаламыздың пәтер иелерінің кооперативтері мен тұрғын үй инспекциясы тарапынан осы мәселені шешуге қатысты арнайы ұсыныс жасалған екен. Сөзін ары қарай жалғастыра отырып Айбек Кәрімов:
— Кезінде Республикалық деңгейде «Аулаларды жөндеу» атты бағдарлама болған. Кездесу кезінде осы бағдарламаны қайтадан жандандыру туралы өтініш айтылды. Қазір ол қарастырылып жатыр. Ұсынысты жүзеге асыру үшін оны бюджет жоспарына енгізу қажеттігін білесіздер. Сондықтан біз республикалық, облыстық бюджеттің жоспарына кіргізу бағытында жұмыс жасаудамыз.
«Әкім сағатында» әуежайды қайта жаң-ғырту туралы да айтылды. Әрі осы нысанды тіркеуден өткізу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылған көрінеді. Сондай-ақ, қала әкімі люкерлерді жөндеу мәселесі де шешілетінін сөз етті. Бұл бағыттағы шаруаларды жүзеге асыруға таяу арада қаржы бөлу көзделіп отыр. Жылдар бойы қозғалып келе жатқан тазарту нысандары мәселесін шешу мақсатына да арнайы қаржы бөлінген.
Семей – еліміз бойынша жеңіл және тамақ өнеркәсібінің қаласы деген атты иеленуде. Сол себепті шаһарымызда осы салалардың да дамуына көңіл бөлінуде. Осы орайда бағдарлама барысында жеңіл және тамақ өнеркәсібінің қазіргі хал-ахуалы және оны ары қарай өркендетудің бағыттары жайлы сауал қойылды. Бұл ретте Айбек Мүталапханұлы қала экономикасының бұрынғы жылдары дамуына сараптама жасалғанын тілге тиек етті. Яғни шаһарымыздың экономикасындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібінің үлес — салмағы сараланған көрінеді.
— Тоқсаныншы жылдары қала экономикасындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібінің үлесі қырық пайыз болған. Қазір бұл көрсеткіш 1,8 пайызды ғана құрап отыр. Яғни біз осы уақыт аралығында қала экономикасының құрылымындағы жеңіл және тамақ өнеркәсібінің үлесін жиырма екі есеге төмендетіп алғанбыз. Мұның өзінідік себептері бар. Бірінші кезекте сұраныс пен шығарылған өнімнің сапасы. Екіншіден, ауылшаруашылығы шикізатының азаюы. Былайша айтқанда, ауылшаруашылығы саласында орын алған өзгерістерге байланысты шикізат нарығы құлдырап, шикізаттың сапасы төмендеген. Мысалы, жүн өңдеу фабрикасын алып қарайық. Бұл кәсіпорын қаламыздағы жеңіл өнеркәсіптің негізін қалаған болатын. Жүн өңдеу фабрикасының құлдырау себебі — ауылшаруашылығында өндірілетін шикізат сапасының төмен болуы. Яғни ол қазір әлемдік талаптарға сай келмейді. Жалпы, жеңіл өнеркәсіптің құлдырауының себебі осында, — деген Айбек Мүталапханұлы, сондықтан, қазір ауылшаруашылығын, оның ішінде қой шаруашылығын, жүн өндірісін дамыту қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, ол шикізат өндіруде жаңа технологияларға назар аудару керек екендігіне тоқталды. Жалпы алғанда, қала әкімі жеңіл өнеркәсіпті қайта жандандыруға толық мүмкіндік барын айта келе, сол арқылы аяқ киім өндірісі сияқты салаларды да қалпына келтіруге болатынын жеткізді.
Бағдарлама барысында тікелей эфирге хабарласқан Зүлфия Сабирова есімді көрермен қала басшысына Түйемойнақ аралының тағдырына қатысты сауалын қойды. Нақты айтқанда, тұрғындардың барлығының сүйікті демалыс орнына айнал-ған аралдың Қытай елі өкілдерінің қарамағына беріледі деген ақпараттың шындыққа қаншалықты жанасатынын сұрады. Көрерменнің сауалына қала әкімі:
— Жер телімдерін сатудың өзінің заңмен бекітілген тәртібі бар. Біз барлығын заң аясында жасаймыз. Бірінші, жер телімдері мен олардың пайдалану мақсаты анықталады. Содан кейін мәслихаттың келісімін алу қажет. Ары қарай портал арқылы ақпаратты жариялаймыз. Жер телімдерінің бағасын, кадастрлік бағаны, аукцион бойынша құнын жариялаймыз. Заң бойынша осы тәртіптің бәрін сақтауға міндеттіміз. Ал Түйемойнақ аралына келетін болсақ, біз аралдан нақты мақсатта пайдаланбай, қараусыз жатқан үш-төрт жер телімін бөліп отырмыз. Оларды бәссаудаға қойдық. Аукцион қазан айының оны күні өтеді. Біз депутаттармен жалға алу бағасын, сату құнын көрсетеміз деп келістік. Яғни, жер телімдері он жылға жалға беріледі. Ең бастысы, аукционға қатысатын жандардың барлығы — Қазақстан Республикасының азаматтары. Яғни, бір ауыз сөзбен айтқанда, Түйемойнақ аралы басқа елдің өкілдерінің қарамағына беріледі деген сөз — еш негізі жоқ қауесет, — деп жауап берді. Сөзін ары қарай жалғастыра келе Айбек Мүталапханұлы Түйемойнақ аралындағы жалға берілетін жер телімдерін пайдалануға қатысты талаптар жайында айтып өтті. Яғни жер телімдерін жалға алған азаматтар тек туристік және спорттық-сауықтыру нысандарын ғана сала алады.
Кейінгі жылдары тұрақтандыру қорлары халықты қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтамасыз етудегі тиімді құрал екені анық көрінуде. Осы орайда қала жұртшылығының көкейінде азық-түлік өнімдерін саудалайтын әлеуметтік бұрыштар биыл да жұмыс жасай ма деген сауалдың туындауы орынды. Бағдарлама барысында қала әкімі бұл мәселеге қатысты қойылған сұраққа жауап берді. Өз сөзінде Айбек Мүталапханұлы халыққа қажетті азық-түлік туралы айтылғанда, екі түрлі нормативтің бар екеніне тоқталып өтті. Біріншісі – ең төменгі дәрежедегі, екіншісі – медициналық мөлшер бойынша.
— Осыған байланысты өңірімізді картоппен және көкөніспен қамтамасыз ету біздің өз қолымызда. Әрине, пиязбен қамтамасыз ету азырақ болып тұр, қырық пайыздай шамада ғана. Ал сәбізбен, қырыққабатпен, картоппен және қызылшамен қамтамасыз ету мәселесі бізде шешілген. Оның үстіне, бізде тұрақтандыру қоры бар. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Бүгінгі күні біздің 5 700 тонна көлемінде көкөністі өзіміздің қоймаларда сақтауға мүмкіндігіміз бар. Мұндағы азық-түлік өнімдерінің бағасы бірінші қазаннан бастап бірінші мамырға дейін тұрақты болады. Яғни жетпіс теңгеден аспайды деген сөз. Бұған инфляция және басқа да факторлардың кері әсері болмайды, — деді қала әкімі. Сондай-ақ, тұрақтандыру қорының азық-түлігін саудалайтын нүктелері жайлы мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы беріліп отыратынын да айтты.
Семейде еліміздің азаттығы жолында жан аямай күрескен Алаш қайраткерлеріне ескерткіш қою — көптен бері талқыланып, қала жұртшылығы ішінде айтылып жүрген, халқымыздың шаһарымыздың тарихына бей — жай қарамайтын көпшілікті толғандырып жүрген мәселе. Осы орайда бағдарлама барысында Төлеуғали Серікбекұлы есімді көрермен: “қаланың Бас жоспарына сәйкес сол жағалауда салынатын саяжол аумағына Алаш қайраткерлеріне ескерткіш кешенін салу жоспары бар ма?” деген сауалын қойды. Бұл ретте қала әкімі Жаңасемей кезінде қазақтың Алаш деген қаласы атанып келгенін, ашылатын саябаққа Алаш деген ат берілетінін жеткізді. Сондай-ақ, ол азаттық үшін күрескен қайраткерлеріміздің еңбегі мен ерлігін естен шығармауымыз керектігін тілге тиек ете отырып, сөзін былай деп жалғастырды:
— Ол жерге болашақта Алаш қайраткерлерінің әр қайсысына белгі қойсақ, артық болмайды. Бұл — біздің тарихымыз. Бұл — біздің тағылымымыз және жастарымызға, болашақ ұрпаққа беретін тәлім-тәрбиеміз.
Сондай-ақ, хабар барысында қала басшысы Восточный кентінің Центральная көшесінің жөнделуіне қатысты сұрақ қой-ған көрерменге мәселенің көп ұзамай оң шешімін табатынын жеткізді. Бағдарлама барысында сөз болған тағы бір жайт жаңа мешіттің құрылысының қайта жандануы. Имандылық үйінің қашан салынып бітетіні жайлы сұраққа қала басшысының берген жауабы:
— Құрылысы аяқталмаған нысанның қала көркіне нұқсан келтіріп тұратыны анық. Сондықтан оны салып бітіріп, пайдалануға беру көптен көкейде жүрген ой болатын. Осы ретте біз мешіттің жобасы мен қаржыландыру мәселесін шешуге назар аудардық. Қазіргі таңда өз шаруаларын дөңгелетіп, кәсіпкерлікпен айналысып жүрген азаматтар жетерлік. Осыдан жарты жыл бұрын осындай бірнеше жерлесіміз туған қаламызға бір игі іс жасасақ деген ниеттерін білдіріп, осы мешіттің құрылысын аяқтауды өз міндеттеріне алған болатын. Екі-үш айдай нысанның жобасын талқылап қабылдағаннан кейін, оны жүзеге асыруға қажетті үш жүз миллион теңге қаражатты өздері бөлетіндерін айтты. Қазіргі таңда құрылыс жүргізуге қажетті мұнаралы кранды орнатып болған соң, құрылыс жұмыстары жалғасады. Сәтін салса, мешіт келесі жылы осы уақытта пайдалануға беріледі деп жоспарлап отырмыз.
Бағдарлама барысында қала әкімі Айбек Кәрімов бұдан да бөлек бірқатар сұрақтарға жауап берді. Көрермендер бас-аяғы бір сағаттан астам уақытта тікелей эфирде өздерін толғандырған мәселерге қатысты сауалдарын қойып, оларға нақты жауап ала алды. Осылайша, қала басшысы тұрғындарға атқарылып жатқан шаруалар мен шешімін тапқан мәселелер туралы жан – жақты толыққанды мағлұмат берді.
Әлбетте, тұрғындардың сауалына бір сағаттан аса уақытта толыққанды жауап беру мүмкін емес. Телефон арқылы және алдын ала жолданған сауалдардың барлығы да Айбек Мүталапханұлының жіті қадағалауында болып, оны шешу жолдары кезең – кезеңмен реттелетін болады.
Мирас ҚҰСАЙЫН, «Семей таңы»