90-шы жылдардың аяғы мен 2000-жылдардың басында ауыр тұрмыстан титықтаған көптеген әйел мен ойнап жүріп от басқан жас қыздар туған перзенттерін балалар үйіне тапсырды. Кейбірі уақытша қалдырып кетіп, кейін жер сипап қалды. Сол жылдары қазақ балалары дүние жүзінің 30 еліне тарыдай тарап, мұхит асып кетті. Олар бейтаныс елде қалай өмір сүруде? Бақытты балалық шақты сезіне алды ма? Туған жерін аңсай ма? Осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.
Олардың алды 30-дан асты
Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қаншама қазақ баласы шет ел асты. Сол балалардың алды бүгінде 30-дан асса, ең кішісі мүшелге толған екен. Бүгінде оң мен солын танып, ақыл тоқтатқан олардың кейбірі туғандарына іздеу салуда.
Журналист Жанар Байсемізованың «Шетелдегі қазақ балалары» атты авторлық жобасы алғаш көгілдір экранға 2013 жылы 13 қазанда шығып, көрермен жүрегіне жол тапты. Осы бағдарлама арқылы шет елге сатылған қандастарымыздың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын біле бастадық. Бір қарағанда барлығы да жақсы жандарға жолыққан, жақсы тәрбие алған секілді. Түп тамырынан, ана тілінен, төл мәдениетінен ажырап, жатқа айналғанына іштей «әттеген-ай» десек те, «жолы болған секілді, Қазақстанда балалар үйінде қалса, теріс жолға түсіп кетер ме еді, мынандай жағдайда өмір сүрмейтін еді…» дедік те, қойдық. Ол кезде бұл балалардың көбі әлі ақыл тоқтатпаған жасөспірім еді…
Өткен жылдың күзінде, араға тоғыз жыл салып, «Шетелдегі қазақ балалары» жобасы «Jibek joly» арнасынан көрерменге қайта жол тартты. Әлеуметтік желінің мүмкіндігі кеңейген бұл заманда жобаның көрермендері бұрынғыдан да асып түсті.
Жоғарыда айтып кеткенімдей, шет елдегі қазақ балаларының алды 30-дан асқан, қыздардың кейбірі тұрмыс құрып, өздері де сәби сүйген. Редакциядан тапсырма берілгеннен кейін, Youtube желісінен жобаның барлық бөлімдерін қарай бастадым. Әрқайсысы — бір әлем, бір тағдыр. «Қандай ақылды балалар» деп ойладым ішімнен. Таным-түсінігі кең, ойлары терең, сөздері салмақты. Оң мен солын таныған, өздеріне не қажет екенін жақсы біледі. Өмірлік миссиялары туралы ойланады. Бірақ өз ана тілдерін түсінбейтіндеріне, қазақша сөйлей алмайтындарына қынжылады.
Байқағаным, есейіп, асырап алған ата-анасынан бөлек кеткендер сұхбат барысында іштей қатты қиналғандарын, бірақ бұл сезімдерді басып тастауға мәжбүр болғандарын, өздерін бұл елде жат сезінгендерін, енді ғана ес жиып, жан жараларын емдеп жүргендерін айтып, жан сырларын ақтарады. Өз өмірлеріне риза екендерін айтып, асырап алған жандарды керемет адамдар деп мақтағандар да (көбі — мектеп жасындағылар) бар.
Өмір сыйлаған аналары өгей қылып өзекке теуіп тастап кетсе де, оларды жамандыққа қимайды, сылтау тауып ақтап алады, жақсы көретіндерін мойындайды. Көпшілігінің өмірлік мұраты — туған анасын, туыстарын табу, соларды көру. Қалай десе де, олардың жан дүниесіндегі дауыл, туған еліне деген сағыныш, түп тамырын білуге деген ынтық сезім көздерінен-ақ сезіліп тұрады екен.
Шетелдегі қазақ балалары қауымдастығы
Шет елдегі қазақ балаларының бәрі де әлем үшін, адамзат үшін пайдалы бір іспен шұғылдануды қалайды. Экологияны, жан-жануарларды сақтағылары келеді.
Мәселен, 3 жасында Қарағандыдағы «Малютка» балалар үйінен АҚШ-тың ЮТА штатына келген Руслан (қазіргі есімі — Натаниель) адам саудасына, секс-құлдыққа қарсы қызмет еткісі келеді екен. Русланның ата-анасы сол кезде Қарағандыдан Әлия есімді тағы бір қазақ қызын асырап алыпты. Руслан мен Әлияның сөзінше, ата-анасы оларға өте жақсы қараған. Әлия АҚШ азаматымен отбасын құрыпты. Бір баласы бар екен.
«Ұлым өзімнен аумайды. Қазақтың қаны мықты екен ғой деп таңғалдым. Өзім де Қазақстаннан бір бала асырап алғым келеді. Жетім қалған баланы бауырыма басқым келеді»,- дейді Әлия ағынан жарылып.
Ал Руслан философиялық тақырыпта әңгіме айтқанды жақсы көреді екен.
«Не үшін өмір сүреміз? Өмірдің мәні неде? Осы сұрақтарды өзіме үнемі қойып отырамын, Ең бастысы — «Біз қайда барамыз?» деген сұраққа жауап алу. Өмір — сынақ тапсырып, сабақ алатын орын. Өмір деген – үйрену. Өмір кедергілерден тұрады. Сол кедергілерден өте алсақ қана, алға жылжимыз»,- дейді Руслан.
Руслан Қазақстаннан асырап алынған өзі секілді балаларды тауып, олармен жақын танысып, достасып кетіпті. Сардар (Пол), Талғат (Тайлер) деген жігіттермен бірігіп подкаст түсіреді. Мұнда үшеуі асырап алынған балаларды мазалайтын түрлі сауалдарға жауап іздеп, өзекті мәселелерді көтереді. Идея Талғаттікі екен.
«Біз бәрінен жабылып, оңаша қалғанды дұрыс деп санадық. Жан дүниемізде не болып жатқанын түсінбедік, әл күнге дейін түсіне алмай келеміз. Осыны талқылай алатынымыздың өзі бұл мәселеде жалғыз емес екенімізді түсінуге мүмкіндік береді. Асыранды болу сезімі өте ауыр. Өзіңді жалғыз қалғандай сезінесің. Өзгешеленіп тұрасың. Бірақ бұл басқалардан төменсің деген сөз емес. Керісінше, ерекше екендігіңнің белгісі»,- дейді Талғаттың өзі.
Осылайша, олар өздері сияқты асырап алынған балалардың басын қосып, қауымдастық құрған. Фейсбук желісінде арнайы топ ашып, қазақ балаларын сонда жинапты. Өздері айына бір рет кездесіп тұрады екен.
«Бір-бірімен танысып, аралассын деп ойладық. Әп-сәтте 60-70 адам жиналып қалды. Балалар үйінде бірге болғандар да, таныстар да шықты. Чатқа ортақ суреттеріміз де түсіп жатты. Біз мұнда қандай қиындықтан өткенімізді және одан шығу жолдарын айтамыз»,- дейді Сардар.
Тамырынан жұлып әкеткен жетім баланың жүрегінде міндетті түрде жарақат қалады. Не ішем, не кием деп алаңдамай өссе де, олар мұнда бәрібір бөтен, көңілдері алаң, бойларын басып тұрған бір зіл бар.
Үш жігіттің әңгімесін тыңдап отырып қайран қаласың. Жалындап тұрған жап-жас жігіттердің ойлары да, сөздері де үлкен адамдардікіндей. Өмірден көргені, түйгені мол адамдар секілді. Иә, қиындық ерте есейтеді. Олар ерте есейген секілді.
Жалпы, дүние жүзінің 30 еліне тарап кеткен қазақстандық жетім балалардың 6 мыңнан астамы АҚШ-та екен. Қазіргі уақытта олардың 5 мыңнан астамы кәмелеттік жастан асып кеткен. Ендігі жерде олар АҚШ азаматтары. Ал кәмелетке жетпегендер саны 900 шамасында. Олар әлі де Қазақстан азаматтары болып есептеледі.
АҚШ-тың 50-штаты Гавай аралдарындағы 150 баланың тағдыры да белгісіз. Балалар есейген соң басқа штаттарға тарап кеткен болу керек, Елшілік тек екі баланы ғана тауыпты. Гавайда біздің балаларды асырап алғандардың басым бөлігі жапондар екен. Себебі Гавай аралдарында Күншығыс елінің халқы көп тұрады.
Семейлік Әнел
Семейде өмірге келіп, мұхит асқандардың бірі – Әнел. Әнелді жалғыз басты ана асырап алыпты. Қазақстанды таңдауының себебі – тек біздің елде ғана жалғыз басты аналардың бала асырап алуына рұқсат берілген.
«Қазақстанға менімен бірге бірқатар америкалық отбасылар да барды. Әлі есімде, Фарида деген тәрбиеші Әнелді көтеріп әкелді. Алты айлық қана кезі еді. Бәріне алма-кезек қарап шықты да, қайтадан маған қарай ұмтылды. Бұл менің қызым екенін сол сәтте бірден түсіндім»,- деп еске алады анасы.
Әнел Семейде туғандықтан, анасы оның денсаулығына қатты алаңдаған. Ғаламтордан Семей ядролық сынақ полигонының зардаптары туралы оқыпты. Қызы 1,5 жасқа толғанда адам салып, туған анасын іздеп тауып, тұқымында жаман ауру бар-жоғын анықтау үшін хат та жазып жіберіпті. Әнелдің туған анасы да жалғыз басты болыпты. Әнел жалғыз емес, әпкесі бар екен.
«Хатты жазғаныма он төрт жыл өтсе де тура сол кездегідей қатты қобалжимын. Әнел екеуімізді көрсін деп сол хатқа қосып көп сурет салып жібердім. Әнелді туған әйел хатты жеткізген адамнан сәлемін айтып, өзінің де суретін салып жіберіпті. Маған да алғысын білдіріпті. Соған да жүрегім жылып қалды. Ең бастысы, тұқым қуалайтын аурулары жоқ екен. Соны білген соң көңілім тыншыды. Әнелдің әпкесі бар екен. Жалғыз басты әйел болған соң екі қызды бірдей баға алмады ма, білмеймін. Содан Әнелді балалар үйіне өткізіпті. Үлкен қызы кейін бізге хат жазды. «Әзірге мазаламаңдар. Кейін өзім тауып алам»,- деп жауап қайтардым. Ол содан бері хабарласқан жоқ»,- деген Әнелдің асырап алған анасы сұхбат барысында Жанар Байсемізге тұрып жатқан қаласы мен тегін жарияламауды сұрады.
Заңға сәйкес, бала асырап алушының жазбаша келісімі болған жағдайда балаларға биологиялық ата-аналары туралы мәліметтер беріледі.
«Мен асырап алынған балалардың кейін өз шыққан тегін іздейтінін білемін. Қызым қалап жатса, оған туған анасын табуға көмектесемін»,- деді ол.
Әнел көзі әрдайым күлімдеп тұратын жайдарлы қыз екен. Спортпен де айналысады, сабақты та жақсы оқиды, әсіресе математиканы жақсы көреді. Алғыр қыз ең үздік жеке меншік мектепте оқуға грант ұтып алыпты. Әлемнің 29 мемлекетінен келген балалар білім алатын мектепте сол елдердің тулары да ілініп тұрады екен. Енді мұнда Әнелдің қалауымен Қазақстанның да көк байрағы желбіреп тұр.
Әнел пандемия кезінде бос жатпайын деп торт пен түрлі тәттілер жасап үйреніп алыпты. Қазір бұл оның сүйікті хоббиі. Болашақта кәсіпке бет бұрып, үлкен кондидерлік дүкен ашқысы келеді.
Әнел әлі оқушы болғандықтан ба, әлде тастап кеткеніне өкпелі ме екен, кім білсін, анасы мен әпкесі туралы білуге ынтық емес екен. Бірақ уақыт өте ойы өзгеруі де бек мүмкін.
«Олардың өз өмірі, менің өз өмірім бар. Менің орным осында, осы жерде бақыттымын»,- деп сөзін тамамдады Әнел.
Шетелге қанша бала сатылды?
Жалпы, 90-шы жылдардан бері шет елдерге қанша бала сатылғаны, олардың қандай адамдардың қолына түскені де белгісіз. Себебі 1998 жылғы 17 желтоқсанға дейін бала асырап алу ісін Сыртқы істер министрлігі арқылы Елшіліктер жүргізген. Ал 1999 жылдан 2011 жылға дейін шетелдіктер ҚР консулдық мекемелері арқылы қорғаншылық және қамқоршылық органдарына тиісті құжаттарды ұсынып, бала асырап алу туралы өтінішпен жүгініп отырған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, 1999-2011 жылдар аралығында шет ел азаматтары 8 805 баланы асырап алған екен.
2011 жылы «Неке және отбасы туралы» ҚР Кодексі қабылданғаннан кейін ғана шетелдіктердің бала асырап алу тәртібі айқындалған. Қабылданған кодекске сәйкес, шет ел азаматтарының бала асырап алу рәсімін тек аккредиттелген коммерциялық емес агенттіктер қарастырады екен. Сонымен қатар кодекстен кейін ғана ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетіне шетелдік агенттіктердің Қазақстан аумағынан бала асырап алу рәсімін бақылауға рұқсат беру міндеті жүктеліпті.
Тек 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін шетелдік азаматтар 158 қазақстандық баланы бауырына басқаны анықталып отыр.
Ал Бельгиядан келіп, анасына іздеу салған Жәнібек ресми түрде айналысатын агенттіктердің араласуынсыз беріліпті. Ендеше, шетелдіктерге тікелей сатылып кеткен осындай балалардың есепке алынғаны я алынбағаны белгісіз.
Сенатор Дархан Қыдырәлінің депутаттық сауалына орай Үкімет басшысының орынбасары Т.Дүйсенова Оқу-ағарту, Сыртқы істер, Мәдениет және ақпарат министрліктеріне, Бас прокуратура мен Шекара қызметіне әкімдіктермен бірлесе отырып мұрағат деректері негізінде 1991-2012 жылдар аралығында шет елге кеткен балалар туралы зерттеу жүргізу тапсырылғанын айтқан болатын. Сонымен қатар соңғы екі жылда балаларды өз отбасыларына алғысы келетін қазақстандық азаматтардың көбеюіне және шетелдіктер асырап алуға жататын балалардың болмауына байланысты аккредиттелген агенттіктердің қызметі тоқтатылыпты.
Жалпы, бүгінгі таңда Қазақстанда 5 коммерциялық емес агенттік аккредиттелген: біреуі Бельгияда, біреуі Испанияда, үшеуі Италияда.
Бала асырап алу үшін шетелдік азаматтар осы агенттіктердің біріне жүгінуі қажет. Бала асырап алу жөніндегі агенттіктің қолдаухаты негізінде шетелдіктер Қазақстан Республикасының шет елдердегі Елшіліктеріне Қазақстан азаматы саналатын баланы асырап алғысы келетін адамдардың есебіне тұруы қажет.
Барлық қажетті құжатты дайындағаннан кейін агенттік азаматтардың құжаттарын қарау үшін Қазақстан Республикасына жібереді. Агенттік ұсынған шетелдік асырап алушылардың құжаттары негізінде бала іріктеледі және шетелдік асырап алушылар келіскен жағдайда баламен төрт апталық қарым-қатынас жүргізіледі. Бала асырап алу ісіндегі түпкілікті шешімді сот қабылдайды.
Қазақстандық балаларды көбінесе Еуропаның Испания, Ұлыбритания, Германия, Италия, Австрия сияқты мемлекеттерінің, сондай-ақ АҚШ, Канада және басқа елдердің азаматтары асырап алыпты. Бүгінде 5217 асырап алынған қазақстандықтың кәмелет жасқа толып, сол елдердің азаматтығын алғаны белгілі.
Айта кетейік, шетелдіктер асырап алған балаларға 18 жасқа толған соң сол елдің азаматтығы беріледі.
Оңтүстік Африка Республикасына кеткен 30 баланың тағдыры не болды?
Сенат депутаты Дархан Қыдырәлі депутаттық сауалында Оңтүстік Африка еліне кеткен 30 баланың, АҚШ-тағы 104 бала мен Белгиядағы 113 баланың тағдыры белгісіз екенін мәлімдеген еді.
«Талай тағдырлар талқандалған 90-шы жылдары безбүйректер сатқандардың жарасы жазылар. Ал баланың наласы мен обалы кімге?» — деді депутат.
Жанар Байсемізова жуырда осыған байланысты әлеуметтік желіде жазба қалдырды. Журналистің айтуынша, Оңтүстік Африка Республикасындағы ҚР Елшілігінде консулдық есепте 31 қазақстандық жетім бала тіркелген. Бірақ балалар кәмелеттік жасқа толып кеткендіктен, консулдық есептен шығарылған. Олар енді ОАР азаматтары.
Қазіргі уақытта консулдық есепте кәмелет жасқа толмаған бір ғана қазақстандық бала бар екен, оның жасы 16-да.
«Асырап алған кезде жүрегінде ақау болған, емдеткен, қазір жағдайы жақсы. Қалған балалар да дін аман. Өлмеген, тірі! Органға кетпеген! ОАР-дың түрлі қаласында тұрып жатыр.
Оларды ақ нәсілділер асырап алған, көпшілігі — еврей. Тұрмыстары жақсы, арасында дипломаттар да бар. Қазақстандық жетім балаларды асырап алғандардың ішінде қытайлар да бар. Оңтүстік Африка Республикасындағы 31 баланың құжаты 2014 жылы Египеттегі ҚР Елшілігінен ОАР-ға берілген. Өйткені бұл уақытқа дейін Оңтүстік Африка Республикасында Қазақстан өкілдігі болмаған. Осы 31 баланың үшеуі Кенияда. ОАР-дағы ҚР Елшілігіне 14 мемлекет қарайды, бірақ оның ішінде Кения жоқ. Кениядағы қазақстандық үш баланы Дания, Нидерланды елдерінің азаматтары асырап алған. Олар да дін аман. Найроби қаласында тұрады. Жалпы, Оңтүстік Африка Республикасы — Африкадағы ең дамыған ел»,- деп жазды.
Бұл да болса көңілге жұбаныш ұялатады.
Жетімін жылатпаған халық едік…
Қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық еді бір кезде…
Қазақ балаларын асырап алған шетелдіктердің бәрі «Не үшін Қазақстанды таңдадыңыз?» деген сауалға «Қазақтар — қаны таза ұлт» деп жауап береді. Өзіміз соған имандай иланамыз. Бірақ сол кезде өзге мемлекеттермен салыстырғанда Қазақстанда ғана бала асырап алу ісі оңай болғанын, бізде жетім, тастанды балалар өте көп болғанын мойындау керек. Жанар Байсемізованың айтуынша, 1990-2000 жылдардың өзінде-ақ шетелдіктер қазақ балаларын 50 мың доллардан сатып алыпты. Жоғарыда айтып кеткенімдей, тіпті жалғыз басты әйелдердің өзіне асырап алуға рұқсат берілген.
Сол жылдары Қазақстанда тұрмыстың соншалықты төмен болғаны ма? Басқа ешбір кедей мемлекет біз сияқты балаларын өзекке теппеген шығар. Заманына сай адамдардың пейілі де соншалықты тар болған ба деп ойлайсың. Бұл саланы да сыбайлас жемқорлық әбден жайлапты. Экономикамыз құлдыраған 90-шы жылдары халықаралық бала асырап алу ісі қызу саудаға айналған.
Астана қаласында алты айлық болып өмірге келген Гүлмира туа сала аурухананың төсегіне таңылыпты. 9 айдан кейін балалар үйіне ауыстырылған. Шамамен 3 жасында АҚШ-тағы ата-анасы асырап алған. Гүлмира үйдегі бес баланың кенжесі екен.
«Мені ғана асырап алған, қалғандары — өз балалары. Мені асырап алған анам түсінде маған ұқсайтын қыз көріпті, 3 жасар қыз өзінің балаларымен ойнап жүріпті. Осы қызды табуым керек деп мені барлық жерден іздепті. Сөйтіп Қазақстаннан тауып алыпты. «Отбасымыз бүтінделмей тұрғандай болды. Сол түсті көргенше неге бұлай болғанын түсінбедік. Сен бізге жетпей тұрыпсың. Сені тапқан соң шаңырағымыз бүтінделді»,- дейтін асырап алған ата-анам»,- дейді Гүлмира.
Гүлмира жуырда туған анасымен қауышты. Анасы Роза Смағұлованың баласын тастап кетпек ойы да болмапты. Ауыр халде болған, оның үстіне ерте босанғаннан кейін дәрігерлер өзін жансақтау бөліміне жатқызып, шақалақты басқа ауруханаға алып кеткен. Үш күннен кейін медбике сәбиінің шетінеп кеткенін жеткізген. Ал кішкентай Гүлмира болса ауруханада тоғыз ай бойы жападан-жалғыз жатқан. Роза Смағұлова «сәбиің шетінеп кетті» деген сөздің кімге және не үшін керек болғанын әлі күнге түсіне алмайды. Осылайша, тірідей жетім қалып, мұхит асып кеткен сары қыз жиырма жеті жылдан кейін ғана туған анасымен және әпкесімен жүздесіп, Қазақстанға келіп кетті.
Қарағанды қаласының тумасы Ләззат (Алиса) Шашуованы анасы балалар үйіне уақытша тастап кетіп, таппай қалған. Ләззатты асырап алған ата-анасы балалар үйінен онымен шамалас Индира есімді тағы бір қазақ қызын алып кетіпті. Олар дінді қатты ұстанатын мормондар отбасында өскен.
«Мені төрт жасымда асырап алды. Үйдегі бес баланың кішісімін. Үш ағам, бір әпкем бар. Ол да Қазақстаннан. Есімі — Индира. Қазір өзінің жігітімен Днепр деген жақта тұрады. Сіздермен кездесуге шақырғам. Бірақ ниет танытпады. Ал үш ағам — бізді асырап алған кісілердің туған балалары. Ата-анам томаға-тұйық болды. Көп нәрсені іштерінде бүгіп ұстайтын. Құшақтап, бетімізден сүю деген болған жоқ. Сондықтан болар, арамыз суық. Бір-бірімізге жақын емеспіз. Ұрып-соққан жоқ. Бірақ сөзбен аямай сабады. Ауыр сөзбен жанымды тілгілеп, жаралағандарын өздері де түсінбеген шығар. Мен бақытсыз бала болдым. Көкірегім шерге толып, ішқұса болып өстім. Ішімдегі алай-дүлей сезімді игере алмаған кезде өлгім келген кездер де болатын. Енді ғана жанымның жарасын саралап, ақырын жүріп, анық басып келемін»,- дейді Ләззат.
Ләззат та тұрмысқа шықпай жатып сәби көтерген. Әкесі жауапкершілік алудан бас тартқан. Онсыз да өмірден түңіліп жүрген Ләззат бастапқыда сәбиді алдырмақшы болыпты. Бірақ кейін мұның қателік екенін түсініп, баласын асырап алатын жақсы ата-ана іздеген.
Америкада балаларды құпия және ашық түрде асырап алады екен. Туған әке-шешесі туралы ештеңе білмеуі асырап алынған балаға теріс әсер ететіні туралы соңғы тұжырымдарға сәйкес, бала асырап алудың ашық формасы Батыста кеңінен таралуда. «Кейін мен сияқты жаны ауырып, туған анасын іздеп әуре-сарсаңға түспесін» деп Ләззат бала асырап алудың ашық жолын таңдапты. Қазір өзі қалаған уақытында барып, ұлын көріп тұрады екен.
Ләззат жуырда анасын тауып, бейнебайланыс арқылы сөйлесіпті. Бір-бірімен қайта қауышқан ана мен бала бастапқыда тілге келместен тек жылай беріпті. Ләззаттың әкесі жұмыссыз қалып, ішкілікке салынған соң анасы бес баласын аш қалдырмау үшін жұмыс іздеп кетіпті. Өз ағайындарына бір-бір баладан аманаттап, кенжесін балалар үйіне тапсырыпты. Мемлекет қаршадай қызды мұхит асырып жіберген. Бір жылдай сол жерде болған. Қайта алып кетуге келгенде таппай қалған. Үш жыл іздеген. Бірақ ешкім ештеңе айтпаған.
Кезінде бала асырап алған қазақстандық бір отбасының өзі сәбиді «мешкей, тамақты көп жейді» деп қайта өткізіп тастаған екен. Бұл туралы сол кезде басылым беттерінде де жазылыпты. «Шетелдегі қазақ балалары» хабарын көрсеңіз, балалар үйінде 3-4 жасына дейін болғандар «қарнымыз қатты ашатын еді» деп еске алады. Динара есімді сары қыз балалар үйінде тәрбиешілерден көрген зұлымдығы туралы айтқанда жаның ауырады. Мейірімділік танытпағандары өз алдына, сәбилердің денесіне үтік басып, ауыздарына сабын тыққан, ыстық судың астына қойған, ұрып-соққан… Динараның асырап алған ата-анасы бар мейірімін төгуге тырысса да, Қазақстанда сәби кезінде бастан өткерген қараңғы емдеп жүр.
Осыдан соң «Біз жетімін жылатпаған халықпыз» деп қалай айтамыз?
Жаман ұлт жоқ, жаман адамдар бар…
Бұл оқиға туралы жазудың өзі ауыр… Петропавлдан Массачусетс штатына кеткен бір қыз бен бір ұлды асырап алған ерлі-зайыпты Линда мен Джозеф Мэйот зорлап келгені туралы кезінде халықаралық БАҚ өкілдері жазды. Сұмдығы — Линда Мэйотт дүниеге әкелген сәбидің биологиялық әкесі оның асырап алған баласы болып шықты.
Жұбайларға қарсы тергеу жұмыстары 2009 жылы басталып, 2010 жылы сот ерлі-зайыптыларды кінәсіз деп танып, оларды 25 мың доллар кепілдікпен босатып жіберген екен.
Өкіл ата-аналары тарапынан азғырушылық әрекеттер қыздың 8, ал ағасының 13 жасқа толған кезінен басталған. «Мен сол кездері не ойлап, не істерімді білмей қалатынмын. Мені қарындасымнан ажыратып, қайтадан Қазақстандағы жетімдер үйіне жібереді деп қорыққаннан, ұзақ уақыт бұл сұмдық туралы тіс жармай жүрдім», – деп мәлімдепті сол кездегі жасөспірім. Линданың күйеуі де асыранды қызына жәбір көрсеткен.
Үш жылдан соң іс қайта қаралып, азғындар сотталды. Ал балалар басқа отбасыға берілген болатын.
Кейбір дереккөздерден бір жыныстылардың қолына түсіп, қор болғандар да бар екенін естиміз. Қазақстаннан қанша бала сатылғаны туралы нақты ақпарат жоқ екенін айттық. Олар қандай күйде өмір кешуде? Олар басынан өткізген «тар жол, тайғақ кешуге» кім кінәлі? Обалы кімге?
Бәрі ауру ма?
Екі мәрте денсаулық сақтау министрі болған медицина ғылымының докторы Жақсылық Досқалиев «Adal adam» бағдарламасына берген сұхбатында «шетелдіктер асырап алған балалардың барлығы ауру» деп мәлімдеген болатын.
«Америка ауру балаларды асырап алып, оларды емдеп, қоғамға кіргізіп, білімін беріп, ары қарай өмір сүре алатын жағдайға жеткізіп отыр. Біздің балалар үйлері оны жасай алмайды. Бізде сал ауруын емдейтін орталықтар болғанымен, толық емделіп кететін жағдайлар жоқ. Мен министр болған жылдары шет елге бірыңғай мүгедек балалар барды. Бұл — жалғыз менің қолымдағы дүние емес. Бірнеше мемлекеттік органдардың сараптамасынан өтіп, баланың бару-бармауы шешіледі»,- деді Жақсылық Досқалиев.
ҚР Заңы бойынша, шет елге тек ауру балалар берілуі тиіс екен. Сондықтан олардың медициналық парағына түрлі ауруларды қосып жазып беріп отырған екен.
Мәселен, АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штатына кеткен Лаура-Грейстің құжатында «жүре алмайды, сөйлей алмайды» деп тайға таңба басқандай анық жазылыпты. Асырап аларда анасы оның дені сау екенін де білмепті. «Тек түйсігіме сендім» дейді ол. Аяқ-қолы балғадай қыз бүгінде экология, қоршаған ортаны қорғау саласына қатты қызығады. Оқуын бітіргеннен кейін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі консалтингтік компанияда жұмыс істегісі келеді. «Адам баласы табиғат заңына бағынбаса, түбінде қатты опық жейді. Табандылық танытып, осы бағытымнан айнымасам, әлемді өзгертемін. Сіресіп қатып қалған қағидаларды қиратып, тыңнан түрен саламын»,- дейді ол.
Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулы Азамат Әбдірайымов Вашингтон қаласы Сиэтль қаласында дімкәс баланы бағып алған отбасымен жолығыпты. Өз бала-шағасы өсіп кеткен соң олар ауру баланы Қазақстаннан арнайы іздеп тауып, асырап алған. 15 жастағы қыз балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан. Өздігенен жүре де, сөйлей де алмайды екен. Асырап алған ата-анасы арнайы мектепке апарып, ерекше күтім жасайды екен.
Бас консулдың айтуынша, науқас балаларды асырап алғаны үшін АҚШ үкіметі оларға бір тиын да төлемейді екен.
«Рақымдылық, мейірбандық дегеннің қандай болатынын сол кезде көрдім. Ол кісілердің мүгедек балаға деген риясыз сезімдері мен жанкештілігін көріп таң қалдым, Бас консул ретінде алғысымды білдірдім. Жалпы, ең қымбат медицина АҚШ-та. Соған қарамастан науқастары жайлы алдын ала біліп, асырап алған. Әр адам осы өмірге бір миссиямен келеді. Біреулер мансап қуады, біреулер әлсіздерге қамқор болып, бала асырап алады. Бұл кісілер — жүректері үлкен, адамгершіліктері мол адамдар. Үлкен миссияны атқарып жүр,- дейді Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулы Азамат Әбдірайымов.
Бірлі-жарымы болмаса, көріп отырғанымыздай, олардың барлығы да сап-сау, ақылды, саналы.
Шетелдегі қазақ балалары Қазақстанға келеді
Шетелдегі қазақ балалары алдағы уақытта Қазақстанға келіп, қазақ тілін оқып, қазақ мәдениетімен, тарихымен таныспақ.
Қазіргі уақытта Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ресми хат дайындап жатыр екен. Хат дайын болған соң шетелдегі ҚР елшіліктеріне жолданбақ.
Осылайша, шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың елде қиналмай жүруіне барлық жағдай жасалмақ. Олардың жол шығыны, визасы төленіп, үш мезгіл тамақ, жатақхана тегін беріледі, стипендия алады.
Ұзақ уақытқа келе алмайтындары үш ай, уақыты барлары тоғыз ай оқымақ.
Қазақстандықтар қанша бала асырап алды?
Жетімдерге өз қазағымыз да аяушылық танытып жүрген жоқ секілді. Жуырда ғана бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Ұлытау облысында асырап алынған балалардың 5 жыл бойы фермада еңбек етіп, құлдықта болғаны туралы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ақпанның басында облыстық прокуратура мен қамқоршылықтың мобильді топтарының тексерісі нәтижесінде бір отбасынан шыққан үш бала — 1 қыз және 2 ұлдың құлдықта болғаны анықталған.
Жалпы, ҚР Оқу-ағарту министрлігі жанындағы Балалардың құқығын қорғау комитетінің ресми ақпараттарына сүйенсек, кейінгі үш жылда (2021, 2022, 2023 жылдары) қазақстандық азаматтар жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардан 568 бала асырап алған (2021 жылы 136 бала, 2022 жылы 206 бала, 2023 жылы 226 бала).
Қазақстандықтар тұрғылықты жері бойынша қорғаншылық және қамқоршылық органдарына кейбір құжаттарды ұсынып, асырап алу туралы жазбаша өтініш беру арқылы жетім балаларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап ала алады.
Бала сату тоқтай ма?
Халықаралық Гаага конвенциясы бойынша әр бала отбасында өсуі тиіс. Қазақстан осы конвенцияға қосылғаннан кейін халықаралық талапты орындауға міндеттелді. Жетім бала болмауы керек, әр бала отбасында тәрбиеленуі қажет. Яғни, бұл процесс біржола тоқтамайды. Шетелдік азаматтардың бала асырап алуына шектеу жоқ.
Балалардың құқығын қорғау комитетінің мәліметінше, республикалық деректер банкінде орталықтандырылған есепте тұрған балалар Қазақстаннан тыс жерде тұрақты тұратын ҚР азаматтарына асырап алуға берілуі мүмкін. Баланы туыстары, ҚР аумағында және одан тыс жерде тұратын ҚР азаматтары асырап алмаған жағдайларда ғана ҚР азаматтары саналатын балалар шетелдіктерге асырап алуға берілуі мүмкін.
Қадыр Қайыпов, Қазақстанның Сан-Францискодағы Бас консулдығының консулі:
Олардың көбінің жаны жаралы. Бір жақты ештеңе айта алмайсың. Біреулер өткенді ұмытып, алға ұмтылады. Біреулер өткенді қазбалайды. Өткенін түсініп қана, алға жылжуды дұрыс санайды. Қанша бала бар, сонша тағдыр бар.
«Бұл балалар Қазақстанда өссе, елеусіз болар еді. Қаншама жетім балалар жүр ғой Қазақстанда, оларды ешкім аяп жатқан жоқ. Сол Америкаға асырап алып кетіп, сол жақта өскені үшін аянышты көзбен қарайсыңдар. Бірақ балалар өте жақсы тәрбие, білім алған. Сауатты бәрі. Қазақстандағы жетім балаларға қарағанда жағдайлары әлдеқайда жақсы. Бір жағынан, сол жакта өскені дұрыс болды ма деп ойлайсың?»
Janka.0916:
«Біздің қазақта оң жақта отырып қалып бала табу өте ұят, өліммен тең. Сол үшін қызды да, баланы да қадағалап, от басып қалмауларын құдайдан тілеп, дұрыс тәрбие беру керек. Ал егер жастықтың буымен от басып қалған болса, ат-тонымызды алып қашпай, онсыз да шақшадай басы шарадай болып, не істерін білмей, жардың шетінде құлайын деп тұрған қызды жабылып құлатып, теріс айналмай, қолдау білдіру қажет. Сонда қыздар құрсағына біткен баладан құтылудың жолын іздемей, өзегін жарып шыққан баласын көшеге тастамай, бауырына басады. Осы жетім балалардың 90 пайызы — аналары тұрмысқа шықпай от басқан қыздардың балалары. Біздер, қазақтар, ондай қыздарды кінәлауда алдымызға жан салмаймыз ғой. Тек қызды кінәлай береміз. Неге жігітті жауапқа тартпаймыз? Мына балалар қандай ақылды, сөздері қандай, өздері қандай, демек, биологиялық аналары ақылды болған деген сөз. Мың жерден шетелдік болсын, тіл білмесін, менталитет басқа болсын, бәрібір де бойларында қазаққа тән бір мінез бар. Білмеймін, қай-қайсысына қарасам да қазаққа ғана тән бір мінез көрініп тұрады. Қазақтың қаны деген сол-ау…»
Amirinazheniskul:
«Біздің қазақта оң жақта отырып қалып бала табу өте ұят, өліммен тең. Сол үшін қызды да, баланы да қадағалап, от басып қалмауларын құдайдан тілеп, дұрыс тәрбие беру керек. Ал егер жастықтың буымен от басып қалған болса, ат-тонымызды алып қашпай, онсыз да шақшадай басы шарадай болып, не істерін білмей, жардың шетінде құлайын деп тұрған қызды жабылып құлатып, теріс айналмай, қолдау білдіру қажет. Сонда қыздар құрсағына біткен баладан құтылудың жолын іздемей, өзегін жарып шыққан баласын көшеге тастамай, бауырына басады. Осы жетім балалардың 90 пайызы — аналары тұрмысқа шықпай от басқан қыздардың балалары. Біздер, қазақтар, ондай қыздарды кінәлауда алдымызға жан салмаймыз ғой. Тек қызды кінәлай береміз. Неге жігітті жауапқа тартпаймыз? Мына балалар қандай ақылды, сөздері қандай, өздері қандай, демек, биологиялық аналары ақылды болған деген сөз. Мың жерден шетелдік болсын, тіл білмесін, менталитет басқа болсын, бәрібір де бойларында қазаққа тән бір мінез бар. Білмеймін, қай-қайсысына қарасам да қазаққа ғана тән бір мінез көрініп тұрады. Қазақтың қаны
деген сол-ау…»
akma_tama:
«Ақиқатын білмей тұрып, бұндай жағдайда аналарды жазғырмайықшы. 2007 жылы дәл осындай жағдайға тап болғанмын. Басымнан өткен соң, осындай жағдайға тап болған аналарды жақсы түсінемін.
2007 жылы мен перзентханада жеңіл босандым. Ұлды болдым. Содан 3 күннен кейін, менің баламда бір ақау бар деп, жанымнан алып кетті. Содан менің басымнан сынақтар өте бастады. Баламды ауру деп түрлі сылтаулармен маған көрсетпей қойды. Сөйтіп, арада айлар өтті. Мен баламды көруім керек деп күресе бастадым. Бір күні маған өкпе ауры деген диагноз қойып, келесі күні тубдиспансерге жөнелтті. Сол кезде шарасыз едім. Екі көзім жасқа толып, емханада қиын күндерді бастан өткердім. Бірақ мен туберкулез емес едім. Дәрігерлер үшін баламнан айырудың оңтайлы жолы осындай болды. Бәрібір берілмедім. Мұнда өткен күндерімді айтып жеткізе алмаймын. Өте ауыр болды. Араға уақыт салып, ауру емес екенім анықталып, емханадан шықтым. Құса, уайымнан қатты ауырдым. Анам мені Жанбай ауылындағы бір сынықшыға көрсетіп, сол кісінің көмегімен аяққа тұрдым. Тәуір болғаннан кейін, дереу перинаталдық орталыққа қарай балама ұштым. Онда маған баланы тағы көрсетпеді. (Баламды көрмегеніме екі ай жарым уақыт өтті). Вахтерша апаның жанында түнедім. Баламды біреу алып кете ме деп қорықтым. «Бергеніңді ала көрме»,- деп күнде Аллаға жалбарынумен болдым.
Содан дәрігер жездем мен қайын апамның араласуымен бас дәрігерге кірдік. Сонда бас дәрігер маған: «Балаң 3 күннен соң өледі, ауру ғой»,- деді. Қайын апам не айтарын білмей: «Өлсе, әке-шешесі бар, көмеді, бер»,- деді. Сол күні баламды 4-ші ай дегенде алдым. Сол жағдайдан кейін көп ұзамай сол орталықтың бас дәрігері бала сату үстінде ұсталып, сотталып кетті. Менің де баламды ауру деп сатқысы келгенін сонда білдім.
Алла Ұлық! Маған баламды өзіме бұйыртты. Аллаға шүкір деймін. Күреспей, солай көне салсам, қандай жағдай болары белгісіз еді?!»
Жадыра ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, «Semeı tańy»