Semeytany.kz – Абай облысында ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жаңа лейтенанттарына арналған салтанатты рәсім өтті. Олар – Шекара академиясы мен Ресейдің әскери жоғары оқу орындарын тәмамдаған 11 жас маман.
Жаңа келген офицерлер қазақы дәстүрмен – дәм ұсынып, ақ тілекпен қарсы алынды. Бұл – әскери ұжымдағы рухани сабақтастықтың, елдік мұратқа адал қызмет етуге деген ниеттің белгісі ретінде қабылданды.
Іс-шара барысында департамент бастығы, полковник Асхат Ахметов жас лейтенанттарды құттықтап, Отан алдындағы борышты абыроймен өтеуге шақырды. Оның айтуынша, бұл жол – табандылық пен тәртіпті, адалдық пен жауапкершілікті талап етеді.
Кездесу соңында подполковник Айдын Чуримбаев жас офицерлерге бағыт-бағдар беріп, алғашқы қызмет жолында сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсім рухани саяхатпен жалғасты. Жас лейтенанттар Абайдың «Жидебай-Бөрілі» музейіне барып, хакім өмірімен, шығармашылығымен танысты. Олар ұлы ойшылдың мұрасынан рухани нәр алып, туған жер тарихына деген құрметтерін арттырды.