Ақпан айының оны мен он бірі күндері қала әкімі Айбек Кәрімов Гарнизондық офицерлер үйінде және Мәдениет сарайында халықпен дәстүрлі кездесулерін өткізіп, 2014 жылғы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және есепті кезеңде атқарылған жұмыстар жайлы қала тұрғындарына кең көлемді ақпарат берді. Сондай—ақ жиынға қатысқан халық өздерін толғандырған мәселелер бойынша сауалдарға жауап алу мүмкіндігіне ие болды.
{jcomments on}Алдымен қала әкімі Айбек Кәрімов Гарнизондық офицерлер үйінде Ертіс өзенінің сол жағалауы тұрғындарымен кездесті. Басқосуға облыстық мәслихат хатшысы Григорий Пинчук пен қалалық мәслихат хатшысы Бейсенбек Ақжалов қатысты. Бірінші кезекте, Айбек Кәрімов 2014 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен атқарылған шаруалар және ағымдағы жылға межеленген жұмыс жоспары жайлы баяндап берді.
Елбасының бүгінгі таңда Қазақстанда өндірілетін тауарлардың көп болуына баса маңыз беріп отырғандығы белгілі. Бұл орайда Семейде де ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер бар. Қала басшысы есепті баяндамасында қаламызда машинақұрастыру саласының қарқынды дамып келе жатқанына тоқталып өтті. Өткен жылы 2013 жылмен салыстырғанда бұл сектордағы шығарылған өнім көлемі бір жарым есеге артып, жалпы құны отыз миллиард теңгеден асқан. Құрылыс саласында да ілгерілеушілік жеткілікті.Құрылысқа қажетті материалдарды өндіру де жылдан — жылға жақсарып келеді. 2014 жылы бұл салаға қажетті өндірілген материалдардың жалпы құны 19 миллиард теңгені құраған көрінеді.
— Құрылыс саласындағы кәсіпорындарымыздың өндіріс қуаты қаламыздың ғана емес, жалпы Шығыс Қазақстан облысының өндірістік және тұрғын үй құрылысы нысандарын сапалы өнімдермен толық қамтамасыз етуге жеткілікті,- деді қала әкімі. Айбек Кәрімов жеңіл өнеркәсіп саласындағы көрсеткіштерге кеңінен тоқталды. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 1,3 есеге артып, жалпы құны 2 миллиард теңгені құраған.
Өзінің есебінде қала басшысы өткен жылы негізгі капиталға құйылған қаржының көлемі жиырма пайызға артып, жиырма төрт миллиард теңгеге жеткенін айтып өтті. “Үдемелі индустриялық-инновациялық даму” бағдарламасы аясында жалпы құны он миллиард теңгені құрайтын 10 жоба пайдалануға беріліп, нәтижесінде 600 жаңа жұмыс орны ашылған. Сонымен бірге қала әкімі өңірдегі ауылшаруашылығы секторының даму деңгейіне тоқталды.
— 2014 жылы ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 21,0 млрд. теңгені құрады, бұл 2013 жылмен салыстырғанда 12,3%-ға артық. Ауылшаруашылық өнімдерінің нақты индекс көлемі 105,1 %-ды құрады. Ірі қара малы мен жылқылардың саны көбейіп келеді. Бұл- өңіріміздегі тамақ өндірісінің дамуына үлкен серпін беретін жайт. Жалпы ал-ғанда, ауыл шаруашылығының қарқынды дамуы жан-жақты ойластырылған ауылшаруашылық өнім өндірушілерін мемлекеттік қолдау механизмін жүзеге асыру мен аграрлық салада жаңа технологияларды енгізудің арқасында қамтамасыз етіліп отыр, — деді Айбек Кәрімов. Сонымен бірге ол халық көп тұтынатын тауарлар бағасы өсімінің алдын алу мақсатында жүзеге асырылған шаралар туралы айтып, жиналғандарға өңірлік тұрақтандыру қорының жұмысы жайлы ақпарат берді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқтала келе, Айбек Кәрімов қаладағы барлық жылу көздерінің 2014-2015 жылдардағы жылу маусымына толық дайындықпен енгенін айтып өтті. Отын сатып алуға қала бюджетінен 636 миллион теңге, облыстық бюджеттен 78 миллион теңге бөлінген. Сондай-ақ жылу қазандықтардың жұмысын жетілдіру бойынша бірқатар шаралар атқарылған. Атап айтқанда, «Орталық» қазандығындағы № 3 қазанға ағымдағы жөндеу жүргізілген. Бұл мақсатта қала бюджетінен 29 миллион теңге бөлінген. Облыстық бюджеттен берілген 30 млн. теңге көлеміндегі қаражатқа «Ғаббасов» қазандығының № 3 қазан агрегатындағы ауа жылытқышқа және № 1, № 2 қазандарындағы желтартқыш торға ағымдағы жөндеу жүргізілген.
Сондай-ақ өз сөзінде қала көшелерін жөндеу бойынша жүзеге асырылған жұмыстар турасында айтып өтті. Железняков, Мичурин, Дальняя, Морозов, Шугаев, Аймауытов көшелерінің асфальт бетонды жабыны толық ауыстырылып, жаяу жолдар қалыпқа келтірілді, аялдама алаңқайлары, жол белгілері жөнделген. Жалпы, жолда жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2014 жылы қала бюджетінен 805,5 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген.
Қала басшысы өз баяндамасында өңір бойынша «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму», «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Қолжетімді тұрғын үй» бағдарламаларының жүзеге асырылуының барысымен де жиналғандарды толық хабардар етті. Қаламызға өткен жылы құйылған инвестиция көлемі 2013 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға артып, 52,9 миллиард теңгеге жеткенін атап өтті. Оның ішінде экономиканың нақты секторына тартылған инвестиция мөлшері 2013 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 37 пайызға өсіп, 36 миллиард теңгені құраған. Құрылыс жұмыстарының жалпы құны өткен жылы 29 миллиард теңгеге дейін жеткен. 107 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Яғни бұл бағыттағы көрсеткіштердің өсім қарқыны 123 пайызды құрап отыр.
— «Қолжетімді тұрғын үй – 2020» бағдарламасы аясында 2012-2013 жылдар аралығында 3,1 млрд. теңге көлемінде бюджет қаражаты бөлініп, игерілді. 2014 жылы жалпы құны 883,8 млн. теңге болатын Энергетик кентіндегі екі жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы аяқталды. «Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы аясында жалпы құны 247,3 млн. теңге, жалпы алаңы 2,2 мың шаршы метр болатын Докучаев көшесіндегі 60 пәтерлік 5 қабатты шағын отбасылық жатақхана пайдалануға берілді,- деді қала әкімі.
Сондай-ақ кездесу барысында Айбек Кәрімов сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім, мәдениет және спорт салалары бойынша атқарылған шаруалар мен алдағы уақытта жүзеге асырылуы тиіс жұмыс жоспары жайлы айтып өтті.
Қала әкімі есебін аяқтағаннан кейін тұрғындарға әртүрлі мәселелер бойынша өздерінің сауалдарын қоюға мүмкіндік берілді. Мәселен, «Хаким» емханасының бас дәрігері мемлекеттік тапсырыстың жоқтығынан, медициналық мекемеде орнатылған магниттік-резонанстық томографпен қызмет көрсетудің мүмкін болмай тұрғанын айтты. Қала басшысы халықтың денсаулығын сақтау, әртүрлі сырқаттармен ауыру көрсеткішін азайту үлкен маңызға ие екенін айта келе, қойылған сауалға:
— Қазіргі таңда медицина саласында бәсекелестік артуда. Денсаулық сақтау мекемелерін заманауи құрылғылармен жабдықтау қарқынды жүзеге асырылып келеді. Сіздің сауалыңызға келетін болсақ, басшы ретінде қаладағы медицина саласына қатысты жұмыстар жуапкер-шілігімде болғанымен, қаражат бөлу мәселесі облыстық денсаулық сақтау басқармасының құзырында. Сіз қойған сұраққа қатысты жағдайды жан-жақты ойластыру қажет. Облыстық басқарма басшысымен бірге сіз басқаратын мекемеде болып, мәселенің шешу жолдарын алдағы уақытта қарастырамыз деген ойдамын,- деп жауап берді.
Кездесу барысында қойылған сауалдың тағы бірі Степной кентіндегі көшелерді жарықтандыру мәселесіне қатысты болды. Бұл сұрақ бойынша Айбек Кәрімов қала бюджеті қаралып, нақтыланғаннан кейін жауап беруге мүмкіндік болатынын жеткізді. Сондай-ақ ол Степной кентіндегі көлік қатынасы мәселесі жайлы айтып өтті.
— Жалпы, мұнда көшелерді жарықтандыру ғана емес, қоғамдық көлік қатынасын ретке келтіруге қатысты сұрақтар бар. Осы орайда Степной, Суық бастау, Контрольный кенттері, Туберкулезге қарсы диспансері сияқты қаланың ше-тінде орналасқан нүктелердің арасында үлкен қоғамдық көлік бағытын енгізу жоспарда бар. Бұл мәселе қазір талқылану үстінде, екі-үш айдың ішінде дұрыс шешімі шығады, — деді Айбек Мүтәлапханұлы.
Жиын барысында қала басшысына атқарған жұмыстары үшін ризашылықтарын білдіргендер көп болды. Мәселен, Комсомол кентінің Волгоград көшесінің тұрғындары, көшеге жарық тартылып, қоғамдық көлік қатынасы ретке келті-рілгені үшін, алғыстарын айтты.
— Кешкі уақытта қорықпай жүретін болдық. Тағы бір айтарым, бізде Комсомол кентінде жалғыз ғана мектеп бар еді, футбол алаңы салынды. Онда мектеп оқушыларынан бөлек, жастар қауымы барып, уақыттарын тиімді өткізуге мүмкіндік алды. Қоғамдық көлік қатынайтын жолдар ретке келтірілді. Осы мәселелердің барлығына назар аударып, шешімін табуына көңіл бөлгеніңіз үшін, алғысымызды айтамыз, — деді Комсомол кенті тұрғындарының атынан сөз алған жиынға қатысушылардың бірі.
Өз кезегінде қала әкімі Айбек Кәрімов Волгоград көшесіне шалғайдағы елдімекендерден қоныс аударылған жұртшылықтың орналастырылғанын айта келе, берілген баспаналардың маңын абаттандыру керектігін, қаламыздың сәулетті әрі көрікті болуына баршамыздың үлес қосуымыз қажеттігін айтып, тұрғындардың өздеріне де өтініш білдірді.
Сонымен қатар Суық бастау кентін ауызсумен қамтамасыз ету мәселесіне қатысты сауал қойылды. Кент тұрғындары қазіргі таңда жалғыз құдықтан су тасып ішуге мәжбүр болып жүрген көрінеді. Қала әкімі аталмыш мәселенің өзінің бақылауында екендігін, оны шешу мақсатында арнайы су тоғанының жобасы әзірленіп жатқанын жеткізді.
Кездесуде Тамара Бабаева есімді қала тұрғыны тоғыз жыл бұрын жер телімін алып, баспана салғанын айта келе, қазіргі таңда екі-үш үй тұратын «Заезд Шульбинский» деп аталатын шағын көшеге электр жарығын тарту мәселесі қашан шешілетіні жайлы сауал қойды.
— Сіздің қаланы дамыту жолында жасап жатқан жұмыстарыңызды көріп жүрміз. Сол үшін алғысымыз шексіз. Жоламан кентінде электр желісі толық жаңартылды. Қуаты мол трансформаторлар қойылды. Енді біздің екі-үш үйден тұратын осы көшеге электр жарығы тартылса деген тілегіміз бар, — деді Тамара Бабаева. Тұрғынның сауалын тыңдағаннан кейін қала әкімі:
— Бұл мәселеден хабардармын. Ағымдағы жылы электр желілерін тарту бағытындағы жұмыстарды жалғастыруды жоспарлаған болатынбыз. Қозғаған мәселені шешу жолдарын қарастырамын,-деп жауап берсе, Би Боранбай атындағы көшені жөндеуден өткізуге қатысты сауалға қала басшысы аталмыш көшенің жөнделуі үлкен мәнге ие екендігін айта келе, қайта жаңғырту жобасының әзірленіп жатқанын жеткізді. Өз сөзін Айбек Мүтәлапханұлы былай жалғастырды:
— Ағымдағы жылы Би Боранбай көшесінің 300 метр жолы жөнделеді деп жоспарлап отырмыз. Жалпы, асфальт жабынын қайта жаңғыртуға бір миллиард теңгедей қаражат керек. Дегенмен Би Боранбай көшесін жөндеуден өткізу басталады, себебі ол – қаламыздың өндіріс ошақтарына автокөліктер қатынайтын көше.
Кездесу барысында тұрғындар тарапынан басқа да бірқатар сұрақтар қойылды. Олардың барлығына қала әкімі жан-жақты жауап беріп, қозғалған мәселелерді шешуге көңіл бөлінетінін жеткізді.
***
Сәрсенбі күні қала әкімі Айбек Кәрімовтің халық алдындағы есеп беру кездесулерінің қорытынды жиыны қалалық Мәдениет сарайында өтті.
Қала басшысы өз баяндамасында есепті кезеңде әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің тұрақтылығы қамтамасыз етілгенін атап өтті. Атқарылған істер Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» және «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауларында көрсетілген міндеттер мен тапсырмаларды орындау аясында жүзеге асырылғанын жеткізді.
Айбек Мүталапханұлының айтуынша, 2013 жылмен салыстырғанда 2014 жылы өнеркәсіп саласы бойынша қолданыстағы бағада өнім көлемі 7,6 пайызға, ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 12,3 пайызға, құрылыс жұмыстарының көлемі 123,9 пайызға артқан.
Сонымен қатар өткен жылы 34,8 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркеліп, осы салада 55 мың адам жұмыспен қамтылған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары басталғаннан бері 92 жобаға 13,3 млрд. теңге көлемінде несие берілсе, субсидиялау 924,5 млн. теңге қаржыны, ал есепті кезең ішінде жалпы құны 1,8 млрд. теңге болатын 37 жоба жүзеге асырылып, субсидиялау құны 124,8 млн. теңгені құраған.
— Жаңа әлеуетті жобалары мен бизнес-идеялары бар кәсіпкерлерді бағдарламаға тарту бойынша жұмыс жалғасуда. Өңдеуші өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында «Даму Өндіріс – ІІ» бағдарламасы іске асырыла бастады, оның аясында 23 жобаға 1,1 млрд. теңге несие беріліп, 30 жаңа жұмыс орны ашылды. 2015 жылдың 5 қаңтарындағы жағдай бойынша, екінші деңгейлі банктерде жалпы құны 571,1 млн. теңге болатын 15 жоба қаралу үстінде. «Өндіріс» бизнесті дамытудың индустриялық аймағында 6 жобаны орналастыру үшін жер телімдері бөлінді, — деді қала әкімі Айбек Кәрімов баяндамасы барысында.
Сондай-ақ денсаулық сақтау саласына қажетті қаржы көлемі 2,7 пайызға артып, 19,9 млрд. теңгені құраған. Ал жыл басынан бері туберкулез ауруы 18,2 пайызға, туберкулез ауруынан көз жұму 20 пайызға, қанайналым жүйесі ауруларынан көз жұму көрсеткіштері 32 пайыз-ға төмендеген екен.
2014 жылы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Сауд Арабиясы Корольдігі арасында жасалған Меморандум аясында 80 орындық балаларға арналған туберкулезге қарсы аурухана пайдалануға берілген болатын. Бұл туралы да өзінің баяндамасында айтып өткен қала басшысы шаһардағы өңірлік онкологиялық диспансері базасындағы Ядролық медицина орталығы құрылысының да аяқталғанын, оның медициналық холдинг құрамына енетінін, ал Ядролық медицина орталығы жабдықталуы мен медициналық құрал-жабдықтары жағынан заманауи орталықтардың біріне айналатынын, онда Павлодар және Шығыс Қазақстан облысының емделушілеріне мол мүмкіндік қарастырылатынын жеткізді.
Сол сияқты Семейде жедел медициналық жәрдем стансасы ғимаратының құрылысы жалғасуда. 2013-2014 жылдар аралығында жергілікті және республикалық бюджет есебінен 1 123,6 млн. теңге игерілген. Сондай-ақ Знаменка ауылында, Бобровка кентінде дәрігерлік амбулаториялар құрылысы қарастырылуда. Өткен жылы Знаменка ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысына 5 млн. теңге бөлінген. Жұмыстардың аяқталуы 2015 жылға жоспарланып отырған көрінеді.
Білім беру саласы бойынша жалпы бюджеттік қаржы көлемі ұлғайтылған екен. Бүгінде Семей қаласында 33 балабақша, 50 шағын орталық жұмыс істеуде. Сондай-ақ «Балапан» бағдарламасы аясында 252 орындық 4 жекеменшік мектепке дейінгі мекеме, 75 орындық шағын орталықтар ашылған. Айбек Мүталапханұлының айтуынша, мектепке дейінгі мекемелер желісін дамыту үшін жалпы құны 119 млн. теңге болатын жеке инвестициялар тартылыпты.
Қала әкімінің баяндамасынан кейін сөз алған жиынға қатысушылар Айбек Мүталапханұлына көкейлерінде жүрген сауалдарын жолдауға мүмкіндік алды. Қала әкімінің шаһардағы әлеуметтік-экономика, рухани-мәдени салаларының дамуы жолында атқарып отырған жұмысын жоғары бағалап, ризашылықтарын білдіргендер көп болды.
«Спартак» футбол клубының жан-күйері Саясат Сәрсенбин:
— Айбек Мүталапханұлы, Семей спортының, оның ішінде футболдың дамуына өзіңіздің үлесіңізді қосып келе жатқаныңыз үшін, алғысымыз шексіз. Соңғы жылдары қаламызда бірнеше спорт нысандары бой көтеріп, ондаған жылдан бері жөндеу көрмеген «Спартак» стадионы жаңартылды. Бұл — сіздің еңбегіңіз, — деді Саясат Сәрсенбин. — қаланың сол жағалауында орналасқан «Пищевик» стадионы қараусыз жатыр. Оны қалыпқа келтірсе, қаншама жастар спортпен айналысуға мүмкіндік алар еді. Сол сияқты оң жағалаудағы «Локоматив» стадионы бар. Алайда оның ешқандай базасы жоқ. Егер аталмыш стадионды «Спартак» футбол командасының базасына айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді, — деген өтінішін білдірді. Сонымен қатар жанкүйер құрылысы жоспарлан- ған хоккей модулі жайлы сұрады.
Қала әкімі «Спартак» футбол командасы жоғары лигадан түсіп қалса да, аяқдопшылардың аз қаражатқа қарамастан, жақсы өнер көрсете алатындықтарын дәлелдегенін айтып, қойылған сауалдарға тұшымды жауап қайтарды.
— «Спартак» футбол командасы, аз қаражатқа қарамастан, Жоғарғы лигада өнер көрсете алатындықтарын, расында, дәлелдей білді. Клубтың бюджеті өзгелерге қарағанда үш есе кем болатын. Әрине, бұл жерде жаттықтырушыларға да байланысты. Биылғы жылы жаңа жаттықтырушымен команда қайтадан жоғарғы лигаға өтуді жоспарлап отыр. Қала кәсіпкерлерінен командаға спорт базасын құруға көмек көрсетуді сұрап отырмыз. Сондықтан алдағы уақытта спорттық база болады деп ойлаймын, — деді Айбек Мүталапханұлы, — ал екі стадион туралы айтатын болсақ, мен сізбен толықтай келісемін. Спорт нысандарын қалыпқа келтіруге тырысамыз. Хоккей модулі бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленген болатын. Алайда қазір қандай жағдай орын алып отырғанын байқап отырсыздар. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы жаңа құрылысты тоқтата тұруды тапсырды. Сондықтан жаңа құрылыстардың жұмысын әзірге тоқтата тұрып, қолданыста бар ғимараттарға жөндеу жұмыстарын жүргізетін боламыз, — деді.
Өз кезегінде сөз алған «Возрождение» атты неміс ұлттық орталығының төрайымы Лилия Гончарук Семейдегі оңды өзгерістер жайлы сөз етіп, қалалық Достық үйіндегі барша ұлттық-мәдени орталықтар өткізетін шараларға қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін, қала әкіміне ризашылығын білдіріп, биылғы жылғы атаулы даталарға ұлттық орталықтар бірінші кезекте атсалысатынын атап өтті. Сондай-ақ Лилия Гончарук қала басшысынан:
— Ағымдағы жылы Достық үйінің ғимаратына жөндеу жұмыстары жүргізіле ме?- деп сұрады.
Айбек Мүталапханұлы Достық үйі ұлт-аралық татулық пен келісімді насихаттауға, Қазақстанда өмір сүретін барлық ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениеті мен тарихын құрметтеуді тәрбиелеуге ерекше мән беретін мәдени орын екендігін айтып, мекемеге қашан да қолдау болатынын жеткізді. Бұл орайда қала басшысы Достық үйінің жөндеу жұмыстарына қаражат қарастырылатынын айтты.
Сондай-ақ қала тұрғындары тарапынан жол жөндеу, ПИК-тердің жұмысын жақсарту, көшелерді жарықтандыру, қоғамдық көліктердің жұмысы туралы сауалдар жолданып, тиісті жауаптар қайтарылды. Тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған Айбек Мүталапханұлы жұртшылықты толғандырған сауалдарды, мәселелерді өзінің назарынан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Көкейлеріндегі сауалдарына тұшымды жауап қайтарғаны үшін, жиналғандар қала басшысына алғыстарын айтты.
Мирас ҚҰСАЙЫН,
Асан МЫРЗАХАНОВ,
«Семей таңы»