Semeytany.kz — Бесқарағай ауданының Қарағайлы ауылында дәрігерлік амбулатория, ал Башкөл ауылында медициналық пункт пайдалануға берілді. Салтанатты ашылуға аудан әкімі Нұрбек Қошқарбаев, аудандық мәслихат төрайымы Мейрамгүл Абылғазинова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Сәбитов және ауыл тұрғындары қатысты.
Жаңа нысандар заманауи құрал-жабдықтармен толық қамтылып, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің барлық түрін көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл – Мемлекет басшысының ауыл халқын сапалы медицинамен қамту тапсырмасын жүзеге асырудағы нақты қадам.
Ауыл тұрғындары қуаныштарын бөлісіп, алғыстарын айтты. «Бүгін Башкөл округінде қос қуаныш. Жаңа нысандарды көріп, ауыл халқы ризашылықтарын білдіріп жатыр. Бұл – ауыл болашағына жасалған қадам», – деді жергілікті тұрғын Бексұлтан Ошақбайұлы.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Бесқарағай ауданында барлығы 11 медициналық нысан салынуда, соның екеуі қазірдің өзінде іске қосылды. Қазір ауданда 1 аудандық аурухана, 8 амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 15 медициналық пункт жұмыс істейді.