Semeytany.kz — Абай ауданына инвестиция тартуға бағытталған облыс әкімі Берік Уәлидің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында облыстық маңызы бар «Қарауыл – Семей» автожолы бойында жаңа жанар-жағармай құю бекеті пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Мейіржан Смағұлов қатысып, жобаның аудан аумағында іске асуына қолдау білдірген серіктестерге ризашылығын жеткізді. Атап айтқанда, «LUKOIL Лубрикантс Орталық Азия» ЖШС бас директорының коммерциялық мәселелер жөніндегі орынбасары Аббасов Джейхун Муса Оглына және «GAS&MҰНАЙ» ЖШС директоры Ауқат Серік Амангелдіұлына алғыс айтты.
Жалпы аумағы 2 500 шаршы метрді құрайтын бекеттің құны 350 миллион теңгеге бағаланған. Заманауи талаптарға сай жабдықталған нысанда 6 жанармай колонкасы орнатылып, бір мезетте 12 көлікке бензин және дизель отынын құюға мүмкіндік жасалған. Сондай-ақ жолаушыларға арналған шағын маркет қарастырылған.
Компанияның еліміз бойынша 43 сауда нүктесі бар. Абай ауданында іске қосылған жаңа бекетте 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Жоба аудан тұрғындары мен жол бойындағы жолаушыларға қолайлы қызмет ұсынып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді деп күтілуде.







