Semeytany.kz — Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерге 2026 жылғы 1 наурызға дейін арнайы салық режимін (АСР) таңдауы қажет екенін ескертті.
Ведомство мәліметінше, оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануды жоспарлаған азаматтар мен кәсіпкерлер белгіленген мерзімге дейін қолданылатын салық режимі туралы хабарлама ұсынуы тиіс.
Егер хабарлама уақытында берілмесе, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық төлеуші автоматты түрде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне ауыстырылады.
Хабарламаны бірнеше тәсіл арқылы тапсыруға болады: салық төлеушінің кабинеті арқылы, «E-Salyq Business» мобильді қосымшасында, орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер органына қағаз түрінде, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы. Қазіргі таңда бұл сервис Kaspi Bank, Банк ЦентрКредит және Халық Банк қосымшаларында қолжетімді.
Мемлекеттік кірістер департаменті салық төлеушілерді салық режимін уақытылы таңдап, белгіленген мерзімді өткізіп алмауға шақырды.







