Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы — еліміздің даму жолындағы маңызды белес. Бұл құжаттың басты ерекшелігі — саяси реформалар мен институционалдық өзгерістер кезеңінен нақты экономикалық және әлеуметтік нәтижелерге көшуді көздейтінінде.
Алдағы уақытта ел экономикасын әртараптандыру мен инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше басымдық беріліп отыр. 2027 жылдың «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» болып жариялануы және Ұлттық қордан ірі көлемде қаражат бөлінуі өңірлердің, соның ішінде Жаңасемей ауданының дамуына тың серпін берері сөзсіз. Әсіресе, жаңа жолдар мен теміржол желілерінің салынуы, энергетикалық қауіпсіздікті нығайту және жүзден астам әлеуметтік нысанның бой көтеруі халықтың өмір сүру сапасын арттыруға тікелей әсер етеді.
Сонымен қатар, Жолдауда адам капиталын дамыту мен азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдар белгіленген. Ең төменгі жалақының 110 мың теңгеге дейін өсуі және медицина қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру бастамалары қоғам тарапынан үлкен қолдау табуда. Бұл шаралар әлеуметтік әділеттілік қағидаттарын нығайта түседі.
Қорыта айтқанда, биылғы Жолдау — елдің болашағына бағытталған нақты іс-қимыл жоспары. Ендігі басты міндет — қойылған тапсырмаларды сапалы әрі уақтылы орындап, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз ету. Осы орайда, «Әділет» партиясының Жаңасемей аудандық филиалы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жобалардың жүзеге асырылуына қоғамдық бақылауды күшейтіп, ортақ іске белсенді атсалысатын болады. Осы бастамалардың сәтті жүзеге асуы Қазақстанның тұрақты дамуы мен өркендеуінің берік кепілі болмақ.
Жұмағали Сырым Шыңғысұлы,
«Әділет» партиясы Жаңасемей аудандық филиалының төрағасы







