Жиында «Абайға құрмет» акциясы аясында өзге өңірлердің қолдауымен және инвесторлар есебінен салынып жатқан нысандардың қазіргі жағдайы, жобалау-сметалық құжаттамалардың әзірленуі, сондай-ақ жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы қаралды.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша жауапты басқармалардың басшылары мен Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев баяндама жасады.
Басқосуда жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеріп жатқан ғимараттарды электр энергиясымен, жылумен, ауыз сумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Сонымен қатар құрылыс нысандарының сәулеттік келбетін заманауи талаптарға сәйкестендіру қажеттігі айтылды.
Сондай-ақ Үкімет қаулысымен мердігерлері айқындалған жол және инженерлік инфрақұрылым салаларындағы жобалардың орындалу барысы пысықталды.
Аймақ басшысы жаңа әкімшілік-іскерлік орталықтың құрылысын кешенді әрі жүйелі түрде жүргізу қажеттігін атап өтті.
«Жаңа әкімшілік-іскерлік орталықты дамытуда әрбір мәселені алдын ала ескеруіміз керек. Құрылыс нысандары бой көтергеннен кейін инженерлік инфрақұрылым мәселесі туындамауы тиіс. Электр, жылу, су және кәріз желілерінің құрылысы ғимараттармен қатар жүргізілуі қажет. Сонымен бірге жаңа орталықтың сәулеттік келбеті заманауи талаптарға сай болуы керек. Әрбір жобаның сапасы мен орындалу мерзімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігінің тікелей бақылауында болуы тиіс», – деді Берік Уәли.
Жиын қорытындысында облыс әкімі жауапты басқармалар мен Семей қаласының әкімдігіне жобалау-сметалық құжаттамаларды әзірлеуді жеделдетуді, құрылыс нысандарын инженерлік желілерге қосу мәселелерін шешуді және мердігер ұйымдардың жұмысын үйлестіруді тапсырды.
Сонымен қатар барлық жобаның сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.







