Облыс әкімі Берік Уәли ауыл шаруашылығы еңбеккерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, өңірдің аграрлық саладағы жетістіктеріне, мемлекеттік қолдау шараларына және алдағы даму бағыттарына тоқталды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 20 қарашада өткен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала» деп атап көрсетті. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеруге, саладағы еңбек өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бағыттарын дамытуға басымдық берді. Агроөнеркәсіптік кешен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы мен экономиканың берік іргетасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Осыны ескере отырып, біз былтырдан бастап қарапайым еңбек адамдарын марапаттауды, саланың дамуына қажыр-қайратын жұмсап жүрген мамандарды ынталандыруды игі дәстүрге айналдырдық. Естеріңізде болса, былтыр үздік нәтижеге қол жеткізген 10 еңбек адамына 10 автокөлік сыйлаған болатынбыз. Биыл да жақсы бастаманы жалғастырып, 10 автокөлікті бергелі отырмыз. Бүгінгі мереке – адал еңбектің бағаланатын, маңдай тердің құрметтелетін ерекше күні. Осы орайда сала ардагерлеріне ұзақ жылғы еңбегі мен кейінгі ұрпаққа үлгі болған өнегесі үшін айрықша ризашылығымды білдіремін. Өңіріміз географиялық орналасуы тұрғысынан қолайлы, климаты мал шаруашылығын дамытуға тиімді аймақ. Ауыл шаруашылығын дамытып, өрісті малға, даланы дәнге толтырсақ, болашағымыз жарқын болмақ», – деді Берік Уәли.
Биыл автокөлік иегерлері «Үздік диқаншы», «Үздік комбайншы», «Үздік селекционер», «Үздік өндіріс меңгерушісі», «Үздік шопан», «Үздік механизатор», «Үздік зоотехник», «Үздік бақташы», «Үздік жас маман» және «Үздік тракторшы» номинациялары бойынша анықталды.
Абай облысында соңғы бір жыл бір ай ішінде ауыл шаруашылығы саласы мен ауыл тұрғындарын қолдау мақсатында 120-дан астам көлік пен техника берілген. Былтыр және биыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне 10 автокөліктен сыйға тартылса, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы «Үлгілі ауыл» байқауы шеңберінде ауылдарға 20 трактор берілді. Биыл ветеринария мамандары 64 қызметтік көлікпен қамтамасыз етілді. Ал желтоқсан айында ауылдарға тағы 20 трактор табыстау жоспарланып отыр.
Еңбек озаттары мемлекеттік марапаттарға ие болды
Салтанатты жиында ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібінің дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік және салалық марапаттар табысталды.
Семей қаласындағы «Арай East Food» ЖШС басшысы Алтай Хайдаров пен «Шығыс Қазақстан ұн-құрама жем комбинаты» АҚ бас директоры Талап Қасымов III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталды.
Көкпекті ауданындағы «Елім-Ай Көкпекті» ЖШС жұмысшысы Түсіпбай Бекбердинов, Жаңасемей ауданындағы «Eurasia Feedloot» ЖШС директоры Ахметқали Нұрғожин және Бесқарағай ауданындағы «Қалиқанұлы» шаруа қожалығының жұмысшысы Азамат Каликов «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.
Сонымен қатар, бірқатар еңбеккерге «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі», «Абай облысына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің және облыс әкімінің Құрмет грамоталары табысталды.
Абай облысы мал шаруашылығындағы өсім бойынша республикада көш бастады
Биылғы он айдың қорытындысы бойынша өңірде ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 477,1 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 103,6 пайызды құрады.
Мал шаруашылығындағы нақты көлем индексі 105 пайызға жетіп, Абай облысы республика бойынша бірінші орынға шықты. Өңірдегі асыл тұқымды ірі қара мал саны 125,4 мың басқа, ал асыл тұқымды қой саны 367,9 мың басқа жеткен.
Биыл облыс диқандары 790,9 мың гектар алқаптағы егін жинау жұмыстарын толық аяқтады. Жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламалары аясында жалпы құны 15,1 млрд теңге болатын 715 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, саланы субсидиялауға 21,7 млрд теңге бағытталды.
2031 жылға дейін 90 ірі жоба жүзеге асырылады
Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласы да қарқынды дамып келеді. Биылғы он айда тамақ өнімдерін өндіру көлемі 162,3 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 154,1 пайызға жетті. Бұл республика өңірлері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып отыр.
Агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобалары жөніндегі жол картасы аясында жалпы құны 23,7 млрд теңге болатын алты жоба іске асырылды. Жыл басынан бері ауыл шаруашылығы саласына 59,1 млрд теңге инвестиция тартылған.
2031 жылға дейін Абай облысында жалпы құны 337,8 млрд теңгені құрайтын 90 ірі агроөнеркәсіптік жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр.







