Өткен жұма күні қала әкімі Айбек Кәрімовтің жетекшілік етуімен «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалында пар-тияның Саяси кеңес Бюросының кезекті отырысы өтті. Жиынға әкімдіктің бөлім басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, партияның Саяси Кеңес Бюро мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Күн тәртібіндегі тақырып Болатбек Темербаевтің «Flash» және «Трибуна: Саясат Аланы» басылымдарындағы Семей қаласы әкімдігінің жұмысына қатысты сыни мақалаларыда келтірілген фактілердің ақ-қарасын анықтауға арналды. Саяси Кеңес Бюросының отырысына мақала авторы ресми түрде шақырыл-ғанымен, келмей қалған.
Жиынның кіріспе сөзінде қала әкімі А.Кәрімов саяси кеңес бюросының отырысына негіз болған «Flash» және «Трибуна: Саясат Аланы» атты газеттерінде Б.Темербаевтің Семей қаласының атқарушы билік органдары мен қала әкімі туралы жариялаған мақалаларында «Қала шаруашылығында жемқорлық өрістеп кеткен, оған қала әкімі жол беріп отыр» деген айыптар тағылғандығын атап өтіп, автордың тарапынан айтылған әрбір факті бойынша көпшілік алдында жауап беруге дайын екенін жеткізді. Десе де, саяси жиынға қатысушылардың ұсынысымен автордың қатысуынсыз күн тәртібіндегі мәселені қарауға шешім қабылданды. |
Жиынды одан әрі жалғастырған Айбек Мүталапханұлы:
— Журналист Болатбек Темербаевтің мақалаларына алғашында ден қоймағанымыз рас. Алайда, ол осы әрекетін жалғастыра түсіп, дәлелсіз мәліметтер мен ұғынықсыз жағдайларды жазуға ерік берді. Тіпті, «Кәрімов шаруашылықтың өзіне тиімді жағын ғана қарастырып отыр» дегенге дейін барды. Ол аз десеңіз, цифрларды ойдан шығарып, қандай да бір мемлекеттік тапсырыстан «200 млн. теңге кіріс жасапты» деп шімірікпестен жалған ақпаратты жария қылған. Бүгін өзі осы отырысқа келсе, осы өтіріктерін бетіне айтайын дегенмін. Сонымен қатар, талқылауға тұрмайтын мақалалары да бар. Мысалы, «Олар не істесе де, іс алға баспайды. Семей қаласы әкімінің Өскемен қаласындағы баспасөз мәслихаты» («Что бы они не делали, не идут дела. Пресс-конференция акима г. Семей в городе Усть-Каменогорске») деген тақырыптағы мақаласы. Оның өзі де сол жиында не айтылғаны жайлы түсінбеген сияқты. Ең қызығы, Болатбек Темербаев Өскеменде болған сол баспасөз мәслихатына қатыспаған да еді. Ол өзі болмаған жиынға қалай пікірін білдіре алады? Бұл жағы да түсініксіз. Егер ол нағыз журналист болса, біреуден естігенін жазбай, Өскеменде өткен баспасөз мәслихатына өзі де қатысып, толғандырған мәселелері жайлы сұрақтарын маған бетпе-бет жолдап, менің жауабыма көңілі толмаған жағдайда сол жерде мәселе көтеруі керек еді ғой. Бірақ, ол олай етпеді. Дегенмен, Өскемендегі баспасөз мәслихатында журналистер қатары көп болды. Олардың барлық сұрақтарына тиісінше жауап бердім, — дей келе, мақалалары талқылауға түскен журналистің «Нұр Отан» партиясы жайлы жазған мақаласына ойысты. – «Кәрімов заңға қарсы шығып, «Нұр Отан» партиясы Семей қалалық филиалының төрағасы ретінде қызметтік мәртебесін пайдаланып, партия жанындағы жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің бұрынғы табанды мүшелерін таратып жіберіп, олардың орнына «қуыршақтарды» қойып қойған» десе, тағы бір мақаласында Болатбек Темербаев өзін қоғамдық кеңестің бұрынғы табанды мүшелерінің бірі ретінде көрсетіп, ал, қоғамдық кеңестің қазіргі мүшелері мен «Нұр Отан» партиясының мүшелерін мазаққа айналдырып, оларға тіл тигізген. Алайда, қоғамдық кеңес мүшелерін өздігімнен таратып жіберуге менің құқығым жоқ. Бұл мақаладан автордың саяси сауатсыздығы мен мәде-ниетінің төмендігін байқауға болады, — деген қала басшысы «Нұр Отан» партиясының Семей қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Жігітбаевадан өзін «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі ретінде көрсетіп жүрген журналист Болатбек Темербаевтің шынымен партия қатарында бар-жоқтығын анықтап айтып беруін сұрады.
Гүлнар Талғатқызының айтуынша, Болатбек Темербаев 2009-2012 жылдары аралығында «Нұр Отан» партиясы жанындағы жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңестің мүшесі болған. Алайда бұл кеңестің құрамы белгілі бір уақытта ауысып тұратындықтан, 2013 жылдың 3 ақпанында Б.Темербаев партия жанындағы қоғамдық кеңес құрамынан шығарылған. Соған қарамастан, ол әлі күнге дейін қай басылымға жазса да өзінің «Нұр Отан» партиясының мүшесі екенін көрсететін көрінеді. Гүлнар Талғатқызы Болатбек Темербаевтің қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясының мүшесі емес екенін, ол туралы партия атынан «Flash» газетінің бас редакторына хат жолданғанын жеткізді.
Жиын барысында қала басшысы сыни мақалалардың бірқатарынан үзінділер келтіріп, сол мәселелер бойынша арнайы мамандардың пікір айтуларына мүмкіндік беріліп отырды. Болатбек Темербаевтің тағы бір мақаласы «МЭПС» МКК-ге бағытталыпты. Онда тілші «Әкім Семейдің көп салалы кәсіпорыны, негізгі қызметі көше бойын жарықтандыруға бағытталған МЭПС-ті асығыс саудаға шығарды» деп акция саудасын негізге алған. Осы мәселе бойынша қалалық қаржы бөлімінің басшысы Роза Кәкімова сөз алып, жиынға қатысушыларды заңға сәйкес ақпараттардан құлағдар етіп, мән-жайды толығырақ түсіндіріп өтті.
— МЭПС 2003-2013 жылдар аралығында МКК түрінде қызмет көрсетті. Негізгі міндеті электр желілері қызметін қадағалау болатын. Мемлекеттік кәсіпорын жұмысы ҚР «Бәсекелестік туралы» Заңының талаптары аясында жүргізіледі. Заң бойынша мекеме өзінің ары қарайғы қызметін жалғастыру үшін монополияға қарсы мекеменің оң шешімін алуы тиіс. Ал, мұндай шешімге ие болмаған кәсіпорын үш ай ішінде жекешелендіріледі, қызметіне өзгерістер енгізеді, немесе жұмысын тоқтатады. Заң талабының орындалмауы әкімшілік шаралардың қолданылуына әкелуі мүмкін. Ал, МЭПС тек электр желілерімен ғана емес, Терможаңғырту бағдарламасымен де айналысты. Сол себепті де сатуға шығару шарттары бойынша қызметіне өзгерістер енгізді. МЭПС — монополист емес. Байқауға қатысу барысында кәсіпорын барлық заң талаптарын ашық және жариялы түрде орындады. Өңірлік даму министрлігі тарапынан барлық мемлекеттік кәсіпорындар мен акционерлік қоғамдар жұмыстарына сараптама жасалып, олардың бәсекелестік ортадағы қабілеттілігін нығайту туралы ұсыныстар енгізілді. 2013 жылы жүргізілген мемлекеттік меншік мүлігін түгендеу шарасынан соң республикалық комиссия тарапынан жекешелендірудің Жол картасы мақұлданды. Бұл орайда мекеме бәсекелестік ортаға беріледі, — деді қалалық қаржы бөлімінің басшысы Роза Кәкімова. Айта кету керек, Семейде сатуға 2 мекеме — «Ритуал Сервис» және МЭПС-тің акциялары шығарылуда.
— МЭПС мекемесінің 51 пайыз акциясына (бұл 64 млн. теңге) кәсіпкерлер ие бола алады, ақпаратты порталдан алуға болады. Бұл – бюджет кірісінің көзі, бірақ ұсыныс әркімді қызықтыра бермеуі мүмкін. Себебі, МЭПС жұмысы күрделі, — деп атап көрсетті Айбек Кәрімов.
Сонымен қатар, мақала авторы Суықбастау кентіндегі жоспарланған жұмыстарға өткізілген мемлекеттік тендерлерге байланысты келтірген мысалында тағы да қала әкімін сынап-мінеген көрінеді. Бұл тақырып тұрғысында да мінберге шыққан мамандар тендердің өту барысы мен заңдылығын айтып, Суықбастау кентіндегі жұмыстарға қатысты тендердің қалай өткені жайлы баяндалды. Мамандардың сөзіне сүйенсек, тендер туралы Темербаев тарапынан тағылған сын мүлде орынсыз.
Мақалада «небәрі 68 млн. теңге түскен күннің өзінде де тендерді неғұрлым жылдам өткізу арқылы «үлес» алып қалуға ниет етілгені» айтылады. «Мұның барлығы тып-тыныш күйде өтеді» делінген мақалада. Бұл жерде журналист түсінбеген жайттар бар. Суықбастау үшін қаржыландыру жобасы бар. Қала бойынша тұрғынүй құрылысын салуға бос жер жоқ. Сондықтан, Суықбастаудан баспаналар тұрғызу көзделуде. Сол үшін сумен жабдықтау, кәріз, электр желілері жобалары қаралуда. Ол жерде тамаша ықшамаудан бой көтеретін болады. Электр желілерін тарту республикалық бюджет арқылы жүзеге асырылмақ. Ал-ғашқы 70 млн. теңге қаражат ағымдағы жылы құйылмақ. Тендер заңға сәйкес жарияланған, бұл жерде әкімге жала жабу негізсіз. Заң бойынша біз байқау комис- сиясын құрамыз. Аталмыш қаражатқа сенімділік танытатын бағдарлама әкімшілері де оның құрамында бар. Арнаулы конкурстық комиссия құрылған.
— Әрбір байқауға үштен жетіге дейінгі адамнан тұратын жеке комиссия құрылады. Комиссияның әрбір мүшесінің жеке электронды қолтаңбасы бар. Өтініштерді жеке қарап, жекелей дауыс береді. Бұл байқауға комиссияның бес мүшесі қатысты. Төрт өтініш түсті. Алайда, олар демпингтік бағаға жеткен соң байқау өткізілмеген деп жарияланды, — деді құрылыс бөлімінің өкілі Лаура Базылханова. – Мемлекеттік сатып алу заңы бойынша және сатып алуларды жүзеге асыру ережесі бо-йынша әкімнің бұл процеске ықпал етуге ешқандай мүмкіндігі болмайды. Тапсырыс алуға ниет білдірушілердің байқауды ұйымдастырушылармен байланыс жасауға мүмкіндіктері жоқ. Өз өтініштерін веб портал арқылы ұсынады.
— Байқау екі мәрте өткізілді. Қатысушылардың бірі байқау қорытындысымен келіспей, сотқа берді. Нәтижесінде, аталмыш фактіге қызметтік тексеру жүргізу үшін әкімінің орынбасары жетекшілік еткен арнайы комиссия құрылды. Әзірге біз комиссия жұмысының дұрыстығына сот шешімі шықпайынша біржақты пікір айта алмаймыз, — деп атап өтті А. Кәрімов. – Ал, үлес алып қалу мен өткізу мерзімі жайлы айтыл- ғандар мемлекеттік қызметкер намысына тиетін өте ауыр айыптау әрі ешқандай негізі жоқ.
Облыстық мәслихаттың депутаты, жемқорлыққа қарсы кеңес мүшесі Ғаббас Ибраев әкімдіктің бөлімдері баспа бетінде жазылған жалаға уақытында мән берудің маңыздылығына тоқталды:
— Егер осындай орынсыз тағылған айыптарға дер кезінде тойтарыс берілмесе, қаралап жазған адам әдепсіздікті жалғастыра береді. Ал, барлық жауапкершілік жүгін қала басшысының көтеруіне тура келеді. Сондықтан, негізсіз жалаға қарсы дереу әрекет ету керек, — деді.
— Әр мемлекеттік қызметші өзіне тапсырылған міндеттерді біледі, ант қабылдайды. Мен қала әкімі ретінде әкімдіктегі барлық бөлімдердің жұмысына жауап беремін, алайда олардың әр қайсына сенімсіздік көрсетіп, тексеріп отыру мүмкін емес. Біз мемлекеттік қызметкерлер өз жұмысымызды адал атқаруға міндеттіміз, — деді жиналғандар алдында қала әкімі.
Одан кейін сыни мақаланың бағыты бойынша сөз алған қала әкімінің қаржы-шаруашылық бөлімінің жетекшісі Камиль Фаткулин қала әкімінің резиденциясы жайлы айтты. Оның айтуынша, резиденция Кеңес Одағы кезінен бері жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда қала әкімінің теңгеріміне қарайды. Ондағы дүние-мүліктің де Кеңес заманынан қалған ескілеу екенін тілге тиек еткен Камиль Фаткулин мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаржы жұмсалып тұратынын және онда 6 адамның жұмыспен қамтылғанын жеткізді. Үнемі болмаса да министрліктерден жұмыс жағдайымен іс-сапарға келген меймандарды анда-санда сонда апарып жайғастырып тұратын көрінеді. Сондықтан, резиденция қаржыны қажет ететінін, ал, онда көпшіліктен жасыратындай құпия ештеңенің жоқ екенін айтты Камиль Зияұлы. Фаткулиннің сөзін жалғаған қала басшысы резиденция қала әкімдігінің теңгерімінде болса да, ол мекемеге қалалық бюджеттен мүлде қаржы бөлінбейтінін жеткізді. Сондықтан, Б.Темербаевтің бұл жөніндегі сыны да негізсіз болып шықты. Сондай-ақ, аталмыш мақалаларда К. Фаткулинге оған сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды деген айыптар тағылған. Бұл жерде сөз бензин сатып алуға байланысты болып отыр. Өткен жылдың қараша айында прокуратура мемлекеттік сатып алу бағалары фактілерінде кемшіліктер кеткеніне байланысты бюджет қаржысының тиімді пайдалануы жөнінде тексеріс жүргізген.
— 2007 жылы нарықтағы жанар-жағармай бағасының тұрақсыздығынан біз белгілі бір қиындықтар көрдік. Жеткізушілер жанар-жағармай бағасының өсуі себепті шығынға батудан қауіптеніп, мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқылары келмеді. Өйткені, мемлекеттік сатып алу туралы келісім шартта веб порталға орналастырылған келісім шарттың жобасында өзге-рістер мен толықтырулар, оның ішінде сатып алынатын тауар бағасына өзгеріс енгізілмейтіндігі айтылған. Мемлекеттік сатып алу туралы Заңға сәйкес, жеке кәсіпкер Ахметовпен бензинді 121 теңгеден жеткізіп беру жөнінде келісімшарт жасалған. Б.Темербаевтің мақаласында «2012-2013 жылдары бензинді сатып алуда менің тарапымнан 958 мың теңге жымқырылып, содан кейін бұл қаржы орнына келтіріліпті. Тексеру барысында жанар-жағармай сатып алуда аздаған кемшіліктер анықталған. Алайда, мақалада айтылғандай анықтал-ған кемшіліктерді Фаткулин емес, жеткізуші жеке кәсіпкер Ахметов қалпына келтірген».
Қала басшысы прокуратура тарапынан тексеру барысында анықталған кемшіліктер дер кезінде түзетіліп, сатып алуға жауапты тұлға жазаланғанын, қызметтік тексеру аяқталған соң бағдарлама әкімшісі ретінде К.Фаткулин тәртіптік жазаға тартылатынын атап өтті.
— Б. Темербаевтің мақалалары тұрғындар арасында жергілікті атқарушы билікке деген сенімсіздік туғызады. Мен бұл айыптардың барлығын теріске шығарамын және Темербаев мырзаны кездесуге шақырып, әрбір мақала бойынша нақты түсініктеме, сот органдарына жала жабу туралы талап-арыз беремін және Қазақстан журналистер одағына хат жолдаймын. Журналистік этика, адамгершілік нормалары және жалпы мінез-құлық мәдениеті болуы керек. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы ҚР Заңдарына сәйкес жұмыс істеуге тиіс. Оған қоса, барлық сұрақтар бойынша прокуратураға, облыс әкіміне және Мемлекеттік қызмет жөніндегі Агенттікке БАҚ-тарда жазбаша түрде жауап беріледі,-деді қала әкімі.
Одан кейін персоналды басқару бөлімінің жетекшісі Нұрбек Қошқарбаев сөз алып, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2011 жылғы 3 қаңтардағы № 148-ІІ Қазақстан Республикасы Заңының 33-бабына сәйкес, қала әкімінің құзыретіне кіретін міндеттерді айтып өтті.
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес» және «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдарына сәйкес 2013 жылы сыбайлас жемқорлық заңбұзушылығы бойынша 9 адам тәртіптік жазаға тартылғанын және олардың барлығы да соттың шешімдері бойынша ақталғанын атап өтті Н. Қошқарбаев өз сөзінде.
«Нұр отан» партиясының мүшесі Нұрлан Омаров мұндай өрескел қылықтардың заңға сәйкес айыппұл салу арқылы жолын кесу қажеттігін айта келіп:
— Бұл жерде жазаланбағандық айқын сезіледі. Өз тәжірибемнен айтсам, менде де осындай жағдай болған. Кім ашық та айқын, абыроймен жұмыс істесе, соларды аяқтан шалғысы келеді. Жалған ақпарат таратқан тілшіні де, газетті де сотқа беріп, қомақты айыппұл салып, қалталарын қағу керек, — деді Н. Омаров.
— Мемлекеттік қызметке өткен әрбір адам өзіне жауапкершілік алады. Бұл қызмет жобалар дайындауда, бюджеттің орындалуы барысында үлкен күш — жігерді талап етеді. Біз осы қызметті таңдаған екенбіз, өзіміздің іс-әрекеттерімізге және осындай тасадан тас ататындарға жауап беруге дайын болуымыз керек. Бізде өз ұжымымыз, жұмыс істеу әдісіміз бен шығармашылық ахуал қалыптасқан. Күмәндануға жол бермей, заң аясында қызмет ете берейік, — деп жиынды қорытындылады қала басшысы.
РS: Жиынға қатысушылар жоғарыда аталған мақалаларда келтірілген деректердің ешбірі шындыққа жанаспайтындығын, ашық түрде жала жабу екендігін мәлімдей отырып, «жаптым жала, жақтым күйе» деген ұстаныммен халыққа дәйексіз, жалған ақпараттар таратып жүрген журналистің заң алдында жауап беруі керектігін бір ауыздан мақұлдады. Ел басқарып отырған азаматтардың атына негізсіз сын айту, халықты жалған ақпараттармен иландыруға тырысу авторға не үшін қажет болғанын кім білсін? Мақаламызға «Сын шын болсын» деп ат қойып отырған себебіміз де, әріптесімізге айтылған сынның жалған деректерге негізделуі журналистке абырой әпермейтіндігін, «халықтың көзі мен құлағын» жеке бастың айтыс алаңына айналдыру дұрыс емес екендігін құлаққағыс ету. Кез келген істің нәтижелі болуы үшін ынтымақ ауадай қажет. Ал жоғарыдағыдай жала жабылған сын мақалалар атқарушы билікке деген халықтың сеніміне селкеу түсіруге себеп болуы мүмкін. «Нұр Отан» партиясының Саяси Кеңес Бюросында өткен жиынға мақала авторының келмеуі шындықтың бетіне тура қарай алмағандығынан ба екен деген ой түйдік…
Нұрдәулет КӘКІШЕВ, «Семей таңы»